• Басты
  • Қылмыстық процесті жаңғырту, адам саудасы және интернет алаяқтықтың алдын алу шаралары

Қылмыстық процесті жаңғырту, адам саудасы және интернет алаяқтықтың алдын алу шаралары

27 Мамыр, 2021 17:21

Бүгін ҚР Бас прокуратурасының қылмыстық қудалау қызметінің бастығы Серік Шалабаев Қылмыстық процестің жаңа форматы шеңберінде қылмыстық қудалау органдары мен прокурордың жұмысы, қылмыспен күресті жетілдіру жұмыстары туралы баян етті. Оның мәліметінше, бүгінде қылмыстың деңгейі бес пайызға азайған. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Қылмыстық процесті жаңғырту

Қудалау қызметінің басшысы азаматтардың қауіпсіздігі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше назарында екенін, сонымен қатар Тоқаевтың қылмыстың күрт өсуінің алдын алу үшін бірқатар тапсырма бергенін атап өтті.

«Осы мақсатта жаңа заңдар қабылдануда. Рецидивистердің жауапкершілігі күшейтіліп, сонымен бірге алғаш рет жасалған, қауіпті емес қылмыстардың жазасы жеңілдетіліп жатыр», - деді Серік Шалабаев

Оның мәліметінше, қылмыстың деңгейі 5%-ға төмендеді, яғни 74573-тен 70798-ге дейін азайған. Ал, ұрлық, тонау мен бұзақылық 25%-ға, қарақшылық 8%-ға (117-ден 108-ге дейін), мал ұрлығы 6%-ға (995-тен 934-ке дейін), адам өлтіру мен зорлау 5%-ға азайды.

«Бірақ қандай да болмасын жағдайда бұл біз үшін босаңсуға себеп емес. Жұмыс жалғасуда», - деді ол.

Сонымен бірге, ол мемлекет басшысының тағы бір қойған талабы – Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ОЭСР) мүше елдердегі сияқты құқық қорғау жүйесінің қазіргі заманға сай моделін енгізу екенін атап өтті. Сол себептен қылмыстық процесті жаңғырту қолға алынғанын еске салып өтті.

«Дамыған елдерде «полиция – прокурор – сот» тәрізді үш буынды модель жұмыс істейді. Яғни, полиция қылмысты ашады және дәлелдерді жинайды, прокуратура процестік шешімдерді қабылдап, ал сот үкім шығарады. Мүндай тәсілдің артықшылығы неде? Тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесі дер кезінде іске қосылады, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктері күшейе түседі», - деп толықтырды ол.

Оның сөзінше, осыған дейін тергеушілер азаматтарды қылмыс щеңберіне тарту мәселесін өзі шешіп келді. Енді прокурордың келісімі болмаса, тергеуші шешімінің заңды күші жоқ. Жаңа формат жағдайында прокурорлардың тергеуге араласу белсенділігі артып, заңсыз шешімдерге дер кезінде бағасын беруде.

«Осылайша, тергеушілердің қаулыларымен келісуден бас тарту арқылы, прокурорлар 1,5 мың адамды қылмыстық процеске негізсіз тартуға жол бермеді, ал өткен жылы осындай 98 ғана жағдай анықталған», - деді Серік Шалабаев.

Оның мәліметінше, қылмыстық жауапкершілікке негізсіз тартылған азаматтар саны 18%-ға төмендеген. Әңгіме кінәсі дәлелденбей істері тоқтатылған немесе ақталған тұлғалар туралы. Сотқа дейінгі де тергеп-тексерудің сапасы едәуір артқан. Істердің қайта тергеуге жолдануы айтарлықтай азайып, прокурорлар қайтарған істер саны 30%-ға кеміді. Сонымен бірге, соттардың істерді қайтаруы 2 есеге жуық қысқарған.

«Оған электронды тергеп-тексеруді енгізу оң әсерін тигізуде. Электрондық формат іс тараптары мен олардың адвокаттарына электронды материалдарға кез келген уақытта қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл қылмыстық процестін ашықтығын және бәсекелестігін едәуір арттырады. Жалпы, жаңа тәсіл прокуратура мен сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарының өзара қарым-қатынасын жаңа деңгейге шығарды», - деп толықтырды Қудалау қызметінің басшысы.

Жыныстық қылмыс

Бұған дейін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша балаларға қарсы жыныстық қылмыстарды қадағалаудың арнайы механизмі енгізілді. Оның сөзінше, енді әрбір іс бойынша зорлаушының жауапкершілігімен қатар, ата-аналар өз балаларына сеніп тапсырған ересектердің кінәсінің дәрежесін анықталады. Қазіргі таңда, оның мәліметінше, сот ісінде мұғалімге, тәрбиешіге, дәрігерге қатысты баланың қиыншылыққа тап болғандығы туралы уақытында хабарламаған 26 іс бар.

«Мектеп директорына қатысты (Батыс Қазақстан облысында) сотқа осындай іс жолданды. Ол 5-сынып оқушысының өгей әкесі жыныстық зорлық-зомбылық көрсеткенін білген және жасырған. Енді ол 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», - деп толықтырды ол.

Адам саудасы

Қудалау қызметі басшысының мәліметінше, Адам саудасына байланысты 68 қылмыс тіркелді, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 2 есе көп.

«Біз полицияның назарын адамдардың жүруіне қолайлы жерлерде рейдтік іс-шараларды күшейтуге аударамыз. Бұл негізінен жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар. Бұдан басқа, шалғай шаруашылықтар, жайылымдық жерлер, қыстаулар да назардан тыс қалмайды. Адам саудасына қарсы тұруда азаматтардың қырағылығы ең маңызды рөл атқарады», - деді Серік Шалабаев.

Оның айтуынша, қаскүнемдер жастарға шетелде жұмыс істеуге және жоғары табыс табуға үміт беріп, азғыратын жағдайлар кездеседі. Нәтижесінде олар өзге елде тұзаққа түседі.

«Мәселен, осы айда Қазақстаннан Бахрейнге 38 қызды алдап, сол жерде жезөкшелікпен айналысуға мәжбүр еткен халықаралық қылмыстық топқа қатысты іс қозғалды», - деді ол.

Жалпы, ол бұл мәселені шешу үшін халықаралық қауымдастықпен және үкіметтік емес ұйымдармен өзара әрекеттесіп, Үкіметтің арнайы жоспары бойынша жұмыс істеліп жатқанын атап өтті.

Есірткі қылмысымен күрес

Оның дерегінше, мұндай қылмыстың 11% -ға (10,8% -ға, 3182-ден 3526-ға) өскені байқалып отыр.

«Есірткі бизнесі бұрынғыдай емес. Себебі тұтынушымен тікелей байланыс жоқ, сатылымдар онлайн форматқа көшкен. Дәл осы мақсат үшін былтыр есірткіні насихаттағаны немесе жарнамалағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту енгізілді», - деді ол.

Енді, оның сөзінше, полицияның жұмысы тек қабырғаға граффити бояумен және интернет сайттарды бұғаттаумен ғана шектелмейді. Олар бұдан былай заңсыз әрекеттерді жарнамалайтын адамдарды жауапқа тарта бастады.

Интернеттегі алаяқтық

Оның дерегінше, алаяқтық саны 50 пайызға артқан, яғни 12407-ден 18663-ке дейін. Бұл интернеттегі алаяқтықтың көбеюі салдарынан болған. Оның саны екі жарым есеге артқан.

«Мұнда екі себеп бар. Біріншіден, байланыс пен қызметтердің көпшілігі электронды форматқа көшті. Екіншіден, азаматтардың аңғалдығы. Интернетте телефонды «бір шерту» арқылы онлайн несие алуға арналған жарнамалар толып жатыр. Мұны алаяқтар пайдаланады», - деді ол.

Біз бұл мәселелер Бас Прокурордың төрағалығымен Құқық қорғау органдарының Үйлестіру кеңесінде қарастырдық өткен жиында қарастырылғанын атап өтті. Олар банктер мен реттеушілерді шақырып, қылмыстың өсу жағдайы туралы хабардар етті және клиенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету тетіктерін нығайтуға кеңес берді.

«Бұл ұсыныстар қазірдің өзінде жүзеге асырылуда. Сонымен, сәуір айынан бастап электронды құралдармен микрокредиттер беру талаптары күшейтілді», - деді Серік Шалабаев.

Бизнесті қорғау

Сонымен бірге, ол пандемияның әлеуметтік-экономикалық салдарынан бизнесті қорғаудың өзектілігі одан сайын арта түскенін атап өтті. Бұл туралы Мемлекет басшысы өткен жылғы Жолдауында айтқан болатын.

«Атамекен» АЭС-мен бірге қылмыстық заңнамаға түзетулер әзірленді. Рейдерлікке және бизнеске кедергі келтіруге қарсы тұру үшін кедергілерді алып тастадық. Бұдан былай кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтіретін шенеуніктердің жауапкершілігі артады. Түзетулер Парламент Мәжілісінің қарауында», - деді Серік Шалабаев.

Барлық жаңалықтар