• Басты
  • Заманауи мұнай саясаты және Қазақстан
5 Мамыр, 2020 14:49

Заманауи мұнай саясаты және Қазақстан

Мұнай саудасы халықаралық саясаттың, әлемдік экономиканың ең маңызды, ықпалды секторларының бірі. Энергия көздеріне мұқтаждық, мұнай саудасынан түсетін қомақты қаражат қай кезде де ықпалды күштердің мүддесін тоғыстырған фактор саналған. Сондықтан бүгінгі мақалада мұнай саясаты, ОПЕК+ және халықаралық қатынастардағы мұнай саудасының рөлі жайлы жазатын боламыз.
Заманауи мұнай саясаты және Қазақстан

Мұнай өзінің құрамы, сорты бойынша бірнеше түрге бөлінеді. Мұнайдың кейбір сортында керосин көбірек болса, кейбірінде дизельдік жанар май, ал кейбірінде газ мол болады. Әлемде шикі мұнайдан жүзге жуық түрлі өнім шығады. Сондықтан тауардың белгілі бір түріне сұраныс артқан болған сайын сол тауар өңделетін мұнай сортына сұраныс артып, оның бағасының өсуіне де ықпал етіп отырады.

1 анал.jpg

Бүгінде шикі мұнайдың көптеген сорты бар. Сұранысқа байланысты олардың бағалары да әрқилы. Дегенмен әлемде мұнайдың негізгі үш маркерлік сорты кең таралған. Олар Brent Blend, West Texas Intermediate (WTI) және Dubai Crude.

Brent – негізінен Еуропа мен Азия елдері тұтынатын мұнай сорты. Солтүстік теңізде өндіріледі.

WTI (West Texas Intermediate) – АҚШ-та өндірілетін және пайдаланылатын мұнай сорты. WTI ХХ ғасырда Brent маркасы өндірілгенге дейін негізгі сорт саналып келген.

Ал Dubai Crude – Парсы шығанағы елдерінен Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне тасымалданатын мұнай түрі. Мұны әлемдік мұнай бағасына ықпал ету құралы ретінде пайдалану фактілері жиі кездеседі. Бұған бүгінгі ОПЕК+ айналасындағы келіссөздердің шешілмеуі, Сауд Арабиясы мен Ресей Федерациясы арасында жиі орын алып тұратын келіспеушіліктер мысал бола алады.

Мұнай түрлерін өндіретін мемлекеттер мен ұлттық компаниялардың саны да аз емес. Әлемде мұнай өндіруші мемлекеттер мен компаниялар санының көбейгеніне байланысты 1960 жылы Мұнай эскпорттаушы елдердің ұйымы ОПЕК (OPEC - The Organization of the Petroleum Exporting Countries) құрылған болатын. Бұл ұйымның мақсаты – мұнай экспортына байланысты бағаны, өндірілетін мұнай қорының шектік көлемін, ортақ ұстанымдарды белгілеу. Ұйымға 13 мемлекет, атап айтқанда Алжир, Ангола, Венесуэла, Габон, Иран, Ирак, Конго, Кувейт, Ливия, Біріккен Араб Әмірліктері, Нигерия, Сауд Арабиясы және Экваторлық Гвинея мүше. Штаб-пәтері Австрияның Вена қаласында орналасқан. Бүгінде ОПЕК-ке мүше мемлекеттер әлемдік мұнай қорының шамамен үштен екісіне иелік етеді.

 2 анал.jpg

   Алайда аталған ұйымға мүшелікке өтпеген өзге де мұнай өндіруші елдердің сұранысы және мұнай саудасындағы келіспеушіліктерге орай 2016 жылы бейресми ОПЕК+ ұйымы құрылды. Бұл ұйымға он ірі мұнай экспорттаушы мемлекет – Қазақстан, Ресей, Малайзия, Әзербайжан, Оман, Бахрейн, Бруней, Мексика, Судан, Оңтүстік Судан енді.

ОПЕК+ ұйымының да негізгі мақсаты әлемдік мұнай өндірісі, мұнай экспорты саласындағы ынтымақтастықты, бағаны реттеу. Алайда ОПЕК+ ұйымына қарасты мемлекеттердің өзі келіссөздер барысында ортақ мәмілеге келе алмай, жеке дара өндіріс, баға саясатын ұстанатын жағдайлар жиі кездеседі. ОПЕК+ деңгейіндегі мұнай саясаты біркелкі емес және ұйымға мүше елдер арасындағы жиі орын алатын келіспеушіліктерге толы. Бұл ретте, ОПЕК пен ОПЕК+ тарихына үңілетін болсақ бір емес бірнеше мақалаға жүк боларлық саяси ойындарға, мүдделер қақтығысына куә боламыз.

Назар аударарлық тағы бір маңызды мәселе – ОПЕК+ деңгейінде мемлекетаралық келіссөздер болып, мұнай өндіру көлемін қысқарту жөнінде ресми келісімге келгенімен оны іс жүзінде орындау оңай шаруа емес екенін айта кеткен жөн.

Қазіргі таңда әлем бойынша мұнайды ең көп өндіретін мемлекеттер негізінен Ресей, Сауд Арабиясы және Америка. Аталған елдер мұнай саясатында үстемдік жүргізіп, экспорт көлемін сақтап қалғысы келсе де нарық заңдылығына бағынбасқа амалдары жоқ. Өйткені әлемдегі мұнай экспортының мөлшері сұраныстан асқан жағдайда бағаның құлдырауына әкеп соғады. Сондықтан осыны ескере отырып, ОПЕК+ елдері мұнай экспорты көлемін барынша шектеп отыруға күш салуда.

Мұнай бағасын ұстап тұру үшін өндірілетін мұнай көлемін шектеуге байланысты ортақ қарарлар жиі қабылданып келеді. Мысалы 2008 жылы әлемдік қаржы дағдарысы орын алып, мұнай бағасы барреліне 147,27 АҚШ долларынан 32,40 АҚШ долларына дейін құлдыраған болатын. Осыған сәйкес ОПЕК тәуліктегі мұнай өндіру көлемін 4,2 миллион баррельге дейін қысқарту туралы шешім қабылдайды. Осының нәтижесінде 2009 жылы қара алтынның бағасы қайтадан 78 пайызғаөсті. 

Осыған ұқсас келіспеушіліктер, даулы басқосулар, саяси ойындар бүгінгі таңда да өзекті әрі келешекте де жалғаса бермек.

  ОПЕК+ және заманауи мұнай саясаты

Биыл әлемде COVID-19 коронавирустық инфекциясының таралуымен мұнай бағасында күтпеген өзгерістер орын алуда. Мәселен, 2020 жылғы 20 сәуірде WTI маркалы мұнай бағасы –60 пайызға құлдырап, тарихта болмаған жағдай тіркелді. Мұнайдың баррелі алдымен қалыптасқан бағадан 26, кейін 40 АҚШ долларына дейін құнсызданды. Бұл мұнай өнімін сатып алғаны үшін сатушының сатып алушыға қосымша қаражат төлейтінін білдіреді. Ал мына төменде келтірілген суретте мұнай бағасының тым арзандап, әжетхана қағазының құнынан төмендеп кеткені бейнеленген.

 3 анал.jpg

Мұнай бағасына қатысты салыстырмалы сурет

Коронавирус пандемиясына байланысты 2020 жылы әлем бойынша негізгі тіршілік тоқтатылып, ірі кәсіпорындардың жұмысы тұралап қалды. Осыған байланысты әлем бойынша мұнай өнімдеріне деген сұраныс көлемі де күрт азайды. Бұл өз кезегінде мұнай бағасының төмендеп кетуіне ықпал етті. Бұған ОПЕК+ елдерінің соңғы келісімі де мұнай өндірісі көлемін қалыпты ұстап тұру, мұнай өнімін тәулігіне 9,7 миллион баррельден асырмауға қатысты саясаты да ықпал ете алмады.

ОПЕК+ деңгейінде мұнай өндіру көлемін кезең-кезеңімен қысқарту жөніндегі талаптар жыл өткен сайын күшейе түсуде. 2020 жылғы 6 наурызда Венада өткен кездесуде Ресей шектеу шараларын қабылдамай ОПЕК+ келіссөздерінен шығатынын, өзіне ыңғайлы көлемде экспорт саясатын жалғастыра беретінін мәлімдеді. Бұл әлемдік мұнай бағасында тұрақсыздыққа алып келді.

Ресейдің әрекетіне қарсылық ретінде Сауд Арабиясы тәулігіне экспортқа шығаратын мұнай көлемін 9,7 миллион баррельден 10-11 баррельге дейін арттыратынын, Еуропаға мұнайдың әр баррелін 25 АҚШ долларымен ұсынатындығын жариялады. Бұл әлемдік қаржы нарығында үлкен резонанс туғызып, көптеген мемлекеттердің экономикасына тікелей әсер етті. Бұл Ресей мұнайына сұранысты азайтып, ОПЕК+ аясындағы келіссөздерге құлақ аспағанына қарсы жасалған қадам деп бағалауға болады.

Жалпы, мұнай бағасын тым төмендету Сауд Арабиясына да оңай әсер етпейді. Өйткені мұнайды өндіру, тасымалдау шығынын есептейтін болсақ, төмен бағадағы мұнай саудасынан ел экономикасына келетін табыс көлемі күрт азаймақ. Мысалы, Сауд Арабиясы мұнайды көбінесе супертанкерлермен тасымалдайды. Супертанкерлер әдетте бағасы арзандаған мұнай өнімдері уақытша сақтайтын қойма ретінде де пайдаланылады. Алайда мұнайды ұзақ ұстау да тиімсіз. Өйткені супертанкерге төлейтін құн арқылы да шығынға батуға болады.

Сарапшылардың есептеуінше мұнай бағасы барреліне 40 АҚШ доллары болған жағдайдың өзінде Ресей 1 миллиардық долларлық табыстың 610 миллион долларынан айрылып, шығынға батады. Сауд Арабиясының да жағдайы осығанұқсас.  Осыны ескере келе Ресей мұнай өндірісі көлемін қысқарту талабына келісуге мәжбүр болды. Сондықтан мұнай өндіруші мемлекеттер экспорт көлеміне қарамастан өзара ымыраға келуге мүдделі.

Төменде келтірілген карикатуралық суретте мұнай бағасын қолдан түсірген Сауд Арабия экономикасының төмен қарап құлдырап бара жатқаны бейнеленген.

4 анал.jpg

 Сауд Арабиясының мұнай бағасын төмендетуге байланысты шешімі елдің экономикалық құлдырауына әкелетінін бейнелейтін карикатуралық сурет

Сондай-ақ, қазіргі таңда энергияның баламалы көздерін табу және оны дамыту мәселесі әлемдік деңгейде қарқынды жүзеге асырылуда. Сарапшылар жақын келешекте баламалы энергия көздері бүгінгі мұнай, көмір сынды қолданыстағы табиғи ресурстарды өндіріс саласынан толықтай ығыстырып шығады деп болжауда. Өйткені жел, су, күн көзі сынды табиғи жолдардан алынатын энергия түрлері экологиялық тұрғыдан барынша таза саналады. Ал мұнай мен көмір өнімдері қоршаған ортаға зиян келтіретін негізгі себептер саналады.

Қазіргі таңда баламалы энергия көздерін өндіру жолдары, оны қолданысқа енгізу салыстырмалы түрде қымбатқа түсуде. Сондықтан да энергияның осы түрлеріне сұраныс аз. Дегенмен аталған саладағы зерттеулер, нақты іс-әрекеттер көбейіп, өндіру жолы жеңілдеген сайын мұнай мен көмір өніміне сұраныс та азая бермек. Сондықтан қазіргі таңда мұнай өндіру көлемін қысқарту ұсыныстарына мұнай өндіруші және экспорттаушы мемлекеттер мүдделі емес.

Мұнай бағасының арзандауы және экспорт көлемін қысқартып отыру Қазақстан үшін де өте қолайсыз жағдай. Өйткені мұнай экспорты ел экономикасының күретамыры саналады. Әлемдік мұнай бағасындағы ахуал Қазақстанғада тікелей ықпал етеді.

Мысалы 2020 жылы 16 мамырда теңге бағамы күрт құлдырап, бір АҚШ долларының құны 380 теңгеден 450 теңгеге дейін өсті. Бұған әлемдік мұнай саудасына келіспеушіліктер тікелей ықпал етті. Яғни, дәл сол күні мұнай экспорты көлемін шектеу келісіміне мойынсұнбаған Ресейдің әрекетіне орай Сауд Арабиясы мұнайдың бағасына демпинг жасап, Brent маркалы мұнайдың бағасын барреліне 29,97 АҚШ долларына дейін төмен бағада сатуға ұсынды. Осыған орай, мұнай бағасы күрт құлдырап, бұл баға нарығындағы жағдайға да ықпалын тигізді. Алдағы уақытта дәл осындай жағдай қайталанған жағдайда ел экономикасына тағы да кері әсер ететінін болжауға болады. Өйткені мұнай саудасына қатысты соңғы жүз жылдағы, тіпті соңғы 50-60 жылдағы ахуал ұқсас сценарийлермен жалғасып келеді.

Сондықтан шикізатқа тәуелді емес секторды дамыту, экономиканы әртараптандыру және кластерлік бизнесті жолға қою мемлекеттік саясаттың іс жүзіндегі басымдығы болып қалуы тиіс. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдау, еңбек адамын қалыптастыру саясаты да мұнай бағасына тәуелсіз экономика қалыптастыру жолындағы тиімді қадамдардың бірі болмақ.

Барлық жаңалықтар
3.237.66.86, 192.168.88.100