• Басты
  • Зейнетақы жүйесінің дамуы: Қандай өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі

Зейнетақы жүйесінің дамуы: Қандай өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі

3 Наурыз, 2021 17:21

Елімізде зейнетақы жүйесін модернизациялауға қатысты бірқатар жұмыс жүргізіліп жатыр. VII шақырылған Қазақстан Парламентінің бірінші сессиясында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт үкімет пен Ұлттық банк зейнетақы жүйесін одан әрі дамытудың тұжырымдамасын әзірлеп жатқанын атап өткен еді. Осы орайда, зейнетақы жүйесін жетілдіру мақсатында қолға алынған шаралар, қазақстандық зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер мен толықтырулар туралы Strategy2050.kz тілшісінің дайындаған материалында.

Зейнетақы жүйесi – бұл еңбекке жарамсыз, жасы келген адамдарды зейнетақымен қамсыздандыру жүйесi. Бұл жүйе мемлекетпен реттеледi, сонымен қоса зейнетақы салымдары мен төлемдерiнiң эквиваленттiлiк, яғни сақтандыру қағидасына негізделеді. Қазақстан Республикасы ТМД елдерінің арасында бірінші болып зейнетақы жүйесінде реформалар жүргізген болатын.

Қазақстандық зейнетақы жүйесі

Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін реформалау кезінде Чили мемлекетінің зейнетақы жүйесі үлгі ретінде алынды. 1998 жылдың 1 қаңтарынан бастап елдің барлық жұмыс істейтін тұрғыны ай сайынғы кірісінің 10% -ын жинақтаушы зейнетақы қорындағы жеке шотқа аудауры керек. 2013 жылғы реформадан кейін республикада сол кездегі барлық зейнетақы қоры «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-на біріктірілген болатын.

2012 жылдан бастап салымшыларға төлем жүйесінің екі түрі ұсынылады: консервативті және қалыпты портфель. Бірінші нұсқа аударымдарды банктік салымдар түрінде, екіншісі - облигациялар түрінде қарастырады. Салымшы тәуекелдер мен өзінің жасына байланысты қандай портфель таңдау керегін өзі шешеді.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында көп деңгейлі зейнетақы жүйесі жұмыс істейді. Ол үш деңгейден тұрады:

-        базалық

-        міндетті

-        ерікті

Алғашқы дейгей - бұл республикалық бюджеттен төленетін базалық зейнетақы. Екіншісі - БЖЗҚ-дан төлемдер (міндетті жарналар) және ынтымақтастық жүйесінен (мемлекеттік бюджет). Үшінші деңгей - ерікті жарналардан төлем.

Зейнетақы жүйесін дамытудың тұжырымдамасы әзірленіп жатыр

VII шақырылған Қазақстан Парламентінің бірінші сессиясына қатысқан ҚР президенті Қасым-Жомарт еліміздегі зейнетақы жүйесі қалай дамитынына тоқталды. Мемлекет басшысы зейнетақы жүйесі әлеуметтік инфрақұрылымның маңызды элементі екенін атап өтіп, оның әділ, тұрақты және адамдардың мүдделеріне сай болуы керегін баса айтты.

«Біз өте маңызды әрі бірегей реформаны бастадық. Бұл - зейнетақы активтерін ішінара алу мүмкіндігі. Азаматтарға жинақтарын әртүрлі құралдар арқылы басқаруға мүмкіндік беру керек», - деді Тоқаев

Сондай-ақ, президент үкімет пен Ұлттық банк зейнетақы жүйесін одан әрі дамытудың тұжырымдамасын әзірлеп жатқанын еске салды. Оны іс жүзінде жүзеге асыру үшін сапалы заңнамалық қолдау қажет екенін де атап қтті.

«Жалпы, мен жаңа парламент мүшелерінен әлеуметтік саясатты жетілдіру бойынша белсенді жұмыс істейді деп күтемін», - деп сенім білдірді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Зейнетақы жүйесінде не өзгерді

2018 жылы екінші деңгейлі зейнетақы тағайындау әдістемесіне өзгерістер енгізілді. Осыдан бастап зейнетақы жүйесінде қатысу тәжірибесі есепке алынады, яғни тәжірибе қаншалықты көп болса, базалық зейнетақы да соғұрлым жоғары болады. Сол жылы әйелдердің зейнетке шығу жасын біртіндеп ұлғайту басталған еді. 2019 жылы бұл - 59 жас болған еді. Реформа 2027 жылы аяқталуы керек, сол кезде ерлер мен әйелдер арасындағы меже тең болып, 63 жас болуы тиіс.

2021 жылы жиынтық зейнетақы 7%-ға өсті

Сонымен қатар, биыл қаңтардың соңында өткен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң 2020 жылғы жұмыс қорытындысы және 2021 жылға арналған алдағы мiндеттерi бойынша кеңейтiлген алқа отырысында ведомство басшысы Серiк Шәпкенов министрлiктің зейнетақы жүйесiн одан әрi жаңғырту бойынша жұмыс жүргiзiп жатқанын атап өттi. Ол өз сөзiнде мемлекет барлық әлеуметтiк мiндеттемелерiн әлемдегi экономикалық жағдайға қарамастан, өзгерiссiз орындап келетiнiн, сонымен қоса зейнетақылар мен жәрдемақылар уақытында төленiп жатқанын тiлге тиек еттi.

«Жыл сайын тұтынушылық қабiлеттi сақтау үшiн олардың мөлшерi инфляция деңгейiн ескере отырып арттырылады», - дедi министр.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрiнiң мәлiметiнше, 2020 жылы халықты қосымша қолдау үшiн зейнетақылар мен мемлекеттiк жәрдемақылар екi рет индекстелген. Бұл арттыру 4 млн адамды қамтыды. 2021 жылдан бастап 2,2 млн-нан астам зейнеткердiң жиынтық зейнетақысы 7%-ға өсiп, базалық зейнетақы мен жәрдемақылардың өсiмi 5%-ды құраған.

Серiк Шәпкенов, сонымен бiрге, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорынан мүгедектiгi, асыраушысынан айырылуы және жұмысынан айырылу жағдайлары бойынша 131,7 мыңнан астам адамға төлем орта есеппен 50%-ға көбейтiлгенiн еске салды. 

Оның дерегiнше, 2020 жылдың қорытындысында бес әлеуметтiк тәуекел бойынша 947,2 мың әлеуметтiк төлем алушыға МӘСҚ-тан 257,3 млрд теңге төленген.

Бұдан бөлек, министр бүгiнгi таңда зейнетақымен қамсыздандыру жүйесiндегi ең өзектi мәселе – жинақтау жүйесiн дамыту екенiн баса айтты Оның сөзiнше, жинақтаушы жүйе енгiзiлген 22 жыл iшiнде жинақталған қаражаттың жалпы сомасы 12,9 трлн теңгенi құраған.

«162 мыңға жуық адам зейнетақы жинақтарын алды, оның орташа мөлшерi айына 28 мың теңгенi құрайды. Оң үрдiстерге қарамастан, зейнетақы жарналарын төлеудiң тұрақсыздығы мәселесi өзектi күйiнде қалып отыр», — деп толықтырды министр.

Осы орайда, ол қазiргi кезде аталмыш министрлiктiң 2014 жылы бекiтiлген Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесiн 2030 жылға дейiн одан әрi жаңғырту тұжырымдамасына өзгерiстер енгiзiп жатқанын атап өттi. Оның айтуынша, мәселе зейнетақы жүйесiн өзгерту жайында емес. Оны ең төменгi кепiлдiктер жүйесiн жетiлдiру және 2023 жылдан бастап жұмыс берушiлерден мiндеттi зейнетақы жарналарын енгiзу бөлiгiнде одан әрi жетiлдiру көзделiп отыр.

Қазақстанның зейнетақы жүйесінде не өзгереді

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, басты өзгерістің бірі - базалық зейнетақыдан ең төменгі кепілдендірілген зейнетақы жүйесіне көшу. Олардың сөзінше, басты бағыт бағыт - ең төменгі кепілдендірілген зейнетақы жүйесін жетілдіру. Қолданыстағы тұжырымдама базалық зейнетақы төлемінен 2030 жылдан бастап ең төменгі кепілдендірілген зейнетақыға көшуді қарастырады. Қазіргі уақытта осы өтпелі кезеңнің механизмін анықтау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Базалық кепілдендірілген зейнетақының ең төменгі деңгейіне өту 2014 жылы бекітілген 2030 жылға дейінгі зейнетақы жүйесін жаңарту тұжырымдамасында қарастырылған.

Минималды кепілдендірілген зейнетақыны тағайындау механизмі базалық зейнетақыны тағайындаудың қолданыстағы әдістемесіне негізделген. Бірақ, министрліктің хабарлауынша, белгілі бір параметрлері жетілдірілген.

Атап айтқанда:

-        ең төменгі мөлшерді ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайыздан 70 пайызына дейін арттыру ұсынылады

-        зейнетақы жүйесіндегі ең төменгі еңбек өтілі 10 жылдан 5 жылға дейін қысқартылмақ

-        зейнетақы мөлшерінен жоғарғы шектеуді алып тастау

 

Жаңартудың маңызды бағыттарының бірі - жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарын кезең-кезеңімен, яғни 2023 жылы оны бір пайыздан бастап 2029 жылға дейін бес пайызға жеткізу.

Министрліктің мәліметінше, жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен қызметкеріне 5 пайыз зейнетақы жарнасын аударады. Бұл жарналарды кем дегенде 60 айдан аз емес уақыт бойына аудару қызметкерге зейнеткерлік жасқа жеткенде қосымша зейнетақы төлемдерін алуға құқық береді. Ол өмір бойы жыл сайынғы индексациямен төленеді.

Сонымен қатар, халықаралық тәжірибеге сәйкес, БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар барлық салымшыларға жеке мақсатты шоттар ашу және оларды жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ОПВР) есебінен толықтыру ұсынылып отыр. Оны зейнетақымен қамтуға және белгілі бір мақсатқа пайдалануға құқық берілмек.

«Бұл тәсіл салымшылардың зейнетақы жасына жеткенде (зейнеткерлікке шыққаннан кейінгі табысты ауыстыру коэффициенті) халықаралық зейнетақы стандарттарына сәйкес, зейнетақы жинақтарының тиісті деңгейін сақтауға, сондай-ақ зейнетақы жинақтарын мақсатты пайдалану құқығын іске асыруға мүмкіндік береді», - деп түсіндіреді Еңбек министрлігі.

Сонымен қоса, айта кету керек, бұл жерде әңгіме жаңа тұжырымдама туралы емес, өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде олып отыр.

2030 жылға дейін зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасына өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар 2021 жылдың мамыр айында Қазақстан үкіметінің қарауына енгізіледі деп жоспарланған.

Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын енгізуге қатысты заңнамалық түзетулер қолданыстағы заңнамада қарастырылған. Ведомствоның хабарлауынша, 2028 жылдан бастап енгізіледі деп жоспарланған ең төменгі кепілдендірілген зейнетақыға келетін болсақ, бұл үшін «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңға түзетулер енгізу қажет.

Зейнетақы бағдарламасын қаржыландыру тұрақты түрде өсіп келеді, сондай-ақ зейнетақы төлемдерінің мөлшері де ұлғаяды. Мәселен, 1999 жылдан 2019 жылға дейін осы мақсаттарға арналған шығыстар көлемі 22,7 есеге өскен. Ал, базалық зейнетақы төлемін ескерсек, орташа зейнетақы мөлшері - 21,6 есеге, 3 964-тен 85 739 теңгеге дейін артқан.

Барлық жаңалықтар