Халықаралық интеграция

Өзбекстан Қазақстанның Орталық Азиядағы маңызды стратегиялық әріптесі

Бүгін Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин Өзбекстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Саидикрам Ниязходжаевты қабылдады. Сондай-ақ, Өзбекстан елшісімен Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев та кездесті. Кездесулер барысында екі елдің ынтымақтастығын нығайту мәселелері талқыланды.
Астана қаласы14 Мамыр , 15:27

Нұрлан  Нығматулин мейманды елшілік қызметінің басталуымен құттықтап, оның мемлекеттік қызметтегі мол тәжірибесі біздің елдеріміз арасындағы әріптестектікті одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.

«Өзбекстан Қазақстанның Орталық Азиядағы маңызды стратегиялық әріптесі», - деді Н.Нығматулин.

Бүгінде қос ел президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Шавкат Мирзиеевтің өзара түсіністік пен тату достыққа негізделген бірлескен  іс - қимыл нәтижесінде көпқырлы ынтымақтастықты жоғары деңгейде дамытуға қол жеткізілді. 

Палата Төрағасы аймақтық және шекаралық әріптестіктің даму деңгейіне көңіл бөліп, осы жылы тұңғыш «Қазақстан – Өзбекстан» аймақаралық форумы өтетінін, ол екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық ықпалдастыққа жаңа серпін беретінін атап өтті.

Кездесу барысында мәдени салаға да айрықша назар аударылып,  осы ретте С. Ниязходжаев екі елдің уақыт сынынан өткен тарихи тамырластығын алға тарта келіп, екі ел басшыларының өткен жылғы мемлекеттік іс-сапарлары екіжақты қарым-қатынастың жаңа белесін бастағанын айтты.

Тараптар парламентаралық өзара іс-қимылды күшейтудің маңыздылығына тоқталды.

Осы орайда Мәжілісте құрылған Өзбекстанмен ынтымақтастық жөніндегі және Олий Мәжілістегі  Қазақстанмен достық топтары екіжақты, соның ішінде, парламентаралық байланыстарды тереңдетуде ықпалы зор екендігі және олардың әлеуетін белсенді пайдалану керектігі айтылды.

Сонымен қатар,   Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев та  Өзбекстанның Қазақстан Республикасындағы Елшісі Саидикрам Ниязходжаевпен кездесу өткізді.

 Кездесу барысында екі жақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.

Дархан Кәлетаев екі ел арасында достық және бауырластық қарым-қатынас қалыптасқанын атап өтті.

«2018 жылы Қазақстандағы Өзбекстан жылының аясында бауырлас елдер арасындағы достықты одан әрі нығайтуға ықпал ететін түрлі іс-шаралар өткізілетін болады», - деді Д.Калетаев.  

Кездесуде 2017 жылғы 10 наурызда Қазақстан мен Өзбекстанның Қауіпсіздік кеңестері арасындағы консультациялар шеңберінде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру аясында діни қызметті реттейтін уәкілетті мемлекеттік органдар арасында меморандумға қол қою мәселесі талқыланды.  

Д. Кәлетаев жақын арада ынтымақтастықтың басым бағыттарын көрсететін аталған Келісімге қол қойылатынына сенім білдірді.

Өзбекстанның Қазақстандағы Елшісі Саидикрам Ниязходжаев екі ел жастарының форумын өткізу, діни туризмді дамыту бойынша бірлескен жұмысты ұйымдастыруды ұсынды.

Кездесу соңында тараптар дін, азаматтық қоғам және жастар саясаты саласындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге ниет білдірді.

Аягөз Құрмаш 

 




Яндекс.Метрика