• Басты
  • Зейнетақы жинағын емге жұмсау қалай жүзеге асады

Зейнетақы жинағын емге жұмсау қалай жүзеге асады

19 Ақпан, 2021 17:56

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте зейнетақы жинақтарын медициналық қызметтерге пайдалану туралы брифинг өтті. Қандай жағдайда немесе қандай ауруларды емдеу үшін зейнетақы жинағы беріледі?! Strategy2050.kz тілшісінің материалынан біліңіз.


15 ақпанда ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен, БЖЗҚ және «Отбасы банкімен» бірлесіп, емделуге берілетін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларын әзірлеп, бекітті. Енді Қазақстан азаматтары зейнетақы жинағы есебінен медициналық қызметтер алады.

Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнар Сәрсенбаеваның айтуынша, алдымен БЖЗҚ-дан төлемнің қолжетімді сомасын анықтау қажет. Егер жеткіліктілік шегі ақшаны емдеуге пайдалануға мүмкіндік берсе, онда азамат өзі тіркелген жері бойынша медициналық ұйымға жүгініп, БЗТ есебінен емделуге жіберу туралы дәрігерлік комиссияның қорытындысын алуы қажет. Комиссия 5 жұмыс күнінен кешіктірмей өтініш берушіні емделуге жіберу немесе медициналық көрсетілімдер болмаған жағдайда, бас тарту туралы шешім шығаруы тиіс. Қорытынды дәрігерлік комиссияның отырысы өткізілген күннен бастап 2 жұмыс күні ішінде беріледі.

Тізімге Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша орфандық (сирек кездесетін) ауруларды емдеу, оларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді қоса алғанда, емдеу тактикасын айқындау үшін диагностикалық зерттеулер сияқты қымбат тұратын қызметтер енгізілген. Өйткені Қазақстанда барлық технологиялар жоқ. Стоматологиялық қызметтер: тіс протездеу, имплантация, операциядан кейінгі тыртықтар мен туа біткен кемшіліктерді түзету мақсатында реконструктивті және қалпына келтіру операциялары (пластикалық), сондай-ақ мастэктомиядан кейін - бұған жарақаттармен, операциядан кейінгі тыртықтармен, онкологиялық операциялармен байланысты оталарды жасау жатады, мысалы, егер қатерлі ісіктен кейін әйелдің омырау безі алынып тасталса.

«Радионуклидтік және радиойодтерапия, радиохирургиялық емдеу (гамма-пышақ, кибер пышақ), Протон терапиясы, яғни, бізде қолданылмайтын және азаматтар оларды шетелде ала алатын қызметтер, сондай-ақ офтальмологиялық қызметтер (мүйіз коллагенінің крослинкингі, көруді лазерлік түзету», - деп түсіндірді спикер.

Офтальмологиялық қызмет үшін де зейнетақы салымдарын пайдалануға рұқсат берілген. Оның ішінде лазерлік коррекция да бар. Бұл бағыттағы емге болашақта тұрғындардың сұраныстарына қарай өзгерістер енгізілуі мүмкін. Зейнетақы салымшысы туыстарының еміне де жинақтан қаражат ала алады.

Зейнетақы қорында жиналған қаражат есебінен шетелдік клиникаларға барып емделуге болады. Ол үшін щоттағы қаржы жеткілікті болу керек. Қаржы жетсе, бірнеше рет пайдалануға да болады. Медициналық клиниканы, соның ішінде шетелдік клиниканы таңдап, онымен келісімшарт жасалады.

«Сондай-ақ, емделу үшін жұбайының (зайыбының), жақын туыстарының біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалануға болады. Бұл ретте тараптар жеке кабинетте бір жолғы зейнетақы төлемдерін беру туралы келісім жасайды, ол туыстық қатынастарды растайтын құжаттардың сканерленген нұсқаларын тіркей отырып, олардың ЭЦҚ-мен куәландырылады», - деді медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнар Сәрсенбаева.

«Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова емдік мақсатқа жұмсалатын ақшаны зейнетақы қорынан шешіп алудың жолын түсіндірді. Қызмет enpf-otbasy.kz порталы арқылы жүзеге асырылатынын айтудан бастады. «Отбасы банкі» төрайымының мәліметінше, портал 25 ақпан күні іске қосылады.

«Соңғы жаңашылдықтарды енгізу үшін бізге 3 жұмыс күні қажет. Өтінішті қабылдау кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде азамат өтініштің порталдан Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының сайтына жетуін күтеді. Ол бір жұмыс күнінде орындалуы мүмкін. Ережеге сәйкес анықтамалар толық болған соң, бес жұмыс күні ішінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры арнайы есепшотқа ақша ақшаны аударады», - деді ол.

Ләззат Ибрагимова біржолғы зейнетақы төлеміне ЭКО жасатуға болмайтынын айтты.

«Басында тізімде болған кейбір ауру түрлері соңғы сәтте алынып тасталды. Қазіргі уақытта біз барлық тетікті пысықтап жатырмыз», - деді ол.

Гүлнар Сәрсенбаева тізімнен ЭКО жасату процедурасының алынып тасталғанын Президент тапсырмасымен жүзеге асырылған «Аңсаған сәби» бағдарламасымен байланыстырды. Осыған орай жыл сайын Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында 1 мың квтота бөлу жоспарланған.

«Биыл квота саны 7 есеге артып, 7 мыңға жетті. Сондықтан Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында бұл қызметтер критерийлерге сәйкес мұқтаж отбасыларға көрсетіледі. Алдағы уақытта қараймыз. Егер шынымен де мұндай қажеттілік болса, онда бұл мәселені аталған тізімге қосуды қарастырамыз», - деді Гүлнар Сәрсенбаева.

Барлық жаңалықтар