- Басты
- Жаңалықтар
- Цифрлы экономиканы дамытудағы деректерді өңдеудің өзектілігі
Цифрлы экономиканы дамытудағы деректерді өңдеудің өзектілігі
Цифрландыру үрдісінің екпіні өмірдің барлық аспектілеріне, күнделікті қызмет пен тауардың құнына, оның жасалуы мен айырбасына, сонымен қатар біздің қарым-қатынасымызға, жұмысқа, сатып алу мен түрлі қызметтердің формасына әсер ететіні сөзсіз. Осы орайда деректердің тоқтаусыз ағыны мен олардың халықаралық алмасу жылдамдығы мемлекеттердің дамуы үшін маңызды бола түсті. Дегенмен осындайда цифрландыру деңгейіне байланысты елдер және олардың ішіндегі өңірлер арасындағы айтарлықтай айырмашылықтар цифрлық теңсіздік пен алшақтықтың бар екендігін де анықтап береді. Сондықтан цифрлық деректерді аналитикаға айналдыру, кәсіпкерлікке пайдалану, оларды экономикалық және әлеуметтік даму үшін іске асыру мүмкіндігі кейбір елдер үшін шектеулі болып отыр. Сондықтан осы материалда ЮНКТАД ұйымының цифрлық экономика жөніндегі есебі, ЭЫДҰ-ның цифрлық экономика туралы болжамдары, IMD цифрлық бәсекеге қабілеттілік рейтингісінің негізгі қорытындылары мен ұсыныстарына шолу жасадық.

ЮНКТАД ұйымының технологиялар және логистика бөлімі ақпараттық-коммуникация технологияларының (АКТ) және электрондық сауданың жалпы дамуға ықпалының саяси мәселелерін қарастырады. Ондай құжат бұрын "Ақпараттық экономика туралы есеп" деп аталса, ал қазір «цифрлық экономика туралы есеп» деген атпен жарияланады. COVID-19 пандемиясының әсерінен цифрлық трансформация процесі жеделдеп, үкіметтер болып жатқан жаһандық өзгерістерге шұғыл жауап берудің жолдарын қарастырып келеді. Ондағы маңызды мәселенің бірі – көлемі күрт өсіп бара жатқан цифрлық деректерді тиімді басқару және оны әлемнің игілігі үшін пайдалану тетіктерін қарастыру болып отыр. Қазіргідей қарқынмен 2022 жылы бүкіл әлемдегі интернет-трафик көлемі 2016 жылға дейінгі барлық интернет-трафиктен асып түседі деген болжам бар.
«2021 жылғы цифрлық экономика туралы есепте» халықаралық деректер ағындарының мемлекеттердің даму стратегиясына тигізетін әсері егжей-тегжейлі талданған. Бұнда деректерді талдау, жасанды интеллект (AI), блокчейн, заттар интернеті, бұлтты технология және интернет арқылы ұсынылатын барлық қарқынды дамып келе жатқан цифрлық технологиялар негізге алынған. БҰҰ белгілеген тұрақты дамудың барлық мақсаттарына қол жеткізуде деректер ағыны маңызды құрал ретінде қарастырылады және әлем елдері осы салада тиімді саяси шешім қабылдауға тырысады. Ұлттық және халықаралық деңгейде әзірленетін бұндай тәсілдер мен халықаралық деректер ағынын өңдеу жолдары саудаға, инновация мен экономикадағы прогреске ғана емес, цифрландырудан түсетін пайданы бөлуге, адам құқықтарына және ұлттық қауіпсіздікке де тікелей әсер ететіні сөзсіз.
Цифрлық деректерді экономикаға тиімді қатыстыру және одан пайда табу мүмкіндіктері тұрғысынан қос мемлекет жетекші орында келеді, ол – Америка Құрама Штаттары және Қытай. Олардың екеуін қоса алғанда әлемдегі үлкен масштабты деректерді өңдеу орталықтарының жартысы, 5G технологиясын енгізудің ең жоғары қарқыны, соңғы бес жыл ішіндегі AI(жасанды интеллект) саласындағы стартаптарды қаржыландырудың 94% үлесі, дүниежүзі бойынша AI саласындағы жетекші ғалымдардың 70% және ең ірі цифрлық платформалардың нарықтағы капиталының 90% тиесілі болып отыр. Apple, Microsoft, Amazon, Google, Facebook, Tensent және Alibaba сияқты ірі платформалар ғаламдық деректер тізбегіне, соның ішінде түрлі әлеуметтік-медиа желідегі пайдаланушылардың платформасына қызмет көрсету арқылы мәлімет жинауға; суасты кабельдері мен спутниктер арқылы мәлімет беру; деректерді сақтау (деректер орталықтары); сонымен қатар AI арқылы деректерді талдау, өңдеу және пайдалануға көбірек қаражат салуда. Бұл компаниялар деректер саласында үлкен бәсекеге ие, бірақ олар цифрлық платформа деңгейінен әлдеқайда асып кеткен. Қазір бұл компаниялар әлемдік ауқымдағы цифрлық корпорация айналып, үлкен қаржылық, нарықтық және технологиялық қуатқа ие, сондай-ақ өз қолданушыларының үлкен мәліметтер қорын басқарып отыр. Пандемия кезінде цифрландыру процесі жеделдеген сайын олардың көлемі, пайдасы, нарықтағы құны мен үстемдігі де артып кетті. Мысалы, 2019 жылы қазан айы мен 2021 жылғы қаңтар аралығында Нью-Йорк қор биржасының индексі 17% - ға өссе, онда осы жетекші платформалардың акциялары 55% - дан ("Facebook") 144% - ға ("Apple") дейін өсіп кеткен.
Цифрлық деректер экономикасы дамыған сайын, бұрыннан бар цифрлық теңсіздікті күшейтетін келесі бір мәселе туындайды. Бұл жаңа конфигурацияда дамушы елдер өзінің ішкі цифрландыру саласындағы кемшіліктерге байланысты басқа орталықтарға бағынышты болуы әбден мүмкін. Өйткені көптеген деректер мен одан түсетін пайда бірнеше жаһандық цифрлық корпорацияның және деректерді басқаратын басқа да халықаралық кәсіпорындардың қолында шоғырланады. Олар ғаламдық цифрлық платформалар үшін шикі деректерді жеткізушілер болу қаупі бар, ал олардың деректері арқылы алынған сандық интеллект үшін ақы төлеуге тура келеді. Цифрландыру жаһандық аренаға мүмкіндіктер ашып қана қоймай, оның позитивті және негативті ықпалын реттеуге жол ашатын саяси шешімдерді қажет етеді. Цифрлық деректерді халықаралық дәрежеде табысты басқару БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі тұрақты даму мақсаттарының экономикалық, әлеуметтік және экологиялық бағыттарына қажетті шарт болып табылады.
ЭЫДҰ-ның 2020 жылға дейінгі цифрлық экономика туралы болжамында цифрлық экономикадағы өзгерістер, сондай-ақ жаңа мүмкіндіктер мен проблемалар қарастырылған. Онда ЭЫДҰ елдері мен әріптес мемлекеттер өздерінің стратегиялық мақсаттарына қол жеткізу үшін ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АКТ) мен интернеттің артықшылықтарын қалай пайдаланатыны зерделенген. Сонымен қоса цифрлық трансформацияның экономика мен қоғамға қалай әсер ететіні де зерттелген. Цифрлық технология қоғамның барлық аспектілерін – білім беру, денсаулық сақтау және бизнеске цифрлық құралдарды енгізу, жұмыс, қашықтан оқыту және электрондық коммерция сияқты күнделікті өмірдің ең маңызды салаларынан қамтыды. Үкіметтер, кәсіпорындар және зерттеу орталықтары дағдарысқа қарсы әрекет ету үшін жасанды интеллект (AI) әлеуетін, цифрлық деректерге уақтылы, қауіпсіз және сенімді түрде қол жеткізу қажеттілігін түсіне бастады. Жаһандық дерек алмасудағы ынтымақтастық бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Алайда, интернетке сүйенетін бұл іс-шаралар байланыстың сапасына деген сұранысты күшейтті. COVID-19 індеті таралған уақытта қашықтан байланыс, жеке мәліметтердің енгізілуі, электрондық коммерцияның әсерімен киберқылмыстың саны да артты. Соған байланысты ЭЫДҰ елдерінің цифрлық қауіпсіздік агенттіктері жедел әрекет етіп, операторларға, әсіресе денсаулық сақтау саласындағы маңызды қызмет түрлеріне қолдау көрсеткен. Көптеген мекемелер жеке деректерді жинау, өңдеу және бөлісу бойынша нұсқаулықтар дайындады. Пандемияның цифрлық трансформациясын халықаралық қауымдастық ендігі кезеңде нақты қолға алатын сыңайлы. Сондықтан цифрлық экономика құру үшін ең алдымен соған қажетті саяси экожүйе болған жағдайда ғана инклюзивті цифрлық қоғамға жетуге болады.
Интернетті пайдалану ауқымы мен жылдамдығы тез өсіп келеді, бірақ цифрлық теңсіздік бар болғандықтан жеке тұлғалардың, бизнестің арасындағы байланыс мүмкіндіктері мен тиімділігі жағынан айырмашылықтар әлі де көп. Мәселен, 2019 жылы ЭЫДҰ елдерінде ересектердің 70%-дан 95%-ға дейінгі мөлшері интернетті қолданып, оған ең алдымен смартфон арқылы кіргенін айтады. Сондай-ақ, адамдардың интернетте отыратын уақытының ұзақтығы да созылып келеді. ЭЫДҰ-да күнделікті интернетті пайдалану мөлшері 2014-2019 жылдар аралығында орта есеппен 30 минутқа дейін артқан. Алайда, жас тобына немесе білім деңгейіне байланысты оны пайдаланудың әртүрлі мақсаты бар екенін ескеру қажет. Мысалы, 2019 жылы ЭЫДҰ елдерінің 55-74 жас аралығындағы тұрғындарының тек 58%-ы интернетті жиі қолданған, ол көрсеткіш 2010 жылғы 30% болған. Бірақ 16-24 жас аралығындағы күнделікті интернетті қолданушылардың үлесі 95% -дың шамасында. Шағын және орта кәсіпорындарға тоқталсақ, 2019 жылы ірі фирмалардағы экономикалық айналымның 24%-ын электрондық коммерция құраса, ол шағын фирмаларда 10% ғана болды. Үлкен деректер бизнес пен тұтынушылар үшін жаңа мүмкіндіктер туғызады және ол бизнес-модельдің ажырамас бөлігіне айналып отыр. 2017 жылы ЭЫДҰ кәсіпорындарының орта есеппен 12%-ы, ал ірі фирмалардың 33%-ы үлкен деректерге талдау жүргізген екен. Соның ішінде әлеуметтік желілер ЭЫДҰ-да үлкен деректерді талдайтын компаниялардың жартысының негізгі дерек көзі болып отыр. ЭЫДҰ зерттеуінің негізді тұжырымдарына тоқталсақ:
1) Цифрлық трансформацияға үйлестірілген, ұлттық көзқарасты дамыту үшін цифрлық технологиялар саласындағы кешенді саясат болуы тиіс. Ол ақпаратқа қол жеткізу, инновациялар, жұмыс орыны, қоғам, сенім және нарықтың ашықтығы аспектілерін қамтиды.
2) Цифрлық трансформация экономикалық өсім мен адамдардың әл-ауқатына ықпал етуі үшін осы аспектілерде тиімді саясат қажет. Сондай-ақ цифрлық дағдылар, цифрлық үкімет және деректерді басқару сияқты секторлардың арасындағы байланыс та маңызды.
3) COVID-19 дағдарысы цифрлық трансформацияға жан-жақты көзқарас керек екенін көрсетті. Қолданыстағы цифрлық саясатты қайта бағалау, стратегиялық көзқарасты қалыптастыру, цифрлық тенденция мен саясатты бағалау, сондай-ақ жан-жақты басқару жүйесін әзірлеу де қажет болмақ.
Цифрлық үкімет цифрлық трансформация есебінен мемлекеттің көрсететін қызметтерінің тиімділігі мен нәтижелілігін арттыруға септігін тигізеді. Үкіметтер азаматтардың қажеттіліктеріне жауап беру үшін жаңа әдістер мен қызметтерге айтарлықтай қаражат салады. Әкімшілік процестерді жеңілдету, азаматтармен өзара іс-қимылды жеделдету үшін мемлекеттік секторда онлайн платформалар кеңінен құрылып жатыр. ЭЫДҰ-ның цифрлық үкіметін зерттеу нәтижесі елдердің көпшілігінде кеңес беру және шешім қабылдау үшін әртүрлі деңгейдегі цифрлық басқару органдарын құрғанын көрсетеді. Бірақ ЭЫДҰ 31 елінің тек 12-сі ғана өзінің цифрлық үкімет стратегиясында барлық үш саяси тетікті (АКТ саласындағы жобаларды басқару, бизнес-кейстер әдісі және АКТ сатып алу стратегиясын) қолданып отыр.
2021 жылы 29 қыркүйекте жарияланған мәліметтер АҚШ-тың төртінші жыл қатарынан IMD цифрлық бәсекеге қабілеттілік рейтингінде (Imd World Digital Competitiveness Ranking 2021) көш бастап келе жатқанын көрсетеді. Осы уақыт ішінде Қытай 30-дан 15-орынға көтерілді. Цифрлық рейтингтер үкіметтер мен компанияларға өз ресурстарын неге шоғырландыру қажет екенін және цифрлық трансформацияға көшу кезінде әдістер қандай болу керек екенін түсіндіреді. WCC директоры және IMD қаржы профессоры Артуро Брис: «Цифрлық стратегиялардың сәттілігі көбінесе оларды басқаратын қоғамдық және институционалдық көшбасшыларға деген сенімге байланысты» дейді. Дүниежүзілік Банктің мәліметіне сүйенсек, әлемдегі ең ірі екі экономика – 2020 жылы АҚШ-тың ЖІӨ 20,9, ал Қытайдың ЖІӨ 14,7 триллион АҚШ долларын құрады. Қытай мен АҚШ – деректерді импорттаушылар, ал қалған әлем – деректерді экспорттаушы елдер. Аймақтық бәсекелік қабілет тұрғысынан Шығыс Азия ғылыми білім беру, зерттеу, робототехника және жоғары технологиялар экспортына инвестиция салуға келгенде Солтүстік Америка мен Батыс Еуропадан озып кетті. Сонымен қатар, Гонконг 2021 жылы 5-ші орыннан 2-ші орынға көтерілді, оның экономикасы жаратылыстану ғылымы түлектері бойынша әлемде алда келеді. Сонымен қатар онда қауіп-қатерлер мен мүмкіндіктерге тез жауап бере алатын компаниялар шоғырланған.
2020 жыл барлық елдердің алдына денсаулық сақтау инфрақұрылымын жасау және пандемиямен күресу міндетін қойды. Зерттедің нәтижесі болашаққа дайын болған елдер, яғни жеке тұлғалармен етене жұмыс істеп, икемді фирмалармен, IT-технологияларды күнделікті тәжірибесіне енгізе отырып жақсы нәтижелерге қол жеткізген. Сонымен қатар, жетекші экономикалар кәсіби дайындық және білім беру саласындағы жоғары көрсеткіштерімен ерекшеленеді. Сол арқылы алда келе жатқан елдер капиталды жаңа технологияларды үйренуге және дамытуға бағыттай алады. Сандық технологияны қолданудың тез кеңеюі мұқият зерттеуді қажет етеді. Бұл адамдардың технологиямен өзара әрекеттесуіне де байланысты. Қазір жеке және жария деректер, сондай-ақ деректерді пайдаланудың ашықтығы туралы мәселелер жиірек естіледі. Жоғарыдағы зерттеулерді зерделеп қарайтын болсақ, цифрлық трансформация стратегиясын дамыту үшін мемлекеттер:
1. Осы жұмысты тиімді үйлестіретін басқару жүйесін құруы тиіс. Ұлттық цифрлық трансформация стратегиясы, оны үйлестіру және жедел ұйымдастыру органы, оның нақты міндеттері анықталуы қжет. Үкіметті, үкіметтік емес мүдделі тараптарды, халықаралық серіктестерді, барлық қатысушыларды осыған тарту. Қоғамдық институттар, саяси ықпалдастық, әлеуметтік артықшылықтарды ескеру және алдын ала болжамдар жасап отыру қажет.
2. Стратегиялық көзқарасты қалыптастырып, басқа да ұлттық және халықаралық цифрлық стратегиялар мен саяси мақсаттар арасындағы сәйкестікті зерделеу; олқылықтарды, сәйкессіздіктерді анықтау маңызды болмақ.

-
Шетелдік интернет-компаниялардың қызметтеріне «цифрлы салық» салу қалай жүзеге асады
-
Қай қалалардың әуежайында цифрлы жеке куәлікті қолдануға болады
-
Өңірді дамытудың өзектілігі
-
Қазақстанда цифрлық трансформация көшбасшыларын даярлау жоспарлануда
-
Шетелдердегі қазақтармен жұмыстың өзектілігі
-
Жолдау-2021: Экономиканың сапалы өсуін қамтамасыз ету шаралары
-
«Педагогтардың цифрлық құзыреттілігін дамыту» онлайн оқыту курсы басталды
-
«Зерде» холдингі»: Цифрлық трансформация орталығы, штат санының қысқаруы және холдинг кірістері
-
Әйелдердің ауыл мен ауыл шаруашылығын дамытудағы рөлі
-
Аяқ киімді міндетті цифрлық таңбалау 2021 жылғы 1 қарашадан енгізілмек
-
Президент тапсырмасы: Техникалық және кәсіби білім беру мен оқулықтарды цифрлы форматқа көшіру
-
Л.Рамазанова: Жаһандық дағдарысты еңсеруде, экономиканы ілгерлетуде әйелдер маңызды рөл атқарады
-
Мемлекеттік басқаруды дамытудың жаңа тұжырымдамасы: жаңа құндылықтар мен цифрлық сервис
-
Экономиканы дамыту шаралары: Жаңа құрылым енгізу, кәсіпкерлікті дамыту тұжырымдамасы және цифрландыру мәселелері
-
Салық және кедендiк әкiмшiлендiру: Енгізілген цифрлы технологиялар мен заңнаманы жетілдіру шаралары

