• Басты
  • Өзгерген әлемдегі құндылықтар бәйгесі

Өзгерген әлемдегі құндылықтар бәйгесі

16 Наурыз, 2021 11:23

Жаһандану үдерісі қарқын алып, технология мен коммуникация өркен жайған сайын жекелеген ұлттар мен ұлыстар мәдениетінің өзара интеграцияланып, әлемдік, жалпыадамзаттық құндылықтардың өзгелерден үстемдікке ие болатыны жайлы болжам жасаушылар саны артуда. Бұған себеп те жоқ емес. Жаһандану үрдісі кезеңіндегі мәдени даму туралы Strategy2050.kz тілшісінің сараптамалық материалында.


Футурологтар соңғы уақытта ғылым мен білімнің қарыштап дамуын, коммуникацияның жетілуін, жаһандық сын-қатерлер, оның ішінде трансшекаралық терроризм, азық-түлік қауіпсіздігі, миграциялық толқындар, көпполярлы әлемдегі геосаяси текетірестер, ғаламдық жылыну, өркениеттер арасындағы тайталас, үшінші индустриялық төңкерістің жаңа сипатта өріс алуын ескере отырып, жер шарындағы кейбір ұлттар мен ұлыстардың өз түп-тамырынан ажырап, «әлем азаматына» айналатынын болжауда.

Жаңарған әлемдегі өзгерістер үрдісі

Ағылшын тарихшысы Арнольд Тоинби өзінің «Тарихты зерттеу» (A Study of History) атты әйгілі фундаменталды еңбегінде адамзат тарихын негізгі 21 өркениетке бөліп, олардың өміршеңдігін уақыт талабына сай келуі мен сын-қатерлерге жауап беруімен байланыстырады.

Оның «Өркениет шақырулар мен оған жауап беруден тұрады» деген әйгілі сөзі бар. Ол «Кез келген өркениет, оның ішіндегі мәдени, ұлттық құндылықтар заманның талабына сай өмірге келіп, уақыт өте келе ішінара немесе тұтастай өзгерістерге ұшырап отырады. Олардың дамуы элита мен басқарушылардың ақылды саясат ұстанғанына байланысты» деген тұжырымды алға тартады. Мұның растығын тарихтан өшкен немесе өркен жайған мемлекеттер немесе өркениеттердің өткен жолы дәлелдейді.

Ал неміс философы Освальд Шпенглер болса «Еуропаның күйреуі» (Der Untergang des Abendlandes) атты еңбегінде әрбір өркениеттің өмірге келу, өркен жаю және күйреу кезеңі болатынын жазып, әлемдік әр ірі өркениеттерді, мемлекеттерді, империяларды салыстыра отырып, олардың даму және күйреу процесіндегі өзара ортақ ұқсастықтарына көңіл аударады. Нәтижесінде әрбір өркениет дамудың шарықтау шегіне жетіп, соңында өзге өркениеттермен интеграцияға түсіп, түпкі мәнін жоғалтатынын немесе оның орнында жаңа өркениет ошағы пайда болатынын алға тартады.

Америкалық социолог және философ Самуэль Хантингтон өзінің әйгілі «Өркениеттердің қақтығысы және жаңа әлемдік тәртіптің қалыптасуы» (The Clash of Civilizations and the Remaking of World Order) атты еңбегінде болашақтағы қақтығыстар мемлекеттер арасында емес, өркениеттер арасында орын алатындығын, соңында либералдық құндылықтарға негізделген батыс өркениетінің үстемдік орнататынын, өзге өркениеттен сол құндылықты қабылдайтынын жазады. Жалпы, өркениеттер арасындағы теке-тірес, өзара бәсеке және қақтығыстар жайлы өзге де бірқатар философтар, тарихшылар, саясаттанушылар айтып кеткенін де айта кеткен жөн. Олардың қатарында француз философы Альбер Камью, британия және америкалық философ Бернард Льюис сияқтылар да бар.

Осыған ұқсас идея-тұжырымдарды жазған, оларды пікір талқысына салған ойшылдар, ғалымдар аз емес. Барлығы көтерген негізгі идеяны негізге алатын болсақ әлемде ірі өркениеттер, мемлекеттер арасында идея, ішкі иммунитет, мәдени құндылықтара арасындағы бәсеке, көзге көрінетін және көрінбейтін қақтығыс пен шиеленіс ошақтары, заманауи тегеуріндер мен түйіткілді мәселелер баршылық. Осы ретте, осынау алмағайып уақыт тезінде сын-қатерден сүрінбей өтіп, бәйгеден бәсі озып келетіндер ішкі тұтастықты қамтамасыз етіп, ұлттық салт-сана, мәдени құндылықтарды заман талабына сай бейімдеп, оны дамытуға күш салатын мемлекеттер деуге болады.

Жаһандану заманы басталғалы өркениеттер, мемлекеттер, ұлттар арасындағы бұрын-соңды қалыптасқан физикалық кедергілер барынша азайып, олардың өзара интеграциялануына мол мүмкіндік жасалды. Израильдік әскери тарихшы-медиавист, Иерусалим еврей университеті Тарих факультетінің профессоры Юваль Ноаһ Харрари өзінің «Sapiens: адамзаттың қысқаша тарихы» атты еңбегінде түрлі фактілер мен деректерге сүйене отырып, адамзат баласының қазіргі таңда трансформацияланудың алдында тұрғанын, жақын болашақта қазіргі «ақылды адам» (homo sapiens), яғни адамзаттың қазіргі түрі дәуірінің аяқталып, адамзат дауындағы жаңа заманның басталатыны жөнінде сәуегейлік жасайды. Бұл адамзат өміріндегі, халықтың салт-санасындағы құндылықтар жүйесінің күрделі өзгерістерге ұшырайтынын білдірсе керек.

Әрине мұның бәрін болжам деп қарастырсақ та, жылдам өзгерген қазіргі әлемде қалыптасқан көптеген өзгерісте адамдардың, тұтас ұлттардың салт-санасына өз ықпалын тигізіп отырғанын жоққа шығара алмаймыз. Ғасырлар бойы қалыптасқан көптеген салт-дәстүр, тіпті жекелеген тілдердің жойылып немесе керексіз жағдайға түскенін байқауға болады.

 Жаһандану үдерісіндегі қазақстандық жағдай

Қазақстан да әлемнің бір бөлшегі әрі белсенді сыртқы саясат ұстанған мемлекет ретінде ең әуелі өз мүддесін ескеруі тиіс. Әлемде орын алып жатқан күрделі өзгерістер Қазақстанды да айналып өтпейтіні анық, сондай-ақ ол әлемдегі және елдегі жағдайды саралаған адамның көзіне айқын көрінеді.

Қазақта «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген жақсы тәмсіл бар. Ескеретін маңызды жәйт – ескінің бәрін тек көненің көзі көріп, қасиет тұтудан ада болған жөн. Елдің ішкі иммунитетін қалыптастыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, оны түлетін бағытында прагматикалық ұстаным басты назарда болса ұтарымыз көп. Заманның талабына жауап бере алмайтын, дамуға кереғар келетін қағидалар мен көзқарастарға сыни көзбен қарап, оны тек тарихтың бір бөлшегі, этнографиялық атрибуттың түрі ретінде ғана қарастырған жөн.

Қазақстанда тәуелсіз алған жылдары «алдымен экономика, одан кейін саясат» ұстанамына сәйкес елдің экономикалық жағдайы, халықтың әлеуметтік тұрмысын түзетуге көп көңіл бөлінді. Сонымен қатар, аса ауқымды болмаса да руханият саласында атқарылған істер де болғанын айта кеткен жөн.

Олардың қатарында Мәдени мұра мемлекеттік бағдарламасы, 2017 жылы қабылданған Рухани жаңғыру бағдарламасы, Мәңгілік Ел жалпыұлттық идеясы, Архив-2025 мемлекеттік бағдарламасы сынды жобалар ұлттық құндылықтарымызды түлететін, прагматикалық идеяларға негізделген маңызды іс-шаралардың ұйытқысы болды. Мәдени мұра бағдарламасы аясында шетелдік архив қорларында жинақталған Қазақстанға қатысты материалдар елге алдырылды, бұрын-соңды дұрыс көңіл бөлінбеген тарихи-ескерткіштерді реставрациялау, оларды ғылыми-танымдық зерттеу жұмыстары басталды. Қазақ мәдениетіне, тарихына қатысты құнды кітаптар жарық көре бастады.

Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында төл құндылықтарымызды жаңашыл бағытта жаңғырту ісіне көңіл бөлінді. Оның ішінде ашық сана қалыптастыру, әлемдік деңгейде мойындалған үздік 100 гуманитарлық еңбекті қазақ тіліне аудару, қазақ тілін латын графикасына көшіру, жүз жаңа есім жобасы аясында тәуелсіздік жылдары түрлі салада жетістікке жеткен қазақстандықтарды анықтау, оларды дәріптеу, прагматизмді дамыту, ұлттық бірегейлікті сақтау, туған жерді дамытуға ел халқының қажыр-қайратын жұмылдыру, сондай-ақ жомарт жандардың әлеуметтік жауапкершілігі сынды игі қызмет түрлерін жандандыру басым бағыттар негізге алынған.

Қазақстан тарихи тегі бойынша түркі өркениетіне, сенімі бойынша мұсылман дүниесіне жататынын және орналасу ерекшелігіне сәйкес еуразиялық геосаяси әлемнің бөлшегі екенін айта кеткен жөн. Сондай-ақ, қазіргі уақытта қарқынды жаһандану үдерістерінің ықпалынан түрлі өркениет құндылықтарының ел азаматтарының санасына біртіндеп сіңіп жатқанын байқауға болады.

Бұған қазақ жастарының кәріс тілін үйренуге құштарлығы, кәріс мәдениеті мен салт-санасының мектеп оқушылары арасында үлкен танымалдыққа ие екені жақсы мысал. Жастар арасында үлкен танымалдылыққа ие болған оңтүстік кореялық BTS тобының YouTube желісіндегі «Dynamite» Official MV клипі 2020 жылғы 21 тамызда жариялағаннан бір күн ішінде 101 миллион рет тамашалануымен ерекшеленді.

Бұл клипті бүгінге дейін 919 266 470 адам ташалағанын байқауға болады. Сонымен қатар, аталған топтың өзге де туындылары YoyTube арнасында бір миллиардан аса көрсетілім жинаған. Бесресми деректерге сәйкес аталған топтың ықпалынан Оңтүстік Кореядағы жалпы ішкі өнімнің 2 пайызын құрайды. Аталған топтың клиптері, олардың өмір сүру салты біздің елдегі жастардың да назарынан тыс қалмайды. Қазіргі жастардың кәріс фильмдері мен олардың салт-санасына қызығушылық танытуы осының әсерінен де деуге болады.

Мұның бәрі түптен келгенде шекарасыз өнер әлеміндегі мәдени құндылықтардың бәсекесі деуге болады. Бұл ретте, шекараны жабудың қисынсыз, смартфон, интернет қолжетімді уақытта, түпсіз мүмкіндіктер дәуірінде өмір сүріп жатқанымызы ескере отырып, осындай дүниелерге балама өнімдер жасап шығу мемлекеттің, қоғамның міндеті екенін айтуға тиіспіз. Бұл ішкі бірлікті, ұлттық кодты сақтап қалу, мықты иммунитет қалыптастыру арқылы ғана іске аспақ. Сырттан бастырмалап кірген кәріс мәдениетіне қарсы қазақстандық «Ninety One» тобының атқарып жүрген қызметі зор екенін айтуға болады. Бұл топ қазақ жастары арасында танымал болу арқылы, ішкі аудиторияның бағытын ішкі нарыққа бұруға ықпал етті.

Осыған ұқсас жағдайға тәуелсіздік алған жылдары ресейлік, өзбекстандық, батыс, түрік жұлдыздардың қазақ аудиториясын жаулап алғанын, біртіндеп қазақ эстрадасының дамуы бұларды ел нарығынан ығыстырып шыққанын мысал ретінде атап көрсетуге болады. Бүгінде әлемдік нарыққа шыққан жарық жұлдыздар Димаш Құдайберген, Мария Мудряк, күні кеше әйгілі Грэмми байқауында бас жүлдені алған Иманбек сияқты талантты жастарды қолдау арқылы қазіргі заман талабына жауап беретін мәдени саясатты жүргізуге болады. Бұл тек осындай заманауи мәдени өнімдермен шектелуді білдірмесе керек. Сонымен қатар, ұлттың төл туындысы саналатын дәстүрлі ән-күйлер, этнографиялық өнімдерді де ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыруға көңіл бөлген жөн.

Қазақстанда білім мен ғылымның дамуына көңіл бөлу, білім культін қалыптастыру, дарынды азаматтарымызды қаржылай, ресурстық қолдау, ел дамуын ғылыми негіздемелер арқылы сүйемелдеу, мәдени және ұлттық құндылықтарымызды түлету, замана көшінен қалмау ел дамуын қалыптастыратын маңызды құрал болып қала бермек.


Барлық жаңалықтар