• Басты
  • Вирус мутацияға ұшыраса да, вакцина қорғаныс әсерін бере алады

Вирус мутацияға ұшыраса да, вакцина қорғаныс әсерін бере алады

29 Наурыз, 2021 19:03

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте денсаулық сақтау саласындағы жетекші Қазақстандағы коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация туралы жан-жақты сараптамалық ақпараттар берді. Мутацияға ұшыраған вирусқа вакцинаның әсері, антидене, халықты қайта коронавирус жұқтырудан сақтандыру шаралары туралы Strategy2050.kz тілшісінің материалында.


Коронавирустың емі әлі жоқ

ҚР ДСМ Фтизиопульмонология ұлттық ғылыми орталығы директорының клиникалық және ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ләззат Ералиеваның айтуынша, Covid-19 пандемиясы басталғалы бір жыл өтті, қазір коронавирустың тиімді емі жоқ. Алайда оның алдын алудың бірден бір шарасы ретінде вакцина қолданыла бастады. Вакцина өткен жылдың жаз айларында болған қайғылы жағдайлардың тағы да орын алуына жол бермейді.

Сарапшылар мәлімдегендей, екпе салдырған адам мутацияланған вирусты жұқтырса да, вакцинаның қорғаныс әсері болады.

«Себебі, SARS-CoV-2-ге қарсы барлық вакцинаның құрамына вирус геномының фрагменттері кіреді, олар мутация процесінде өзгермейді», - деді Ләззат Ералиева.

Қазіргі жағдайда ең басты әрі маңызды міндет ауралырн санағын жүргізу емес. Халық арасында індеттің қайта тарлуының алдын алу. Өткен жылғы тәжірибені назарға алып, барлық алдын алу амалдарын қарастыру қажет. Әлем елдері бірнеше вакцина қолдануда. Әлемдегі вакцинаның енгізілген дозаларының жалпы саны бойынша алғашқы бестікке: АҚШ (124,48 млн доза), Қытай (74,96 млн), Ұлыбритания (29,86 млн), Үндістан (45,07 млн) және Бразилия (13,56 млн) кіреді.

«Қазақстанда пандемияны тоқтатып және ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін кемінде 10 млн. адам екпе салдыруы тиіс. Сондықтан, қазір басты міндет - пандемия басталғаннан бері ауырғандардың санын анықтау емес, халықты індетті қайта жұқтырудан қорғау. Өйткені азаматтардың 50% симтомсыз немесе жеңіл дәрежеде ауырған»,- деп нақтылады Ләззат Ералиева.

Бұған дейінгі болған эпидемиологиялық жағдайлардың бәрінен адамзат тек вакцина ойлап табу арқылы шыққан. Ол кезде де індетті эпидемияға қарсы шаралар, сондай-ақ вакцинация мен тиімді дәрі-дәрмек жасау арқылы жеңді. Елу жыл бұрын вакцинацияның арқасында миллиондаған адам опат болған вирустық аурулар жойылды. Инновациялық дәрі-дәрмектердің көмегімен дәрігерлер бүгінде АИТВ/ЖИТС пандемиясымен күресуде.

«Әлем елдері ковид індетінен құтылудың бірден бір жолы вакцина екенін жақсы түсінеді. Сондықтан бірнеше айдың ішінде дүние жүзінде оннан аса вакцина шығарылды. Әлі де шығарылып жатыр. Тестілеуден өтіп жатқандары бар. Дәрігерлер екпенің жоғары тиімділігіне таңғалуда. Коронавирус мутацияға ұшырайды, яғни ол бастапқы түрін өзгертіп, күрделене түседі», - деді профессор, Америкалық денсаулық сақтау қауымдастығының мүшесі Алмаз Шарман.

 Вирус мутацияға ұшырады

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша 2021 жылғы 26 наурыздағы SARS-CoV-2 «Британдық штамы» әлемнің 125 елінде, «Оңтүстік Африка» 75 елінде, «Бразилиялық» 41 елінде анықталды. Яғни, бір апта ішінде «Британдық штам» әлемнің тағы 7 елінде анықталды. Вирустың мутация ықтималдығы адамдардың жұқтыру жиілігінің жоғарылауымен артады.

Мутацияға ұшыраған вирустың жұғу қауіпі күшейіп, індеттің жаңа толқыны басталуы мүмкін. Бұған жол бермеу үшін қысқа мерзімде адамдарды жаппай вакцинациялау керек.

«Осыған орай, азаматтарды коронавирусқа қарсы вакцина қабылдауға және пандемияны жеңуге нақты үлес қосуға шақырамын», - деп үндеу жолдады А.Шарман.

Адамдар вакцинаның күшіне сеньей тұрғанда, екпе алдыруға еріктілер қатары көбеймесе, ұжымдық иммунитет пен қалыпты өмірге оралу туралы айту қиын.

«Қалыпты өмірге тезірек оралу үшін коронавирусқа қарсы вакцина алған дұрыс. Сонда әр адам инфекцияның таралуын тоқтатуға және пандемияның аяқталуына үлес қосады»,- деді профессор А.Шарман.

COVID-19 вакцинасын ағзаға енгізу екі кезеңнен тұрады. Вакцинаның екінші дозасы бірінші доза салынғаннан кейін үш апта өткен соң салынады. Нәтижесінде ағзада антидене, сондай-ақ иммундық жасушалар пайда болады да, 90 пайыз COVID-19-дан қорғайды. Сонда шамамен 10 пайыз коронавирус жұқтыру қаупі қалады.

«Сондықтан, вакцинациядан кейін де маска киіп, қол гигиенасын, әлеуметтік ара қашықтықты сақтау керек. Сақтық шараларын адамдар жаппай вакцина алып, қоғамда ұжымдық иммунитет қалыптасқанға дейін жалғастыруға тура келеді», - деп кеңес берді профилактикалық медицина академиясының сарапшысы Бауыржан Жүсіпов.

Ол атап өткендей, әлемде бірнеше вакцина қолданылуда, екі жүзден астам вакцина клиникаға дейінгі немесе клиникалық зерттеулерден өтуде. Вакцинациядан КВИ жаңа жағдайларының алдын алу тиімділігі өте жоғары - 60%-дан 95% - ға дейін. Бірақ вакцинацияланған адам жұқтырған болса да, вакцинацияның әсерінен ол вирусты асқындырып алмайды, қайғылы өлім жағдайынан да қорықпауына болады.

Қазақстанда 11 млн адам вакцинациялану керек

«Ең алдымен әлеуметтік ара қашықтық шараларын және маска режимін сақтау қажет. Сонымен қатар, жаппай вакцинацияны қамтамасыз ету өте маңызды. Коронавирустың таралуын шектеу шараларынсыз тоқтату үшін ұжымдық иммунитет жоғары болуы керек. Егер бұрын эпидемиологтар ұжымдық иммунитеттің қажетті деңгейін 60-70% деп бағаласа, онда жұқпалы жаңа нұсқалар үшін ұжымдық иммунитет деңгейінің кем дегенде 80% болады», - деп қосты Б.Жүсіпов.

Қазақстанда адамдардың көбі ауырғанын ескере отырып, қалыпты өмірге шектеусіз оралу үшін кем дегенде 11 миллион азаматты вакцинациялау қажет.

Қазіргі таңда әлем елдері коронавирустың жаңа штамдарын тіркеді. Жаңа яғни мутацияға ұшыраған вирус пен ескі штамдағы вирустың ауру белгілері бірдей. Ол: дене қызуының көтерілуі, жөтел және дәм мен иіс сезімінің жоғалуы.

«Ұлыбритания мамандарының айтуынша, коронавирустың жаңа «Британдық штаммы» жөтел, қатты шаршау, бұлшықеттегі әлсіздік сияқты белгілермен сипатталады, бірақ иіс сезу «қытай» нұсқасына қарағанда аз байқалады», - деді ҚР ДСМ ҚДСҰО «Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалы директорының м.а. Манар Смағұл.

ДДСҰ мәліметтері бойынша жаңа штамдар 41%жоғары репродуктивті, яғни адамдарды жұқтыру қабілетін, сондай-ақ «басқа айналымдағы штамдарды тез алмастыру қабілетін» көрсетті. «Британдық штамда» ауруханаға жатқызу, ауыр ағым және өлім қаупі жоғары.

«Қазіргі таңда Қазақстанда COVID-19-ға қарсы вакцинация қолжетімді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бірінші сәуірден бастап вакцинациялауға жататын контингент көбейеді. Өйткені айдың басында қосыша 150 мың доза және бір айдың ішінде шамамен 1 миллион доза жеткізу жоспарлануда»,- деді Манар Смағұл.

Сарапшылардың айтуынша, вакцина тапшылығы тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде байқалады. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жеткілікті деңгейде қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қабылдауда. Мысалы, Ресей Федерациясында қол жетімді мәліметтер бойынша «Спутник» вакцинасының екі компонентімен халықтың 1,9% қамтылған.

Қазақстанда вакциналар медициналық мекемелерге түскенге дейін тексеруден өтеді және оларға қойылатын талаптар өте жоғары.

Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы вакциналардың сапасын, қауіпсіздігі мен тиімділігін әзірлеу, өндіріс жағдайын бағалау, клиникаға дейінгі сынақтарды мұқият сараптау кезеңінен бастайды және клиникалық сынақтар кезеңдеріне өте маңызды талаптар қойылады. Сондықтан Қазақстанда, бүкіл әлемде вакциналарды тіркеу және сараптамадан өткізу процесі көпкезеңді және еңбекті талап етеді

Пандемия кезеңінде «Қазақстан Республикасында өндірілген COVID-19 коронавирусқа қарсы вакциналарды уақытша мемлекеттік тіркеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы № 850 қаулысының негізінде қазақстандық QazCovid-in вакциналары (2020 жылғы 31 желтоқсан 9 ай мерзімге) және Гам-КОВИД-Вак (2021 жылғы 15 ақпан 9 ай мерзімге) уақытша тіркеуден өтті. Сарапшының айтуынша, QazCovid-in қазақстандық вакцинасы қазір клиникалық сынақтың 3 кезеңінен өтуде, осы жылдың екінші жартысында аяқталады.

«COVID-19 вакциналары бүкіл әлемде жаппай жұқтыру және коронавирус инфекциясынан адам өлімі жағдайында шұғыл дайындалды. Сонымен қатар, бұл ғаламдық проблема болғандықтан, фармацевтикалық компаниялар вакцинаны тез әзірлеуге айтарлықтай ресурс жұмсады. Бірақ компаниялар қауіпсіздік хаттамаларын қатаң сақтады»,- деді Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының сарапшысы Александр Гуляев.

Александр Гуляев вакцинаның тиімділігі адамның өзіне де байланысты екенін еске салды. Сондықтан вакцинаның бірінші және екінші дозасы арасында адамдармен байланысты азайтып және барлық санитарлық ережелерді сақтау қажет. Иммунитет біртіндеп қалыптасады, ал вакцинаның бірінші және екінші дозасы арасындағы кезеңде организм әлсіз болады. Егер адам санитарлық шараларды сақтамаса, COVID-19 ауруы мүмкін.

ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының Басқарма Төрағасының орынбасары Қуатбаева Айнагүл Мұханқызы хабарлаған мәліметке сүйенсек, Қазақстанда бүгінде КВИ жұқтырудың 241 873 зертханалық дәлелденген жағдайы анықталса, оның 1492 жағдайы бүгінгі күнгі көрсеткіштер. 50433 - лабораториялық дәлелденбеген жағдай. Оның ішінде лабораториялық жағдайлар арасында 3014 адам, пневмония салдарынан 682 адам көз жұмған.


Барлық жаңалықтар