• Басты
  • Ж.Алтаев: әл-Фараби мен Абай есімін брендке айналдыруымыз керек
30 Қаңтар, 2020 13:05

Ж.Алтаев: әл-Фараби мен Абай есімін брендке айналдыруымыз керек

Биыл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен шығыстың ғұлама ғалымы, математик, астролог, музыка теоретигі, Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы кең көлемде атап өтілмек. Жоспар бойынша, республика көлемінде 500-ге тарта іс-шара өткізу қолға алынған. Осыған орай, ғалымның шығармашылығы мен өмірін зерттеп, зерделеп жүрген әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия кафедрасының профессоры Жақыпбек Алтаевпен сұхбаттасқан едік. Ол әлемдік деңгейдегі екі ойшыл Абай мен Фарабиді бөліп жармай, брендке айналдыру керек деп санайды.

Профессордың сөзіне сүйенсек, екінші ұстаз атанған шығыс ойлышылының есімі елімізде ХХ ғасырдың екінші жартысында кеңінен тарала бастаған. 

"Қазақстанда әл-Фарабидің есімі өткен ғасырдың 60-70 жылдарынан бастап кеңінен таныла бастады. Ақжан Машани, Әнуар Әлімжанов, Қаныш Сәтбаев сынды ғалымдар, қайраткерлер Фараби мұрасын қазақ топырағына қайтаруға еңбек етті. Оның қолжазбалары шет мемлекеттерде, атап айтсам, Түркияда Сулеймания кітапханасында, Анкара университетінде,  Араб елдерінде, Испанияда, Германияда және Францияда. Мәселен, Францияда әл-Фарабидің ең үлкен шығармаларының бірі "Музыканың үлкен кітабы" деген еңбегінің екі томдығын 1930 жылы француздың шығыстанушы ғалымы аударған болатын", - деді ол.

Сонымен қатар Жақыпбек Алтаевтың айтуынша, ғалымдар әлі күнге дейін Фарабидің қай ұлт өкілі екендігіне қатысты ортақ шешімге келе алмай отыр. Дегенмен, оның сөзіне сенсек, Фарабидің туғанына 1100 жыл толуына орай өткен симпозиумде әлемнің түкпір-түкпірінен келген зерттеушілер мен ғалымдар әл-Фарабидің отаны Қазақстан екенін мойындаған. 

"20 ғасырдың 70-75 жылдары аралығында Алматыда алғаш рет әл-Фараби мұралары орталығы құрылды. Қасымжанов, Машани секілді ғалымдар Фарабиді қазаққа қайтарды десек артық емес. Себебі ол кездері әлемнің екіншісі ұстазының шыққан тегі, ұлтына деген түрлі көзқарас боды. Қазіргі таңда оны не қазақ, не өзбек, не тәжік деп кесіп айту өте күлкілі. Орта ғасырда әлі де ұлттардың қалыптаспаған кезеңі еді ғой. Фарабидің аты-жөнінің өзі оның түркі жұртынан екендігін білдіреді. Оның кіндік қаны тамған жер Отырар қаласы, оны бұрын арабтар "Фараб" деп атаған. Сондай-ақ Алматыда, Мәскеуде, Бағдадта Фарабидің туғанына 1100 жыл толуына орай үлкен симпозиум болып өтті. Әлемнің түкпір-түкпірінен 800-ге жуық зерттеушілер мен ғалымдар қатысты. Сол жиында олар әл-Фарабидің отаны Қазақстан екендігін мойындады", - деді профессор. 

Сонымен бірге профессор сұхбат кезінде әл-Фарабидің бірнеше тіл білгендігін, және еңбектерінің барлығын араб тілінде жазғанын тілге тиек етті.

"Отырарда Александриядан кейінгі үлкен кітапхана болған. Бізге жеткен мәліметтер бойынша, Фараби сауатын сол кітапханада ашқан. Ол 40-қа жеткен шағында Бұқара, Ташкент, Самарқан, Тегеран, Бағдад қалаларына сапар жасап, грек, парсы тілдерін жетік меңгереді.  Оның бірнеше тіл білгендігі жөнінде мәлімет бізге жетті. Фараби еңбектерінің барлығын араб тілінде жазған. Платонның, Аристотельдің еңбектеріне қатысты пікірлерін де осы араб тілінде жеткізген. Өзінің 150-160-қа жуық шығармасы бізге жетті", - деді профессор. 

Оның айтуынша, шығыстың ойшылы әл-Фарабидің еңбектері әлі де толықтай қазақ тіліне аударылған жоқ. Биыл мерейтой аясында бұл олқылықтардың орны толатына сенім білдірді. 

"Арабияда, Түркияда, басқа да мұсылман елдерінде Фараби бабамыздың аударылмай қалған еңбектері жетерлік. ҚазҰУ-дың 80 жылдығына орай біз Фарабидің 7 томдығын шығардық. Оның қатарында "Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы", "Бақыт туралы" бар. Дегенмен, ана тілімізге аударылмаған шығармалары әлі де көп. Биыл мерейтой аясында шетелдегі қолжазбаларды алып, қазақ, орыс тілдеріне аударып, халыққа жеткізу жоспарда тұр. Бұл үлкен еңбекті қажет етеді. Негізі бұл мемлекеттік деңгейде шешілуі керек дүниелер. Жалпы алғанда 30-40-қа жуық кітаптары ғана, мәселен, философиялық трактаттары, математикалық трактаттары сынды еңбектері қазақ-орыс тіліне аударылған", - деді профессор.

Бұдан басқа биыл мерейтой аясында түрлі шаралар өтетін атап өтті. Оның айтуынша, "әл-Фараби" ізімен атты Отырардан бастау алатын экспедиция ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ осыдан 8-9 жыл бұрын Сирияда негізі қаланған "әл-Фарабиге" арналған мұражайға тоқталды. Биыл мерейтой аясында аталмыш мұражайдың ашылу салтанаты болмақ.

"Биыл бабамыздың мерейтойына орай "әл-Фараби" ізімен деген экспедиция Отырардан бастау алады. Фарабитанушылар, жас ғалымдар көлікпен Отарар-Бұқара-Самарқан-Ташкент-Ашхабад-Тегеранға экспедиция жасап, соңында Сирияға барады. Сирияда "әл-Фараби арналған мұражай бар, Қазақстан Республикасының қаражатына Елбасының бастамысмен қатысуымен осыдан 8-9 жыл бұрын негізі қаланған болатын. Алайда елдегі саяси жағдайға байланысты ашылмай қалды. Құрылысы бітіп, дайын тұр. Кешегі университетімізде өткен жиынға Дамаск университетінің ректоры да келді. Қазір келіссөздер жүріп жатыр. Сол экпедиция кезінде аталмыш мұражайдың салтанатты түрде ашылуы болмақ", - деді Жақыпбек Алтаев. 

Сонымен қатар профессор Фараби еңбектерінің халықты бірлікке шақыруда, жастардың интеллектуалды деңгейін көтеруде мәні зор екендігін айтып өтті. Жоғары оқу орындары мен колледждерде Фараби жөнінде сабақтар өткізілуі керек дейді ол.

"Фарабидің 1000 жыл бұрын айтқан сөздері бүгінгі күнмен үндесіп жатыр. Қазір елімізде Абайдың да 175 жылдығы атап өтілуде. Бұл екі тұлғаның есімін бөліп жармай, брендке айналдыруымыз керек. Олардың өмір сүрген заманы әртүрлі болғанымен, айтып кеткен нақылдары бір-бірімен үндесіп жатыр. Адамгершілік, мораль, ел басқару, ғылым жөнінде айтқандарында ұқсастық бар. Халықты бірлікке шақыруда, жастардың интеллектуалды деңгейін көтеруде мәні зор. Бүгінгі күні ЖОО-ларда, колледждерде Фараби еңбектері оқытылуда. Мәселен, бізде "әл-Фараби және қазіргі заман" деген секілді курстар бар. Ол элективті. Бірақ студенттердің қызығушылығы өте жоғары, олар өз еріктерімен Фарабиге қатысты сабақтарды таңдайды", - деді Жақыпбек Алтаев.

Сонымен бірге оның айтуынша, мерейтой жылы аясында тек той тойлаумен шектелмеу керек. Фарабидің білімін, ғылымын, айтқан ойларын көпшілікке насихаттау арқылы келешек ұрпақтың бойына сіңіру керектігін атап өтті. Өйткені әл-Фараби әлемдік өркениеттің тұлғасы. Әлемдік ғылымның, жаратылыстану ғылымының, Еуропадағы өркениеттің қалыптасуында әл-Фарабидің үлесі бар дейді профессор.

"Биыл мерейтойды тек тоймен ғана емес, Фарабидің білімін, ғылымын, айтқан ойларын көпшілікке насихаттау, жастардың бойына сіңіру керек. Себебі әл-Фараби әлемдік өркениеттің тұлғасы. Әлемдік ғылымның, жаратылыстану ғылымының, Еуропадағы өркениеттің қалыптасуында әл-Фарабидің қатысы бар. Оны әлемдік ғалымдар да мойындап отыр. Грек философиясымен, грек мәдениетімен Фараби және оның замандастары таныстырды. 2012 жылы Парижде "әл-Фараби және еуропалық өркениет" деген үлкен симпозиум өтті. Мен қатыстым сол шараға. Еуропалық ренессанс мәдениетінің қалыптасуына Фарабидің еңбегі барын шетелдік ғалымдар расымен де мойындап отыр. Сол шараға қатысқан кезде көзім жетті", - деді ол.

Оның айтуынша, ислам өркениетінің, ислам мәдениетінің, ислам ренессанс мәдениетінің дамуына әл-Фараби еңбектерінің ықпалы зор деп айтуға әбден болады.   

Назерке Сүйіндік

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды