• Басты
  • Ғылым мен ақындықты ұштастырған ұстаз

Ғылым мен ақындықты ұштастырған ұстаз

20 Мамыр, 2021 12:54

Танымал ақын, филология ғылымдарының кандидаты Серікзат Мақсұтұлы Дүйсенғазы 1974 жылы 8 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Тарбағатай ауылында дүниеге келген. 1997 жылы қабырғасы қасиетті қарашаңырақ әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін бакалавриатурасын, 1999 жылы магистратурасын аяқтады.

Қызметтік жолын 1999 жылдан 2001 жылға дейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Студенттер клубының директорының орынбасары, директоры, 2001 жылдан 2002 жылға дейін Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы директорының орынбасары қызметтерінен бастады.

2002 жылдан 2019 жылға дейін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Филология факультеті Қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, 2006-2011 жылдар аралығында факультет деканының орынбасары ретінде қызмет етті. 2019 жылдың наурыз-шілде айларында «Қазақстан» РТРК АҚ эфирлік саясат дирекциясының шеф-редакторы, «Қазақстан» РТРК АҚ аутсорсингтік компаниялармен жұмыс бөлімінің шеф-редакторы қызметін атқарды. 2020 жылдан бастап Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Журналистика және саясаттану факультеті Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі.

Серікзат Мақсұтұлы ғалым ретінде зерделі зерттеулер жүргізіп, алпысқа жуық ғылыми мақаласы республикалық ғылыми журналдарда, конференция материалдарында жарық көрген. Сондай-ақ, бірнеше ғылыми және әдеби жинақтардың құрастырушысы. «Халық поэзиясы және Ғабдиман Игенсартов мұрасы» (2007 ж.) атты монографияның, «Шетел әдебиетінің тарихы» (2010 ж., 2018 ж.) атты оқулықтың авторы.

Ақындық жолда өлең өнерінде алдыңғы буын ақындардан алған тәлімі мен тағылымы әрқашан адалдығымен асқақтап келеді. Айтыскер ретінде алғашқы қадамын 1990 жылдан бастады. Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданында Ж.Жабаевтың 150 жылдығына арналып өткен облыстық ақындар айтысының (1996 ж.), Аягөз қаласында өткен халық ақыны Төлеу Көбдіковтің 130 жылдығына арналған республикалық айтыстың (2003 ж.) Ақмола облысы Қорғалжын ауданында өткен «Қорғалжын – құтты мекенім» атты республикалық айтыстың (2006 ж.), Алматы облысы, Жамбыл ауданында өткен Жамбыл Жабаевтың 165 жылдығына арналған республикалық айтыстың (2011 ж.), Астана қаласы Мәдениет басқармасы мен «Хабар» телеарнасы бірігіп өткізген тұңғыш шоу айтыстың (2014 ж.) Бас жүлдегері. Бұдан бөлек көптеген республикалық, халықаралық айтыстарда жүлдегер атанған ақын. Әр жылдары Ресей, Қытай, Қырғызстан, Армения, Азербайжан елдерінде қазақ айтысын насихаттап, өнер көрсетті. Бүгінде ұстаз-ақын «Топжарған» жас ақындар клубының жетекшісі.

Серікзат Дүйсенғазы жазба поэзияның өкілі ретінде де республикаға танылған ақын. «Қарашығымда көшкен бұлт» (2014 ж.) атты жыр жинағының авторы. «Қазақстан» ұлттық телеарнасы, «Қазақ радиосы», «Қазақ әдебиеті» газеті бірлесіп өткізген «Бір өлең – бір әлем» атты республикалық жыр мүшәйрасының 2 орын иегері (2008 ж.), Астана қаласындағы «Қала күні» мерекесіне арналған жыр мүшәйрада 1 орын иегері (2012 ж.), Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Әзірет сұлтан» мешіті ұйымдастырған «Бес парыз және тарих тағылымы» атты республикалық жыр мүшәйрасында Бас жүлде иегері (2016 ж.) атанды. Ақындығын сан мәрте мойындатқан марапаттары мен бәйгелері оқығанның да, естігеннің де мерейін асқақтатары сөзсіз.

С.Дүйсенғазының сөзіне жазылған әндерді Мақпал Жүнісова, Бағдат Сәмединова, «МузАРТ» тобы, «Жігіттер» тобы, Жұбаныш Жексенұлы, Қарақат Әбілдина, Медет пен Клара дуэті, Роза Әлқожа, Заттыбек Көпбосынұлы, Досымжан Таңатаров, Өмірқұл Айниязов сынды қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары орындайды. Ақынның сөзіне жазылған әндердің «Мөлдіреген жанарың» атты аудио жинағы жарық көрген (2014 ж.). 2014 жылы 22 наурызда Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Қазақстан» орталық концерт залында ақынның «Перзент тілегі» атты жеке шығармашылық кеші өтіп, «Қазақстан» ұлттық арнасы эфирі арқылы көрсетілді.

С.Дүйсенғазы әуесқой сазгер ретінде де танымал әндердің авторы. Оның «Тарбағатай» (орындайтын Саят Нұрғазин), «Жайдарлым» (орындайтын «Думан-Тілеу» дуэті), «Бақытым менің» (орындайтын Саят Нұрғазин) сияқты әндері республикалық радиолардың алтын қорына енді. ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Сарбаз әндері» бірінші республикалық әскери-патриоттық әндер байқауының 1 орын иегері.

Бұған қоса, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстанда алғаш рет қойылатын әлемдік мәдениеттің жауһарына айналған ерекше туынды – «Notre dame de Paris» мюзиклінің қазақша нұсқасын аударуға зор үлес қосты. Аталған мюзикл Гиннестің рекордтар кітабына енген және әлемнің 9 тіліне аударылған. 20 жыл бұрын алғаш рет Париж қаласында қойылған мюзиклдің қазақ сахнасының төрінен табылуы Елордамыздың 20 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген. «Notre dame de Paris» мюзиклінің авторлары Р.Коччанте мен Л.Пламондонның іріктеуі бойынша басқа ақындар мен аудармашылардан үздік атанған Серікзат Дүйсенғазы отандық мәдениетті әлемдік аренада жоғары дәрежеде танытуға атсалысып жүр. Ақынның аудармалары арқылы атақты мюзиклдің желісінде орындалатын «Belle», «Danse mon esmeralda», «Le Temps des Cathedrales» секілді елуге жуық хит әндер қазақ тілінде шырқалады. Оның шығармашылық еңбегі Қазақстан мен Франция мемлекеттері арасындағы мәдени байланыстардың бұдан әрі өркендеуіне және еліміздің мәртебесін арттыруға қомақты үлес қосқаны анық.

Қазақстан Жазушылар одағының және Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының мүшесі. Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының Нұр-Сұлтан филиалының төрағасы.

Бірнеше шәкірт тәрбиелеп шығарған Серікзат Мақсұтұлы асыл жар, ардақты әке, қазақтың көпке өнегелі отбасының бірі. Оның отбасы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша «Мерейлі отбасы-2019» жобасының бірінші орынын жеңіп алып, республикалық деңгейдегі сайыста арнайы жүлдеге ие болды.

Ғылым мен ақындықты қатар алып жүрген Серікзат Мақсұтұлы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен (2014 ж.), Ресей Жаратылыстану ғылымдары академиясының «Ғылымға еңбегі сіңген қызметкер» төсбелгісімен (2015 ж.), ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен (2016 ж.), «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» (2016 ж.) және «Астанаға 20 жыл» (2018 ж.), «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» (2020 ж.) мерекелік медальдарымен, «Құрмет» орденімен (2020 ж.) марапатталған.

Ғылымға ақындықтан кейін келгендіктен Серікзат Мақсұтұлы шәкірттердің таңдаулысы, оған деген қазақ халқының құрметі, шәкірттерінің ыстық ықыласы ерекше байқалады. Білім бере жүріп, ақындық жолға баулыған әр шәкіртін әкелік, ағалық мейіріміне бөлейтін жан, оның айналасынан жастар үзілген емес. Шәкірттерінің жанарынан ұстаздарына деген құрметі, ризалықтары байқалады. Серікзат Мақсұтұлының қазақ поэзиясындағы ақындық, айтыскерлік мәртебесі және қазақ ғылымындағы ұстаздық бейнесі жоғары, рухани-мәдени құндылықтарды қалыптастыруға еңбегі сіңіп жүрген зиялы ретінде танымал.

 

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ

Телерадио және қоғаммен байланыс

кафедрасының аға оқытушысы Д.Ө. Байгожина

Барлық жаңалықтар