• Басты
  • Вакциналау кестесі сақталмаған өңірлер, төсек-орын жетіспеушілігі және оқушылар арасындағы КВИ

Вакциналау кестесі сақталмаған өңірлер, төсек-орын жетіспеушілігі және оқушылар арасындағы КВИ

20 Сәуір, 2021 14:08

Бүгін үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой вакцинациялау кестесі сақталмаған өңірлерді, оқушылар арасында КВИ жұқтыру жағдайлары және республикада жүргізіліп жатқан COVID-19-ға қарсы вакциналау туралы баяндады. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалынан біліңіз.

COVID-19 бойынша Қазақстан әлемдік рейтингте 110-орында

Әлемде COVID-19 бойынша сырқаттанушылық пен өлім жағдайы әлі де күрделі. Бүгінгі күні әлемде КВИ-дің 141 млн-нан астам жағдайы тіркелген, тәулігіне 700 мыңнан астам жағдай анықталып отыр. 3,0 млн-нан астам адам қайтыс болған. Өлім көрсеткіші – 2,1%-ды құрап отыр.

Министрліктің мәліметінше, елімізде 20 сәуірдегі жағдай бойынша COVID-19 оң нәтижесі бар 292 250 науқас және КВИ жұқтырған 51 890 жағдай тіркелген.

Эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес, республика 22 күн бойы қызыл аймақта болады. Сондай-ақ, қазір қауіпті аймақта 8 өңір бар. Ал, жасыл аймақта тек Түркістан мен Қостанай облыстары. Қалған өңірлер сары аймаққа кіреді.

«ДДСҰ-ның 6 аймағының 5-еуінде сырқаттанудың өсу тенденциясы байқалады. 221 мемлекет қатысатын әлемдік рейтингке сәйкес, Қазақстан жұқтырғандар саны бойынша 110-орында, ал өлім деңгейі бойынша 107-орында», - деді А.Цой.

Эпидемиологиялық ахуал жақсарып келеді

Министрдің дерегінше, наурыздың аяғынан бастап эпидемиологиялық ахуал күрделене түсті, ол кезде апта сайынғы ауру алдыңғы аптаға қарағанда 46% - ға өсті. Дегенмен осы аптада алдыңғы аптамен салыстырғанда, апталық сырқаттанушылықтың өсу қарқыны наурыз айының соңындағы 46% - дан өткен аптада 6% - ға дейін төмендеу үрдісі байқалған.

«Өткен аптада өлім-жітімнің өсуі алдыңғы аптамен салыстырғанда 22% -дан 8%-ға дейін төмендеді. Бүгінгі күні барлық аймақ күшейтілген шараларды қабылдады», - деді А.Цой.

Оқушылар арасында КВИ жұқтыру жағдайлары

Алексей Цойдың айтуынша, дәстүрлі формат енгізілген сәттен бастап оқушылар арасында КВИ ауруының өсуі байқалады. 4 тоқсан басталғаннан бері 3 706 оқушы ауырып қалды, оның ішінде офлайн оқитын оқушылар арасында - 1093, онлайн режимде - 2613. Соның ішінде, 4 тоқстанда дәстүрлі форматта оқитын оқушылардың ең көп пайызы - Қарағанды, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарында байқалып отыр. Онлайн режимде оқитындар арасында Нұр-сұлтан және Алматы қалаларында кездескен.

«Осыған байланысты әкімдіктер білім беру ұйымдарында санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына және коронавирустың алдын алудың негізгі іс-шараларын орындалуына тұрақты бақылауды қамтамасыз етуі қажет. Сонымен қатар, таңертең фильтрлеу, қызметкерлердің маска режимін сақтауы, үй-жайларды заласыздандыру жүргізілуі тиіс. «Қызыл» аймақта тұрған өңірлерде оқуды оффлайн режимде жүргізуге болмайды», - деді Алексей Цой.

Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында жағдай күрделі

Министрліктің мәліметінше, 19 сәуірдегі жағдай бойынша еліміздегі стационарларда 14 147 науқас ем алуда. Оның ішінде 775 адам немесе 5 пайызы реанимацияда ауыр және өте ауыр жағдайда жатыр. Жағдайы ауыр науқастардың 32 пайызы - Алматы қаласының, 13 пайызы - Нұр-Сұлтан қаласының, 6 пайызы - Алматы облысының тұрғындары.

Бос емес инфекциялық төсек-орындардың ең жоғары көрсеткіші Батыс Қазақстан облысында - 63, Алматы облысында - 61 және Алматы қаласында 56 пайызды құрап отыр.

Сондай-ақ бос емес реанимациялық төсек-орындардың ең жоғары көрсеткіші Алматы қаласында - 53, ал Нұр-Сұлтан қаласында - 56 пайызды құрап отыр.

«Күнделікті мониторингке сәйкес, осы жылдың 20 сәуіріндегі жағдайға орай өңірлердегі бос емес төсек-орындар саны республика бойынша инфекциялық төсек-орындарының 41 пайызын, ал реанимациялық төсек-орындардың 27 пайызын құрайды», - деді министр.

Ауыл тұрғындарына медициналық көмек

Цойдың айтуынша, 2021 жылы жылжымалы медициналық кешені еліміздің 2 мыңнан астам шалғайда орналасқан елді мекендерін аралайтын болады. Осы шараның арқасында 2,6 млн тұрғын медициналық көмекпен қамтылатындығы жоспарланып отыр.

«Ауыл тұрғындары үшін вакцинацияның қолжетімділігін арттыру мақсатында вакцина салу жылжымалы медициналық кешендерді қолдану арқылы ұйымдастырылатын болады», - деді Алексей Цой.

Вакциналау қарқыны

Цойдың дерегінше, бүгінде өңірлерде 188 мың доза вакцина бар. Вакцинаны жеткізу кестеге сәйкес кезең-кезеңмен жоспар бойынша жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, өңірлердегі вакциналаудың күнделікті жоспарының орындалуына мониторинг жүргізіліп отырады.

«Вакцинациялаумен қамту тәулігіне 70 мыңнан астам адамға дейін ұлғайды. Осыған байланысты аталған өңірлердің әкімдіктері вакцинация кестесінің сақталуын қамтамасыз етуі қажет және вакцина пайдаланылмаған жағдайда оны басқа өңірлерге қайта бөлу бойынша шаралар қабылданатын болады», - деп толықтырды министр.

Ол осы қажеттілікті ескере отырып, вакцинациялау пунктерінің саны үнемі артып келе жатқанын атап өтті. Бүгінде аймақтарда иммундау 1051 пунктте жүргізіліп жатыр.

«Кестеден үш өңірдің, атап айтқанда Нұр-Сұлтан қаласының, Маңғыстау мен Қарағанды облыстарында вакциналау кестеге сәйкес өткізілмей жатыр. Осыған орай аталған өңірлердің әкімдіктері вакцинациялау кестесінің сақталуын қамтамасыз етуі қажет», - деді Алексей Цой.

Сонымен қатар, вакцинациялауға 303 жылжымалы вакциналық топ шалғай аудандарда, ұйымдастырылған топтарда және адамдар көп шоғырланған жерлерде егуге жұмыстарына қатысады. Иммундау науқанына 10 мыңнан астам медицина қызметкерлері қатысып жатыр. Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Көкшетау, Қостанай, Қарағанды ​​қалаларында вакцинациялау пункттері сауда орталықтарында, базарларда, демалыс күндері вакцинация болатын ұйымдасқан топтарда орналастырылған.

Денсаулық сақтау министрі халыққа кесте бойынша вакцина егілсе, коронавирус инфекциясының таралуына қатысты болжам қалай болатынын атап өтті.

«Оптимистік сценарий - егер вакцинациялау кестеге сәйкес жалғасатын болса, сәуір айының соңында науқас саны күніне 3 мыңға дейін жетеді. Шынайы сценарий - мамыр айының ортасында тіркеу күніне 4 мың науқас анықталуы мүмкін»- деді ол.

Министрдің айтуынша, бірінші кезеңде вакцинадан болатын әсерді қалыптастыру үшін уақыт жеткіліксіз. Ал, екінші дозасын алғаннан кейін вакцинаның әсері күшейіп, елдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына мүмкіндік береді.

Венера Жоламанқызы

Барлық жаңалықтар