• Басты
  • Қызылорда облысының дамуы: Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты, тұрғын үй, су қоймаларын салу мәселелері

Қызылорда облысының дамуы: Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты, тұрғын үй, су қоймаларын салу мәселелері

23 Қараша, 2020 13:59

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіхалықова мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауында берілген тапсырмалардың орындалу барысымен таныстырып, өңірдегі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып өтті. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Гүлшара Әбдіхалықованың мәліметінше, осы жылдың 9 айының қорытындысы боыйынша, өңдеу өнеркәсібінде өнім өндіру 3,5%-ға, ауыл шаруашылығында 3,1%-ға артқан. Сонымен қоса, жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 5,4%-ға өскен. Сонымен қатар, 485 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілген, оның дерегінше, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,4%-ға артық.

Бұдан бөлек облыс басшысы өткен жылға қарағанда инвестиция көлемі төмендегінін атап өтті, яғни биыл 69,5%-ды құраған. Оның сөзінше, төмендеуінің объективті себептері бар.

«Өткен жылы бірнеше ірі инвестициялық жобаны іске асыру аяқталды, олардың үлесіне жылдық инвестициялар көлемінің шамамен 30%-ы тиесілі болды. Биыл енгізілген шектеулерге байланысты жалпы экономикаға инвестициялар көлемі қысқарды, бұл құрылыс жұмыстарының көлеміне де әсер етті», - деді облыс басшысы.

Сонымен қоса ол жұмыс істеп тұрған кен орындарының сарқылуына байланысты мұнай өндіру көлемінің азаю үрдісі сақталып отырғанын, сонымен бірге бұл өнеркәсіптегі өнім өндірісінің көрсеткішіне әсер етіп жатқанын тілге тиек етті.

Ауыл шаруашылығы

Оның мәліметінше, өндірістің өсуі ауыл шаруашылығы саласында байқалған. Соңғы 5 жылда жалпы өңірлік өнімдегі агросектордың үлесі 4%-ға дейін өскен. Бұл инвестициялардың өсім қарқыны мен жаңа технологиялардың енгізілуіне байланысты болып отыр.

«Мысалы, 2019 жылы агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі капиталына 6,7 млрд теңге инвестиция құйылса, тек 9 айда көрсеткіш 8 млрд теңгеден асты. Бұл ретте, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты шамамен 12%-ға өсті, оның ішінде 98% - қайта өңделген өнім. Алғаш рет Ресейге мұздатылған көкөніс пен жаңа піскен қызанақ жеткізуді бастадық, Германияға алғашқы 420 тонна қамыс жіберілді. Жалпы, биыл әлемнің 17 еліне ауыл шаруашылығы өнімдерінің 11 түрі экспортталды», - деді Гүлшара Әбдіхалықова.

Су қоймалары салынбақ

Сондай-ақ, өңір басшысының сөзінше, күріш өсірушілер гектарына 61,8 центнер өнімнен 550 мың тоннадан астам күріш жинап, тағы да жоғары нәтижеге қол жеткізген. Суармалы суға байланысты суды аз талап ететін дақылдардың егістіктерін кеңейту туралы шешім қабылданған. Осы орайда, суармалы суға байланысты өзекті мәселелерді азайту үшін көлемі 2,3 миллиард текше метрді құрайтын 6 су қоймасын салуды жоспарланған.

Мал шаруашылығы

Оның сөзінше, мал шаруашылығында өткен жылы өңірде ірі қара мал саны - 4,4%, қой мен ешкі - 5,5%, жылқы - 8,5%, түйе - 5,3%-ға өскен. Сонымен қатар, қазіргі таңдағы басты міндеттердің бірі - жайылымдық шаруашылықта пайдалануға болатын жайылымдардың тиімділігін арттыру. Ол үшін пайдаланылмаған жайылымдардағы 452 су көзін жөндеуді жоспарланған, бұл үшін шамамен 7 миллион гектар жерді пайдаланылмақ.

«Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу бойынша жалпы сомасы 10 миллиард теңгеден астам 33 жоба жүзеге асырылуда», - деді ол.

Облыс басшысының сөзіне сенсек, агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың арқасында бағаның негізсіз өсуіне жол берілмей отыр. Тұтыну бағаларының индексі, соның ішінде тамақ өнімдері орташа республикалық деңгейден төмен деңгейде сақталуда. Бұл ретте, соңғы мәліметтер бойынша, халықтың нақты жалақы индексінің және ақшалай кірістер индексінің өсуі байқалады.

Жаңа 19 мың жұмыс орны ашылған

«Жұмыссыздық деңгейі - 4,9% Жыл басынан бері 19 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылған, оның 14 мыңы – тұрақты», - деді Гүлшара Әбдіхалықова.

Оның мәліметінше, осы жылға арналған Жұмыспен қамтудың Жол картасы аясында жалпы сомасы 38,9 млрд теңгеге 277 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру көзделген, бұл 9,5 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтымақ.

Тұрғын үй

Бұдан бөлек, облыс басшысы тұрғын үй саласына тоқталды. Оның дерегінше, биыл облыста 1946 пәтерлік 98 көппәтерлі тұрғын үй салынып жатыр, оның 969 пәтерлік 74-і жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.

«Келесі жылы Байқоңыр қаласында Қазақстан азаматтары үшін тұрғын үй салу жалғастырамыз. Өткен жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 30 жылда алғаш рет 250 пәтерлік бес тұрғын үй салынды. Кезекте тұрған 1300-ден астам қазақстандықты ескере отырып, Байқоңыр қаласында тағы да елу пәтерлік 5 үйдің құрылысын 2021 жылы бастау туралы шешім қабылданды», - деді ол.

Оның сөзінше, үкіметтің қолдауы нәтижесінде инженерлік коммуналдық инфрақұрылымды дамыту мәселелері де шешімін табуда. Бүгінде облыс халқының 97%-ы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген және халықтың 63%-ы табиғи газды тұтыну мүмкіндігіне ие. Маусым айында Арал ауданының Жақсықылыш кентіне газ орнатылған. Келесі жылы газдандырылмаған жалпы саны 50 мың халық тұратын 5 елдімекенге, оның ішінде 3 аудан орталығына көгілдір отын беруді жоспарланған. Нәтижесінде, жыл соңына дейін облыс халқының 70%-ы табиғи газға қол жеткізе алады.

Бұқаралық спортты дамыту

Өңір басшысының айьуынша, жыл соңына дейін бюджет есебінен тағы 12 жаңа спорт нысанын, соның ішінде байдарка мен каноэде есу базасы салынбақ. Мемлекеттік жекешелік әріптестік аясында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы бойынша 5 жоба іске асырылып жатыр, онда 720 адамды қамтитын 60 секция ашылмақ.

Білім саласы

Оның мәліметінше, білім беру саласында биыл 300 мектептің 225-і жаңа оқу жылын қашықтан оқытудан бастаса, ал қазір 121 мектеп дәстүрлі режимде жұмыс істеп жатыр, 40 мыңға жуық бала оқитын 2 мыңнан астам кезекші топ ашылған. Сонымен қатар, қашықтан оқытуға қажет мектепке тиесілі 14 мыңнан астам компьютер оқушыларға берілген. Бюджет қаражаты мен демеушілер есебінен 27 мыңға жуық компьютерлік техника сатып алынып, тұрмысы төмен отбасының балаларына табысталған.

Барлық жаңалықтар