• Басты
  • Зейнетақы төлемдерін пайдалану үшін өтініш қалай және қайда жіберіледі

Зейнетақы төлемдерін пайдалану үшін өтініш қалай және қайда жіберіледі

22 Қаңтар, 2021 16:28

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында бір жолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану ережелері туралы айтылды, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі осы жылдың 21 қаңтарында тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін бір жолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану ережелерін бекіткен болатын.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің құрылыс жəне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Еркебұлан Дауылбаевтың айтуынша азаматтар өздерінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалана алады. Жинақ мына мақсаттарға беріледі:

- тұрғын үйді сатып алу-сату, жекешелендіру, бөліп төлеу, айырбастау шарттары бойынша, үлестік қатысу туралы заңнамаға сәйкес кепілдік болған кезде тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттар бойынша толық есеп айырысу;

- жер сатып алуды есептегенде, жеке тұрғын үй салуға;

- ипотекалық тұрғын үй қарызын алу үшін бастапқы жарнаны енгізу;

- ипотекалық тұрғын үй қарызын алу, берешекті ішінара немесе толық өтеу, қайта қаржыландыру;

- ислам банкінің қаржыландыруы шеңберінде тұрғын үйді сатып алу, ислам банкінің тұрғын үй сатып алу жөніндегі мəмілені қаржыландыруы шеңберінде берешекті ішінара, толық өтеу;

- сатып алу құқығымен тұрғын үйді ұзақ мерзімді жалдау шарттары бойынша берешекті ішінара немесе толық өтеуге міндетті.

23 қаңтардан бастап жинақтағы ақшасын шешіп алғысы келетін азаматтарға арналған платформа жұмыс істей бастайды. Платформаны «Отбасы банк» іске қосып, азаматтардың өтініштерін қабылдайды. «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі АҚ төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, платформаға өтініш беру алдында мемлекеттік қызмет алуға жарамды электрондық цифрлық қолтаңбаны электронды Үкімет порталынан алу қажет. Сонмен қатар зейнетақы жинақтарының қолжетімді мөлшерін ҚР БЖЗҚ порталынан нақтылауға болады.

«Ертең таңертең сағат 09.00-де іске қосылатын арнайы сайтқа кіріп, ЭЦҚ енгізіп, авторизациядан өту керек. Содан соң жеке кабинетке өтіп, шотқа өтініш беріледі. Арнайы шот ашқаннан кейін арнайы шоттың нөмірін, қолжетімді соманы, пайдалану мақсатын, жеке табыс салығын ұстау және аудару тәсілдерін көрсетіп, біржолғы зейнетақы төлеміне электрондық өтініш жіберіледі. Төлем алуға «Отбасы банк» арқылы жүгінген жағдайда құжаттар 45 жұмыс күні ішінде ұсынылады, ал өтініш екінші деңгейдегі банктер арқылы берілген жағдайда құжаттарды дереу ұсыну қажет», - деп түсіндірді Ләззат Ибрагимова.

Дауылбаевтың айтуынша, біржолғы зейнетақы төлемдері шексіз рет пайдаланылады. 

"Егер өтініш берушінің жұбайы және  жақын туыстары атынан берілетін біржолғы зейнетақы төлемдерін алушы пайдаланғысы келсе, тараптар жеке кабинетте біржолғы зейнетақы төлемдерін беру туралы келісім жасасады. Ата-аналар, балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері, атасы, әжесі, немерелері жақын туыстар болып есептеледі. Алушының меншігінде тұрғын үйі болуы біржолғы зейнетақы төлемдерін алуына және пайдалануына кедергі болмайды", - деді ол.

Тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қолма-қол ақшасыз тəсілмен жүзеге асырылады. Яғни ақша өтініш берушінің банктегі шотына аударылады.

Біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалана отырып, меншікке рәсімделген жылжымайтын мүлікті бес жыл бойы сатуға болмайды. Егер мүлік сатылса, зейнетақы төлемдерінің сомасын қайтаруға тура келеді. Осы нормаға сәйкес журналист былай деп сұрақ қойды.

Егер зейнетақы төлемін пайдаланып, үй сатып алған азамат үшін басқа қалаға көшуіне байланысты мүлікті сату қажеттілігі туындаса, оның әрекеті қандай болмақ? Норма өтеу мерзімі бес жылдан асатын және олар бойынша өтелмеген берешегі бар ипотекалық тұрғын үй қарыздарына ғана қолданылады. Яғни, егер ипотека бұрын төленген болса, мораторий алып тасталады.

- кепілдік болған кезде тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттар бойынша тұрғын үй сатып алу кезінде немесе акт болған кезде көппәтерлі тұрғын үйдегі үлесті беру туралы шарт жасасу кезінде;

- жер учаскесін сатып алуды қос алғанда жеке тұрғын үй салу үшін толық есеп айырысу кезінде;

- ипотека алу, тұрғын үйді сатып алу, берешекті өтеу, банктер арқылы ипотеканы қайта қаржыландыру үшін бастапқы жарна ретінде;

- тұрғын үй құрылысы жинақтары жүйесі бойынша жер учаскесін сатып ала отырып, тұрғын үй сатып алуға немесе жеке тұрғын үй салуға арналған ипотека бойынша берешекті алу, қайта қаржыландыруды өтеу кезінде;

- Ислам банкінің қаржыландыруы шеңберінде үй сатып алу және осындай қаржыландыру бойынша берешекті өтеу кезінде;

- тұрғын үй құрылысы және дағдарысқа қарсы бағдарламалар шеңберінде сатып алу құқығымен берілген баспананы ұзақ мерзімді жалдау шарттары бойынша берешекті өтеу үшін пайдалануына рұқсат етіледі.

Сонымен қатар тұрғын үйді жөндеу жұмыстарына бір банктен ипотекалық қарыз алған кезде пайдалануға жол беріледі.

Үй алуға ақшаны шешіп алу үшін қанша қаражат болуы керек немесе жинақтың бір бөлігін болашақта үй алу үшін депозитке аударуға бола ма?

Баспасөз мәслихаты барысында спикерлер тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жасау үшін қандай талаптардың орындалу керектігін де айтты.

Еркебұлан Дауылбаевтың айтуынша жинақтан шешіп алған қаржыға жеке меншігіндегі үйді жөндеуге мүмкіндік жоқ. Тек қана сатып алған үйін жөндеуге рұқсат етіледі. Тұрғын үйді жөндеу жұмыстарына бір банктік қарыз шарты шеңберінде ипотекаға қарыз алған кезде жол беріледі.

Бірыңғай зейнетақы қорындағы ақшаның бір бөлігімен ипотеканы өтеу мүмкіндігі туралы Ләззат Еркенқызы түсіндірді.

«Егер де сіздің шотыңызда қазір шекті сомасынан кейінгі қалған 1,5 млн теңге бар болса, алл банк алдындағы қарыз 7,5 млн теңге болса, ақпан айынан бастап қордағы ақшының бір бөлігін алып, ипотеканы төлеп отыра аласыз. Бұл процесс «Отбасы банкі» арқылы немесе ипотека рәсімделген банк арқылы жүзеге асырылады. Мысалы, уәкілетті операторлар қатарында Форте, Сбербанк, БанкЦентрКредит сияқты банктер болса және азаматтың ипотекасы осы банктердің бірінде рәсімелсе, жоғарыда айтылғандай, ипотеканы төлеуді бастауға болады. Бұл орайда біз өзге банктермен бірлесіп, «бірыңғай терезе» ережесі бойынша жұмыс істеміз. 23 қаңтардан бастап өтініш беріп, ипотеканы ішінара мерзімнен бұрын өтеуге мүмкіндік бар», - деді Ләззат Ибрагимова.

Ибрагимова тағы бір норманы түсіндірді. Ол – зейнетақы қорында жиналған қаржыға туыстар бір-бірінен үй сатып ала алмайды.

«Операцияның бәрі қолма-қол ақшасыз жүргізілетінін атап өту керек. Жалған келісімшарттардың алдын алып, қайтсем де ақшаны шешіп аламын деген жағдайлардың орын алуына жол бермеу үшін туысқан адамдар арасындағы келісімшарттарға тыйым салынады. Яғни, мен өзімнің бауырларымнан, сіңлілерімнен, атамнан немесе әжемнен үй немесе пәтер сатып ала алмаймын. Осылайша, ережелерде бүкіл механизм жазылған», - деді Ләззат Ибрагимова.

Сонымен қатар Ләззат Ибрагимова зейнетақы қорында жиналған қаражат есебіне емделу туралы айтты. Емделу мақсатына зейнетақы қорындағы қаражатты шешіп алу ережелері қаңтар айының соңына дейін бекітіледі. Бұл қаражат сирек кездесетін ауруларға, ересектердің тісін емдеу қызметіне жұмсауға беріледі.

«Қазіргі таңда бұл мәселе төңірегінде мемлекеттік органдармен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Біз әзірге тек бірыңғай оператор функциясын атқаруға келісім бердік. Сол себепті Үкімет қаулысында емделуге байланысты төлемнің бәрі «Отбасы банк» арқылы өтетіні туралы жазылыпты. Бұл норма Денсаулық сақтау министрінің бұйрығынан кейін Әділет министрлігінде тіркеуден өтсе, күшіне енеді», - деді ол.

Бұл бағдарламаға қатысқысы келетін әр азамат ең алдымен яғни Бірыңғай зейнетақы қорындағы өзінің жинағының жеткілікті мөлшерін білуі тиіс. Ережедегі нормаларға сәйкес ауысқан ақшаны пайдалану мүмкіндігі туралы ақпарат жинайды. Содан кейін «Отбасы банктен» немесе кез келген екінші деңгейлі банктен арнайы банк есепшотын ашады. Өтінім беруге арналған арнайы интернет ресурсқа электронды цифрлы қолтаңбасын енгізіп, кіреді. Сөйтіп, қордағы жеткілікті мөлшердің үстіндегі ақшаны қайдай мақсатқа пайдаланатынын көрсетіп, өтінім береді. Өтінім Зейнетақы қорына жолданып, бес күннің ішінде жауап келеді. Мақұлданғаннан кейін азамат «Отбасы банкіндегі» портал арқылы растайтын құжаттарды тіркеп, арнайы есепшотындағы ақшаны өзі көрсеткен сатып алушыға не болмаса ипотеканы өтеуге жолдай алады.

Барлық жаңалықтар