• Басты
  • Ғылым саясатының жағдайы қалай

Ғылым саясатының жағдайы қалай

28 Сәуір, 2021 11:00

Ғылым – адамзат баласының, тұтас әлемнің дамуын қамтамасыз етуші маңызды сала. Ғылым мен білім дамымаған мыңдаған жылдар бойы адамзат баласы қараңғылықта, қиыншылықта ғұмыр кешкенін тарихтан жақсы білеміз. Ғылым мен білім өркендеген сайын адамның өмір сүру сапасы жақсарып, қоғамда бұрын-соңды беймәлім болып келген құбылыстардың қыр-сыры ашылуда.

Жаратылыстану ғылымдарында ашылған соңғы бірнеше ғасырдағы жаңалықтар, ғылыми-техникалық, инженерия, медицина, физика, химия, биология салаларында үлкен төңкерістер әкеліп, дүниенің бет-бейнесін өзгертіп жіберді. Соңғы ғасырда, бұл жаңалықтар бірнеше еселенген қарқынмен қарыштап, әлемде төртінші индустриялық төңкеріс дәуірінің келгенін білдіруде. Төртінші индустриялық өзгеріс тұтас адамзаттың өміріне түбегейлі жаңашылдық алып келуде. Бұл өз кезегінде ғылыми жаңалықтарға негізделген футурологиялық гипотезаларды туғызуда. Аталған мәселелер жөнінде Израиль тарихшысы Юваль Ной Харрари да өзінің «Адамзаттың қысқаша тарихы», «Болашақтың қысқаша тарихы», «ХХІ ғасырға 21 дәріс» атты еңбектерінде кеңірек тоқталғанын айта кетуге болады. Бүгінгі мақаламызда осы және ғылым саласындағы соңғы өзгерістер, сондай-ақ оның еліміздегі жағдайы туралы аз-кем баяндайтын боламыз.

Ғылым тек теориялық тұрғыдан жасалған жетістік қана емес, елдің экономикасын дамытуға, оны бәсекеге қабілетті етуге, еңбек өнімділігін арттыруға, коммуникация жағдайын жақсартуға және мемлекеттің көптеген салаларында қолайлы жағдай қалыптастыруға қатысты мүмкіндіктер беруімен ерекшеленеді.

Ғылымды дамытудың маңызды бір тұсы – оны тәжірибе жүзінде қолданысқа енгізу мәселелеріне көңіл бөлуде жатыр және ғылымды коммерцияландыру мәселесін жолға қою айрықша мәселе. Осы арқылы ғылымды дамытуға серпін беруге болады. Ғылыми жетістіктердің қолданбалы түрде табыс әкелуі ғылым саласына салынатын мемлекеттік және жеке инвестиция көлемін арттыратыны сөзсіз. Қазіргі таңда әлемнің озық елдері осы тәжірибені қолға алғанын айта кеткен жөн.

«Ғылым туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 18 ақпандағы N 407-IV Заңында ғылым сөзіне «функциясы табиғи байлықтарды ұтымды пайдалану және қоғамды тиімді басқару мақсатында табиғат, қоғам және ойлау заңдарын зерделеу, болмыс туралы объективті білімді тұжырымдау және теориялық жағынан жүйелеу болып табылатын адам қызметінің саласы», ғалым сөзіне «ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын әрі ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелеріне қол жеткізетін жеке адам» деген анықтама берілген.

Ғалымдардың әлеуетін мемлекеттік игі мақсатта пайдалану, жалпы ғылым саласын дамыту еліміздің негізгі ұстанымы. Осы мақсатта жыл сайын ғылыми институттарды қолдау мақсатында мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінуде. Сондай-ақ, ғылымға қызығушы азаматтарымыздың магистратура мен докторантурада өз білімдерін шыңдауы үшін және шет мемлекеттерде тағылымдамадан өтуі үшін арнайы гранттар да бөлінуде. Соңғы жылдары гранттардың саны өсумен қатар оларға берілетін стипендияның көлемі де айтарлықтай ұлғайып отыр.

Мысалы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің дерегінше, 2020-2021 оқу жылында мемлекеттік тапсырыс бойынша магистратураға – 13 300, докторантураға – 1 815 грант бөлінген. 

Магистратура мен докторантураға гранттар бөлудің нәтижесінде елімізде жас ғалымдардың саны артып келеді. Бұл ғылымдағы буындар арасындағы байланыстың нығаюын қамтамасыз етіп, ғылым саласының болашағына салынған инвестицияға айналды деуге болады. Бұған мысал ретінде төмендегі кестеден 21 843 ғалымның ішінде 7 240 ғалым 35 жасқа толмаған жастар екенін байқай аламыз.


Дереккөз: ҚР Бiлiм және ғылым министрлігі ресми сайты

Статистикалық деректерге сүйенсек, Қазақстанда ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) ішкі шығындар (ағымдағы және күрделі шығындар) 2017 жылдан бері айтарлық өскен. Атап айтқанда Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Ақпараттық-талдамалық жүйесіне сүйенсек, 2017 жылы осы мақсатта жұмсалған қаражат көлемі 540 373, 6 мың теңге болса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 713 553,9 мың теңгені құраған. 

Оны төменде берілген кестеден де байқауға болады. Қаражат көлемі 2019 жылы азайғанымен, көрсеткіш 2020 жылы қайтадан ұлғайтылып, 713 553,9 мың теңгеге жеткен.


Дереккөз: Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Ақпараттық-талдамалық жүйесі

Ал төменде берілген кестеде ҒЗТКЖ-ға қатысты өзге де мәліметтер берілген. Яғни, 2016 жылы ҒЗТКЖ-ға ішкі шығындар 2016 жылы 66 600 141,9 мың теңгені құраса, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық бөлімшелердің саны 2018 жылы 1 523 бірлікті құраған. Ал ҒЗТКЖ-мен айналысқан ұйымдар саны 2020 жылы 373 болса, 2016 жылы есеп тапсырған ұйымдар саны 1 4595 болған. 2020 жылы ҒЗТКЖ-ға бөлінген ішкі және сыртқы шығыстар 112 886 196,6 мың теңгені құраған. Сондай-ақ, 2016 жылы ұйымдардың ҒЗТКЖ-ға жоспарланған шығыстары 492 500 мың теңге болған.


Дереккөз: Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Ақпараттық-талдамалық жүйесі

Қазақстанда тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ғылымға бөлінген қаражат мардымсыз болып,

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығының (ҰҒТАО) тапсырысымен жүргізілген әлеуметтік зерттеу жұмыстарына сүйенсек Қазақстанда әр түрлі жастағы ғалымдар арасында жүргізілген сауалнамада «Ғылым – менің өмірімдегі басты іс» деген ұстанымға келісідей сипатта жауап берген.

«Ғылым – менің өмірімдегі басты іс» деп санайтындар 30 жасқа дейінгі ғылыми қызметкерлердің 12 пайызын құраса, бұл ұстаным 31-45 жастағылардың 20 пайызын, 46-60 жас аралығындағылардың 29 пайызын, ал 60 жастан асқан ғалымдардың 49 пайызын құрайды. Яғни, ғылымды өзінің өмірдегі негізгі жолы ретінде санайтындар саны жас мөлшері ұлғайған сайын көбейе түседі. Мұны жастық шақта таңдаудың көп екенімен, ал жас келген сайын өзің таңдаған ғылым жолынан басқа салада жетістікке жетудің қиындай түсетінімен, адамның өзі таңдаған ісінен алыстаудан қорқатынымен байланыстыруға болады деп санаймыз.

Ал жоғарыда жазылған сұраққа «келісетін шығармын» деген мағынада жауап бергендер көлемі 30 жасқа дейінгілерде 45 пайызды, 31-45 жас аралығындағыларда 43 пайызды, 46-60 жас аралығындағыларда 42 пайызды, 60 жастан асқандарда 29 пайызды құраған. Сондай-ақ, бұл сұрақтың жауабы 50/50 деген ұстанымдағы жастар арасында көп болса, жасы ұлғайғандар арасында азая береді. Бұл көрсеткіштерді, сауалдарға берілген жауаптардың жас мөлшері бойынша ара салмағын төменде берілген кестеден көре аласыздар.


Дереккөз: www.bisam.kz

Қазақстанда тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ғылымға бөлінген қаражат мардымсыз болып келді. Алайда, Қазақстанның Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 2020 жылы 12 сәуірде Ғылым күнінде мамандарды кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, ғылыми-зерттеу институттарының инфрақұрылымын жақсартуға тиісті қаражат бөлінгенін, алдағы уақытта зертханаларды жаңартуға жағдай жасалатыны туралы айтты. Сондай-ақ, ол 2020-2022 жылдары Қазақстан ғылымды дамытуға бұрынғыға қарағанда екі есе көп қаражат бөлінетінін, 2025 жылға қарай ғылымға бөлінген қаражат елдің жалпы ішкі өнімінің 1 пайызын құрайтынын атап өтті. 

Соңғы жылдары Қазақстандағы білім саласы Болон жүйесіне өтіп, білім беру саласы мен ғылымда айтарлықтай өзгерістер орын алды. Ел өміріндегі маңызды салалардың әлемдік стандарттармен интеграциялануы тиімді болғанымен білім мен ғылым саласында орын алған кейбір түйіткілдерді де айта кеткен жөн. Мысалы докторантурада оқитын ізденушілер үшін докторлық диссертацияна қорғау үшін Scopus және Web of Science сынды әлемдік ірі ғылыми базаларда зерттеу мақала жариялау міндеттелген. Бұл соңғы жылдары диссертацияны өз уақытында қорғай алмаушы докторанттар санын көбейтіп отыр.

Білім және ғылым министрлігінің аталған шешімі Қазақстандағы ғалымдардың зерттеулерін, еңбектерін әлемдік деңгейде таныту сынды игі мақсаттан туындаса да қазақ тілі әдебиеті, кейбір гуманитарлық ғылым түрлерінің бұл талап үдесінен шығуы қиын және кей жағдайда қисынсыз да болып көрінеді. Сондай-ақ, әлемдік ірі базалардың қалыптасуы әлем ғалымдары мен зерттеушілерінің қандай жаңалық ашып жатқанын білу, оны өз игілігіне пайдалану сынды барлау мақсатында да пайда болғаны жөнінде жиі жазылып жүр. Яғни, көптеген техникалық бағыттағы жаңалықтар, елдің ішкі және сыртқы саясатына қатысты түйіткілді мәселелер туралы жазылған академиялық зерттеу жұмыстары шетелдің мүдделі органдарына таптырмас материал болатынын және болашақта оны елімізге қарсы пайдалану ықтималдығы бар екенін де жоққа шығаруға болмайды.

Алайда, бұл мақалалардың әлемдік деңгейде Қазақстан ғылымын таныту тұрғысынан да пайдасы бар екенін жоққа шығара алмаймыз. 2020 жылы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Қазақстанда ғылыми зерттеумен айналысушы 22,4 мың ғалымның бар екенін, әлемде ғылыми мақалалар шығару бойынша көшбасшы екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол Scobus базасында қазақстандық ғалымдардың мақалалары 2011 жылмен салыстырғанда 34,5 есе, Web of Science базасында 59 есе өскенін тілге тиек етті. 

Қазіргі таңда әлемде ғылымның дамуы аса үлкен қарқынмен алға жылжуда. Оның ішінде гендік инженерия, физика, химия, астрономия, ғарышты зерттеу технологиялары сынды салалар уақыт өткен сайын жаңашылдықтарымен, бұрын-соңды шешімін таппай келе жатқан мәселелердің түйінін тарқатумен таңқалдырып келеді. Қазіргі таңда адамзат тарихындағы төртінші индустриялық революцияның басталғаны және оның әлемдік өмір сүру салтын түбегейлі өзгертетіндігі туралы жиі айтылуда. Бұл негізсіз де емес.

Бұл ретте, Қазақстан да ғылым саласында осынау әлемдік трендке ілесіп, теориялық және қолданбалы ғылым салаларын дамытуға күш сала беруі тиіс. 

Барлық жаңалықтар