• Басты
  • Қызылорда облысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті 2020 жылғы жұмысын қорытындылады

Қызылорда облысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті 2020 жылғы жұмысын қорытындылады

6 Қаңтар, 2021 12:21

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы Заңындағы өзгерістер туралы және облыста өткен жылы тіркелген жемқорлық қылмыстары жайлы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Ардақ Ерсейтов «Antikor Live» тікелей эфирінде айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


2020 жылы Қызылорда облысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті 61 сыбайлас жемқорлық қылмыстары анықтаған. 2019 жылдың ұқсас мерзімінде 115 қылмыс тіркелген. Олардың негізгі бөлігін парақорлық фактілері құрайды – 47% немесе 29 факт, сондай-ақ жымқыру және алаяқтық – 16% немесе 10 факт.

Өндірісте барлығы 71 сыбайлас жемқорлық қылмыстық істері болды, оның 36 сотқа жолданды. Аяқталған қылмыстық істер бойынша келтірілген залал сомасы 1 млрд-тан астам, өндірілгені –1 млрд, залалды өндіру пайызы 94,1%. Сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасағаны үшін 11 адам сот үкімімен әртүрлі қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Есептік кезеңде азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзуға, қылмыстық істерді қосымша тергеуге қайтаруға жол берілген жоқ. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 200 бабы сәйкес 61 ұсыныс енгізілді, оның ішінде 55 ұсыныс қаралды. Нәтижесі бойынша 236 мемлекеттік қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде, 1-еуі қызметінен босатылып, 7 адам жұмыстан шығарылды.

Ерсейітовтің пікірінше, Заңдарға енгізілген өзгерістер – уақыт талабы. Құқық қорғау қызметкерлері мен судьяларға ерекше өкілеттіктер берілген және олардың қылмыс жасауы қоғамдағы қауіптің артуымен сипатталады. Осыған орай, жаңа Заңға сәйкес, аталған тұлғалар бірқатар жемқорлық қылмыстар жасағаны үшін жауапкершіліктері (ҚҚ 361, 364, 365, 366, 369 және 370 - баптары) күшейтілді.

«Енді қарапайым пара, яғни 50 айлық есептік көрсеткіштен (138 900 теңгеге дейін) кем пара алудың өзі, ауыр жемқорлық қылмыс болып саналады және шартты түрде мерзімінен бұрын босату мүмкіндігінен айырылады. Сонымен қатар, пара алушыларға ғана емес, пара берушілер мен парақорлыққа делдал болған тұлғаларға қатысты жауапкершіліктің күшейтілгені, халықты ойландыру керек деп санаймын», - деді ол.

Өткен жылдың 19 желтоқсаныда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды және жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға енгізілген өзгерістер бойынша Қызылорда облысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент қызметкерлері атқарған істерге директор есеп берді. Бұл ретте бұқаралық ақпарат өкілдерінің қатысуымен брифинг өткізілген.

«Сонымен қатар, департаменттің әлеуметтік желілеріндегі жүргізіліп жатқан тікелей эфирлерде, ЗУУМ платформасы арқылы мемлекеттік мекемелердің ұжымдарымен кездесу барасында және өңірлік газеттер мен интернет желісінде түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.        Облыс әкімінің орынбасарының төрағалығымен және барлық жергілікті ақтарушы ұйымдарының басшыларының қатысуымен өткізілген онлайн мәжілісте жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту жөніндегі заңнамалық шаралардың талаптары бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, алдағы уақытта осы жұмыстар жалғастырылатын болады», - деді ол.

Қызылорда облысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің 2020 жылғы жұмыс қорытындылары туралы спикер өткен жылдың 12 айында қоғамда жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелері бойынша 440 мың адамның қатысуымен 837 іс-шара және облыстық ақпараттық-ағартушылық штабы мүшелерімен 170-тен аса кездесулер ұйымдастырылғанын мәлімдеді.

«Арнайы мониторингтік тобы мүшелерімен 159 мемлекеттік мекемеде мониторинг жүргізілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыбында 200-ге жуық тікелей эфирлер ұйымдастырылып, 44 ұжыммен кездесу өтті», - деді ол.

Департамент басшысының айтуынша, «Адалдық алаңы» жобасының танымалдығы артып, қоғам мен мемлекеттік арасындағы қашықтықты азайту, мемлекеттік аппараттың тұрғындар алдындағы ашықтылығын қамтамасыз ету бағытында жобалық кеңсесімен сервистік қызмет көрсету моделіне көшу бастамасы көтерілді.

«Сатып алудың біріңғай терезесі» ақпараттық-талдау жүйесі арқылы мемлекеттік сатып алудың мониторингі нәтижелері бойынша сатып алу жоспарларында бағаны өсіріп көрсету фактілерімен 75-тен аса ұсыныс хаттар жолданып, нәтижесінде Қызылорда облысында 287,4 млн.теңге қаражат үнемделіпті.

Мемлекет басшысы мемлекеттік органдардың транспаренттілігіне ерекше назар аударады. Осы орайда, Департаментпен Ел Президенті бастамашылық еткен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру бойынша мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында қызылорда облысында атқарылып жатқан істерге де Ардақ Ерсейітов тоқталды.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында мемлекеттік органдармен тығыз байланыс орнатып, олардың барынша ашық, айқын болуға және қоғам алдында есеп беруге бағытталған жұмыстар жүргізіп отырмыз», - деді Ардақ Жайдақұлы.

Тұрғындар тарапынан әлеуметтік нысандардың бюджетін тиімділігін бағалау мақсатында «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» жобасы жұмыс жасап келеді. Аталған жоба арқылы әрбір тұрғын бюджеттен бөлінген қаражатты қалай, не үшін және қанша мөлшерде жұмсалып жатқандығын көре алады. Қазіргі уақытта 698 мемлекеттік ұйымдар жалпы сомасы 802,3 млрд.теңгеге өз бюджеттерін Картада орналастырды.

Қызылорда облысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы айтқандай, қазіргі уақытта Департаментпен отандық және шет елдік инвесторлармен жалпы құны 555,8 млрд. теңгені құрайтын 22 келісімге қол қойылған.

Қазіргі уақытта кәсіпкерлікке қатысты проблемаларды шешу бойынша іс-шаралар жоспары жасақталып, жұмыстар жүзеге асырылып жатқанын айтты.

«Мысалы, өткен жылдың қазан айында «Нұржан М» шаруа қожалығы өзінің жер учаскесінің құжаттарын 2010 жылдан бастап рәсімдей алмай, Департаменттің араласуымен Қызылорда қаласы, Баймұрат батыр ауылындағы ауыспалы егістік жерінен жалпы 87,7 гектар жерді заң талаптарына сәйкес нақтылап, құжаттарын қараша айында заңдастырып тіркеді», - деді ол.

Департамент басшысы мемлекеттік қызметте цифрландыру үрдісінің жүргізіліп жатқандығы туралы да мәлім етті.

«Қызылорда облысында мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бойынша бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, мемлекеттік органдардың ішкі бақылау есептеріне сәйкес 2,9 миллионға жуық тұлғаларға қызмет көрсетілсе, олардың 2,1 миллиондайы немесе 82,5 % электрондық түрде. Мемлекеттік органдарда, жоғарғы оқу орындарында, колледждерде және мектептерде өзіне өзі қызмет көрсету бұрыштары ашылды. Облыстың барлық 144 ауылдық округтарында қызмет көрсету бұрыштары жұмысын жасауда», - деді ол.


Барлық жаңалықтар