Цифрландыру: Елімізде IT-индустриясы қалай дамып жатыр

29 Қазан, 2021 14:48

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз қызметінде ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасының бағыттарын баяндап берді. Жоба аясында министр халыққа қызмет көрсету орталығында қандай өзгеріс болатынын, сондай-ақ, еліміздің IT-индустриясы қалай дамитыны туралы айтып берді. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалынан оқи аласыз.

Цифрландыру, ғылым және инновациялар ұлттық жобасы

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мемлекет басшысының жолдауы аясында айтылған тапсырмаға сәйкес, «Цифрландыру, ғалым жәна инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы әзірленіп, бекітілгенін атап өтті. Жобаның негізгі мақсаты- елімізді заманауи мемлекетке айналдыру, цифрлық трансформация арқылы тиімді мемлекеттік басқаруды, сенімді деректер негізінде шешімдер қабылдауды, цифрлық дәуірде инфрақұрылымды тиімді және қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ғылыми үлесін арттыру.

«Ұлттық жоба 10 бағыттан, 226 тапсырмадан, 44 көрсеткіштен және 211 іс-шарадан тұрады. Сондай-ақ, іске асыру уақыты 2025 жылға дейін жоспарланған», -деді ол.

«Цифрлық трансформация» блогы және «Ғылым» блогы

Министрдің мәлімдеуінше, ұлттық жоба екі блокқа бөлінген. Олар «Цифрлық трансформация» және «Ғылым» блогы. «Цифрлық трансформация» блогы мемлекеттік қызметтерді 5 минут ішінде көрсету, IT саласын дамыту, халық үніне құлақ асатын және тиімді мемлекет құру, қолайлы өмір сүруге арналған цифрлық құралдарды қолдану, технологиялық және инновациялық бизнесті дамыту, сапалы интернет пен ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағыттарынан тұрады. Ал, «Ғылым» блогында – ғылымның кадрлық әлеуетін нығайту, ғылыми экожүйенің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, елдің дамуына ғылымның үлесін арттыру яғни ғылым-өндіріс-бизнес ұстанымын қолдану және ғылымды әкімшілендіруді жетілдіру бағыттары бар.

«Ұлттық жобаны іске асыру үшін 2,2 трлн теңге қаражат жұмсалады. Оның ішінде 1,4 трлн теңге мемлекеттік бюджеттен, ал 800 млрд теңге жеке инвестициялар ретінде тартылатын болады. Аталған ұлттық жоба Премьер-Министрдің қаулысымен 12 қазанда қабылданды», -деді Бағдат Мусин.

Халыққа қызмет көрсету орталығын цифрландыру

Ол ұлттық жоба аясында халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысында өзгерістер болатынын мәлімдеді. Соның ішінде, мемлекеттік қызметтерді жылдам және сапалы алу мақсатында бейне-ХҚКО енгізіледі. Яғни, кез-келген азамат белгілі бір жағдайға байланысты цифрлық технологияларды қолдана алмай жатса, ол смартфонға мобильдік ХҚКО қосымшасын жүктеп, бейне-қоңыраумен хабарласу арқылы қызмет ала алатын болады.

«Бүгінгі таңда ХҚКО-дағы операторлар халыққа қызмет көрсетеді. Халық орталыққа келгенде операторлар оларға цифрлық технологияларға бейімдеу бойынша консультация береді», - деді министр.

ІТ-индустрияны дамыту

Сонымен қатар, ол ІТ-индустрияны дамыту үш элементтен тұратынын айтып өтті. Олар адами капиталды дамыту, жобаларды акселерациялау және қажетті қаржыландыруды қамтамасыз ету.

«Егер осы үш блок дұрыс жұмыс істесе, онда Президенттің 2025 жылы экспортты 500 миллион долларға жеткізу туралы тапсырмасы орындалады»,-деді Бағдат Мусин.

Осы орайда, ол Ұлттық жобалар аясында 50 өңірлік оқу орнының IT-факультеттері бейінді IT-университеттерге немесе қалыптасып үлгерген IT-компаниялардың қамқорлығына берілетінін жеткізді.

«Бәріміз жақсы түсініп отырмыз, қазір IT саласы үшін ЖОО-лар даярлайтын мамандардың деңгейі аса жоғары емес. ЖОО-лар сапасы төмен мамандарды беріп отыр. Бұл да біздің ортақ проблемамыз»,-деді министр.

«Виртуалды информатика мұғалімі»

Министрдің айтуынша, кейбір аудан орталықтарында немесе округтерде информатика немесе бағдарламалау мұғалімдері жетіспейді және олардың дайындық сапасы да көңіл көншітпейді. Сондықтан бұл мәселені шешу үшін «Информатика» және «Бағдарламалау» пәндері интернет арқылы оқытуға анағұрлым бейім болғандықтан, Шығыс Қазақстан облысындағы 150 мектепте пилоттық жоба іске асырылып жатырғанын мәлімдеді.

«Бұл тәжірибе еліміздің барлық өңіріне таратылады және барлық балалар тұрғылықты жеріне қарамастан информатика және бағдарламалау бойынша сапалы білім ала алады», - деді Бағдат Мусин.

Алдағы уақытта оқушылар мектепке кітапсыз барады

Ол өз сөзінде, медицина мен білім беру жүйелерінде ауылдық елді-мекендерде қызмет сапасы төмендеу екенін мәлімдеді. Осы орайда, ауылдық жерлердегі сапаны арттыру үшін білікті мұғалімдер мен мамандар қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ, министр алдағы жылдары оқушылар мектепке кітапсыз баратынын айтты.

«Мектептерге цифрлық технологияларды барынша енгізіп, оқушылар кітаптарды өзімен бірге тасып жүрмейтіндей етіп, барлығын цифрлық форматқа көшіру жоспарланып отыр»,-деді Бағдат Мусин.

Барлық жаңалықтар