• Басты
  • Уролог дәрігер: коронавирус ер азаматтардың репродуктивті денсаулығына әсер етеді

Уролог дәрігер: коронавирус ер азаматтардың репродуктивті денсаулығына әсер етеді

26 Қараша, 2020 18:15

Нұр-Сұлтан қаласы №1 қалалық ауруханасының уролог-дәрігері Садықов Арман Серікбайұлы Strategy2050.kz тілшісіне сұхбат берді.


Арман Серікбайұлы, коронавирус ер азаматтардың репродуктивті денсаулығына қалай әсер етеді? Бұл вируспен ауырған ерлердің жыныстық қабілеті азаюы мүмкін бе?

Коронавирус әлі толық зерттеліп болмаған, құпиясы көп дерт болып отыр. Қазір әлемдегі дәрігерлер, вирусологтар, ғалымдар бұл ауруды зерттеп, емін іздеп жатыр. Кореялық әріптестеріміздің зерттеу нәтижелері бойынша, коронавирус адамның ағзасына түгелдей әсер етеді. Оның ішінде әрине ер азаматтардың репродуктивті денсаулығы да бар. Ковид адам ағзасындағы ең әлсіз жерін одан сайын зақымдайды. Ауру толық зерттелмегендіктен, бұл сұраққа нақты жауап беру қиын...

Урологқа тек ер адамдар барады деген түсінік қалыптасқан. Урологқа әйел адамдар да барады емес пе?

Уролог – адамның бүйрек, қуық қуысы, несепағар және ер адамдардың жыныстық денсаулығын қарайтын дәрігер. Әйелдерде де бүйрек, қуық және несепағар мүшелері болғандықтан, олар да уролог дәрігердің көмегіне жүгінеді. Несепағар дегеніміз бүйректен келетін зәрді қуыққа жеткізетін түтікше сияқты орган. Әйелдер арасында қуықтың қабынуы, яғни «цистит» ауруы кең тараған. Бұл аурумен 90 пайыз әйелдер ауырады. «Цистит» ауруын гинеколог емес, уролог дәрігер емдейді. Сондықтан ер азаматтар да, әйелдер мен балалар да бүйрегі ауырса, урологқа қаралғаны дұрыс.

Сізге келетін пациенттер көбінесе қандай диагнозбен келеді?

Уролог дәрігеріне бүйрекке қатысты түрлі аурулармен келеді. Қазір екінің бірінің бүйрегінде таз түзіледі. Тас деп отырғанымыз, бүйректің ішіне жиналған қатты тұздың жиынтығы. Бүйректегі тасты дер кезінде емдемесе, ол зәр шығару жолдарын бітеп, асқынып кетуі мүмкін. Жалпы дүние жүзіндегі әрбір оныншы адамның бүйрегіне тас түзіледі екен. Қазір жастар арасында бүйрек, жыныс жолдарының ауруы көп. Олар тәртіпсіз жыныстық қатынас салдарынан, контрацепцияның сақталмауынан инфекциялық ауруларға шалдығады. Ер азаматтар, оның ішінде жастар арасында простатит ауруының да жиілуі байқалады. Жасы ұлғайған ер кісілерде «аденома простаты» ауруы болады. Мен көпсалалы қалалық ауруханада жүргендіктен, бізге бүйрек, қуық, жыныс жолдарының түрлі ауруларымен пациенттер күн сайын келеді.

Бүйрекке тас не себепті түзіледі?

Мұның бірнеше себебі бар. Тым ащы, консервідегі қышқыл тағамдарды сүйіп жейтін, күнде қолданатын адамдардың бүйрегіне тас тез жиналады. Сол сияқты ақуызды тым көп пайдаланатындар, тазартылған қантты көп жейтіндер, кальцийі көп тағамдарды асыра пайдаланушылар тастың ұлғаюына жол ашады. Кейбіреулер топырақ, борды тым көп жейді. «Ауру астан» деп текке айтылмаған. А және В дәрумендерінің жеткіліксіз болуы, жарақаттар мен сүйек аурулары (остеомиелит, остеопороз), асқазан-ішек жолдарынң созылмалы ауруы, ағзаға су жетіспеуі, бүйректің түрлі сырқаттары мен несеп-жыныстық ағзалар жүйесінің (пиелонефрит, цистит, қуықасты безі аденомасы, простатит және т.б) аурулары да тастың жиналуына әкеледі. Тасты болдырмау үшін таза суды жиі тұтынып, таза жеміс шырындарын ішкен дұрыс.

Урологқа қай кезде барған дұрыс? Қандай симптомдар болғанда?

Несеп шығару кезінде ауырсынулар болса, зәрдің түсі бұлдыр болса, жиі әжетханаға сұрансаңыз, физикалық жұмыс кезінде кіндіктің айналасы тартып ауырса, терапевтке көрінген дұрыс. Терапевт ауру белгілерін анықтап, урологқа жібереді. Уролог тиісті емшара қабылдайды.

Ер азаматтар дәрігерге қаралғысы келмейді. Қазір ер азаматтар арасында урологиялық аурулар жиілеп кеткен жоқ па?

Әр ер азамат жылына бір рет урологқа көрінуі қажет. Бұл ұят емес. Бұрын бактериалды аурулар жиі кездессе, соңғы кезде ерлер арасында вирустық аурулардың көбейгені байқалады. Мәселен, колликулит, яғни ұрық бұдырмағының қабынуы бұрынырақта жасы үлкейген кісілерде болса, қазір жастар арасында кең таралған. Өйткені, қазір өмір салты өзгерді. Қозғалыс аз, бірнеше сағаттап компьютер алдында отырғаннан гиподинамия қалыптасады. Содан колликулит ауруы тарайды. Сонымен қатар жоғарыда айтқанымдай, тәртіпсіз жыныстық қатынас түрлі вирусты ауруларға әкеледі. Жыныстық қатынас кезінде қанның қоюлануына әкелетін жасанды қоздырғыш құралдарын пайдалану еркектің репродуктивті денсаулығына зиян. Урологиялық аурулар кез келген уақытта болған...

Ер азаматтардың белсіз болуының қандай себептерін айта аласыз?

Қазақстанда жалпы алғанда аталық ұрығы әлсіз жігіттер көбейген. Еркектің белсіздігі қазір әйелдердің бедеулігімен бірдей. Бедеулік пен белсіздіктен ұрпақ сүйе алмау Қазақстанда 30-40 пайызды құрайды. Көбінесе әйелдің денсаулығына қатты мән беріледі. Алайда, ер адамның белсіздігі де үлкен рөл атқарады. Белсіздік үкім емес, оны емдеуге болады. Алайда ер азаматтар урологқа барып емделуді намыс санайды. Қазір медицина дамыды. Аталық безінде жүкті етуге жарамсыз ұрықтарды арнайы репродуктивті технологиялардың көмегімен сапалы деңгейге жеткізуге болады. Белсіздіктің де себептері инфекциялық аурулар, аталық бездің, қуық асты безінің қабынулары жыныс-несеп мүшелерінің дамуындағы ауытқулар болып табылады. Ал белсіздікке ұрынбау үшін салауатты өмір салтын ұстанып, құнарлы ас ішіп, жыныс жолдарын жылы әрі таза ұстау керек. Жасөспірім жігіттерге де жастайынан репродуктивті денсаулықты сақтау туралы айтып отыру керек. Жеткіншектерге жыныстық тәрбие туралы айту ұят емес.

Арман Серікбайұлы, сұқбаттасқаныңыз үшін рақмет!

Барлық жаңалықтар