• Басты
  • Учаскелік инспекторлардың жалақысы 30%-ға артады

Учаскелік инспекторлардың жалақысы 30%-ға артады

25 Мамыр, 2021 13:22

ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Баймұқашев учаскелік полиция жұмысының тиімділігін арттыру жоспары, арнайы алгоритмнің енгізілуі, сондай-ақ инспекторлардың жалақысы өсетіні туралы айтып берді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Полиция инспекторының мәртебесін арттыру

Баймұқашевтің айтуынша, Ішкі істер органдарында учаскелік полиция инспекторларының қызметінің маңызы зор. Олар бірнеше функцияны қатар орындайды. Соның ішінде, жол қауіпсіздігі, көші-қон, тұрмыстық зорлық-зомбылық, қоршаған ортаны қорғау және тағы басқа мәселелер бойынша арыз-шағымдармен жұмыс істейді. Сондай-ақ, қылмыстық істерді жүргізіп, әкімшілік хаттамалар толтырады. Бір сөзбен айтқанда, ішкі істер органдарының барлық саласы бойынша жұмыс істейді.

«Полиция инспекторлары бірнеше профилактикалық шараларды іске асырады. Есепте тұрған азаматтар мен пробацияда жүрген тұлғаларға бақылау жасайды. Нашақор және бұрын сотталған азаматтардың тәртібін қадағалайды. Қазір полиция есебінде осындай жүз мыңға жуық азамат бар» , - деді комитет басшысы.

Учаскелік полиция инспекторлары институты – ішкі істер органдары жүйесіндегі ең көпфункционалды институт. Олар азаматтардың құқықтарын қорғау, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық, құқықтық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көші-қон, қоршаған ортаны қорғау, аумақтарды абаттандыру және басқа да мәселелерге қатысады. Сондай-ақ қылмыстың 12 құрамы бойынша, оның ішінде есірткіні заңсыз пайдалану, жануарларға қатыгездік таныту, заңсыз аң аулау және ағаштарды жою бойынша қылмыстық іс жүргізеді. Учаскелік инспекторлар әкімшілік құқық бұзушылықтың 47 құрамын өз бетінше қарайды және жаза қолданады.

«Жалпы, учаскелік полиция - бұл құқық бұзушылықтың алдын алудың жалпы жүйесіндегі негізгі буын. Тек олар ғана тұрақты негізде халықпен жеке байланыста болады, ал кейбір ауылдарда учаскелік полиция қызметкері – құқық қорғау органдарының жалғыз өкілі. Бұл жерде ол заңдылық пен ауыл тұрғындарының тыныштығының кепілі болып табылады, оларды қылмыстық қол сұғушылықтан қорғауды қамтамасыз етеді», - деді Баймұқашев.

Мұрат Баймұқашевтің айтуынша, учаскелік полиция қызметкерінің жұмыс жүктемесін жеңілдеткен жөн. Биыл учаскелік инспекторға полиция атынан жеке және заңды тұлғаларға құқық бұзушылық жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы ұйғарым енгізу және олардың орындалуын талап ету құқығы беріледі.

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс пен ішкі істер органдары туралы заңға енгізілетін түзетулер парламенттің қарауында жатыр. Заң кезекті сессияда қабылдануға тиіс. Әкімшілік бұзушылықтардың 47 құрамы бойынша қолда бар құзыреттерден басқа, тағы бірқатар құрамды дербес қарау құқығын қосымша беру жоспарланған», - деді комитет төрағасы.

Оның айтуынша, бұл тізімде кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуы, темекі өнімдерін тұтынуға тыйым салуды бұзу, әкімшілік қадағалауды бұзу, көлік құралдарының қозғалысына кедергі жасау да бар. Осы қызметтің ажырамас бөлігі ретінде учаскелік инспектордың көмекшісі мәртебесі заңмен бекітілген. Қазір көмекші қылмыстық тергеу бойынша іс жүргізу шешімдерін және әкімшілік материалдар бойынша негізгі шешімдерді қоспағанда, учаскелік полицияның барлық дерлік өкілеттіктеріне ие.

«Заңнамалық түзетулерді қабылдау учаскелік инспекторлар жұмысының тиімділігін едәуір арттыруға, оларды екінші дәрежелі жұмыстан босатуға және бірінші кезекте халықпен жұмыс істеуге мүмкіндік береді», - деді Баймұқашев.

Учаскелік инспекторларға арнайы алгоритм дайындалды

Комитет басшысының айтуынша, сарапшылармен бірге учаскелік инспекторлар мен олардың көмекшілері іс-қимылының арнайы алгоритмі әзірленген. Бұл өз кезегінде өздерінің қызметтік міндеттерін орындау кезіндегі тиісті қадамдарының жиынтығы болып саналады.

«Оларды тәжірибе жүзінде нақты әрі біркелкі орындау құқықтық қателіктерді айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді. Халықаралық тәжірибеде осындай алгоритмдер көбіне «стандартты операциялық рәсімдер» деп аталады», - деді ол.

Оның сөзінше, аталған термин ЕҚЫҰ бағдарламалар кеңсесімен бірлесе енгізіліп жатыр. Алгоритмдерді даярлауға ведомстволық ғылым мен тәжірибелік саладағы 50-ден астам маман қатысқан.

«Заңнаманы жетілдіру үрдісіне қарай алгоритмдер кезең-кезеңімен жаңартылып отырады. Ыңғайлы болуы үшін қазір арнайы мобильді қосымшаны әзірлеп жатырмыз. Қосымша учаскелік инспекторлар мен олардың көмекшілерінің жұмыс планшеттеріне жүктеледі», - деді ол.

Учаскелік инспекторлардың жалақысы өседі

Мұрат Баймұқашевтың мәліметінше, 2019 жылы учаскелік инспекторлардың жалақысы 25 пайызға өскен. Ал, 2022 жылдан бастап учаскелік инспектордың жалақысы тағы 30 пайызға, ал көмекшілерінің жалақысы 7 пайызға артады. Үздік қызметкерлерді іріктеу үшін кандидаттарға қатысты біліктілік талаптары, оның ішінде бос жұмыс орнына орналастыруға қойылатын талаптар күшейтіліп жатыр.

Қазіргі кезде учаскелік инспектордың жалақысы 177-266 мың теңге аралағында. 2019 жылдың шілдесінен учаскелік инспекторға тұрғын үйді жалға алғаны үшін өтемақы төленуде. Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл тізімге учаскелік көмекшілер де енгізілді.

«Ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап олар осы тұрғын үй төлемдерін тұрғын үйді сатып алу үшін – төлемдерді бөліп төлеу немесе ипотекалық кредит беру арқылы пайдалана алады», - деді ол.

Оның айтуынша, учаскелік полиция пункттерін салу жұмыстары да жалғасын табады. Алдағы уақытта жыл сайын 78 учаскелік полиция пункті салынады. Қазіргі таңда осы мәселе бойынша министрлік пен әкімдіктер арасында тиісті меморандумдар рәсімделген.

«Сондай-ақ, учаскелік пунктердің орналасуына да ерекше мән біреледі. Қазіргі кезде тек қалаларда учаскелік жұмыс орындарының 30 пайызы қызмет көрсететін учаскеден алшақ орналасқан», - деді комитет басшысы.

Оның айтуынша, бұл учаскелердің 2 шақырым немесе одан да алыс жерде орналасатыны кездеседі. Осының салдарынан тұрғындар учаскелік инспекторға бара бермейді. Сондықтан учаскелік инспекторлардың орналасу орнын қызмет көрсететін аумаққа барынша жақындату мәселесі қаралып жатыр.

Жалпы, учаскелік полиция инспекторларының жұмысының тиімді болуы үшін ішкі істер министрлігі барлық жағдайды жасауға кіріскен. Сондай-ақ, олардың мәртебесін көтеру жұмыстары әлі де жалғасуда.

Барлық жаңалықтар