• Басты
  • Зейнетақы жарналарын пайдалану: 206 мың қазақстандық тұрғын үй жағдайын жақсартты

Зейнетақы жарналарын пайдалану: 206 мың қазақстандық тұрғын үй жағдайын жақсартты

22 Сәуір, 2021 13:30

ҚР Президенті өткен жылғы Жолдауында қазақстандытардың бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражатының бір бөлігін мақсатты түрде жұмсау мүмкіндігін беруді тапсырған еді. 2021 жылдан бастап қазақстандық салымшылар қордағы қаражат есебінен тұрғын-үй жағдайын жақсартып жатыр. Қанша адамның өтініші қаралды, кімдер зейнетақы қорындағы ақшасына үй алды? Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалынан біліңіз.


Президент тапсырмасы

Президент Қазақстан халына жолдауында салымшылардың үй алу, емделу үшін немесе қаржы ұйымдарының басқаруына зейнетақы қорындағы қаржысын алатынын айтқан болатын.

«Тапсырмамның аясында тұрғындар өз зейнетақы жинағының бөлігін пайдалану мәселесі қарастырылды. Бұл қазір өте өзекті. 2021 жылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы жинағының бөлімін үй алу, емделу үшін пайдалана алады немесе қаржы ұйымдарының басқаруына бере алады. Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесе жыл соңына дейін тиісті нормативтік-құқықтық актілерді қабылдауды және дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырамын», - деді Президент.

2021 жылы 2 қаңтарда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы жинағының бір бөлігін мақсатты пайдалануға қатысты заңға қол қойды. 23 қаңтардан бастап арнайы портал құрылып, салымшылардың өтінішін қабылдау басталды. Өтінім қабылдау басталғалы үш сағаттың ішінде 4 мыңнан астам адам өтініш берді. Бүгін «Отбасы банкі» басшылығы мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының басшылары алғашқы нәтижелермен таныстырды.

Өтініш қабылдау басталған алғашқы күні БЖЗҚ порталы мен «Отбасы» банктің арнайы ресурсына бүгінге дейін 80 мыңнан астам өтініш түскен.

Сәуір айындағы нәтиже

Сәуір айының 9-на дейінге көрсеткіш бойынша тұрғын-үй жағдайын жақсарту мақсатында бірыңғай зейнетақы төлемдеріне 289 мың өтініш келіп түсті. Жалпы сомасы 91 391 млрд теңгені құрады. 1038,3 млрд сомасындағы 206 мың өтініш орындалды. 90 342 млрд теңгені құрайтын 80,5 мың өтініш кері қайтарылды.

Инвестициялық портфелді басқаруға 8 млрд теңгені құрайтын 1301 өтініш қабылданып, орындалып жатыр. 947 өтініш толық орындалды. 242 өтініш кері қайтарылды.

Емдік шараларға жұмсау мақсатында зейнетақы төлемдерін пайдалануға 5291 өтініш келіп түсті. Жалпы сомасы 8,5 млрд теңгені құрады. 3801 өтініш иесінің еміне қаржа аударылды. 1387 өтініш кері қайтарылды.

Зейнетақы қаражатын пайдалану шарттары өзгерді

Зейнетқақы жарналарын пайдалануда бірқатар өзгерістер бар. Мәселен, 2021 жылдың 1 мамырынан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында ерікті зейнетақы жарналарын есепке алу үшін шоттар автоматты түрде ашылады. Жеке зейнетақы шоттарын ашуға БЖЗҚ-ға түскен алғашқы ерікті зейнетақы жарнасы негіз болады.

БЖЗҚ ресми сайты мәлімдегендей, зейнетақы жарнасын жеке тұлға өзі үшін, жеке немесе заңды тұлғалар басқа біреу үшін аудара алады. Бұл ретте жарна мөлшері мен мерзімділігін салымшы өзі айқындайды.

Ерікті зейнетақы жарналарын екінші деңгейлі банктер немесе Қазпошта арқылы аударуға болады. Кейбір банктерде зейнетақы жарнасын онлайн (мобильді қосымша немесе өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары) аудару мүмкіндігі қарастырылған.

Бұдан бөлек, БЖЗҚ ақпаратынша, өз пайдасына ерікті зейнетақы жарнасын тұрақты аударып тұру үшін жұмыс берушінің атына өтініш жазуға да болады. Соның негізінде жұмыс беруші жарнаны өтініш иесінің не үшінші тұлғаның шотына тұрақты түрде аударып отырады.

Жеке тұлғаны сәйкестендіру жарнаны төлеу барысында электронды форматтағы төлем тапсырмасында көрсетілген жеке деректер (аты-жөні, ЖСН, туған күні) бойынша жүзеге асады. БЖЗҚ жеке куәліктің реквизиттерін, тұрғылықты мекенжай, өзге де деректерді мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесінен алады.

Кімдер алып жатыр?

БЖЗҚ-дағы жинақ салымы "жеткілікті шектен" асатын, жұмыс істеп жүрген азаматтар алып жатыр. ҚР еңбек және әлеуметтің қолдау министрлігі мұндай азаматтардың саны 530 мыңға жуық деген болатын. Бұрынғы табысының (еңбекақы) кемінде 40 пайызына тең мөлшерде зейнетақы алатын зейнеткерлер БЖЗҚ-дағы қаражатының 50 пайызына дейін алады. Қазақстанда 178 мыңнан астам бұл топқа жататын адам бар. Сонымен қатар бұған дейін өзіне зейнетақы аннуитетін рәсімдеген және сақтандыру қорына аударғаннан кейін де БҚЖЗ-да салымы қалған азаматтардың ол ақшасын толығымен алуға хақы бар. Бұл топқа жататын азаматтар саны 13 мыңнан асады.

Министрлік «жеткілікті шекті» бекіткен:

20 жас – 1 млн 720 мың теңге;

30 жас – 2 млн 538 мың теңге;

35 жас – 2 млн 961 мың теңге;

40 жас – 3 млн 437 мың теңге;

45 жас – 3 млн 947 мың теңге;

50 жас – 4 млн 495 мың теңге;

55 жас – 5 млн 84 мың теңге;

59 жас және одан әрі қарай – 5 млн 586 мың теңге.

"Жеткілікті шек" азаматтың табысынан (ең төменгі жалақыдан кем емес) БЖЗҚ-ға ай сайын тұрақты түрде аударатын 10% зейнетақы жарнасын ескере отырып, 82 жасқа жеткенге дейін ең төменгі зейнетақы мөлшерінен (38 636 теңге) кем болмайтын зейнетақымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Несие тарихы маңызды ма?

Несие тарихы мен зейнетаы қорындағы қаражатты алу – бір-біріне мүлде байланысты емес. Нашар несие тарихы зейнетақы төлемін мақсатқа пайдалануға беруден бас тартуға себеп болмайды. Қордағы қаражат арнайы жеке шотқа түскеннен кейін жаңа ипотекалық несие алу қажет болса, онда екінші деңгейлі банктерге ең қолайлы жағдайларды іздеуге бару керек. Осы кезде екінші деңгейлі банк несие тарихына қарауы мүмкін.

Тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін қолма-қол ақша арқылы алу мүмкін емес. Ақша өтініш берушінің банктегі шотына аударылады.

 

Біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалана отырып, меншікке рәсімделген жылжымайтын мүлікті бес жыл бойы сатуға болмайды. Егер мүлік сатылса, зейнетақы төлемдерінің сомасын қайтаруға тура келеді.



Барлық жаңалықтар