• Басты
  • Туризм: Отандық вакцина паспорты жарамды елдер, «Kids go free» жобасы және жолдағы сервистік нысандар

Туризм: Отандық вакцина паспорты жарамды елдер, «Kids go free» жобасы және жолдағы сервистік нысандар

15 Маусым, 2021 09:08

Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте туристік қызмет туралы заңнаманың негізгі өзгерістер, шетелдік турист үшін субсидия беру, «Kids go free» бағдарламасы мен жол бойындағы қызмет көрсету нысандары туралы айтып берді. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Туристік қызмет туралы заңнамадағы негізгі өзгерістер

Дастан Рыспековтің сөзінше, аталмыш заң жобасына ағымдағы жылдың 30 сәуірінде Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне туристік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңға қол қойыл қойды. Бұл Заңмен 20 нормативтік-құқықтық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізілген.

Бұл заң жобасы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 1 қыркүйекте алтыншы шақырылған Парламенттiң төртiншi сессиясының ашылуында берген тапсырмаларын орындау мақсатында әзiрленген болатын. Негізгі мақсаты елдің стратегиялық құжаттарына сәйкес, туристік саладағы мемлекеттік реттеуді жетілдіруге, сондай-ақ ұзақ мерзімді кезеңге арналған Қазақстанның экономикалық даму басымдықтарының бірі ретінде туризм саласын дамыту үшін қажетті құқықтық база құруға бағытталған.

Басым туристік аумақ ұғымын енгізу

Оның айтуынша, басым туристiк аумақ - туристiк картаның республикалық объектiлер тiзiмiне енгiзiлген туристiк дамудың ерекше әлеуетi бар аумақ. Басым туристік аумақ ресурстарды туризмді дамытудың неғұрлым перспективалы нүктелеріне шоғырландыру мақсатында құрылады.

«Бұған дейін салалық мемлекеттік бағдарлама ТОП-10 туристік орынды анықтаған болатын, енді біз оларды заңнамалық түрде бекітеміз. Ал заңға тәуелді актілермен нақты әкімшілік-аумақтық шекаралар айқындалатын болады», - деді ол.

Ол өз сөзінде бұл аумақтарда инвесторлар үшін және қазақстандықтардың ел ішіндегі демалысын ынталандыру үшін ерекше артықшылықтар болатынын айтып өтті.

Әрбір шетелдік турист үшін субсидия

Tуроператорлардың туризм бойынша жұмысын ынталандыру үшін халықаралық тәжірибе негізінде әрбір шетелдік турист үшін туроператорларға 15 000 теңге мөлшерінде субсидия төленеді.

Ұсынылып отырған субсидиялау жүйесі туроператорларда шетелдік туристердің кемінде 5 күн болу мерзімімен пакеттік сатуды (тұратын жері, экскурсиялары, транспорт, тамақтануы) дамытуға ынталандыратын болады.

«Олар туристерден де ақша табады және мемлекеттен субсидия түрінде сыйақы алады. Мысалы, егер туроператор Қазақстанға 1 000 шетелдікті әкелсе, ол мемлекеттен 15 млн теңге алады. Бұл қаражатты олар елімізге турист тарту жөнінде келісім жасасу үшін халықаралық көрмелер ұйымдастыруға, өздері басқа көрмелерге қатысуға пайдалана алады», - деді Рыспеков.

Сондай-ақ, ол өз сөзінде туристік қызмет көрсету кезінде пайдаланылатын көлік құралдарын жаңарту мақсатында туристік мақсаттағы автокөлікті сатып алу бойынша шығындарды өтеу көзделіп отырғанын айтты. Мұндай субсидия елдегі туристік қызметтің сапасын арттыру үшін қолға алынған.

«Өтеу көлемі көлік құнының 25%-ын құрайды. Субсидия 8 жолаушыға арналған микроавтобустар мен автобустар сатып алуға бағытталады. Сол арқылы сервис сапасын арттыру және демалыстың ұйымдастырылған түрін ынталандыру көзделіп отыр», - деді Дастан Рыспеков.

Оның айтуынша, осы көлік құралдарын әдеттегі қалалық және қалааралық маршруттарда пайдаланбас үшін субсидия туристік қызметке маманданған кәсіпкерлік нысандарына ғана қолданылады. Бұл - туроператорлар мен турагенттер, қонақ үйлер, демалыс базалары.

Қазақстанның вакцина паспорты жарамды елдер

Қазіргі таңда көптеген елдер ПТР-тестпен қатар вакцина паспортымен де туристерді қабылдайды. Дастан Рыспековтың айтуынша, Қазақстанның вакцина паспорты үш елге турист ретінде кіруге жарамды.

«Біздің Денсаулық сақтау министрлігі қазіргі кезде басқа елдердің үкіметімен тиісті келіссөз жүргізіп жатыр. Мысалы, бүгінде Моңғолия, Таиланд және Мажарстан туристерді біздің вакцина паспортымен кіргізе береді. Осындай елдердің санын көбейту үшін жұмыс жүргізіліп жатыр», - деді ол.

Сондай-ақ, ол Мальдив аралдарының билігімен де қазақстандық вакцина паспорты бар туристерді қабылдау бойынша келіссөз жүріп жатқандығын айтып өтті.

«Мальдив аралдарының үкіметімен біздің вакцина паспортын қабылдау бойынша мәселелер шешіліп жатыр. Шешілгеннен кейін ПТР-тестісіз-ақ, вакцина паспортымен кіруге мүмкіндік болады», - деді Рыспеков.

«Kids go free» бағдарламасы

Жиында Kazakh Tourism компаниясының басқарма төрағасы Ержан Еркінбаев «Kids go free» бағдарламасының биылғы талаптарына тоқталып өтті. Оның айтуынша, Kazakh Tourism компаниясы «Kids go free» бағдарламасының әкімшісі және операторы болады. Бұл – балалардың ұшу шығынын субсидиялау тетігі.

Оның айтуынша, бұл бағдарлама топ-10 дестинейшнға отбасылық демалысты ұйымдастыру көлемін арттыруға бағытталған. Бағдарлама туристік операторлар арқылы іске асады.

«2-14 жас аралығындағы баласы бар отбасы қазақстандық курорттарға туристік операторлар арқылы билет сатып алған болса, балалардың билет құны кешіріледі», - деді компания басшысы.

Оның сөзінше, мұндай субсидия 2-3 жолдамаға төленбейтінін ескертті. Сондай-ақ, билет құны тек туристік операторлар арқылы демалысқа барған отбасыларға ұсынылмақ.

«Негізгі талап - ұшып келген жерде отбасы 4 түн, 5 күннен кем болмауы керек. Осы арқылы біз Қазақстандағы отбасылық демалысты қолдаймыз. Біздің есебіміз бойынша осының арқасында отбасының жолдама алуға кететін бюджеті 20-30 пайыз үнемделеді», - деді Еркінбаев.

Жол бойындағы сервистік нысандар

Дастан Рыспековтың мәліметінше, мемлекет жол бойында талапқа сай дәретхана ұстайтын кәсіпкерлерге ай сайын 83 мың теңге төлеуді жоспаралап отыр. Ол үшін жол бойында дәретханадан бөлек өзге де сервистік нысандар болуы міндетті.

«Бәріміз жол бойындағы дәретханалардың сапасы сын көтермейтінін көріп жүрміз. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен облыстардың әкімдіктері бірлесіп, 2019 жылы санитариялық-гигиеналық тораптарға түгендеу жүргізді. Әлі де санитариялық торабы бар 962 сервис нысаны қажет екені анықталды», - деді ол.

Оның айтуынша, аталмыш іспен «ҚазАвтоЖол» компаниясы ғана бюджет есебінен айналысып жүргенін ескертті. Соңғы 2 жылда республикалық маңыздағы жолдардың бойына талапқа сай санитарлық тораптар орнатуда. Сондай-ақ, облыстық және аудандық маңызы бар жолдарға, туристер жиналатын негізгі орындардағы жеке тұрған стационарлық үй-жайларға да, өзін-өзі ақтауы төмен жол бойындағы сервис объектілеріне де қатысты болады.

«Бұл қаражат техникалық персоналды ұстауға, сондай - ақ қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға жұмсалатын шығындарды азайтуға мүмкіндік береді», - деп қорытындылады комитет басшысы.

Барлық жаңалықтар