• Басты
  • Әйелдер зорлық-зомбылығы: дене автономиясы, "shyn.kz" жобасы, жасөспірімдер арасындағы жүктілік

Әйелдер зорлық-зомбылығы: дене автономиясы, "shyn.kz" жобасы, жасөспірімдер арасындағы жүктілік

14 Сәуір, 2021 13:40

Мүмкіндігі шектеулі әйелдер мүгедектігі жоқ әйелдерге қарағанда зорлық-зомбылыққа көбірек ұшырайды. Арнайы жүргізілген сауалнама көрсеткендей, COVID-19 кезінде мүгедектігі бар он әйелдің жетеуі зорлық-зомбылық жағдайында қайда көмек сұрау керектігін білмеген. Қазақстанда зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін қабылданған шаралар туралы Strategy2050.kz тілшісінің материалынан біліңіз.


Осы сауалнамаға қатысқандардың үштен бірі пандемия салдарынан карантиндік шектеу шаралары кезінде отбасы мүшелерімен қарым-қатынасы қиындай түскенін айтқан.

«Әлемнің 57 еліндегі әйелдердің тең жартысы жұбайымен жыныстық қатынасқа түсу, контрацептивтерді пайдалану немесе медициналық көмекке жүгіну құқығынан айырылған», - деп мәлімдеді ЮНФПА-ның 2021 жылғы «Әлем халқы» баяндамасы.
Осы баяндамада алғаш рет дене автономиясына баса назар аударылып отыр. Зорлық-зомбылықтан қорықпай немесе қысым көретушіден сескенбей, өз тәніне қатысты таңдауды әр әйелдің өзі құқылы екені айтылды. Бұл құқықтың болмауы әйелдер мен қыз-келіншектердің жеке басына қатысты үлкен проблемаларды туындатып отыр. Сонымен қатар экономикалық өнімділікті төмендетіп, кәсіби дамуды тежеп, денсаулық сақтау мен сот жүйесіне шығынға батырып отыр.

Дене автономиясының бұзылуының бірнеше формасы бар. Ол: жыныстық, физикалық, психологиялық және т.б. зорлық-зомбылық .

«Қазақстанда жасы 18-75 аралығындағы әйелдердің он жеті пайызы өз серіктесінен түрлі формадағы зорлық-зомбылық көрген болып шықты. Ал интимдік серіктесінен жыныстық та, физикалық та зорлық-зомбылық көрген. Бұл мәліметті Қордың Қазақстандағы өкілдігінде мәлім етті.
Бұл проблемалар әйелдердің репродуктивті денсаулық туралы дұрыс ақпараттанбауы, қалаусыз жыныстық қатынасқа түсуі, мәжбүрлі некеге тап болып, жыныстық қысым көруі салдарынан болып отыр. Мұндай әйелдер зорлық-зомбылыққа қарсылық таныта алмауынан осындай оқиғаларға жиі ұшырайды, дене дербестігінің бұзылуына жол береді.

Қордың Қазақстандағы өкілдігі жүргізген сауалнамаға жасөспірімдер де қатысқан болатын. Кәмелеттік жасқа толмағандардың үштен бірі жыныстық қатынас тәжірибесін көргендігін хабарлады. Және оларды 91 пайызы жыныстық жолмен берілетін (АИТВ және ЖИТС) қауіпті вирустар туралы ақпараттандырылмаған.

Осының салдарынан Қазақстандағы жасөспірім қыздар кездейсоқ жүктілікке жиі ұшырайды. Жыныстық өмірді бастаған жасөспірім қыздардың 16,7 пайызы жүкті болғанын, жасанды түсік жасатқанын айтты.

«Дене автономиясына қол жеткізу гендерлік теңдікке және әйелдер, қыздар, жасөспірімдер, жастар және оқшауланған топтар үшін таңдау мен мүмкіндіктерді кеңейтуге байланысты», - деді БҰҰ-ның халықты қоныстандыру саласындағы қорының Қазақстандағы өкілі (ЮНФПА), Қырғызстан мен Түркіменстан үшін елдік директоры Джулия Валезе.

Валезенің айтуынша, дене автономиясынан бас тарту - бұл адамның негізгі құқықтарының бұзылуы. Бұл әрекеттің соңы теңсіздікке әкеледі, гендерлік және басқа да кемсітушілік нысандарынан туындаған зорлық-зомбылықты күшейтеді.

 Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі мен ЮНФПА гендерлік теңдікті, жастардың жыныстық және репродуктивті денсаулығын ілгерілетудің және жастар денсаулық орталықтарын нығайтудың маңыздылығын арттыру мақсатында түрлі шара қабылдады.

 Мәселен, 2020 жылы Қазақстанда тұңғыш рет денсаулық сақтау жүйесінің гендерлік зорлық-зомбылық жағдайларына ден қою туралы клиникалық хаттама мақұлданды. Осы хаттаманы іс жүзінде қолдануға көмектесу үшін Денсаулық сақтау министрлігі мен ЮНФПА Ұлыбританияның Нұр-Сұлтандағы елшілігінің қолдауымен алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметкерлері үшін қазақ және орыс тілдерінде арнайы курстарды әзірледі, себебі олар көбінесе гендерлік зорлық-зомбылықтан аман қалған адамдар үшін "алғашқы байланыс нүктесі" болып табылады.

Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі мен ЮНФПА жастарға арнап SHYN.KZ жобасын іске қосты. Мұнда жасөспірімдерге және олардың ата-аналарына дене автономиясы туралы, есейген сайын дененің қалай өзгеретіні туралы, жеке шекаралар туралы және басқа да зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған ақпараттар жарияланады. Жоба мобильді қосымшасын да шығарды.


Фото: қордың арнайы Strategy2050.kz үшін берген иллюстрациялары

Барлық жаңалықтар