• Басты
  • Өз өңірлеріне барып жұмысқа орналасқан жастар бір мезгілдік 85 мың теңге көтерме ақы алады - Б. Нұрымбетов

Өз өңірлеріне барып жұмысқа орналасқан жастар бір мезгілдік 85 мың теңге көтерме ақы алады - Б. Нұрымбетов

2 Сәуір, 2020 09:55
Ірі қалаларда жұмыс істеуге келіп, жұмыссыз қалған жастар өз өңірлеріне барып жұмыспен қамту картасына қатысуға ниет білдірсе, жұмысқа кірген күні бір мезгілдік 85 мың теңге көлемінде көтерме ақы алады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.
«Үкіметте қолданып жатқан барлық шаралардың негізгі мақсаты – халықты жұмыспен қамту. Оның ішінде негізгі құралы – қабылданған жаңа жұмыспен қамту жол картасы болмақ. Жол картасына 1 трлн теңге қарастырылды. Жол картасына 7 мыңнан астам жоба енді. Оның 300-ден астамы өндіргіш әлеуетті жобалар.Жаңа тұрақты жұмыс орындарын құратын, болашақта халықтың игілігіне қалатын инфрақұрылымдық активті жобалар. Аталған жобаларда 242 мың жұмыс орны құрылады. Жұмысшылардың жалақысы 85 мың теңгеден төмен емес. Жұмысқа 90 пайыз отандық қызметкерлер болуы тиіс», - деді Б.Нұрымбетов.

Министр айтып өткендей, жұмысқа тартылатындардың жартысы Жұмыспен қамту орталықтары арқылы тартылуы тиіс.

«Ірі қалаларда жұмыс істеуге келіп, жұмыссыз қалған жастар өз өңірлеріне барып жұмыспен қамту картасына қатысуға ниет білдірсе, жұмысқа кірген күні бір мезгілдік 85 мың теңге көлемінде көтерме ақы алады. Ол үшін жергілікті атқарушы органдар мобильдік пунктер құрып, оларды жұмысқа шақыру әрекеттерін жасау қажет. Жол картасы бойынша іске асырылатын жобалардың 35 пайызы әлеуметтік салаларға қатысты, 34-і инжинерлік көліктік инфрақұрылымдарды жаңғыртуға бағытталған. 14 пайызы тұрғын үй коммуналдық мәселесін шешеді. 17 пайызы елді-мекендердің абаттандырылуына алып келеді», - деді министр.

Аягөз Құрмаш 

Барлық жаңалықтар