• Басты
  • Ядролық сынақтың салдарына баға берілді ме?

Ядролық сынақтың салдарына баға берілді ме?

29 Тамыз, 2021 08:20

Семей полигоны - XX ғасырдағы ең ірі ядролық полигон. Ол аймақтарының әлі де қауіпті болғанына қарамастан адамдар тұрып жатқан әлемдегі жалғыз ядролық полигон. Қаржылық жағдайдың қиындығына, радиоактивті ластану мен оның қаупін ескерместен 1990 жылдардан бастап полигонның металл конструкциялары мен желілерін бөлшектеп алған. Ядролық сынақтың зардабын, экологиялық апатты, адамдардың әл-ауқаты мен денсаулығына тигізген кесапатын зерттеу әлі де жалғаса бермек. Қазақстанда осыдан 32 жыл бұрын, 1989 жылы 28 ақпанда Невада-Семей халықаралық антиядролық қозғалысы құрылды. Ал тура 30 жыл бұрын 1991 жылы 29 тамызда ҚР Президентінің N409 Жарлығымен ядролық полигон біржолата жабылды.

1947 жылы тамызда КСРО Министрлер Кеңесінің Қаулысымен «N2 жаттығу алаңы» деген атпен қазақ жерінде ядролық полигон құру туралы шешім қабылданды. Полигон салу үшін Семей қаласынан батысқа қарай 140 шақырым жердегі, оңтүстіктігі, батыс және солтүстігінен жоталары қоршаған, ірі елді-мекеннен алыстау, аэропорт, теміржол стансасы бар, Ертіс өзенімен су көлігі келе алатын аумақ таңдалды. Оған осы Семей өңірінің геологиялық жағдайы талаптарға сай болды. Семей ядролық полигонына Семей, Павлодар және Қарағанды облыстарының жері кірді. Сынақ полигонын пайдалануға совхоздар мен колхоздардың халық шаруашылығынан пайдалы қазбаға бай 18500 шаршы метр құнарлы жер бөлінді. Мысалы, Семей облысының Абыралы ауданының 1908 мың га жерінің 445 га бөлігі әскери бөлімге беріліп, аудан таратылды. Сынақ алаңы үш негізгі аймақты қамтитын үлкен және кешенді объект болды. Семей полигонында бірінші ядролық сынақ 1949 жылы 29 тамызда жүргізілді. Жарылыс жер бетінен 30 м биіктікте жасалды және оның күші 20 килотон болды. Алғашқы атом жарылысының зардабы Хиросима мен Нагасакидегі ядролық бомбадан алыс емес еді. Жергілікті радиоактивті жауын-шашыннан кейінгі алғашқы сағаттарда даладағы (Долон ауылы) радиацияның қарқыны 200 р/с құрады. Алғашқы тәуліктегі және апта, айдағы радиацияның таралуы арта берді. Ал жергілікті халыққа ядролық жарылыс туралы ештеңе ескертілмей,  ластанған аумақты эвакуациялау және одан әрі залалсыздандыру шаралары жүргізілмеген. Ядролық зарядтың келесі жарылуы 1951 жылы өткізілген. Алайда, халықтың қауіпсіздігі мен өмірі туралы мәселе тек 1953 жылы термоядролық заряд жарылысынан соң ескеріле бастаған. Дегенмен жарылыстың зардабын көру үшін Абай, Қарауыл, Саржал, Қайнар ауылдарының адамдарын ауылда алып қалу фактілері де кездескен. 1956 жылдан бастап тұрғындарға жарылысқа 1 сағат қалғанда ескерту жасалды. 1955 жылы 22 қарашада бірінші сутегі бомбасы сыналды. Радиоактивті бұлттың биіктігі 18 шақырымға созылған екен. 1956-1958 жылдары Семей полигонында ядролық қарудың қарқынды сынақтары жүргізілді. 1961-1962 жылдары құрлықаралық баллистикалық зымырандарды ядролық зарядтау сынақтары басталды. Ядролық державалардан кейін КСРО, АҚШ және Ұлыбритания сынақтарды атмосферада, ғарышта және су астында ұстау туралы шартқа қол қойды, жарылыстар жер астына көшірілді. 1965 жылдың қаңтарында жарылыс болды, нәтижесінде 3,5 миллион текше метр жер жарылды. 1987-1989 жылға дейін радиоактивті газдарды таратудың 10-нан астам жағдайы орын алды.

                                   
                                               Полигон аумағының көріністері

Семей полигон Кеңес Одағы көлеміндегі алғашқы ядролық полигон болды. 1949 жылдан 1989 жылға дейін Семейде барлығы 456 ядролық сынақ жүргізіліп, оның ішінде 340 жерасты және 116 атмосфералық жарылыс болған екен. Жалпы Семейдегі ядролық жарылыстардың саны Жапониядағы Хиросиманың 2500-ден астам бомбасына барабар келеді екен. Бұл эксперименттерге ішінара сумен толтырылған көптеген кратерлер дәлел бола алады. Бұл Кеңес Одағындағы жалғыз ядролық сынақ алаңы емес, бірақ халық орналасқан ірі елді мекендерге жақын жалғыз полигон осы Семейде болды. Кеңес Одағы кезеңінде ядролық сынақтарды жүргізе отырып, Семей өңірінің 200 000 мыңнан астам тұрғынының денсаулығы, өмірі мен қауіпсіздігі ескерілмеген, қауіп туралы халыққа айтылмаған және жарылысқа жақын орналасқандар эвакуацияланбаған. Жергілікті тұрғындар ядролық сынақ алаңында не болып жатқанын көп ұзамай хабардар болып, алғашқы сынақтардан кейін денсаулық жағдайының нашарлаған фактілері көбейе бастаған.(https://www.theatomproject.org/) Семей ядролық сынақ полигонындағы 40 жылдағы жарылыстардың салдарынан адамдардың денсаулығына алапат зиян келтірілді. Қатерлі ісік аурулары мен өлім-жітім, иммунитеттің төмендеуі, жасынан ерте қартаю, цитогенетикалық ауытқу, соматикалық аурулардың пайда болуы, гематологиялық бұзылулар, нәресте өлімінің көбеюі, жұқпалы аурулар мен туа біткен ауытқулардың барлығы – сынақтың салдарының көрінісі.  Бұрынғы Семей облысына қарасты аумақ ядролық жарылыстың салдарынан ластанып, табиғаттың жүйесі бұылған, 1,2 миллион адам әр түрлі мөлшерде радиоактивті сәулелерден зиян шеккен. 1989 жылы 12 ақпанда жерасты ядролық сынағынан кейін радиоактивті газ жер бетіне таралып кеткен. Екі күннен кейін сынақ эпицентрінен 110 шақырым қашықтықта радиация мөлшері 4000 микро-рентгенді құраған екен. 

Семей полигонындағы сынақтар әлемдегі «қырғи қабақ соғыстың» ушығып тұрған кезеңінде болғандықтан, көп жағдайда полигонның айналасындағы құжаттар құпия сақталып келді. 1990 жылға дейін кешегі Семипалатинск, бүгінгі Семей Кеңес Одағының көптеген жабық қалаларының бірі болды. Ал Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан кейін Семейдің жабық қала мәртебесі жойылып, ядролық қарудан бас тарту арқылы Қазақстан өзінің алдағы даму бағыт-бағдарын айқындап алды. Кейбір деректерге сәйкес ядролық сынақ жасалған 18000 шаршы шақырымнан астам аумақ және жалпы халықтың оннан бір бөлігін алатын 1,5 миллион адам ядролық сынақтардан тікелей және жанама түрде зардап шеккен. Ел тұрғындары мен халықаралық қауымдастық 2005-2008 жылдары ҚР Президенті Архивінде ол құжаттардың құпиялылығы алынып тасталған соң танысуға мүмкіндік алды. Радиациялық ластануға ұшыраған атмосфераның, топырақ пен судың қайта жаңаруы мен қалыпқа келуі өте ұзақ уақытқа созылатын процес, сондықтан экологиялық апаттың салдары ондаған жылдар, тіпті ғасырлар бойы өзекті болмақ. 

                             

                             Семей ядролық сынақ алаңының жабылуын талап етушілер тобы

Қазақстанда осыдан 32 жыл бұрын, 1989 жылы 28 ақпанда Невада-Семей халықаралық антиядролық қозғалысы құрылды. Абайдың жеріндегі толастамаған жарылыстар сол уақытта қоғам қайраткерлерінің үлкен қозғалысты бастауына түрткі болды. 1990 жылдың көктемінде Невада-Семей қозғалысының бастамасымен АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Германия мен Қазақстанда «Бейбітшілік толқыны» ұранымен бірлескен акциялар өтті. 1990 жылдың 3-4 сәуірінде ядролық қаруға қарсы қозғалыстың көрнекті ғалымдары мен белсенділері «Экология-Адам-Табиғат» ғылыми конференциясына қатысты. 1990 жылы 22 мамырда республиканың Жоғарғы Кеңесі Семей полигонын жабу туралы Қаулы қабылдады. 1991 жылдың 29 тамызында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Семей ядролық полигонын жабу туралы» Жарлыққа қол қойды. 2012 жылы Қазақстан Президенті елордада өткен ірі халықаралық парламенттік конференцияда сөз сөйлеп, ядролық қаруды сынақтан өткізудің түпкілікті аяқталуын жаһандық қолдау мақсатында ATOM жобасының басталғаны туралы хабарлады.

Биыл ҚР Ұлттық ядролық орталығы Семей полигонының радиоактивті зиянын зерттеу жұмыстарын аяқтайды. Ядролық сынақтың әсерін зерттеу жұмысы 2008 жылы басталған. Мамандар судың, ауаның, өсімдіктер мен фаунаның жағдайын зерттейді. Қоршаған ортаның жай-күйін бақылау халықтың қауіпсіздігіне әсер ететін радиациялық ортаны анықтауға мүмкіндік береді. Барлығы 22 бақылау пункті осы зерттеу жұмысын атқарады. Осыған дейінгі мониторинг көрсеткендей, сынақ полигонындағы, оның сыртындағы ауа мен судың радиациялық жағдайы тұрақты және халыққа қауіп төндірмейді.  ҚР энергетика министрлігі биыл радияциялық ластанған жерлерді бақылау үшін соның аумағында «Семей ядролық қауіпсіздік аймағын» құруды ұсынып отыр. Алдын ала есеп бойынша, Шығыс Қазақстан облысынан 6000 шаршы шақырым, Павлодар облысынан 2600 шаршы шақырым, Қарағандыдан 800 шаршы шақырым жер кіреді. Осыған арналған заң жобасы Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құруды, оның жұмысын, ведомствоның функциясы мен жауапкершілігін айқындайды. Сонымен қатар, мамандандырылған аймақта ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және радиоэкологиялық жағдайды үздіксіз бақылау бойынша шаралар анықталады.

1949 жылдан 1989 жылға дейін Семей полигонында өткізілген 40 жылдық ядролық қару сынағы осы аумақта тұрғындарының ғана емес, жалпы қазақ халқының басына үлкен апат, қоршаған ортаның радиоактивті ластануына әкеп соқты. Семей полигонындағы ядролық қару сынағының себебі мен салдарын зерттеудің әскери және ғылыми, әлеуметтік және саяси мән-маңызы жоғары болып қала береді. Алаңдағы ядролық сынақтар барысында әртүрлі ядролық қаруды жасау мен сынау бағдарламасы ғана емес, сондай -ақ мұндай қарудың жойқын күші мен одан қорғану әдістері де іске асырылған. Нәтижесінде биологиялық қауіпті радионуклидтермен қоршаған ортаның ластану деңгейі жоғары болғаны анықталған. Осы күнде тұрғындардың радионуклид таралған тағамдарды тұтыну қаупі де жоққа шығарылмайды, өйткені атмосферадан тараған радиоактивті ластаушылар өсімдіктерге қонып, одан әрі жануарлар организміне түседі. Антропогендік және климаттық факторлар да оған тікелей әсер етеді. Осылайша жануарлар мен өсімдіктер радиоактивті заттарды адам ағзасына тікелей әкелуі әбден мүмкін. Сондықтан Семейдегі ядролық сынақтың қырық жылы полигон маңында тұратын халықтың денсаулығына жүздеген жылдарға жететін зиян келтірді және оның салдары әлі күнге дейін түбегейлі жойылған жоқ. Қазақстан өз тәуелсіздігін қолға алысымен ядролық қарусыздануға алғаш болып қадам жасап, саяси ерік-жігер танытып, әлемдегі ядролық әлеуеті төртінші орында тұрған полигонның аузына құлып салды. Бұл теңдессіз ядролық сынақтардың еліміздің экологиялық, әлеуметтік-экономикалық дамуына тигізген залалы әлі зерттеле түсуі қажет деп санаймыз.


Барлық жаңалықтар