• Басты
  • Цифрлы Қазақстан: Пандемия цифрландыру үрдісіне қандай түзетулер енгізді
9 Қазан, 2020 09:33

Цифрлы Қазақстан: Пандемия цифрландыру үрдісіне қандай түзетулер енгізді

Коронавирус індеті басталғаннан бері әр саладағы олқылықтар бетке шықты. Пандемия адамдарға маска таққызғанымен, әр саладағы маскаларды шешіп берді. Пандемия Қазақстанның цифрлы мемлекет болуға дайын еместігін көрсетті. Себебі, білім беру саласынан бастап, әлеуметтік салалардың көп бөлігі онлайн жүйеге көшуге мәжбүр болды. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағарламасы қалай жүзеге асырылып жатыр? Халыққа қызмет көрсету сандық форматқа толық өтті ме? Медицинаны сандық форматқа көшіру процессі тоқтап қалды ма? Осы сұрақтардың жауабын Strategy2050.kz тілшісі дайындаған шолу материалдан оқи аласыздар.


Цифрлы Қазақстан: Пандемия цифрландыру үрдісіне қандай түзетулер енгізді

ХХІ ғасырда өмір сүретін әр адам цифрландыру жүйесіне еніп алған. Қазір шаруаның көп бөлігі смартфонмен-ақ шешіліп жатыр. Ақиық ақын Ыбырай Алтынсарин «Өнер-білім бар жұрттар тастан сарай салғызған, айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» деп бүгінгі цифрландыру үрдісін жырға қосып, армандағандай. Еліміздің жан-жақты дамуы үшін IT саласына басымдық беру керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Цифрлы Қазақстан» туралы айтып өтті. IT алпауыттардың көшіне ілесу үшін қоғамның әр саласына білікті IT мамандар қажет. Қазіргі жастардың жаңа технологиялырға бейімділігі мен қызығушылығы байқалады. Ежелде бала буыны қатып, белі бекісе садақ атып, атқа шауып үйрететін. Қазіргі жаһандану кезеңінде сандық технология тілін жетік меңгеру заман талабы болып отыр. Сондықтан болар, бір жасқа толған балалар интернеттің тілін меңгеріп алады.

 Білім беру саласындағы цифрландыру

Пандемияға дейін Қазақстанның білім беру жүйесіндегі цифрландыру үш негізгі бағыт бойынша жүргізіліп жатқан еді: білім беру үдерісін цифрландыру, цифрлық білім беру контенті, білім беруді басқаруды цифрландыру. Алайда, пандемия бұл бағытқа өзінің түзетулерін енгізді. Цифрлық білім беру контенті 2018-2019 оқу жылының 4-тоқсанында жасала бастады. Қазіргі таңда Қазақстандағы мектеп бағдарламасының 4-тоқсандағы барлық сабағы youtube желісінде бар. Бірақ олар асығыс жасалған. Жазда Білім министрлігінің тікелей бақылауымен 1 тоқсандағы мектеп бағдарламасының видео нұсқасы желіге шығарылды. Қазір мектеп оқушылары қашықтан осы контент арқылы білім алып отыр. 2-3 тоқсанның сабақтары мен үй тапсырмалары әзірленіп жатыр. «Kazbilim» орталығының бұрынғы басшысы, қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласындағы 51 мектеп директоры Аятжан Ахметжанұлының айтуынша, білім беру контентін цифрландыру үшін пандемияны күтпей, бұрыннан бері жасауымыз керек еді. 1-11 сыныптың толық сабағы youtube желісіне енгізілсе, кез келген сабақты бала ашып көре береді. Сабаққа қатыса алмаған оқушы осы сабақтардың арқасында қосымша мұғалім жалдамайды, математика сияқты пәннен бір тақырыпты түсінбей қалып, соның әсерінен кейінгі сабақтарға да ілесе алмай қалу деген проблемадан құтылады. Қазір білім беру контенттері интернет-ресурстарда, атап айтсақ, Bilimland, Kyndelik.kz, Daryn.Online.kz, Online Mektep платформаларында, сонымен қатар телесабақтар «Ел Арна» мен «Балапан» арналарында көрсетіліп жүр. Осылайша, пандемия білім беру контентін цифрландыру бағытының жүзеге асуын тездетті. Білім беру саласындағы цифрландырудағы негізгі мақсат – жаңа заман көшіне ілесу, бәсекеге қабілеттілікті арттыру, оқу-тәрбие процесін тездету мен оңайлату, мұғалімдерге, оқушыларға, ата-аналарға түсетін жүктемені азайту. Қазіргі таңда еліміздің барлық мектептері тұңғыш рет толық онлайн форматқа өтті. Мектептер дәстүрлі білім беру форматына оралғанда, қашықтан білім беру тәжірибесінің қаншалықты тиімді екенін немесе оқу сапасына қалай әсер еткені белгілі болады.

Жоғары білім беретін оқу орындарының басым көпшілігі соңғы бірнеше жылда білім беруде жаңа технологияны қолданып келеді. Олар пандемия басталғанда, дайындықпен онлайн оқуға бет бұрғандай болды. Мәселен, ҚазҰУ, UIB, КИМЭП, ШҚМТУ, СДУ сияқты университеттер үшін бұл формат жаңа емес. Жалпы цифрландыру жүйесін енгізу білім беру сапасын жақсарту, жаңа ақпараттық технологияларды дамыту, заманауи қағаз процестерін жеделдету үшін қажет. Сондай-ақ, білім беру мекемелерінің әкімшілік және басқарушы қызметкерлерінің бақылауы мен басқару үшін қажет.

Бүгін білім беру жүйесінің маңызды бөлігі дамыған цифрлық инфрақұрылым болып отыр. Сондықтан білім беру ұйымдарында ІТ-инфрақұрылымды, цифрлық білім беру ресурстарын, ашық онлайн-курстардың желілері мен платформаларын дамыту, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді автоматтандыру қажет. 

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов білім жүйесін цифрландырудың маңызы туралы жиі айтады.

Цифрландыру мәселесі қазір өте өзекті. Біз биыл бірінші рет цифрлық режимде ҰБТ тапсыруға құжаттарды қабылдадық. Алдыңғы жылмен салыстырғанда құжаттардың саны біраз көбейді. Цифрландыру мәселесі ары қарай да біздің басты назарымызда болады, - деді Аймағамбетов.

 Денсаулық сақтау саласындағы цифрландыру

Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында тұрғылықты мекенжай бойынша емханаға тіркелу немесе қандай да бір дәрігердің қабылдауына жазылуды арнайы қосымша арқылы жасауға болады. Бірақ бұл қосымшаны халықтың аз ғана бөлігі пайдаланады. Көпшілігі бұрынғыдай, «тірі кезекте» сағаттап кезек күту, емхананың телефонына қоңырау шалып, тағы күтуге төзіп жүр. Денсаулық сақтау саласы цифрландыру жүйесіне енсе, осы мәселе шешімін тауып, адамдардың уақыты үнемделеді, жол жүруге қаржы мен уақыт жұмсамайды. Кейбір жеке меншік емханаларға барып, сараптама тапсырған пациенттер сараптама нәтижесін телефонға sms арқылы немесе электронды поштаға алады. Бұл да цифрландыру белгілері. Алайда, сынама нәтижелерін алу үшін емханаға келіп, кезек күтіп тағы уақыты мен денсаулығына ұқыпты қарамайтын адамдар да көп. Цифрландыру бір күнде болатын үдеріс емес екенін ескерсек, бұл заңды құбылыс. Пандемия денсаулық сақтау саласына да өз түзетулерін енгізді. Телефон байланысы немесе бейнеқоңырау арқылы дәрігер мен науқас байланысып, консультацияны онлайн алуға мәжбүр болды. Коронавирустың екінші толқынына дайындық жұмыстары кезінде емханалар арнайы технология, оған қоса бейнекамера, микрофон сияқты жабдықтарды науқастармен онлайн байланыс орнату үшін алды.

Электронды денсаулық сақтау сертификаттарын енгізу, азаматтарға олардың денсаулығы жайлы ақпаратқа интернетте қолжетімді болу үшін түрлі мобильді қосымшалар іске қосылу керектігін соңғы 3 жылда жиі қайталап жүр. Бірақ емханадағы медбикелер қағазбастылықтан толық құтылмағанын емханаға барғанда байқаймыз. Барлық медициналық ұйым қағазсыз жұмыс формасына өту керек. Балалар мен ересектердің денсаулық паспорты қолда емес, электронды жүйеде тіркеледі. Қазақстанда денсаулық сақтау саласын цифрландырудың жол картасы бар. Оның негізгі бағыттары: сауықтыру және алдын алу, сырқаттануды ерте анықтау, медициналық қызмет көрсету, ауруларды басқару және қайта оңалту. Қазіргі таңда еліміздің денсаулық сақтау саласы коронавирус індетімен күреске бар күшін жұмсап жатыр. Цифрландыру өз кезегімен уақыты келгенде енеді деген үміт бар.

 Мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы цифрландыру

Карантин уақытында кез келген ұйым халықты тікелей қабылдай алмайды. Сондықтан, цифрландыру жүйесіне көшуге тура келді. Мәселен, халыққа қызмет көрсету орталығында құжаттарды рәсімдеу әлі де онлайн форматта жүргізіліп жатыр.

Цифрлік технологияға көшу бір-екі жылда ғана орындала салмайтыны әлемдік тәжірибеде дәлелденген. Қазіргі таңда IT саласы дүниежүзінде үлкен сұранысқа ие болуда. Цифрлық бағдарламалар қазір барлық дерлік салада бар. Мемлекеттік қызмет алу да электронды жүйеге ойысқан. Мәселен, отбасы құрамыз деген жастар некеге тұру туралы өтінішті онлайн береді, мемлекеттен жәрдемақы алуға өтініш беру де электронды жүзеге асады. Пандемия мемлекеттік қызмет көрсету саласының цифрлануын тездетті. Мәселен, табысынан айырылған азаматтар ең төменгі жалақы 42500 теңге алуға өтініш беру үшін электронды тасымалдауыштарды, оның ішінде egov.kz порталын, телеграммдағы бот каналды пайдалануды меңгерді. Тіпті банктық операцияларды телефон арқылы төлеуге мүмкіндік беретін мобильді қосымша 42500 теңге алу тетігін сол мезетте шығарды. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов құрылыс саласында, жылу-энергетика кешенінде, коммуналды шаруашылық пен сапа бақылау саласының халыққа көрсететін қызметтері 100% электронды форматқа өтетінін айтқан болатын.

Қала әкімдігі халыққа 160 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетеді. Оның 148-ін электронды форматқа ауыстырдық. 2020 жылдың соңына дейін барлық мемлекеттік қызмет түрі электронды түрде жүргізілетін болады. Бұл ең алдымен жемқорлық әрекеттердің алдын алады. Қоғамдық көлік жұмысы да жаңартылды, төлем тек қолма-қол ақшасыз жүзеге асырылады, автобустар 100% электрондық төлем жүйелерімен жабдықталған. Нәтижесінде биыл 6 миллиард теңгеге дейін қаражаттың ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Инженерлік желілерді және бүкіл қаланы цифрландыру бойынша да көптеген жұмыстар жүргізілуде, - деді Алтай Көлгінов.

Айтпақшы, құрылыс саласында да нормативті құжаттар цифрландыру үрдісіне көшті.

 Ауыл шаруашылығы саласындағы цифрландыру

Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев кешегі Сенат отырысында ауыл шаруашылығын цифрландыруға қатысты депутаттық сауал жолдаған болатын. Егін шаруашылығының жай-күйі туралы объективті деректер алу үшін цифрландыру мүмкіндіктерін пайдалану керек. Менің ойымша, ауыл шаруашылығының цифрландыру мәселесімен Есеп комитеті мұқият айналысуы қажет. Ал мал шаруашылығында адами фактор ықпалын толықтай жоя отырып, жануарларды есепке алу мен ветеринарлық құжаттаманы жүргізудің бүкіл жүйесін цифрлық форматқа көшіру аса маңызды, - деді.

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің пайдаланылуына бақылауды күшейту мақсатында мұндай жерлерге цифрлық мониторинг жүргізуг енгізілгені белгілі. Қазір ғарыштық мониторинг жүргізу де қолға алынған.

Ауыл шаруашылығы минситрі Сапархан Омаров Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп жер учаскелерін беру кезеңдері мен қадамдарын көздейтін жер қатынастарын цифрландыру жұмысы атқарылып жатқанын Үкімет отырысында айтқан болатын.

Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша цифрлық технологиялар енгізілген 49 фермерлік шаруашылық тіркелді. Олардың ішінде, 28 шаруашылық егіншілік бағытта, 21 – сүтті және етті мал өсіруде болған. Цифрландыру элементтерін ауыл шаруашылық саласына енгізу ел экономикасына тиімділігін дәлелдеді. 2020 жылы пандемия салдарынан ауыл шаруашылығына цифрландыру элементтерін енгізу оңайға соқпаған. Сапархан Омаровтың айтуынша, цифрландыру элементтері де мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы тетіктеріне енгізілген.

 «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының нәтижелері

Цифрлы мемлекетке айналу үшін IT саласын дамыту керек. Мемлекет басшысы келесі жыл тиімді цифрландыру аясында өту керектігін айтты. Тоқаев жаңа тәжірибелерді ескере отырып, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын қаражат шығынына жол бермей, қайта қарауды, сондай-ақ денсаулық сақтау, білім беру мен ғылымды түбегейлі реформалауды тапсырды. Демек, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы шыққан 3 жылда ондағы жоспарлар іске аспаған.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Цифрландыру департаменті директорының орынбасары Раушан Шаухина айтуынша, цифрландырудан Қазақстан әлемдік рейтингтерде жоғары орындарға ие.

Мысалы, биыл Біріккен Ұлттар Ұйымының электрондық үкіметтің даму индексі жөніндегі рейтингінде Қазақстан 29-орыннан көрініпті. 2018 жылы 39-орында болған. Осылайша, Қазақстан Азия елдерінің Топ-10 көш­басшыларының қатарына кіріп, Орталық Азияда көшбасшы атанды. Қазірдің өзінде электрондық мемлекеттік қызметтер деңгейі 83,7 пайызға жетті, жыл соңына дейін 90 пайызға қол жеткізу жоспарлануда. Ал халқымыздың цифрлық сауаты өткен жылдың қорытындысы бойынша 82,1пайызды құрады. Бүгінгі таңда халықты кең жолақты интернетпен қамту 98пайызды құрайды, –деді ол.

 Цифрландырудың тоғыз бағыты

 Жалпы, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы 9 негізгі бағыт бойынша жалғасады.

Бірінші бағыт – әлеуметтік қатынастар саласын цифрландыру. Бұған әлеуметтік қорғау, халықты жұмыспен қамту, денсаулық сақтау, білім беру мәселелерін цифрландыру көзделген.

Екінші бағыт – индустрия саласын цифрландыру. Бұл бағытта еңбек өнімділігін арттыратын және капиталдың өсімін жоғарылататын жаңа технологиялар мен мүмкіндіктерді пайдалана отырып, экономиканың дәстүрлі салалары қайта құрылады.

Үшінші бағыт – ауыл шаруашлығын цифрландыру. «AgriTech» – цифрлық технологияларды қолдану, ақылды фермалар элементтерін енгізу, тұқымдық және генетикалық әлеуетті дамыту арқылы ауыл шаруашылығы саласын қайта құру, сондай-ақ қоршаған ортаны және табиғи ресурстарды қорғау саласын цифрландыру бағыты.

Төртінші бағыт – «GovTech» технологиялық платформасын дамыту арқылы халық пен бизнестің сұранысын болжау, сондай-ақ мәліметтерді беру, сақтау және өңдеудің жоғары жылдамдықты әрі қорғалған инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.

Бесінші бағыт «Smart city» – қала ортасының сапасын жақсартуға, теңгерімді қала құрылысына және тұрақты қалалық дамуға бағытталған қайта құру бағыты.

Алтыншы бағыт – ішкі істер органдарын цифрландыру арқылы бұл құрылымның ашықтығын арттырып, цифрлық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету.

Жетінші бағыт «FinTech» – банк және қаржы салаларындағы клиенттермен өзара іс-қимыл жасау үшін инновациялық технологиялар мен цифрлық сервистерді қолдана отырып, қаржылық қызметтер мен электрондық сауданы дамы­ту бағыты.

Сегізінші бағыт – жасанды интеллектіні дамыту. Бүгінде деректердің қарқынды түрде көбейгеніне байланысты оны дәстүрлі аналитикалық құралдармен тиімді пайдалану мүмкін емес. Сол үшін шешім қабылдау мен қызмет көрсетуде жасанды интеллектінің көмегімен жаңа сапалы деңгейге көшу.

Тоғызыншы бағыт – инновациялық экожүйе бойынша технологиялық кәсіпкерлік пен инновацияның дамуына жағдай жасау үшін бизнес, ғылым сала­сы және мемлекет үшеуінің ара­­сында байланыс орнатылады. Мемлекет инновацияларды ге­нерациялауға, бейімдеуге және өндіріске енгізуге қабілетті экожүйенің катализаторы рөлін атқарады.

Цифрландыру министрлігі жоғарыдағы 9 бағыт бойынша 21 міндетті анықтап, 200-ден астам іс-шараны нақтылаған. Алғашқы нәтижелер келер жылдан бастап көрінуі тиіс.

Егер елде сапалы интернет болмаса, цифрландыру туралы әңгіме айтып керек емес. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин интернет желісін дамыту үшін елімізде екі ауқымды жоба іске асырылып жатқанын айтты. Бірінші жоба бойынша мемлекет жекеменшік әріптестігі арқылы 2,4 млн адам тұратын 1260-қа жуық ауылға оптикалық интернет желісі тартылып жатыр. Былтыр 56 ауылға оптикалық желі жеткен болатын, биыл барлығы 944 ауыл қосылады. Бұл жұмысқа 75 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды.

 Екінші жоба – 250 адамнан көп тұрғын бар 928 ауылды 3G және 4G, FWA технологиясы бойынша мобильді интернетке қосу. Оған еліміздегі ұялы операторлар белсене атсалысуда. Жұмысты ойдағыдай аяқтау үшін мобильді операторларға арнайы салық төлемдерін төмендету сияқты жеңілдіктер жасалғанын айта кету керек. Мусиннің дерегінше, Қазақстан халқының 97 пайызы интернетке қол жеткізген. Цифрлы сауаттылық деңгейі 82,1 пайызға тең. Автоматтандырылған мемлекеттік қызметтердің үлесі 83 пайызға жетті.

PS: Цифрландыру – Қазақстанның озық ел атану жолындағы басты құралы. Цифрлық даму министрлігінің 200 іс-шарасының іске асуын мен пандемияның әсерінен цифрландыруды тездеткен салалардағы өзгерістерді алдағы уақытта көреміз.

Барлық жаңалықтар