• Басты
  • Зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқарушыларға беруге болады

Зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқарушыларға беруге болады

25 Ақпан, 2021 17:11

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бағалы қағаздар нарығын дамыту басқармасының бастығы Александр Камчатный зейнетақы жинақтарын жеке басқаруға беру мәселесі бойынша бірқатар мәселелерге түсінік берді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


Осы жылдың 2 қаңтарында Президент Қ. Тоқаев «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына түзетулерге қол қойды, олар БЖЗҚ салымшыларына өздерінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін жеке басқарушы компаниялардың басқаруына беру құқығын ұсынады. Бір айдан аса уақытта қазақстандықтар зейнетақы қорындағы қаражатты алып, тұрғын үй жайын жақсартты, несие көлемін азайытты, ипотеканың жарты бөлігін жапты.

Александр Камчатныйдың айтуынша, бұл құқықты БЖЗҚ-ның мынадай салымшылары іске асыра алады:

-Үкімет белгілеген «жеткіліктілік шегінен» асатын зейнетақы жинақтары бар салымшылар;

-сақтандыру компанияларымен зейнетақы аннуитеті шарттарын жасаған салымшылар.

«Зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқаруға арналған лицензиясы бар, сондай-ақ реттеушінің зейнетақы активтерін басқаруға қойылатын талаптарына сәйкес келетін басқарушы компанияларға беруге болады», - деді спикер.

Сандық талаптар қатарында басқарушының кемінде 3 млрд теңге мөлшеріндегі меншікті капиталының, соңғы 3 жыл ішінде клиенттердің кемінде 5 млрд теңге мөлшеріндегі активтерін басқару тәжірибесінің болуы, соңғы 2 жыл ішінде шығынды қызмет фактілерінің болмауы.

«Сапалық өлшемшарттар ретінде соңғы 6 ай ішінде пруденциялық нормативтерді бұзу фактілерінің болмауын, орындалмаған қадағалап ден қою шараларының, санкциялардың болмауын, штатында активтерді басқару тәжірибесі бар білікті қызметкерлердің болуын, сондай-ақ басқарушыда ірі қатысушының болуын атап өтуге болады», - деп түсіндірді.

Басқарушы компания зейнетақы активтерін басқарудан болашақ кірістілікке кепілдік беруге құқылы емес, алайда оның іс жүзіндегі кірістілігі нормативтік тұрғыдан белгіленген ең аз кірістіліктен төмен болса, ол өз қаражаты есебінен салымшыларға туындаған айырманы өтеуге тиіс болады.

Агенттік нормативтік құқықтық актінің талаптарына сәйкес келетін және зейнетақы активтерін басқаруға жіберілген жеке басқарушы компаниялардың тізілімін ай сайынғы негізде қалыптастырады. Басқарушы компанияны тізілімге енгізу Агенттіктің немесе мемлекеттің салымшының зейнетақы жинақтарын беруі үшін дәл осы компанияны таңдауды ұсынады дегенді білдірмейді.

«Басқарушы компанияны осы тізілімге енгізілген және БЖЗҚ-мен сенімгерлік басқару шартын жасасқан компаниялардың тізбесінен салымшының өзі тікелей таңдайды. Өз кезегінде, БЖЗҚ басқарушылармен қарым-қатынасында салымшылардың мүддесін білдіреді», - деді Камчатный.

Салымшы зейнетақы активтерін басқаруға жіберілген инвестициялық портфельді басқарушылардың тізбесімен, олардың инвестициялық декларацияларымен, инвестициялық портфельдерінің құрылымымен БЖЗҚ-ның интернет-ресурсында таныса алады, содан кейін оның инвестициялық басымдықтарына барынша сәйкес келетін бір немесе бірнеше басқарушы компанияны таңдай алады.

Камчатныйдың айтуынша, зейнетақы активтерін инвестициялау стратегиясын ол басқарып отырған агенттік белгілеген, зейнетақы активтері инвестициялануы мүмкін қаржы құралдарының сапасына қойылатын талаптарды ескере отырып инвестициялық декларациясының шегінде басқарушы компанияның өзі айқындайтын болады.

«Бұл тізбеде Қазақстан Республикасының және шет мемлекеттердің мемлекеттік бағалы қағаздары, қазақстандық, сондай-ақ шетелдік ұйымдар шығарған үлестік және борыштық мемлекеттік емес бағалы қағаздар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктеріндегі және бейрезидент-банктердегі салымдар қамтылады», - деді ол.

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Бағалы қағаздар нарығы департаменті директорының орынбасары Гүлчехра Талкамбаева брифингте басқарушы компания қызметінің нәтижелеріне қанағаттанбаған жағдайда салымшы өз жинақтарын басқа компанияға беруге немесе қайтадан Ұлттық банктің басқаруына қайтаруға құқылы екенін айтты.

«Салымшылар зейнетақы жинақтарын бір басқарушы компаниядан екіншісіне жылына бір рет қана сенімгерлік басқаруға бере алады, Ұлттық банктің басқаруына қайтару екі жылдан кейін мүмкін болады. Мұндай мерзімдер менеджерлер үшін инвестициялық көкжиекті жоспарлау қажеттілігімен, сондай-ақ кірістіліктің қысқа мерзімді ауытқуы кезінде салымшылардың мүдделерін қорғаумен байланысты», - деді ол.

 Жеке басқарушы компанияларға сенімгерлік басқаруға берілетін зейнетақы жинақтары жүйеде сақталады және зейнетақы жасына жеткен кезде кесте бойынша зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру, зейнетақы аннуитеті шартын жасасу үшін, сондай-ақ заңнамада көзделген өзге де мақсаттар, оның ішінде тұрғын үй жағдайларын жақсарту немесе емдеу үшін пайдаланылады. Салымшылардың жеке зейнетақы шоттары бойынша зейнетақы жинақтарының дербестендірілген есебі БЖЗҚ-да сақталатын болады. Бұл әрбір салымшының активтерінің сақталуына кепілдік береді.

Талқамбаева бизнес қауымдастыққа зейнетақы жинақтарынан дивидендтерді салымшыларға кемел жасты күтпей-ақ, қазір пайдалануға мүмкіндік беруді ұсынды.

«Зейнетақы жинақтары жеке басқаруға беру кезінде зейнетақы жүйесінде сақталатындықтан және келешекте салымшылардың еңбекке жарамсыз жаста табысын қамтамасыз ете отырып, зейнетақы төлемдеріне пайдаланылатындықтан, мұндай опцияны қарастыруға болады деп санаймыз. Салымшыларға зейнетақы жасына жеткенге дейін инвестициялық табыстың бір бөлігін немесе барлығын алу мүмкіндігін қарастыру. Бұл ұсынысты Агенттік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп қарайды», - деді спикер.

Зейнетақы активтерін жеке басқаруға беру қазақстандық эмитенттердің бағалы қағаздарына институционалдық сұранысты ынталандырады және жалпы экономикаға оң әсер етеді. Соған орай қосымша инвестициялық табысты және салымшылардың тәуекелдерін әртараптандыруды қамтамасыз етеді деп күтілуде.


Барлық жаңалықтар