• Басты
  • Зейнетақы жинақтарын пайдалану: алғашқы нәтиже, үй бағасының қымбаттауы, өтінім қабылдамаудың себептері

Зейнетақы жинақтарын пайдалану: алғашқы нәтиже, үй бағасының қымбаттауы, өтінім қабылдамаудың себептері

2 Ақпан, 2021 15:32

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қазақстандықтардың біржолғы зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мақсатты түрде пайдаланудағы алғашқы нәтижелер айтылды, деп хабарлады Strategy2050.kz.


50 000 салымшының шотына ақша аударылады

2021 жылы 2 қаңтарда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы жинағының бір бөлігін мақсатты пайдалануға қатысты заңға қол қойды. 23 қаңтардан бастап арнайы портал құрылып, салымшылардың өтінішін қабылдау басталды. Өтінім қабылдау басталғалы үш сағаттың ішінде 4 мыңнан астам адам өтініш берді. Бүгін «Отбасы банкі» басшылығы мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының басшылары алғашқы нәтижелермен таныстырды.

Қазіргі уақытта БЖЗҚ 4 банкпен өзара іс-қимыл туралы келісімге отырған. Олар: «Отбасы банк «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Қазақстан Халық банкі» АҚ, «Altyn Bank» АҚ, «Банк ЦентрКредит»АҚ.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы салымшылардың қаражаттың бір бөлігін мақсатты түрде жұмсауға жіберген өтінімдер қабылданды. «Отбасы банк» АҚ төрағасы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, осы күнге дейінгі шешім бойынша 50 мыңнан астам салымшының арнайы шотына алдағы күндері ақша аударылады.

 «БЖЗҚ порталы мен «Отбасы» банктің арнайы ресурсына бүгінге дейін 80 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Оның ішінде 50 519 өтініш иесінің өтініші қабылданып, тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өтінішті қаралымға алу мерзімі 3 күннен 5 күнге дейін созылады. Бірінші кезеңнен өткен клиенттердің саны 50 мың адамды құрады. Олардың арнайы шотына жіберілетін қаражаты дайын тұр. 8 мың салымшы кеше сағат 16:00-ге дейін өздерінің шоттарына түскен ақшаны көрді. Бұл мобильді қосымшадан да көрінеді», - деп есеп берді Ләззат Ибрагимова.

Арнайы порталға салымшылар үшін жаңа мүмкіндіктер енгізіледі

Қазіргі таңда салымшылардың өтінішімен интернет ресурста өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп жатыр. Мәселен, жіберілген өтінішті өзгерту немесе кері қайтару сияқты батырмалар қосылады.

«Бізге өтінімді редакциялауға мүмкіндік беру туралы ұсыныс көп келіп түсті. Салымшы алдымен несиені төлеу туралы өтінішті жібереді, кейін жаңа пәтерді ипотекаға сатып алғысы келеді. Ал қазірдің өзінде арнайы шотқа ақшасы аударылып қойды делік. Бір аптаның ішінде өтінім берушілер үшін өтінімді редакциялау мүмкіндігі беруді сайт жасаушылармен бірге талқылап жатырмыз», - деді ол.

Ләззат Еркінқызы өтінім берілген соң күткісі келетін салымшылардың өтінішіне қатысты түсінік берді.

«Ақша бар екеніне көз жеткізген салымшы аударым операциясын жыл соңына дейін жүргізу туралы шешім қабылдайтын жағдайлар да кездесіп жатыр. Бұған да мүмкіндік беріледі деп шештік. Адамдар порталды кеңінен қолдана бастаған кезде туыстарымен ақылдаса бастады. Зейнетақы төлемдерін туыстардың шоттарын біріктіру мүмкіндігі де пайда болды. Салымшылар үшін жаңа мүмкіндіктер қарастырылып жатыр. Біздің қызметкерлер әлеуметтік желіге жаңа мүмкіндіктер жайлы хабарлама жасап отырады», - деді Ләззат Ибрагимова.

Айтпақшы, Ләззат Ибрагимованың айтуынша, шипажайларда ем қабылдап, демалу үшін зейнетақы қаражатын пайдалану туралы нақты шешім әлі шыққан жоқ. Әділет министрлігінің қарауында жатыр. Төрайымның мәліметінше, бұл мәселе соңғы сатыда.

«Мен салымшыларды шатастырғым келмейді. Әлі дәлелді ақпарат жоқ. Бұл туралы хабар таратуға әлі ерте. Шипажайдан бұрын, бизнес процестерге көңіл аударылуы мүмкін», - деді ол.

 Несие тарихы қаражатты шешуге кедергі бола алмайды

Сонымен қатар салымшының несие тарихы бүлінген болса, оның қордағы ақшаны алуына кедергі болмайды. Мұны «Отбасы банк» басшысы былай деп түсіндіріп берді:

«Несие тарихы мен қордағы қаражатты алу – бір-біріне мүлде байланысты емес. Нашар несие тарихы зейнетақы төлемін мақсатқа пайдалануға беруден бас тартуға себеп болмайды. Қордағы қаражат сіздің арнайы шотыңызға түскеннен кейін жаңа ипотекалық несие алу қажет болса, онда сіз екінші деңгейлі банктерге ең қолайлы жағдайларды іздеуге барасыз. Дәл сол кезде сіз барған екінші деңгейлі банк несие тарихына қарауы мүмкін», - деді.

Ал «Отбасы банкі» несие тарихын тексермейді екен.

«Бір реттік қаражатты пайдалануға өтініш бермей тұрып, мерзімі өтіп кеткен несиені толық төлеп тастасаңыз, «Отбасы банкі» екінші деңгейлі банктермен қарым-қатынасыңызды тексермейді. Біздің ереже бойынша қарызды төлегеннен кейін біз жаңа қарыздар туындап қалмау үшін үш ай күтеміз. Бұл жағдайда, сіз басқа банктегі қарызыңызды төлегеннен кейін 90 күн өткен соң, сіздің несие тарихыңыз кедергі бола алмайды», - деді Ләззат Ибрагимова.

Ләззат Ибрагимова кәмелет жасқа толмаған балаларға осы бастан депозит ашып, оны толтыра беру болашақта тиімді болатынын айтты.

«Арнау» деп аталатын депозиттік тариф бар. Ол балаларға ашылатын бағдарлама. Егер сіз 7-8 жылдан астам уақыт ақша жинап жүрсеңіз, сізде арнайы несие мөлшерлемесі, тариф болады, әрі жылдық үш пайыз қосылып отырады. Мен ата-аналарды ақша жинауға шақырамын» , - деді жинақтаушы банктің басшысы.

Баспана бағасы қымбаттап кетті

Ләззат Еркінқызы БЖЗҚ-ның өтінімді қабылдап, қарауға алғаны туралы статусты көрген азаматтар өзінің арнайы шотындағы соманы көре алатынын айтты. Қаражатты көру үшін «Отбасы Банкінің қосымшасына жүктеп алып, жеке кабинетке кіру керектігін ескертті.

Айтпақшы, зейнетақы жинағынан алуға болатын сома «жеткілікті шегі» БЖЗҚ сайтында автоматты түрде көрсетіледі. Enpf.kz сайтында жеке кабинеттен немесе ЭЦҚ арқылы мобильді қосымшадан немесе telegram боттан пайдаланушының логині мен паролімен электрондық поштаға, не болмаса «Азаматтарға арналған электрондық үкіметтің» мобильді қосымшасынан да алуға болады.

Брифинг барысында Ләззат Ибрагимова баспана бағасының қымбаттап кетуіне байланысты үй сатып алушыларға кеңес берді. Мемлекет басшысы өткен айда Үкіметтің отырысында үй бағасының көтерілмеуін қадағалауды тапсырған болатын.

«Екінші деңгейлі тұрғын үйлер нарығындағы баспана бағасын сатушының өзі қояды. Қазіргі таңда салымшылар белсенді түрде баспана алуды бастағаннан кейін үй сатушылар пайда тауып қалуды көздейді. Меніңше, күту керек. Уақыты жеткенде, нарық өзінің шынайы бағасын қалпына келтіреді. Ол үшін сұраныс пен ұсыныстар теңесуі тиіс. Менің болжамым бойынша мамыр мен маусым айларында баға тұрақтанада», - деді ол.

«Отбасы банкі» төрайымы қаражат алуға өтінім бергеннен кейін 45 күннің ішінде үй таба алмаған салымшыларға қаражаттың зейнетақы қорына қайтарылатынын және өтінімді қайта беруге болатынын түсіндірді.

«Егер белгіленген мерзім ішінде үй табылмаса, уайымдамаңыздар. Үй табылған соң өтінім қайта жіберілсе, қайтадан қаралымға алынып, талапқа сай ақша аударылады», - деді спикер.

Ләззат Ибрагимова салымшыларға кезіккен тағы бір проблеманы атап өтті. Оның айтуынша, салымшылардың өтініміне «Өтініште көрсетілген сома алуға болатын мөлшерден асып кетті» деген жауап келген.

«Мұндай жауап алған өтінім берушілер соманы көрсеткенде қателесіп кеткен. Одан бөлек әртүрлі мәртебесі бар 26 264 өтінім қаралуда. Тағы бір салымшылар «БЖЗҚ сіздің өтінішіңізді қарауға қабылдады» деген жауапты алып, қайтадан порталдағы жеке кабинке кіріп, нәтижені тексерген. Олар барлық процедураны аяқтап, ең соңынан өтінішке қол қою керек деп күткен шығар?! Әлеуметтік желілердегі реакцияға қарағанда, көптеген адамдар ережелерді мұқият зерттеп, қаржы олардың арнайы шотында пайда болғаннан кейін БЖЗҚ-дағы салым көрсеткіші төмендегенін түсінді», - деді спикер.

Кейбір өтінімдер кері қайтарылды

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Басқарма төрағасы Жанат Құрмановтың журналистерге берген есебі бойынша, 25-30 қаңтар аралығында БЖЗҚ салымшыларынан 52 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Оның ішінде жалпы жинақтық сомасы 212 млрд теңгелік 38 389 өтінім (74%) одан әрі қарау үшін қабылданды. Салымшылардың арнайы шотына аударылуы тиіс қаражат мөлшері 5,5 миллион теңгені құрады.

«Кейбір өтінімдер кері қайтарылады немесе қараудан бас тартылады. Мұның бірнеше себебі бар. Негізгі себеп - салымшылар өз өтінімінде қолжетімді мөлшерден асатын соманы көрсеткен. Мұндай жағдайлардың 13% - сұралған сомалардың қолжетімді сома мөлшерінен асып кетуімен байланысты. Кейбір салымшылар бір өтінімді бірнеше рет жіберген Тіпті мүлде жинағы жоқ адамдардан өтініштер келді. Өтінішті дұрыс толтырмаған, қате толтырған азаматтардың да өтінішінен бас тартуға мәжбүрміз», - деді БЖЗҚ басшысы.

Қор басшысы салымшыларға кеңес берді:

«Салымшыларға алу сомасы дұрыс болуы үшін ақпаратты мұқият тексеру керектігін ескерткім келеді. Осы күннен кейінгі бірінші жұмыс күні, 2021 жылғы 1 ақпанда БЖЗҚ 25 қаңтарда келіп түскен өтінімдер бойынша төлем жүргізуді бастады. Салымшылардың 8454 өтініші бойынша Шамамен 49,2 млрд теңге «Отбасы банк» уәкілетті операторына арнайы шоттарға аударылды», - деді ол.

БЖЗҚ уәкілетті операторлардан өтінімдерді күн сайын қабылдайды және қарауға алады. Салымшының өтінімі БЖЗҚ-ға келіп түскеннен кейін, бәрі дұрыс болса, 5 жұмыс күн ішінде арнайы шотқа аударады.


Барлық жаңалықтар