• Басты
  • Волонтерлік жобалар жастарға шабыт сыйлайды – Л.Демесінова
21 Қаңтар, 2020 11:47

Волонтерлік жобалар жастарға шабыт сыйлайды – Л.Демесінова

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды Волонтерлар жылыдеп жариялаған болатын. Осыған орай жастар кадрлық резервінің құрамына енген Халықаралық «Болашақ» стипендиясы  Қауымдастығының атқарушы директоры Лаура Демесінова Strategy2050.kz порталына волонтерлік қызметі жайлы айтып берді.

Волонтерлік жобалар жастарға шабыт сыйлайды – Л.Демесінова

Лаура Демесінова айтқандай, Қауымдастық 10 шақты жылдан бері «Біздің біліміміз-біздің еліміз» жобасын жүзеге асырып келеді.

«Жоба аясында «Болашақ» түлектері мектеп пен колледждерге барып, ашық сабақтар өткізеді. Жобаны тек мен өзім ғана емес, барлығымыз бірігіп іске асырып жатырмыз. Жас жеткіншектерге кәсіби бейімдеушілік пен жұмыс жайында, мемлекеттің жастарға ұсынып отырған гранттары мен мүмкіндіктері туралы дәріс өткіземіз», - деді Л.Демесінова.
Сондай-ақ, ол айтып өткендей, «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп екі жыл бұрын «Ұйымшыл жастар» деген жоба іске асырылған.

«Жоба аясында 84 ауданның ауылдық мекемесінде ағылшын тілін тегін оқыттық. Іс-шаралардың барлығы «Нұр Отан» партиясының демеушілігімен жүзеге асырылды», - деді ол.
Сонымен қатар,кадрлық резерв мүшесі волонтерлық қызметтің өзіне беретін әсерімен бөлісті.

«Ең алдымен, ол - қарым-қатынас орнату. Біз мектеп оқушылары мен университет студенттерінің сұрақтарына жауап беруге тырысамыз. Өзім үшін ол өте қызықты. Мәселен, мен «Болашақтың» түлегімін. Бізді шетелдің үздік білім ордаларында оқыту үшін мемлекетіміз қыруар қаржы бөлді. Әрине, сенім мен үмітті ақтауымыз керек. Ол тек елде жұмыс істеу ғана емес, әлеуметтік жобаларды да жүзеге асыруға қатысу арқылы жүзеге асырылуы тиіс деп ойлаймын. Менің елге оралғаныма 7-8 жыл болды. Осы уақытта әлеуметтік жобаларға үлес қосып келемін», - деді ол.
Сондай-ақ, ол волонтерлік жобалар жастарға шабыт сыйлайтынын атап өтті.

«Жастарға мемлекетіміз ұсынып отырған көптеген мүмкіндіктер бар. Тек қана «Болашақ» бағдарламасы ғана емес, Қазақстан мен шетел бойынша жыл сайын гранттардың саны артып отыр. Ол жайында жастарды ақпараттандыру қажет. Осы сынды мәліметті тек ұстаздарынан ғана емес, өзінен үлкен аға-әпкелерінен естіген әлдеқайда түсінікті, әрі ұғынықты болады деп ойлаймын. Сонымен қатар, кәсіби бейімделу мәселесі де маңызды. Оқу бітіріп, өз мамандығы бойынша қызмет ету үшін жастармен жұмысты мектептен бастау керек», - деді ол.
Лаура Демесінова айтып өткендей, бір ғана IT саласы 100-ден астам мамандықты қамтиды.

«Жастарға қаржы саласы бойынша қандай қызықты мамандықтар бар екенін түсіндіруге болады. Мысалы, мен қазір әлеуметтік салада жұмыс істеп жүрмін. Осы саладағы жобалар бойынша өз тәжірибеммен мектеп оқушылары және колледж студенттерімен бөлісе аламын», - деп түйіндеді Л.Демесінова.
Сонымен қатар, Лаура Демесінова Волонтерлар жылы аясында қандай жобаларды жүзеге асыру көзделіп отырғанын тілге тиек етті.

«Әрине, биыл біз волонтерлік жобалар бойынша гранттарға құжаттарымызды тапсырып жатырмыз. Мәселен «Біздің елімізде» жобасын нығайтуды міндет етіп отырмыз. Президенттік жастар кадрлық резервіне өткен соң, еліміздегі әлеуметтік жобаларға резервшілер бірігіп үлес қоссақ, тиімді болар еді деп ойлаймын. Бүгінгі таңда резервке енгендердің көп бөлігі бірігіп жұмыс атқарайық, жәрдемдесеміз деп жұмылып жатыр», - деді Л.Демесінова.

Аягөз Құрмаш


Барлық жаңалықтар
100.24.113.182, 192.168.88.100