• Басты
  • Ықпалды күштер бәсекесі: қарулы қақтығыстан жұмсақ күшке дейін

Ықпалды күштер бәсекесі: қарулы қақтығыстан жұмсақ күшке дейін

5 Сәуір, 2021 17:55

Мемлекет келешегінің жарқын болуы тек оның қорғаныс қабілетіне, қарулы қақтығыстарда ұпайы түгел шығуына, айбынды әскер қалыптастыру сынды шарттардан ғана тұрмайды. ХХІ ғасырда әскердің, қару қақтығыстардың тактикасы өзгергенін, мемлекеттің өзге елден бәсі биік, ықпалы зор болуы оның әскери күшінен бөлек, дипломатиялық қарым-қатынасына, өзгелерге ықпал ете алатын «жұмсақ күшіне» де байланысты. Бүгінгі мақаламызда осы мәселелердің төңірегінде ой қозғамақпыз.

Адамзат тарихына көз жүгіртсек қиян-кескі соғыстар мен қарулы қақтығыстар сериясынан көз сүрінеді. Оны аймақтық, өңірлік және жаһандық деңгейдегі ықпалы, зардабы, тарихи орны бойынша түрлі санаттарға бөліп қарастыруға болады. Мыңжылдықтарға созылған қарулы-қақтығыстар дәуірі ХХ ғасырдың соңына қарай мәдени экспансия, түрлі балама құралдар арқылы өзге мемлекеттерге ықпал ету саясатына ауыса бастады. Ендеше осы мәселе жөнінде, яғни әлемдегі қару қолданбай жеңіске жету немесе үстемдікке ие болу саясатына қатысты мәселелерге қысқаша тоқтала кетейік.

Халықаралық қатынастар саласында классикалық реализм саяси теориялық мектебінің өкілдері «күш» ұғымына ерекше тоқталып, оның мемлекеттің бар болуында, елдер арасындағы қатынаста маңызды рөл ойнайтын құрал екендігін алға тартады. Олардың пікірінше адамның табиғаты күшке, басымдыққа жетуге негізделген. Егер өз күші жетпеген жағдайда ортақ коалиция құру арқылы өз мақсатына жету әлемдік саясаттағы негізгі қағиданың бірі саналады. Ал неореализм теориясының өкілдері «күш» ұғымын тек қару-жарақ, қара күш қолдану түсінігімен шектемей, ықпал етудің экономикалық қысым жасау, қарсыласын өзіне қаржылық тәуелді ету сынды қырлары бар екенін жазады.  

Ал халықаралық қатынастардағы либерализм саяси мектебінің өкілдері бұл мәселеге қатысты гуманистік сипатта жауап беріп, елдер арасындағы түсініспеушілік, кикілжіңдерді өзара келіссөздер, татулық саясаты арқылы шешуге болатынын және оның адамзат игілігі үшін тиімді жол екенін жазады. Ал ХХ ғасырдың 80-90 жылдары пайда болған конструктивизм мектебінің өкілдері әлемдік кикілжіңдердің туындауына себеп болған ойыншылардың мүдделері, мәдениеті, болмысын зерделеу арқылы проблеманы шешуге болады деген ойды алға тартады.

1990 жылы әйгілі Гарвард университетінің профессоры Кіші Джозеф Най әлемдік саясатты күш қолданбай-ақ мәдениет, тартымды саясат, тиімді құндылықтар жүйесін қалыптастыру сынды баламалы инструменттер арқылы әлемдегі өзге күштерді өзіңе баурауға, сол арқылы өз саясатыңды жүргізуге, оларға ықпал етуге болатынын мәлімдеді. Оның бұл идеясы Қытайдың әйгілі ойшылы, соғыс тактикасына арналған стратагемдердің авторы Сун Цзыдың «күш қолданбай үстемдікке ие болу» туралы ойларына ұқсайды.

Кіші Джозеф Най өз сөзінде «Жұмсақ күш» саясаты достық қарым-қатынас, тартымды саяси жүйе мен мәдениет, саяси құндылықтар мен институттар, өзгелер ұмтылатын активтерге сүйенеді. Бұл әлеуетті серіктесті ортақ әлемдік құндылықтар, ортақ институттар, ортақ мақсат төңірегіне топтастырады. Ол ортақ мақсат «жұмсақ күш» саясатын жүргізуші елдердің мүддесінен туындайды. Бұл жоғарыда баяндалған «өзіңнің қалауыңды өзгеге қалату білу» тұжырымына келіп тіркеледі» деген ойды айтады (Дереккөз: «Жұмсақ күш» саясатындағы коммерциялық емес ұйымдардың қызметі», Есіркеп Сәкен, Абдрахманова Гаухар, «Ғылым және білім – 2020» атты ІІІ Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жинағы, Нұр-Сұлтан, 2020 жыл, 122-бет.).

Джозеф Най 2013 жылы жариялаған «Жұмсақ күш» және Америка-Еуропа қатынастары» (Soft power and European-American affairs) атты мақаласында «Қызықтыру қашанда мәжбүрлеуден тиімдірек. Ал демократия, адам құқықтары және жеке мүмкіндіктер аса қызықтырушы тартылыс нүктесі. Егер саясатта тәкаппарлық пен екіжүзділік байқалса теріс бұрылып, жиіркеніш сезімін туғызуы мүмкін» екенін айтып, «жұмсақ күш» саясатын жүргізуде барынша сақ болудың маңыздылығына тоқталады. 

Осы аталған теориялық көзқарастар нақтылы саясатта да жүзеге асып жатқанын халықаралық қатынастар саласынан байқауға болады. Ендігі уақытта өзге мемлекеттер ықпал етудің түрлі ресурстық шығыны көп, тұрпайы, өркениеттегі әлемдегі адамзат баласы қабылдай бермейтін қарулы қақтығыс, агрессиялық саясат сияқты түрлерінен бас тартып, мәдениет, саясат, туризм, кино индустриясы, экономикалық құралдар, некелесу, құндылықтар тартылысы тұрғысынан ықпалды күшке ие болу арқылы өз саясатын жүзеге асыруға ден қоюда.

Соңғы бес жылда әлемдегі «жұмсақ күш» саясатындағы ең ықпалды мемлекеттердің үздік отыздығының индексін жасау дәстүрге айналған. Үздіктерді таңдауда мемлекеттердің білім беру жүйесінің өркендеуі, ол елге шет мемлекеттерден келетін білім алушылар санының көптігі, олардың ықпалды орындарда қызмет етуі, мәдениетінің, оның ішінде кино өнері, тілдік ықпалы, халықтың салт-санасының және музыкасының тартымдылығы, диджитал, IT саласының дамуы, технологиялық прогресс, басқару жүйесінің ықпалдылығы, оның өзге ел халқы үшін үлгі етерлік сипатта болуы, отбасы құру, яғни сол ұлттың өкілдеріне үйленетін немесе тұрмысқа шығатын өзге ел азаматтарының көп болуы, кәсіпорындардың бәсекеге қабілетті, жаһан жұрты тұтынатын сапалы өнім дайындауы сияқты параметрлер есепке алынады.

Төменде көрсетілген ақпараттан осы айтылған көрсеткіштер бойынша әлемнің қай мемлекеттері үздік нәтижеге ие екенін байқауға болады. Бұл мемлекеттердің бәріне тән ерекшелік олардың әлемнің ең дамыған және ықпалды елдері қатарында екендігі деуге болады.


                                                                                   Дереккөз: www.softpower30.com

Бұл ретте, Қазақстанға да әлемдік трендтен, заман көшінен қалмай аталған салаларды дамыту жағын жақсылап қолға алу қажет.

Биыл туғанына 180 жыл толғанын ел көлемінде атап өтіп жатқан Ыбырай Алтынсарин осыдан бір ғасыр бұрын «Өнер-білім бар жұрттар деген» өлеңі арқылы жастарды білімге шақырып, ғылым мен білімі дамыған өркениетті елдерді үлгі етіп, оқуға, өндіріс орнын ашуға, кәсіп қылуға шақырған болатын. Ол:

Өнер - білім бар жұрттар

Тастан сарай салғызды;

Айшылық алыс жерлерден,

Көзіңді ашып - жұмғанша,

Жылдам хабар алғызды.

Аты жоқ құр арбаны

Мың шақырым жерлерге,

Күн жарымда барғызды.

Адамды құстай ұшырды;

Мал істейтін жұмысты

От пен суға түсірді;

Отынсыз тамақ пісірді,

Сусыздан сусын ішірді.

Теңізде жүзді балықтай,

Дүниені кезді жалықпай,

Білгендерге осылар

Бәрі - дағы анықтай,

Білмегенде танықтай;

Біз де бекер жатпалық,

Осыларға таныспай, – деп өркениетті елдердің жеткен жетістігін көрсетіп, халықты білімге, оқуға, еңбек етуге шақырған болатын. Ол кезде буржуазиялық төңкеріс арқылы Еуропа мемлекеттері және АҚШ бастаған капиталситік елдер технологиялық дүмпу жасап, шығыстың көп елінен, оның ішінде Қазақстаннан даму жағынан әлдеқайда алға шығып кеткен еді.

Бүгінгі қарусыз майданда да осындай бәсекелестік орнап отырғаны жасырын емес. Ол ең әуелі өркениетті қоғам қалыптастыру, ішкі нарықты импортқа тәуелсіз етіп, сыртқа шикізат емес дайын өнімдер шығару, яғни бәсекеге қабілетті тауарлармен қамтамасыз ететін өнеркәсіп өндірісі саласын дамыту, туризм секторын нығайту, мәдениет саласы, оның ішінде кино индустриясы, ән-күй, шоу-бизнес, ұлттық құндылықтарға негізделген театр және музей, ғылым мен білімді дамыту, ғылымға негізделген экономика қалыптастыру, оқушыларға білім берумен қатар олардың санасына қазақстандық патриотизм құндылықтарын сіңіру, ашық қоғам қалыптастыру сынды маңызды процесстерге байланысты.

Айта кету керек, елдің қауіпсіздігі мен кемел болашағы тек жұмсақ күш саясатына ғана емес, әскердің әлеуетін де қатар ұстау, елдің шынайы патриот азаматтарын қалыптастыру ісіне де байланысты. Америкалық идеологтардың бірі саналатын Джозеф Най өзі ұсынған жұмсақ күш саясатына соңғы жылдары балама ретінде «ақылды күш» терминін де жиі қоса қолдануда. Өйткені проамерикалық саясатты әлемдік деңгейде теориялық негізде дәлелдеуге тырысып жүрген оның идеясы АҚШ-тың Ирактағы, Сирия мен Ауғанстандағы қарулы операцияларына, яғни өзі идеал тұтатын мемлекетінің күш қолдану саясатына қайшы келетіні анықталды. Осыған орай, ол «жұмсақ» және «қатты күшті» синтездей отырып, қажет жерінде қару-жарақты, сәті келгенде «жұмсақ күш» инструменттерін таңдап пайдалану саясатын қолдап, оған «ақылды күш» (smart power) деген ат беріп, айдар тақты. Көп уақыт өтпей бұл термин халықаралық саясат теориясына енгізілді.

Бұл ретте, мемлекеттің қауіпсіздік, қорғаныс саясаты қарулы күштер қатарын білікті мамандармен, жоғары сапалы техникалармен толықтырып, оларды үнемі дайындықта ұстап отырумен қатар, елдің ішкі бірлігі, азаматтардың елжанды, патриот болып қалыптасуына айрықша көңіл бөлінгені жөн. Өйткені бұл кешенді мәселе. Ел азаматтарының мемлекеттің патриоты болып шығуы ең әуелі дұрыс қалыптасқан отбасы институтының қызметіне тәуелді. Отбасы мен білім беру саласында елдің шынайы жанашыр азаматтарын, қандай жағдайда болмасын елдің қорғаны болатын әрі халықтың тарихын, өз саласын жетік білетін мемлекетшіл тұлғаларды қалыптастыру заманның талабы.

Қорыта келгенде, азаматтардың бойында дипломның емес білімнің культін қалыптастыру, қарапайым еңбек адамын дайындау, елдің шынайы патриоты болатын азаматтарды тәрбиелеу және оны қалыптастыруға қажетті мемлекеттік ресурстарды бөлу, отбасы инстиуты мен орта білім беру саласына айрықша көңіл аудару, мемлекеттің қауіпсіздігі мен оның ішкі және сыртқы қорғаныс әлеуетін үнемі жаңартып, нығайтып отыру, елдің әлеуеті жететін «жұмсақ күш» инструменттерімызді ұтымды пайдаланып, оларды қазақстандық мүддеге сәйкес игілікке жарата білу сияқты басымдықтар күн тәртібінен түспеуі тиіс.

Барлық жаңалықтар