Рухани жаңғыру

«Рухани жаңғыру» елді біріктіріп, барлығын бір салаға бағыттаған бағдарлама – Н.Назарбаев

Бүгін философия, әлеуметтану, псиxология, экономика және журналистика сынды салалар бойынша аударылған 18 оқулықтың тұсаукесері өтті. Шараға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та қатысты. Бір жыл бұрын Мемлекет басшысының "Болашаққа бағдар:Руxани жаңғыру" атты бағдарламалық мақаласы жарыққа шыққан болатын. Руxани жаңғыру саласында атқарылған іс-шаралар туралы Stategy2050.kz дайындаған шолудан оқи аласыздар.
Астана қаласы12 Сәуір , 12:43

Елбасының қатысуымен  өткен алқалы жиында  «Рухани жаңғыру»  бағдарламасы  бойынша  былтырдан бері атқарылған жұмыстардың қорытындысы  шығарылды, «Жаңа гуманитарлық  білім. Қазақ тіліндегі  100 жаңа оқулық» жобасының жұмыс нәтижесі баяндалды.

«Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаламның шыққанына 1 жыл болды. 1 жылдың ішінде асыққанымыз да жоқ, көштен қалғанымыз да жоқ. Бірте-бірте барлық саласын іске қосып келе жатырмыз. Өзім қадағалап отырмын. Себебі бұл бағдарлама елімізді біріктіріп, түйістіріп барлығын бір салаға салғандай болды. Халқымыз осыны түсінді, білді, бірікті, дұрыс деп санады», - деді Мемлекет басшысы.

Елбасы аударылған  18 кітаппен  жеке танысып шыққанын да жеткізді.

 «Бүгінде «Болашаққа бағдар:Рухани жаңғыру»  бағдарламасының бірнеше тарапын орындап келе жатырмыз. Ол  5 бағыттан  тұрады. Оның ішінде ең маңыздыларының бірі бұрын-соңды болмаған  100 кітапты қазақ  тіліне  аудару болып табылады.  Аударылған кітаптарының барлығы менің үстелімде   бар,  бір  апта бойы оларды парақтап, таныстым. Біз оқыған кезде  қолымызға тимеген құндылық  болып отыр. Президент  болып жүрген кезде сол кітаптармен таныстық. Ағылшын тіліндегі  кітаптарды қазақ балаларына  қолжетімді қылу үшін және  тілді  дамыту  үшін де  кітаптарды қазақ тіліне аудардық», - деді Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы айтқандай, бұл кітаптардың қазақ тілінде  қолданысқа енуі көкжиекті кеңейтуге зор ықпал етеді.

Өз кезегінде Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев  Елбасыға отандық білім мен ғылымға көрсетіп отырған ерекше қамқоры үшін алғыс айтты.

Ұлттық аударма бюросының директоры Рауан Кенжеханұлы «Рауахани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға шын жүректен ниет етіп, атсалысқан жастардың ішінде өзі де бар екенін айтты.

«Ел ішінде үлкен мен кішіге бірдей тартымды, сырттағы мамандар да бірден қолдаған  секем тудырмаған сәтті шешім десек, артық айтқан болмас. Елбасы  тапсырмасын  жүзеге асыру барысында  үкіметтік емес және коммерциялық емес негізде жұмыс істейтін Ұлттық аударма бюросы құрылды. Бүгін аса жауапты, өзік қиындықтары болған жұмыстың алғашқы нәтижесімен таныстыру сәті келді», - деді Р.Кенжеханұлы.

Р.Кенжеханұлы  айтып өткендей,  «қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы  аясында 100 оқулықтың бүгінде   18-і  дайын.

Кітаптар  философия, әлеуметтану, психология, тіл білімі, экономика, менеджмент,  дінтану, антропология, журналистика бағыттары  бойынша аударылған.

«Таңдалған оқулықтарды жинақтап айтсақ, бұл кітаптар әлемнің 42 елінде 34 тілде басылып, жалпы таралымы 47 млн-нан асқан оқулықтар. Мұндай оқулықтарды мемлекеттік бағдарлама аясында аударып, тегін тарату әлемде баламасы жоқ тәжірибе. Бұл деңгейдегі бір оқулықты құрастырып, баспаға дайындау құны 500 мыңнан 3 млн долларға жетеді. Сондықтан да, оқулықтардың бағасы әдетте өте жоғары. Мысалы, біз аударған профессор Грегори Мэнкьюдің «Экономикс» атты оқулығын америкалық студенттер 280 долларға сатып алады. Оның айтуынша, сол себепті, оқулықты өзге тілге аударып басуға авторлар өте қатаң бақылау жасайды», - деді  Р.Кенжеханұлы.

Өз тарапынан  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  Рухани жаңғыру» бойынша кезеңделіп ауқымды істер атқарылып жатқанын атап өтті.

Сонымен қатар, Елбасы Тәуелсіздік жылдарында  3 маңызды жетістікті тілге тек етті.

 «Тәуелсіздіктің 26 жылындағы жетістіктерді айта берсең көп. Дегенмен, бәрі шоғырланып келгенде біз үш нәрсені айта аламыз. Бірінші, Қазақстан әлем қауымдастығының төрінен орын алған ел болды. Бұл қазақ тарихында бірінші рет болып отыр. Қазір Қазақстанды білмейтін ел де, жер де жоқ. Басқа елдермен дәрежесі де, терезесі де тең. Қазақ халқы өз ойымен өз санасымен елордасын тігетін жерді таңдап Астананы тұрғызды. Барлық өткен басшыларымыз, хандарымыз осындай қала салу арманына біз жеттік. Ел шекарасын шегеледік, дәурен салдық, елдің әл-ауқатын көтердік. Ал үшінші ешкімнің ықпалынсыз тәуелсіз, егемен ел ретінде ешкім бізді мәжбүрлемей өз еркімізбен әліпбиімізді, жазуымызды таңдадық», - деді ҚР Президенті.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Рухани жаңғыру  аясындағы бағыттар кезеңдеп жүзеге асырылып келе жатқанын атай келе, маңызды бағыттың бірі латынға көшу екенін ерекше атап өтті.

«Ешкімнің ықпалынсыз тәуелсіз ел ретінде, егемен ел ретінде ешкім бізді мәжбүрлемей өз еркімізбен өз әліпбиімізді, жазуымызды таңдадық. Әр елдің тарихында мұндай мәселе есте қалатын үлкен тарихи оқиға болып табылады. Еліміз көш басында болсын, ана тіліміз кеңейе түссін деп осыны жасадық. Қазір әліпбиді бекіттік, ептеп-ептеп енгізуіміз керек. Мен де отырып алып күнде сол әліпбимен Абайдың сөздерін жазамын. Кішкене әр жерлерде ойланып барып жазссаң, қиын емес. Мектепте әліпбиді солай үйрендік қой. Қазақ тіліне бұл әліпбидің еніп кетуі өте тез болады деп санаймын», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Елбасы  "Туған жер" бағдарламасының маңыздылығы, ол бойынша атқарылған істерді тілге тиек етті. 

«Туған жер» бағдарламасы  әр  қазақстандықтың  патриотизмін, жауапкершілігін    қалыптастыруға  бағытталған бағдарлама.  Отан деген таулардан, сулардан, өсімдіктерден, өзендерден, жәндіктерден  құралады. Бір жерге барсаң, Отан туралы не ойлайсың , Отан анаң туған жерің есіңе түседі. Бір жылда «Туған жер» бағдарламасы аясында  1500 нысан іске қосылды. Ол әлі де жалғасады. Өз жеріне, өз ауылына жақсылық жасайтын азаматтар көп», - деді ол.

Елбасы  Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы  бойынша  400-ден астам нысан  қалпына келтірілгенін айтты. Сондай-ақ, Елбасы  "100 жаңа есім" бойынша 102 тұлға таңдалғанын да атап өтті. Елбасы  осындай жобаны бұрын-соңды неге өткізбедік деген ойға қалған екен. Жанып тұрған жастардың баршылық екенін және оларға қолдау көрсету керектігін Н. Назарбаев атап өтті. 

Нұрсұлтан Назарбаев  "Рухани жаңғыру аясындағы барлық бағдарламалардың маңызды екенін атады.   Алайда,  "100 жаңа оқулық"  жобасын ерекше деп санайтынын жеткізді. 

"Біз ең таңдаулы ұлттардың  800 кітаптан тұратын тізімін жасадық. Қанша ғалымдарымыз, аудармашыларымыз жұмыстанды. Бүгінгі алғашқы зияткерлік транш АҚШ, Ресей, Ұлыбритания  Франция, Швейцария сияқты озық елдердің таңдаулы өнімдері. Оларды қазақ балалары бұрын-соңғы еш уақытта оқымаған. Енді әрбір бала оқитын болады", - деді Елбасы.

Сондай-ақ, Ұлт көшбасшысы жаңа оқулықтар  нағыз энциклопедия екенін айтты. 

«Қазір білім берудің әдіс-тәсілдері ғана емес, мазмұны да аса маңызды. Бұл ретте бағдарлама жалпыұлттық ағартудың бесжылдығын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Осыны ойланайық. Негізі, мұндай біртұтас баағдарлама бүкіл әлемдік тәжірибеде сирек кездеседі. Дамушы елдер үшін теңдесі жоқ мысал деп айтуымызға болады», - деп атап көрсетті Н.Назарбаев.

Айта кетейік,  мамандар  жаңа оқулықтар еліміздегі  гуманитарлық білім  мен ғылымды дамудың жаңа белесіне көтеретінін, сонымен бірге,  жоба аясындағы кешенді жұмыстар қазақстандық  аударма ісінің  дамуы мен  түпнұсқа тілден  қазақ тіліне  тікелей  ғылыми  аударма  мектебінің қалыптасуына  айрықша  ықпал етіп жатқанын айтты.

Тұсаукесерде  жарыққа шыққан  оқулықтардың әрқайсысы  10 мың данамен басылып, алдағы бір айда Қазақстанның  жоғары оқу  бағдарламасына енгізілмек.

Бұл оқулықтар   2018-2019  жаңа оқу жылынан  бастап оқу  бағдарламасына енгізілмек.

Осыған орай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та аталған оқулықтардың қатысы бар пәндерді оқу бағдарламасына енгізуді  тапсырды. Сонымен бірге, оқулықтардың электронды  нұсқалары  мен олардың  негізінде дайындалған  видео лекциялар  топтамасы Қазақстанның  ашық университеті  платформасы  арқылы  еркін таратылады.

Айта кетейік,  мұндай ауқымды ғылыми аударма жобасы Қазақстанда бұрын-соңды іске аспаған. 100 оқулықты аудару аясында Қазақстан әлемдегі алдыңғы қатарлы жоғарғы білім беру орындары, ғылыми орталықтар және оқулық шығаруға маманданған  баспа ұйымдарымен тығыз әріптестік орнатпақ. Кең көлемді аударма жұмысы қазақ тілін халықаралық ғылыми лексикамен байыта түсуге, ғылыми терминалогияны дамытуға, академиялық жазу стилін жетілдіруге, қазіргі ғылыми зерттеу және баяндау әдістерін игеруге зор мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, жоба аясында әлемнің алдыңғы қатарлы  баспалдақтарымен (Sage Publishing, CENGAGE, Cambridge University Press, Pearson, Oxford University Press, Wiley-Blavkwell, Free Press, McGraw-Hill Education, Bloomsbury Academic, Routledge, Phaidon) оқулықтарды  қазақ тіліне аудару туралы  шарттары жасалды.

Кітаптарды аудару белгілі кезеңдермен жүзеге асырылды.  Алғашқы  18 оқулықтың  глоссарилері негізінде 3 мыңнан аса  ғылыми  терминдер мен ұғымдар  жиналды. Олардың үштен бірі  қолданысқа жаңадан енгізілуде.

 

Қорытындысында Елбасы Қазақстан Үкіметі мен Ұлттық аударма бюросына бірқатар нақты тапсырмалар берді.

«Біріншіден, 2018 жылға жоспарланған 30 кітаптың әрі қарай сапалы аударылуын және басылып шығуын қамтамасыз ету керек. Қаржыландыру уақтылы әрі толық бөлінуге тиіс. Келесі жылы аударылады деп жоспарланған оқулықтар өз уақытында іріктеліп, талдаудан өткізілуі керек. Екіншіден, бұл оқулықтарды білім беру үдерісіне тиімді түрде енгізу – маңызды міндеттердің бірі. Осы оқулықтар бойынша оқытылатын пәндер жаңа оқу жылының білім беру бағдарламаларына енгізілуі қажет. Үшіншіден, ғылыми тәжірибеде қолданылатын барлық терминдерді жүйелендіріп, гуманитарлық және экономикалық лексиканың жаңа түсіндірме сөздігін шығаруды тапсырамын», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті уәкілетті мемлекеттік орган мен Қазақстан Үкіметі тарапынан жобаның сапалы жүзеге асырылуына тиісті бақылау жасауды тапсырды.

«Төртіншіден, оқулықтар кәдімгі кітаптар сияқты басылып шығуы керек. Сонымен қатар онлайн білім беру ісін дамыту қажет. Қазір дамыған елдерде виртуалды университеттер бар. «Қазақстанның ашық университеті» жан-жақты қолдау табуы керек. Ашық лекциялар видеотекаларының және солардың негізінде дайындалатын оқулықтардың сапасын қадағалауға ерекше назар аудару қажет. Бесіншіден, «100 жаңа оқулық» жобасы ғылыми аударма мектептерін дамыту ісінде маңызды рөл атқарады. Сондықтан аударма саласында тәжірибенің, білімнің және кәсіби дағдының жүйелі дамуын қамтамасыз ету керек», – деді Мемлекет басшысы.

Аягөз Құрмаш

Фото: Бауыржан Жуасбаев




Яндекс.Метрика