• Басты
  • Ғылыми-зерттеудің әлемдегі және Қазақстандағы тенденциясы

Ғылыми-зерттеудің әлемдегі және Қазақстандағы тенденциясы

16 Сәуір, 2021 11:24

Ғылыми жұмыстардың жариялануы мемлекеттің ғылыми-зерттеу қызметінің негізгі барометрі болып саналады. 2020 жылы Қытай жаратылыстану ғылымдары бойынша жарияланған ғылыми жұмыстардың санынан АҚШ-тан асып түсті. ҚХР ендігі кезекте әлемнің сауда-экономикалық қана емес, ғылыми зерттеу державасына да айналмақ. Бірақ COVID-19 пандемиясы Қытай мен АҚШ-тың ғылыми-зерттеу қарқыны мен көрсеткіштеріне әсер еткені анық. Өйткені, ғылыми зерттеуді қаржыландырудың азаюы мен шекаралардың жабылуы зерттеушілердің жұмысына кедергі болды. Пандемия алып келген қиыншылықтар және еліміздің ғылым саласындағы соңғы жылдары қордаланған мәселелер оған жаңаша көзқараспен қарауға мәжбүрлеп отыр.

Қазіргі уақытта (2020 жылғы дерек бойынша) ғылыми жұмыстардың басым бөлігі, яғни 19,9 пайызы Қытайдың ғалымдарына тиесілі, ал АҚШ 18,3 пайыз деген көрсеткішпен екінші орында келеді. Бұл статистикалық мәліметтер ғылыми журналдардағы рецензияланған мақалалардың санына байланысты анықталып отыр. Сарапшылар мұндай текетірес немесе ғылым жолындағы жарыс қос державаның сауда және қауіпсіздік саласындағы қырғи-қабақ қатынасынан туындап отыр дейді. Қытай жүргізіп отырған зерттеулердің көлемі оның әскери-технологиялық, қаржы-сауда ықпалының артуына айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Деректерге көңіл аударатын болсақ, 2016-2018 жылдары Қытайда орташа есеппен 305 927 мақала жарияланған, АҚШ-та шыққан материлдың саны 281 487-ге жетсе, Германияда 67 041 мақала жарыққа шығып, барлық материалдың 4,4 пайызын құраған екен. Бұл көрсеткіштерді Жапонияның ғылыми-техникалық саясат жөніндегі ұлттық институты америкалық Clarivate Analytics компаниясының деректеріне сүйене отырып дайындаған. Мақалалардың саны жыл сайын өзгеріп отыратындықтан, ондағы цифрлар соңғы үш жылдың ішіндегі орташа көрсеткіш ретінде алынған.

АҚШ-тың Ұлттық ғылыми қоры ғылыми жарияланымдардың өсімі бойынша АҚШ-ты басып озды деп жазған еді. Нақтырақ айтатын болсақ, Қытайда шыққан ғылыми жұмыстардың саны 1996-1998 жылдармен салыстырғанда 18 есе, ал 2006-2008 жылдарға қарағанда 3,6 есе артқан. Сан туралы айтқан соң, сапаға да көңіл бөлінетіні рас. Қытайлық ғылыми-зерттеу материалдарының сапасы да америкалық әріптестерінің деңгейіне жақындап келеді. 2017 жылы ең көп сілтеме жасалған мақалалардың жетекші 10 пайызының ішінде АҚШ алғашқы орынға шығып 24,7 пайызы құраған, ал Қытай 22 пайызбен екінші орын алды. Ал егер сілтеме жасалған ең үздік 1 пайыз мақалаларды талдап қарайтын болсақ оның 29,3 пайызы АҚШ-қа, 21,9 пайызы Қытай тиесілі екенін түсінеміз. Америкалық және қытайлық ғылыми журналдар зерттеу бағыттары бойынша бір-бірінен ерекшеленеді. Мәселен, Қытай журналдарында материалтану, химия, инженерия, информатика және математика бойынша зерттеулер көп жарияланады. АҚШ-та клиникалық медицина, өмір туралы іргелі ғылымның тақырыптары алдыңғы қатарда келеді.

Әрине, кез-келген мемлекеттің ғылыми-зерттеу жұмысының алға жылжуына ҒЗТКЖ(ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар) саласына бөлінетін инвестиция, сондай-ақ зерттеушілер санының өсуі де тікелей ықпал етеді. 2018 жылы Қытай ҒЗТКЖ саласына 554 млрд доллар қаражат бөліп, 2017 жылмен салыстырғанда 10 пайызға артық қаражат бөлген. АҚШ ҒЗТКЖ саласында жетекші мемлекет болып қалғанымен, 2018 жылы бөлген қаражатының көлемі 5 пайызға ғана артып, 581 млрд АҚШ долларына жеткен. Сонымен қоса, Қытайдың университеттерге бөлетін шығындары 2000-2018 жылдары 10,2 есе өссе, АҚШ-тағы көрсеткіштер бар-жоғы 1,8 есе өскен. Осындай өзгерістер мен реформалар үкіметтің қабылдаған саяси шешімдеріне байланысты орындалады. 1982 жылы Қытайдың Дэн Сяопин басқарып тұрған кезде ғылым мен техниканы модернизациялаудың ұлттық мақсаттары бекітілді. 1993 жылы ғылым мен техниканы дамытуға арналған заң қабылданды. 2001-2005 жылдарға қабылданған оныншы бесжылдықтың жоспарында ҒЗТКЖ бөлінетін ЖІӨ мөлшерін 1,5 пайызға жеткізу, кем дегенде 1 пайыз қылу көзделді. Сол уақыттан бері 1 пайыздың межесі орындалып, 2020 жылы оның үлесін 2,5 пайызға немесе одан асыру мақсаты қойылды.


2018 жылы әлем бойынша зерттеулер мен әзірлемелерге бөлінетін ЖІӨ пайызы

АҚШ-тағы зерттеушілердің саны 1,43 миллионнан асып түссе, Қытайдағы ғылыми-зерттеу қызметкерлерінің саны 1,87 миллион адамға жетеді. Америкалық халықаралық білім институтының мәліметі бойынша соңғы бес жылда АҚШ-та оқитын қытайлықтардың саны алғашқы рет 300 мың адамнан асқан, ал 2018-2019 оқу жылында олардың саны 370 мың болған. Жапонияның ғылыми-зерттеу саласындағы позициясы төмендеп келеді. Осыдан жиырма жыл бұрын Жапония әлем бойынша екінші орында болса, 2017 жылы 64 874 материалымен төртінші орынға дейін түсті. Жапония ҒЗТКЖ бөлінетін инвестиция көрсеткіштеріне де жете алған жоқ деген пікір бар. Бейжіңдегі Физика және жоғарғы энергия институтының директоры Ван Ифанның пікірінше, пандемия әкелген экономикалық шығындардан кейін Қытайда ғылымды қаржыландыру қысқарып, жобаларда да кейінге қалуы ықтимал. Кейбір университеттерге берілген зерттеу бюджеті 25 пайызға дейін қысқарған. Бірақ ол көрсеткіштер аймақтар мен зерттеу саласына байланысты әртүрлі. Дей тұрғанмен Қытай 2035 жылға қарай ЖІӨ ғылымға бөлінетін үлесі бойынша әлемдегі көшбасшы мемлекетке айналуды мақсат қылып отыр.

Пандемия алып келген қиыншылықтар және еліміздің ғылым саласындағы соңғы жылдары қордаланған мәселелер оған жаңаша көзқараспен қарауға мәжбүрлеп отыр. 2020 жылы қаңтарда өткен Білім және ғылым саласының өзекті сұрақтары туралы жиында елімізде ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы назарға алынды. Салалық министрліктің мәліметі бойнша Қазақстанда қазіргі уақытта 22,4 мың ғалым зерттеу жұмыстарымен айналысады. Ал, Қазақстан ғылыми жұмыстарды жариялау белсенділігі бойынша алдыңғы қатарда келеді. Өйткені, соңғы жылдары магистратура мен докторантура бағдарламасының талаптарында отандық және халықаралық журналдарда мақала жариялау міндеті қатаң қойылған. Сонымен қоса, ЖОО оқытушыларының ғылыми жарияланымдары да ынталандырылып келеді. 2020 жылдың басындағы дерек бойынша Scopus базасындағы қазақстандық ғалымдар еңбектерінің саны 2011 жылға қарағанда 34,5 есе, ал Web of Science деректер базасындағы көрсеткіш 59 есе өсті. Бұл бір қарағанда үлкен көрсеткіш болғанымен, жарияланымдардың сапасы мен салалар бойынша нақты зерттеуді қажет етеді. Ғылыми зерттеулердің өндіріс пен кәсіпкерлікке, технологияға ықпалы болғанда ғана экономикалық табыс алып келуі мүмкін.

Ғылыми-зерттеу саласының алға жылжуы үшін оны қаржыландыру мен тиісті нормативтік-құқықтық база қажет екені рас. Қазіргі жоспар бойынша Қазақстан 2025 жылға қарай ғылымды қаржыландыруға ЖІӨ-нің 1%-ын бөлуді көздеп отыр. 2020 жылы алғаш рет ҒЗИ ғылыми инфрақұрылымын жаңартуға 2,8 млрд теңге қаражат бөлінді. Нәтижесінде 23 ғылыми-зерттеу институтына жабдықтар сатып алынды. 2021 жылы ол сумма 3,5 млрд теңгеге жетті. Ендігі кезекте кейбір ғылыми-зерттеу институттары тікелей қаржыландырылады. Сондай-ақ, ғылыми бағдарламаларды гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға арналған конкурстар жыл сайын өткізілетін болады. Алдыңғы кезеңде ол үш жыл сайын өткізілетін еді. Дәстүрлі гранттардан басқа, шағын гранттар, жеке, коллаборация, жас ғалымдардың гранттары енгізіледі. Өткен жылдары жас ғалымдарға арналған гранттық қаржыландыру жобалары осы саланы орнынан қозғалтуға жақсы импульс берді. Кейбір ғылыми жобаларды іске асыру үшін ұзақ мерзім талап етіледі. Бұл ретте мұндай ғылыми жобаларға грант беру мерзімдерін 5 жылға дейін ұзарту мәселесі де қолға алынады. Ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын гранттық қаржыландыру шеңберінде жыл сайын 5,4 млрд. теңге сомасына 156 жобаны қаржыландырады. Оның ішінде 90 жоба бүгінде жалпы кірісі 6,6 млрд. теңгеден асатын сату кезеңіне жетті. 1300-ден астам жұмыс орны құрылды.

Қазақстан ғылымы туралы цифрлар

Қаржыдан бөлек, нормативтік-құқықтық салада түзетулер енгізіліп, қаржы бөлудің ашықтығына басымдқ берілуде. Мәселен, жобалар мен бағдарламаларды қаржыландыру туралы шешім қабылдайтын, олардың іске асырылуына мониторинг жүргізетін ұлттық ғылыми кеңестер (ҰҒК) туралы ережеге өзгерістер енгізілді. Енді ҰҒК жиындары онлайн, ал дауыс беру процесі ашық форматқа ауыстырылды. ҰҒК құрамдарының жартысынан көбі жаңартылды. Үміткерлерді іріктеудің басты критерийі олардың ғылыми жарияланымдарының сапасы болмақ. Сондай-ақ, конкурстық өтінімдерге экономикалық сараптама енгізілді, ол халықаралық стандарттар мен заңнама талаптарына негізделген жаңа әдістемемен бекітіледі. Жауапты министрлік Scopus және Web of Science халықаралық базаларының қатарына қосу үшін қаржылық қолдауды жоспарлап отыр. Өйткені, қазақстандық ғалымдар әлемдік ғылыми үрдістің қатарынан алшақтап қала алмайды.  

Жас ғалымдардың ғылыми жұмысын серпіліс беретін шешімдер қабылданды. Атап айтқанда, Мемлекет Басшысының тапсырмасы бойынша, докторанттардың стипендиясы 80%-ға ұлғайды. Стипендия жыл сайын 15%-ға өсіп, 2025 жылға қарай 260 мың теңгеге жетеді. Магистратура мен докторантураға түсу электрондық форматқа көшсе, келешек ғалымдарды ашық және әділ іріктеудің мүмкіндігі кеңейе түспек. Енді жыл сайын 50 үздік ғылыми қызметкерге 5 млн теңге көлемінде сыйақы тағайындалады. Сонымен қоса 2021 жылдан бастап 500 ғалым жетекші ғылыми орталықтарға  тағылымдамаға барып, "Жас ғалым" жобасы аясында 1 мың грант бөлінеді. Жас ғалымдарды қолдау үшін докторантурадан кейінгі зерттеулерге арнайы гранттар бөлу де жоспарланған.

Диссертациялық кеңестердің жұмысына өзгерістер енгізілді. Сондай-ақ докторанттар үшін диссертацияны қорғау мүмкіндіктері кеңейтілді. Одан бөлек ғылыми журналдардың тізімін қалыптастыру ережелеріне де өзгерістер енгізілді. Енді диссертациялық кеңестердің құрамы, диссертациялық кеңестің шешім шығаруы, рецензенттердің қатысу ережесіне өзгеріс енгізілді. Докторанттардың қорғау алдындағы мақала саны, оған қойылатын талап та бір жүйеге келді.  Диссертацияны қорғау алдындағы күрделі және көп уақыт алатын процедуралар жеңілдеп, докторанттың жеке дайындығына басты назар аударылады. Ғылыми жұмысты қорғау процедурасы интернет желісі арқылы ашық форматта өтеді.

Қытай мен АҚШ арасындағы сауда текетіресі, технологиялық тартыс, соңындағы идеологиялық айыптаулар өзара ынтымақтастықтың көптеген салаларына соққы әкелді. Соның ішінде зерттеушілердің жарияланымдары мен бірлескен жобалары, академиялық бағдарламалар,  конференциялары күрт азайып кетті. Дегенмен, кейбір сарапшылардың пікірінше екі тарап жаңа жағдайда виртуалдық мүмкіндіктерді пайдаланып ынтымақтастықтың тың мүмкіндіктерін қарастыра бастады. Қазақстан да былтырғы жылдан бастап ғылыми-зерттеу саласын қаржыландыру, нормативтік құжаттарға түзетулер енгізу, академиялық адалдықты қамтамасыз ету, жас ғалымдарды ынталандыруға кірісіп, осы салаға түбегейлі реформа жасамағанымен, оның олқы тұстарын түзетіп, жұмысын жүйелеуге бірқатар маңызды қадам жасағанын көреміз.

Барлық жаңалықтар