• Басты
  • Үздіксіз білім берудің әлеуеті қалай

Үздіксіз білім берудің әлеуеті қалай

23 Тамыз, 2021 10:02

Ата-бабаларымыз тал бесіктен жер бесікке дейін ілім алуды кейінгі ұрпаққа өсиет еткен. Бұл тәмсілдің астары терең. Өйткені адам баласы үнемі өзін-өзі жетілдіріп, дамып отыруы қажет. Адам үнемі аға ұмтылмаса, бір орында тұралап қалған кезде тоқырау, деградацияға түсу басталады. Әр кезеңнің өзіне тән, әр адамның өмірлік құндылықтарына, миссиясына, мақсат-мұратына сәйкес даму, жетілу процесі болады. Мұны қазіргі тілмен «үздіксіз білім беру процесі» деп те атап жүрміз. Бұл ретте бүгінгі мақаламызда еліміздегі үздіксіз білім беру процесінің жүзеге асырылуы және оның өзекті мәселелері жайлы қысқаша баяндайтын боламыз.

Ағылшын тілінде lifelong learning деп аталатын үздіксіз білім беру жүйесі әлемдік тәжірибеде көптен қалыптасқан жүйе және оның мазмұны жалпы қазақстандық аудиторияға да таңсық емес. Үздіксіз білім беру соңғы жылдары отандық педагогиканың негізгі бағытына айналғаны жасырын емес. Мұның негізгі кезеңі балабақшадан басталып, одан кейін орта мектепте, мектептен кейін колледж немесе жоғары оқу орнында жалғасады. Жоғары оқу орнынан кейін магистратура және одан кейін докторантура мен аспирантура, ал оны бітіргеннен кейін түрлі салаларда қалыптасқан біліктілікті арттыру курстары немес қайта даярлау дәрістері болып жалғаса береді.

«Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі № 319 Заңының 12-бабында «Қазақстан Республикасындағы білім беру жүйесі жалпы білім беретін оқу және білім беру бағдарламаларының үздіксіздігі және сабақтастығы принципі негізінде мынадай білім беру деңгейлерін:

1) мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды;

2) бастауыш білім беруді;

3) негізгі орта білім беруді;

4) орта білім беруді (жалпы орта білім беруді, техникалық және кәсіптік білім беруді);

5) орта білімнен кейінгі білім беруді;

6) жоғары білім беруді;

7) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді қамтиды» деп жазылған.

Шынында да білім беру саласының үздіксіз және бір-бірімен жалғасқан, тізбектелген түрде, сондай-ақ заманауи жетістіктерді ескере отырып өркендегені жөн. Яғни, үнемі жетілу үстіндегі және өз саласындағы соңғы жаңашылдықты бойына сіңірген азаматтан білікті әрі заман талабына жауап беретін маман шығады.

Күні кеше, яғни 2021 жылғы 8 шілдеде «Өмір бойы оқу (үздіксіз білім беру) тұжырымдамасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 471 қаулысы жарияланды. Тұжырымдама жалпы 7 бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім ағымдағы жағдайды талдауға арналса, екінші бөлім осы саланың проблемаларын айқындауға арналған, ал үшінші бөлімде халықаралық тәжірибе туралы жазылған. Төртінші бөлім негізгі қағидаттар мен тәсілдерді зерделеуден тұрса, бесінші бөлім үздіксіз білім беруді дамыту үрдістері мен пайымына арналған. Сәйкесінше алтыншы бөлімде осы тұжырымдаманы жүзеге асырудан күтілетін нәтижелер баяндалса, жетінші, яғни қорытынды бөлім тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын қамтыған.

Қазақстанда үздіксіз білім беру жүйесінің бірнеше принципі бар. Олардың ішінде барлық категориядағы ел азаматтарына олардың жасына, жынысына қарамастан білім алудың барынша қолжетімді болуы, әр түрлі деңгейдегі білім беру салаларының бір-бірімен жалғасқан түрде әзірленуі, азаматтардың қажеттіліктеріне сай қашықтықтан білім алу, онлайн дәрістер т.б. қамтамасыз ету, білм беру мекемелеріндегі оқу бағдарламаларының заманауи еңбек нарығының сұранысына, әлемдік стандарттарға сай келуі сияқты басымдықтар бар.

Қазіргі таңда интернет-комминикация құралдарының өркендеуімен түрлі білім беру платформалары да пайда болуда. Қазірдің өзінде дәстүрлі емес, яғни қашықтықтан өзі тұратын мемлекетіне қарамастан интернет арқылы түрлі оқу орындарында, онлайн мектептерде қосымша білім алып, арнайы дипломға қол жеткізетін мүмкіндік берілген. Бұл қазақстандық білім беру жүйесіне өз ықпалын тигізбей қоймайды. Тіпті қазіргі коронавирус пандемиясы кезінде адамдардың үйде жұмыс істеуі, бос уақыттың пайда болуы сияқты факторлар әлемдік деңгейде қашықтықтан білім алу, әр түрлі дағдыларға машықтану сынды тәсілдердің дамытуда. Отандық білім беру жүйесі де осы көштен қалыспай өз қызметін заман талабына сай бейімдеуге күш салғаны жөн.

Қазақстанда білім беру жүйесінде шешімін толық таппаған өзекті мәселелер жетерлік. Бұл сарапшылар тарапынан да жиі көтеріліп, айтылып келеді. Біз де осы мақала аясында келесі бірқатар өзекті мәселелерге тоқтала кеткенді жөн көрдік.

Біріншіден ел азаматтары арасында дипломның емес білімнің культін қалыптастыру қажет. Қазір мектеп бітірген көп жасты қандай мамандықтың болашағы жарқы екендігі емес, қандай мамандық бойынша мемлекеттік грантты ұтып алуға болатыны, диплом алып шығуға мүмкіндік беретін сала қызықтырады. Бұл сапасыз кадрлардың, өзі білім алған сала бойынша еңбек етпейтін азаматтардың көбеюіне жағдай жасауда. Сондай-ақ, азаматтардың арасында жоғары оқу орнын бітірмей еңбек ету қиын деген түсінік қалыптасып, сырттай немесе күндізгі формада білім алса да жаппай диплом алуға ұмтылу кең таралған. Бұл өз кезегінде білімнің емес дипломның культ ретінде қалыптасуына жол ашады.

Екіншіден білім беру тәсілдерінің икемділігі, заман талабына сай өзгеріске ұшырап отыруы да маңызды. Мысалы еліміздегі көп оқу орындары өз түлектерінің оқу орнын аяқтағаннан кейін жұмыспен қамтылуы, нарықта сұранысқа сай салалар бойынша мамандар даярлау, нарық заңдылығына сәйкес болашақта бес, он, он бес жылда қандай мамандықтарға сұраныс артуы мүмкін, қандай мамандықтар нарық талабына сай келмеуі ықтимал деген стратегиялық болжамға сәйкес өз қызметін реттей алмай келеді.

Қарапайым ғана бір кейсті мысал ретінде келтіре кетсем, менің жақын досымның інісі Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан бір колледжді бітірді. Студент кезінде сол жігіттен «Қазір немен айналысып жатсыңдар?» деп сұрағанымда «Бір жигули автокөлігін құрастырып біттік» деген болатын. Қазір әлемдік нарықта Жигули емес Тойота, Хюндай, Ниссан, Киа, Фольксваген, Мерседес, Ауди, БМВ, Митсубиси сияқты алпауыт маркалардың үстемдікке ие екенін, біздің ел нарығына да аталған автокөлік үлгілерінің дендеп енгенін өкінішке орай маман даярлаушы оқу орындары ескере бермейтіні өкінішті, білсе де өз шәкірттерін сол маркаларды біліп шығуға тәрбиелеуге ұмтылмайтыны ерекше көңіл бөлуге тұрарлық өзекті мәселе. Жигули сынды ескі, нарықта сұранысы төмен маркаларды жөндеуді ғана білетін маман оқуды аяқтағаннан кейін жалақысы жоғары жұмыс таба қоймайды. Яғни, заман талабымен қалыптасқан сұранысқа дер кезінде жауап бере алмайтын оқу жүйесінің болашағы күмән туғызары анық. Осы сияқты мысалды өзге де салалардан көптеп келтіруге болады.

Қазір әлемдік білім беру жүйесі дуалды оқыту әдісіне жаппай көшуде. Кәсіпорындар мен оқу орындары арасындағы тығыз әріптестік, түсіністік тандемі нарықтағы жұмыссыздық проблемасын барынша шешуге мол мүмкіндік берері анық. Сондықтан жыл сайын үйреншікті, стандартты мамандықтар бойынша ғана маман даярлап, оның болашақта жұмысқа орналасуын ойластырмаған, келешекте сұранысқа ие салалар бойынша мамандарын даярлауды ойластырмаған оқу орнының, білім жүйесінің түрлі кедергілер мен қиындықтарға ұшырасатыны айқын.

Үшіншіден жан-жақты емес, нақты бір саланы бүге-шігесіне дейін жетік білетін маман дайындайтын жүйе қалыптастыру. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қосарланған мамандықтар (химия-биология, тарих-география, физика-информатика, педагогика және психология және т.б.) көп болатын. Кейіннен бұл үрдіс бәсеңдеп, нақты мамандықтар бойынша маман дайындау үрдісі көбейді. Алайда әлі күнге қосалқы пәндердің (орыс және ағылшын тілдерін оқыту, философия, саясаттану, тарих, педагогика т.б.) алғашқы курстар бойынша негізгі мамандықпен қоса оқытылуы жалғасып келеді. Негізі мұндай пәндер орта білім деңгейінде базалық деңгейде оқытылса, жоғары оқу орнында өзінің маманданған саласына қатысты пәндердің көбірек енгізілгені студенттің кәсіби маман ретінде жетілуіне септігін тигізер еді. Өйткені жоғары оқу орнының алғашқы курстарында оқыған қосалқы қоғамдық пәндер оның жалпы танымын арттырғанымен, маман ретінде жетілуіне пайдасы шамалы.

Төртіншіден үздіксіз білім беру арқылы жетілген мамандардың елде қалып, еңбек етуіне мемлекеттік деңгейде жағдай жасау қажет. Өйткені жаһандану заманында, түрлі коммуникация құралдары өркендеген шақта білікті кадрларды ұстап қалу, олардың әлеуетін ел игілігіне пайдалану өзекті мәселеге айналды. «Ақыл-ой ағыны» қазіргі әлемде қарқын алған үлкен тренд. Бұл ретте, ұзақ жылдар бойы мемлекет білікті маманның жетіліп шығуына үлкен ресурс жұмсайды. Ал жетілген маман өз таңдауымен шет мемлекет асса мемлекет ұтылады.

Бесіншіден білім беру жүйесінің толыққанды жұмыс істеуі үшін олардың материалдық-техникалық базамен қамтылуында зор мән жатыр. Әсіресе соңғы бір бір жарым жылда пандемия кесірінен қашықтықтан оқуға мәжбүр болған оқушылар мен студенттердің, оларға дәріс беруші ұстаздардың интернеттің баяулығы, компьютер, смартфон сияқты құрал-жабдықтардың жетіспеушілігі сияқты себептермен үлкен кедергілерге тап болуы осы сөзіміздің айқын дәлелі болса керек. Бұл ретте, анықталған кемшіліктерді жою шаралары да мемлекет тарапынан қарқынды қолға алынғанымен, ауылдық жерлерде әлі күнге интернеттің дұрыс жұмыс істемеуі сияқты проблемалар шешілмей келеді. Бұл білім беру жүйесінің, ел азаматтарының білім сапасына кері әсер ететін өте маңызды фактор.

Алтыншыдан әр түрлі деңгейдегі білім беру жүйесінің (орта білім, жоғары білім т.б.) өзара үйлесімділігі маңызды. Өйткені бұл кешенді дамытылатын мәселе. Жақында естіген бір диалогты осы жерде жаза кетейін. Бір университеттің ұстазы мектепте сабақ беретін ұстазға «Бізге түскен түлектеріңнің білімі нашар екен. Қалай сабақ бергенсіңдер?» десе мектеп ұстазы «Өйткені оларға сендерде білім алған мұғалімдер сабақ беріп жүр ғой» деп жауап қатқан екен.

Қорытындылай келген үздіксіз білім беру жүйесі заман талабына сай келетін маңызды бастама. Бірақ оны толыққанды жүзеге асыру жолында әлі күнге шешімін күткен мәселелер бар. Осы мәселелерді кешенді түрде, кезең-кезеңмен іске асырған кезде елдегі білім жүйесі де өркендей түсері анық.

 


Барлық жаңалықтар