• Басты
  • Transparency Kazakhstan 2020: Қандай мемлекеттiк мекемелерде жемқорлық фактiсi жиi кездеседi

Transparency Kazakhstan 2020: Қандай мемлекеттiк мекемелерде жемқорлық фактiсi жиi кездеседi

13 Қаңтар, 2021 11:05

Бүгiн Орталық коммуникациялар қызметiнде Transparency Kazakhstan-ның атқарушы директоры Ольга Шиян Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен iске асырылған "2020 жылғы Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық жай-күйiнiң мониторингi" зерттеуiнiң нәтижелерiн жария еттi, деп хабарлады Strategy2050.kz тiлшiсi.

Бұған дейiн мекеме атқарушы директорының мәлiметiнше, Transparency Kazakhstan сарапшылары қалалардың, облыс және аудан орталықтарының деңгейiнде 9 000 респондент арасында сауалнама жүргiзiп, "Ашық диалог" порталына келiп түскен 1 347 шағымды талдаған. Оның дерегiне сәйкес, аталмыш зерттеуге 200-ге жуық далалық әлеуметтанушы мен 12 талдаушы қатысып, өткен жылдың күзiнде республикалық маңызы бар 3 қалада, 14 облыс және 143 аудан орталығында сауалнама жүргiзген.

«Әдiстеме Transparency International-дың екi жаһандық зерттеуiне – тұрғындардың сыбайлас жемқорлық тәжiрибесiн өлшейтiн әлемдiк сыбайлас жемқорлық барометрi мен қоғамдық дискурстағы сыбайлас жемқорлық тақырыбының өзектiлiгiн бағалайтын сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексiне негiзделдi", - дедi Ольга Шиян.

Оның дерегiнше, азаматтардың 37,4 пайызы және кәсiпкерлердiң 45,9 пайызы соңғы жылы олардың елдiмекендерiндегi сыбайлас жемқорлықтың төмендегенiн жеткiзген. Ал, сауалнамаға қатысқандардың 11,3 пайызы мемлекеттiк органдарға жүгiнген кезде тұрмыстық сыбайлас жемқорлыққа тап болған. Бұл көрсеткiш 2019 жылы 13,4 пайызды көрсеткен. Оның сөзiне сенсек, биыл 2 пайызға азайған. Сонымен қоса, ШОБ өкiлдерiнiң 8,2 пайызы мемлекеттiк органдарға жүгiнген кезде мәселенi бейресми жолмен шешу қажеттiлiгiне тап болған, ал өткен жылы 9,2 пайызды құраған.

Бұдан бөлек, мекеменiң атқарушы директоры бизнес-қоғамдастық өкiлдерi пара бермей, өз жұмысын дамытуға болатынын жеткiзген.

«Сұралған кәсiпкерлердiң 80 пайыздан астамы Қазақстанда пара бермей-ақ, тек құқықтық салада жұмыс iстей отырып, өз бизнесiн дамытуға әбден болады деп есептейдi», - дедi ол.

Ольга Шиянның мәлiметiнше, азаматтар мен бизнес-қоғамдастықтардың пiкiрiнше, Президент (70%), Сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл агенттiгi (63% және 65%), Үкiмет (59% және 62%), Мемлекеттiк қызмет iстерi агенттiгi (55% және 59%) және "Nur Otan" партиясы (53% және 55%) барынша сенiмге ие екен.

Сонымен бiрге, сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 60%-дан астамы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте көмек көрсетуге дайын екендiктерiн хабарлаған. Сауалнама нәтижелерi бойынша, адамдар сыбайлас жемқорлыққа жиi тап болатын өңiрлер мен мемлекеттiк органдар, сондай-ақ неғұрлым жемқор мемлекеттiк лауазымдардың тiзбесi, сыбайлас жемқорлық мәмiлелерiнiң себептерi мен мән-жайлары, пара сомалары анықталған.

«Азаматтардың пiкiрiнше, көбiнесе мәселелердi Жамбыл, Атырау, Алматы, Қарағанды, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарында, ал кәсiпкерлердiң пiкiрлерi бойынша Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында, Ақмола, Павлодар, Қызылорда, Қарағанды, Жамбыл, Алматы, Батыс Қазақстан облыстарында бейресми жолмен шешуге тура келген», - дедi ол.

Оның дерегiнше, бейресми өзара әрекеттесудiң жарияланған жағдайларының үштен екiсiн құраған емханалар мен ауруханалар, полиция, салық және өртке қарсы қызметтер, жер қатынастары және қала құрылысы органдары, ХҚКО, мемлекеттiк балабақшалар мен жоғары оқу орындары неғұрлым жемқор мемлекеттiк мекемелер болып белгiленген.

«Азаматтардың ем алу немесе емделуге жолдама алу (12,7%), жұмысқа орналасу (10,1%), баланы балабақшаға орналастыру (6,1%), жер мәселесiн шешу (6,5%), ХҚКО-дан анықтама алу (5,1%), сессияны "жабу" (4,4%), салық есебiн тапсыру (9%), жол берiлген бұзушылықтар бойынша жауапкершiлiктен аулақ болу (8,4%) қажеттiлiгi негiзгi себептер болды», - дедi Ольга Шиян.

Сонымен қоса, ол респонденттердiң сыбайлас жемқорлыққа тартылуына өтiнiштердiң жиiлiгi емес, алушының қызметке қызығушылық дәрежесi әсер ететiнiн атап өттi.

«Респонденттер жағдайлардың жартысында мәселенi бейресми шешудiң бастамашылары мемлекеттiк мекемелердiң қызметкерлерi, ал әр төртiншiде -делдалдар екенiн атап өттi. Бiр жыл iшiнде сыбайлас жемқорлық мәмiлелерiндегi делдалдардың үлесi 6 пайызға өстi, мұны респонденттер карантин кезiнде мемлекеттiк мекемелердiң жеткiлiксiз ақпарат беруiмен байланыстырды», - дедi Ольга Шиян.

Сонымен бiрге, оның мәлiметiнше, сауалнамаға қатысқандардың үштен екiсi, егер қандай да бiр мекеменiң қызметкерi пара алғысы келсе, онда ол әуре-сарсаңға салып, өз өкiлеттiктерiн асыра пайдаланатынын атап өткен. Пара сомасы 1 000 – нан 300 000 теңгеге дейiн.

Барлық жаңалықтар