• Басты
  • ТЖМ: Өрт қауіпсіздігі, елдімекендердегі өрт сөндіру бекеттері және алдын алу шаралары

ТЖМ: Өрт қауіпсіздігі, елдімекендердегі өрт сөндіру бекеттері және алдын алу шаралары

5 Мамыр, 2021 13:02

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде еліміздегі өрт қауіпті кезеңнің өтуі туралы баспасөз мәжілісі өтті. Жиынға қатысқан ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Комитет төрағасының мәліметінше, жыл сайын елімізде шамамен 4 мың табиғи өрт (орман өрті – 500, дала өрті – 3 500) болады, көбінесе өрттің ауданы 180 мың гектардан асып, залал 200 миллион теңгені құрайды.

Қазгидрометтің болжамына сәйкес, екінші тоқсанда ауа-райы +25ºС-қа, ал оңтүстік өңірлерде +30ºС-қа дейін ыстық күтілуде, ел аумағының басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері нормадан төмен болады, бұл өрт қауіптілігінің деңгейін жоғарылатпақ.

«Заңнамаға сәйкес дала өрттерін сөндіру әкімдіктердің құзыретіне кіреді, ал орман өрттерін жою – жергілікті биліктің және Экология министрлігінің табиғатты қорғау мекемелерінің өзара жауапкершілігі аймағына берілген. Министрлік әкімдіктермен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, алдын алу шараларының жоспарын бекітті», - деді Нұрболат Дербісов.

Оның айтуынша, ведомствоаралық жоспарға сәйкес, профилактикалық сипаттағы іс-шаралар іске асырылып жатыр.

Комитет мәліметінше, өңіраралық сипаттағы орман-дала өрттерін жоюдың үкіметтік жоспарында көзделген күштер мен құралдар қайта қаралып, шамамен 43 мың адамды қамтыған, 9 мыңнан астам техника бірлігі, су ағызу құрылғылары бар 10 тікұшақ және 46 өрт сөндіру пойыз қамтылған.

«Министрлік ірі өрт туындаған жағдайда, жүріп өту мүмкіндігі жоғары және сыйымдылығы үлкен өрт автоцистерналарымен жарақтандырылған табиғи өрттерді 14 тәулікке дейін автономды режимде сөндіруді жүзеге асыруға қабілетті мемлекеттік өртке қарсы қызметтің жиынтық жасақтарын жергілікті жерлерде қосымша құрды», - деді комитет басшысы.

Барлық өңірлерде табиғи өрттерді уақтылы анықтау үшін «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ-мен ғарыштық мониторинг бойынша шарттар жасалған. Сонымен қатар, орман қорын күнделікті патрульдеу және табиғи өрттерді жедел сөндіру үшін ТЖМ және Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің авиациялық техникасын орналастыру жүргізіледі. Бұдан бөлек, ТЖМ сәуір айынан бастап ұлттық парктердің, табиғи қорықтардың, сондай-ақ балаларды сауықтыру лагерлерінің өртке қарсы жағдайы мен дайындығын тексеріп жатыр.

«Шекара маңындағы ынтымақтастық шеңберінде Ресейдің шектес өңірлерінің ТЖМ бөлімшелерімен бірлесіп, 9 тактикалық оқу-жаттығу жоспарланды, онда негізгі тактикалық тәсілмен қатар трансшекаралық өрттерді жою кезінде өрт-құтқару қызметтерінің мемлекеттік шекарадан жеңіл өту тәртібі пысықталатын болады», - деп толықтырды ол.

Сонымен қатар, комитет төрағасы елдің орманды дала алқаптарында профилактика шараларын жүргізу үшін, ТЖМ-мен Мемлекеттік өрт бақылау, Орман шаруашылығы мекемелері және жергілікті полиция қызметі қызметкерлерінен тұратын мобильді топтар құрылғанын атап өтті. Құрылған топтар 1 сәуірден бастап 805 рейд жүргізіп, 286 азаматты жауапкершілікке тартқан.

Сонымен қоса, елдімекендерді қорғау мақсатында, ТЖМ-нің аумақтық бөлімшелерімен олардың өрт қауіпті кезеңге дайындығын тексеру, аумақтарды құрғақ өсімдіктерден тазарту, минералдандырылған жолақтар салу, мемлекеттік өртке қарсы қызметі жоқ елді мекендерде өртке қарсы ерікті құралымдардың және өрт сөндіру бекеттерінің бар-жоғын тексеру үшін бірлескен комиссиялар құрылған. Шамамен 4 мың км минералдандырылған жолақтар құрылылып, 1 362 елді мекен құрғақ өсімдіктерден тазартылған.

«Еліміздің орман-дала алқаптарында өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында белсенді түрде үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. Осылайша, БАҚ-та 1 384 баяндама жасалып, 1 мыңнан астам жиын, 146 дөңгелек үстел өткізіліп, 13,2 мыңнан астам адам қамтылды», - деді ол.

Сонымен бірге, ол қабылданып жатқан шараларға қарамастан, өрт қауіпті кезең басталғаннан бері орман қоры аумағында жалпы ауданы 16,7 мың гектар және дала алқаптарының 445 жануы, шамамен 3 мың гектар болатын 60 өрт тіркелгенін айтып өтті. Елдімекен аумақтарында құрғақ шөптердің өртенуі аса алаңдаушылық туғызады, өйткені оның жалыны тұрғын алқаптарға өтіп кетуі қаупі бар.

Мәселен, 2021 жылғы 26 сәуір мен 3 мамыр аралығында құрғақ шөптің өртенуі тұрғын үйлерге, жазғы сауықтыру лагерлерінің ғимараттарына, саяжай және шаруашылық құрылыстарына таралған 4 жағдай тіркелген.

«Биыл 1-2 мамырда Павлодар қаласында бау-бақша қоғамдарында саяжай қоғамдарының аумақтарында құрғақ шөптің жануының 2 оқиғасы тіркелді. Нәтижесінде 5 саяжай толығымен жойылып, 7 саяжай жартылай зақымдалды. 2 мамырда Солтүстік Қазақстан облысының Желяково ауылында құрғақ шөп өртеніп, кейін жалын жеке тұрғын үй секторындағы 6 үйге таралды, сол күні Қызылжар ауданындағы «Сосновый бор» балалар сауықтыру лагерінің аумағында құрғақ шөп өртеніп, кейіннен жалын демалушылар тұратын корпусқа өтті», - деді ол.

Сонымен бірге, Нұрболат Дербісов орман және дала өрттерінің көп бөлігі 100 км-ден астам радиуста, ТЖМ бөлімшелері жоқ шалғай аумақтарда орын алуда. Осы орайда, еліміз бойынша барлығы 4 мыңнан астам ерікті құрылым құрылды. Өңірлерде әкімдіктер мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ елдімекендерде өрт сөндіру бекеттерін құру бойынша жұмыстарды кезең-кезеңімен жүргізуде.

«Қазіргі уақытта, бір мыңнан астам елді мекенге қызмет көрсететін 409 бекет құрылды. Техникалық қолдау ретінде біз ауыл әкімдіктерінің қарамағына 160 өрт сөндіру автоцистернасын бердік, алайда бұл әлі де жеткіліксіз. Тәжірибе көрсеткендей, табиғи өрттерді сөндірудің тиімді тәсілдерінің бірі авиацияны уақтылы жұмылдыру болып табылады. «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшақтары 36 ірі табиғи өртті жоюға қатысты», - деді комитет төрағасы.

Сондай-ақ, Нұрболат Дербісов елдің орман-дала аймағындағы өрт қауіптілігіне табиғи климаттық жағдайлар мен халықтың өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзуы үлкен әсер ететінін, осы орайда өрттің алдын алу және оны сөндіру бойынша уақтылы шараларды бірлесіп қабылдау керегін тілге тиек етті. Табиғи өрттердің туындау қаупін азайту мақсатында өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау қажеттігін де еске салды.

Қауіпсіздік талаптары:

- жанып тұрған сіріңке мен темекі тұқылын тастауға жол бермеу;

- орман және дала алқаптарында от жағуға жол бермеу;

- шыны ыдыстарды өзіңізбен бірге алып жүру керек, өйткені күн сәулесі әйнектен өтіп, құрғақ шөпті фокустап, өртеп жіберуі мүмкін;

- жанғыш қоқыстарды шығару және елді мекендер аумағын жинау, құрғақ өсімдіктерден тазарту және минералдандырылған жолақтарды қалпына келтіру жөніндегі іс-шараларды жүргізу;

- табиғи өрттер туындаған жағдайда дереу өртке қарсы қызметке 101, 112 телефондары бойынша хабарлау қажет.

«Заңсыз өртеулер, ауыл шаруашылығы алқаптарында құрғақ шөпті бақылаусыз жағу, орылған шөпті жағу және орман және дала алқаптарында өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамағаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 336, 367, 410-баптары бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделгеніне назарларыңызды аударамыз», - деді комитет төрағасы.

Барлық жаңалықтар