• Басты
  • Ядролық әлем және Қазақстан
20 Тамыз, 2020 15:06

Ядролық әлем және Қазақстан

Әйгілі физик Альберт Эйнштейннің «Мен үшінші дүниежүзілік соғыс кезінде адамдардың қандай қару пайдаланатынын білмеймін, бірақ төртіншісінде таяқ пен тастарды қолданады» деген тәмсілі бар. Ғалым бұл пікірі арқылы жаппай қырып-жою қаруының пайда болуы, оны жаһандық соғыста пайдалану нәтижесінде адамзат өркениетінің жермен-жексен болатынын меңзесе керек.

Ядролық әлем және Қазақстан

Шынында да ядролық қарудың пайда болуы адамзат тарихындағы аса маңызды оқиға. Ғылым мен технологияның дамуы тек тұрмыстық салада ғана емес соғыс өнері мен қару-жарақ өндірісінде де үлкен төңкеріс алып келді.

Жаппай қырып-жою қаруы ресми 1945 жылы пайда болды. Сол жылы 16 шілдеде АҚШ-тың Нью-Мексико штатының Аламогордо даласындағы әскери полигонда адамзат баласының тарихындағы тұңғыш ядролық қару сынақтан өтті. Сондай-ақ, бұл қарудың адамзатқа қарсы пайдаланылуы да сол жылы, яғни 1945 жылы 9 тамызда АҚШ-тың ұйымдастыруымен Жапонияның Хиросима және Нагасаки қалаларында тіркелді.

АҚШ-тың ізін ала Кеңес Одағы (1949 жылы 29 тамыз), Ұлыбритания (1952 жылы 3 қазан), Франция (1960 жылы 13 ақпан), Қытай (1964 жылы 16 қазан), Үндістан (1974 жылы 18 мамыр), Пәкістан (1998 жылы 28 мамыр) ядролық қаруды сынақтан өткізді.

Жаппай қырып жою қаруын шығаруға байланысты «жарыс» Қырғи-қабақ соғысы жылдары белең алды. Екінші дүние жүзілік соғыстан кейін ядролық қару-жарақ түрлері мен оның санын ұлғайту, қарудың мүмкіндігін көрсету мақсатында түрлі сынақтар өткізу бағытында АҚШ пен КСРО арасында үлкен бәсеке орнады. 30 жылға жуық уақыт бойы державалар өздерінің ядролық әлеуетін көтеру мақсатында елдің жалпы ішкі өнімінің 30-40 пайызын қару-жарақ өндіру саласына бағыттады. Бұл экономикалық тұрғыдан да ауыр зардаптарға алып келді. КСРО экономикасының әлсіреп, күйреуіне де осы фактор әсер етті деген тұжырым бар. Екі блоктың арасындағы осы тайталас адамзат өркениетінің болашағына үлкен қатер төндіріп, екі тараптың өзара консенсусқа келуімен аяқталды.

Қазіргі таңда әлемдегі ядролық-державалардың саны ресми бесеу. Олар АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания және Франция. Сонымен қатар, Үндістан, Пәкістан, Израиль, ресми мойындамаса да, іс жүзінде ядролық арсеналға ие деп саналады. Айта кетерлігі, әлемдегі ядролық қарудың 90 пайыздан астамы АҚШ пен Ресейге тиесілі.

Қазіргі таңда Солтүстік Корея жаппай қырып жоятын қаруға ие екенін мәлімдеп, түрлі сынақтар өткізуде. Айта кетерлігі, ядролық қарудан бас тартқан елдердің қатарында Оңтүстік Африка Республикасы, Қазақстан, Украина және Белорусь мемлекеті бар. Аталған елдердің ядролық қарудан бас тартуына байланысты ядролық қаруға ие державалардың қауіпсіздікке ресми кепіл болып, келісімшартқа қол қойғаны белгілі.

 

Қазақстанның ядролық саясаты

Қазақстан жаппай-қырып жою қаруынан өз еркімен бас тартқан мемлекет. Кеңес Одағынан Қазақстанға әлемдік деңгейде әлеуеті жөнінен төртінші орын алатын ядролық арсенал мұраға қалған болатын. Тәуелсіздік алған жылдардағы еліміздің ядролық әлеуетіне Англия, Франция және Қытай секілді алып державалардың ядролық арсеналын қоса есептегенде де жете алмайтын.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Өмір өткелдері» атты кітабының 311-бетінде тəуелсіздік алған жылдардағы Қазақстанның ядролық арсеналы туралы болай деген болатын:

«Біздің республикамызда континентаралық баллистикалық зымырандар мен бомбалаушы ауыр ұшақтар үшін зарядтардың 1216 ядролық оқтұмсығы бар болатын. Жұрттың біразы соның бəрі Семей полигонында орналасқандай көретін. Олай емес. Зымырандардың шахталық ұшырғыш қондырғылары елдің қиыр-қиырында жайғастырылған еді. Қазіргі Астананың маңайында, Ақмола облысында стратегиялық мақсаттағы зымырандық əскерлердің дивизиясы орналасқан. Тағы бір сондай зымырандық дивизия Шығыс Қазақстанда еді. Қызылорда жақта 14 шахтадан тұратын ұшырғыш қондырғылар кешені, Семей жақта 12 шахталық кешен тұрды. Бəрін санамалай беріп қайтейін, қысқасы, Қазақстанда жер бетіндегі континентаралық баллистикалық зымырандарды ұшыратын 148 шахталық қондырғы шоғырландырылған еді. 148! Осынша шахтадағы зымырандарды көзге елестетудің өзі қорқынышты! Батыста СС-18 деп аталатын сол зымырандарды көрген сайын денем дір ете қалатын. Жаңағы зымыранның ұзындығы 34 метр, жуандығы 3 метр болатын...

... СС-18 зымырандары 7 тоннадан астам салмақ алып ұшып, радиусы 12 мың шақырымдай жерді тас-талқан ете алатын. Міне, Кеңес Одағынан бізге осындай мұра қалған». Бұл қарулар КСРО-ның ықтимал дұшпаны саналатын барлық мемлекеттердің стратегиялық объектілері мен қалаларын жермен-жексен етуге қауқарлы болатын.

Қазақстанда Курчатов қаласы осы мақсатта қызмет ететін. Сондай-ақ Алматыдағы Ядролық физика институты да үлкен ғылыми әлеуетке ие еді. Одан қалса Қазақстан әлемдегі уран қоры жөнінен алдыңғы қатарда. Сондықтан ядролық қаруды жасауға қажетті материалдар, ғылыми орта және қаруды орналастыратын және сынайтын шахталар мен полигондар бар болатын.

Қазақстан осынау айбынды әрі қауіпті мұрадан өз еркімен бас тартты. Өйткені бұл кейбір сарапшылар айтып жүргендей мүмкіндікпен қатар қауіп-қатердің де, экономикалық және саяси кедергілердің де себебі болары анық еді.

Біріншіден – тәуелсіздік алған жылдары экономикамыз тұралаған, халықтың тұрмысы нашарлаған кез еді. Сондықтан ең әуелі күрделі экономикалық реформаларды іске асырып, әлемнің өзге елдерінен инвестиция тарту қажет болатын. Инвестиция үшін тұрақты, бейбіт елдер тиімді.

Екіншіден – ядролық арсеналды ұстап тұру қыруар қаражатты талап етеді. Жаңа тәуелсіздік алған мемлекет үшін бұл өте ауырға соғатын еді. Мысалы сол кезде бір ядролық дивизияны ұстап тұру салыстырмалы түрде айтсақ бүкіл Қазақстанның Қарулы күштеріне қажетті қаражатты талап ететін.

Үшіншіден – ядролық қаруды иелену өзге ірі мемлекеттердің үнемі нысанында болу, қауіп-қатердің астында өмір сүру дегенді білдіреді.

Төртіншіден – Қазақстан ядролық қарудың сынағынан барынша зардап шеккен бейбітсүйгіш мемлекет. Сондықтан осы арқылы әлемді тыныштыққа шақырып, әлемдік деңгейдегі оң имиджін қалыптастыра білді. Осы мақсатта да 18 млн гектар жерді алып жатқан Семей полигоны 1991 жылы 28 тамызда ресми жабылды. Аталған полигонда 40 жылдан астам уақыт бойы Хиросима мен нагасакидегі жарылыстан мыңдаған есе қуатты жарылыстар болып, сол жердің табиғатына, адамдарының өмірі мен денсаулығына орасан зор зиян келтірілді.

Сондықтан ядролық қарудан бас тартудың моральдық себептері де маңызды. Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуына байланысты алып мемлекеттердің елдің қауіпсіздігіне кепілдік міндетін алу да ұзақ дипломатиялық келіссөздер мен табанды талаптың нәтижесінде мүмкін болды. 1994 жылы 5 желтоқсанда Венгрия астанасы Будапештте АҚШ, Ресей, Ұлыбритания басшылары ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан қазақстан , Украина және Белорусь мемлекеттерінің қауіпсіздігіне кепілдік беріп, қандай да сыртқы қауіп төнген жағдайда оны қорғауға міндеттеніп, құжатқа қол қойды.

Бүгінде Қазақстан ядролық қарудан ада бейбітсүйгіш ел. Еліміздің бұл қадамы әлі күнге әлемдік деңгейдегі оң бағаланып, адамзат баласына, өзге мемлекеттерге үлгі болуда.

 

Қазіргі әлемдегі ахуал

Бүгінге дейін ядролық қаруды таратпауға байланысты бірқатар халықаралық шарт қабылданған. Мысалы осындай шарттың бірі Ресей Федерациясының Президенті Д.Медведев пен Америка Құрама Штаттарының Президенті Б.Обама арасында 2010 жылы 8 сәуірде қол қойылған «Стратегиялық шабуыл қаруларын қысқарту және шектеу туралы шарт» (Treaty between the United States of America and the Russian Federation on Measures for the Further Reduction and Limitation of Strategic Offensive Arms, New START).

Бұл құжат бойынша тараптар ядролық оқтұмсықтарды 1550 данаға дейін қысқартуға, ал су асты сүңгуір қайықтары мен ауыр бомбалауыштардағы құрлықаралық баллистикалық зымырандардың саны 700-ден аспауы тиіс болып келісілген.

 Аталмағанhh.png

                                                   АҚШ пен Ресей арасындағы келісімшартқа қол қою рәсімі

Аталған шарттың орындалу мерзімі 2021 жылғы 5 ақпанына дейінгі кезеңді қамтиды. Қазіргі таңда аталған келісімшартты одан әрі созуға қатысты келіспеушіліктер орын алуда. Ресей аталған келісімшартты одан әрі жалғастыруға қарсы емес. Ал АҚШ-тың ұстанымы өзгеше. АҚШ тарапы Қытайдың да осы шарта қол қоюын талап етуде. Егер Қытай осы шартқа қосылмаса, АҚШ келісімшартқа қол қоюдан бас тартады дегенді алға тартуда.

ҚХР Сырты істер министрлігі бұл талапқа орай «Егер АҚШ өзінің ядролық арсеналын Қытайдың деңгейіне дейін қысқартқан жағдайда ҚХР да аталған келісімшартқа қол қояды» деген ұстанымын білдірді. 

Бірақ АҚШ-тың мұндай қадамға бару ықтималдығы аз. Сондықтан бұл салада ядролық державалардың ортақ консенсусқа келуі екіталай. Сонымен қатар, Солтүстік Кореяның ядролық қаруды сынақтан өткізуі және әлемге қарулы қақтығыс қаупін төндіруі әлемдік қауымдастықтың басын қатыруда. Осы ретте, әлемде орын алып отырған бұл келіспеушілік ядролық қауіпсіздік саласында үлкен проблемалар туғызуы мүмкін деп болжауға болады.

Қорыта келгенде, ядролық қару адамзат баласын толғандырған үлкен қатер. Қандай да бір елде жаппай-қырып жоятын қару барда әлемді торлаған қауіп бұлты сейілмек емес. Бұл ретте, ядролық қарудан арылу бойынша адамзаттың болашағына байланысты ізгі қадамдар жасалмай келеді. Тарихтан тағылым алмаудың соңы адам баласын шын мәніндегі апатқа соқтырмаса болғаны.

Барлық жаңалықтар