• Басты
  • Тоқаевтың басты 10 ісі: Президент ұлттық идеологияның жаңа тәсілдерін қалыптастырды
24 Желтоқсан, 2019 17:02

Тоқаевтың басты 10 ісі: Президент ұлттық идеологияның жаңа тәсілдерін қалыптастырды

Белгілі саясаттанушы, Ұлттық сенім кеңесінің мүшесі Ерлан Саиров президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың билік басына келгеннен кейінгі қолға алған шаралары мен реформаларына тоқталып, қызметіне қорытынды жасады, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Тоқаевтың басты 10 ісі: Президент ұлттық идеологияның жаңа тәсілдерін қалыптастырды

Оның айтуынша, мемлекет басшысының бастамасымен Ұлттық сенім кеңесінің құрылуы, митинг туралы жаңа заң жобасының дайындалуы, зорлық-зомбылыққа қарсы заңның күшейтілуі, әлеуметтік мәселелерге баса назар аударылып, оларды шешу үшін жасалған түрлі шаралар Тоқаевтың қызметіне сенім ұялатады.

"Биыл еліміз үшін маңызды бірқатар оқиға орын алды. Алғаш рет отандық саяси тәжірибеде билік транзиті өткізілді. Бұл біздің күн тәртібіндегі басты және жауапты мәселе. Осы кезеңнің қорытындысы ретінде еліміздегі президенттік сайлауда қоғамдық сенім мандатын Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіп алғанын айтуға болады. Осылайша, ол заңды Мемлекет басшысы ғана емес, сонымен қатар халықтың сеніміне ие болды. Сондай-ақ биліктің ауысуы алғашқы тәжірибе болғандықтан, Президент Қ.Тоқаевтың қызметіне жеке назар аударуды  қажет етеді. Бұл - заңдылық, өйткені қазір елдің келесі даму траекториясы қаланатын маңызды тарихи кезең өткеріліп жатыр. Бұл тұрғыдан алғанда Президент Қ. Тоқаев қызметі оптимизм ұялатады", - деді Ерлан Саиров.

Сондай-ақ Ұлттық сенім кеңесінің мүшесі мемлекет басшысының жарты жылдық қызметін түйіндей келе, 10 негізгі атқарған ісіне тоқталды. Оның айтуынша, Тоқаев мемлекеттік бағыттың бірізділігін қамтамасыз етіп, өзінің реформаларымен елдегі наразылықты тоқтатты.

"Біріншіден, президент билік транзитінің бейбіт әрі ешқандай мәселесіз өтуін қамтамасыз етті, бұл - билік транзитінің басты шарты. Ол ағымдағы мемлекеттік бағытты іске асыруды жалғастыруда. Сондай-ақ, ол биліктің сабақтастығын қамтамасыз етіп, қоғаммен диалогқа, пікірлер плюрализміне және көзқарастың әралуандығына негізделген мемлекеттік дамудың жаңа бағытын қалауда. Екіншіден, ол өзінің реформаларымен елдегі наразылықты тоқтатты. Жаңа ішкі саяси парадигмалар жарияланды. Биліктің саяси лексиконы өзгеріп, "плюрализм", "біртіндеп саяси трансформациялау" сияқты ұғымдар енді. Мемлекет интернетті бұғаттау, митингтерді күшпен тарату тәжірибесінен бас тартып, қалаларда санкцияланған митингтер өткізді", - деді Ұлттық сенім кеңесінің мүшесі.

Сондай-ақ ол "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" қағидаты жарияланғанын, бюрократиялық кедергілер жойылып жатқанын, азаматтардың уәкілетті органдарға тікелей сұрақ қою және оларды толғандыратын проблемалардың барлық аспектілері бойынша жылдам жауап алу мүмкіндігі жолға қойылғанын атап өтті.

"Президент Тоқаев әрқашан өзекті оқиғалардың ортасынан табылды. Мәселен, ол оқ-дәрілер қоймасының жарылысы болған Арыс қаласына барды. Әлеуметтік желінің белсенді қолданушысы болып, Мемлекет басшысы елімізде болған қандай да бір өзекті оқиғаларға жедел баға берді. Сонымен қатар, ол резонанстық істер бойынша да пікірін білдіріп отырды. Сондай-ақ, ресми іс-шаралардың форматы өзгеруде, олар неғұрлым жариялы болып келеді. Осының барлығы саяси мәдениет тұрғысынан өте маңызды қадамдар, олар басқару истеблишмент мінез-құлық моделінің жаңа стандарттарын қалыптастырып, билеуші элитаның деңгейін арттырады", - деді Ерлан Саиров.

Бұдан басқа оның айтуынша, елдегі азаматтардың құқығын қорғау шаралары күшейтілді. Атап айтқанда, халыққа Жолдауында Қ.Тоқаев есірткінің заңсыз айналымы, зорлау, адам саудасы, браконьерлік және т.б. қылмыстар үшін жазаны қатаңдатуды талап етті.

"Президент Тоқаев әйелдер мен балаларға қарсы зорлық-зомбылық, мал ұрлығы, есірткі тарату, мас күйде көлік жүргізу, браконьерлік және қорықшылардың өміріне қол сұғушылық үшін қылмыстық жауапкершілікті қатаңдатуға тапсырма берді. Оның талабы бойынша Парламент Мәжілісі осы бағыттарда бірқатар түзетулер енгізді. Бұдан былай бұл қылмыстар аса ауыр болып есептеліп, қатаң және аяусыз жазаланатын болады. Сонымен қатар диалог пен демократияландыру үрдістеріне қарамастан, Президент Қ. Тоқаев мемлекеттік аппараттың басқарылуы мен оның орындаушылық тәртібін сақтап қалды", - деді ол. 

Сонымен қатар ол Тоқаевтың мемлекет басшысы қызметіндегі жарты жылда елдің халықаралық позицияларын нығайтқанын атап өтті. Сондай-ақ оның айтуынша, ол елдің елшілер корпусына кадрлық ротация жасай отырып, сыртқы саяси ведомствоның жұмысын күшейтті.

"Барлық негізгі геосаяси орталықтар Тоқаевтың жеңісін мойындап, елдің тұрақты және орнықты дамуына қызығушылық танытты. Қызметке кіріскен Президент Қ. Тоқаев елдің сыртқы саяси бағытын растады. Жалпы алғанда, ол басқа мемлекет және үкімет басшыларымен, халықаралық ұйымдардың жетекшілерімен, шетелдік саяси қайраткерлермен, бизнес-компаниялар басшыларымен, елшілермен 70-тен астам кездесулер мен келіссөздер өткізді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы елшілер корпусына кадрлық ротация жасай отырып, сыртқы саяси ведомствоның жұмысын күшейтті", - деді Ерлан Саиров.

Бұдан басқа оның айтуынша, Тоқаев халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелерді шешуді қолға алып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бірқатар шара қабылдады.  

"Мәселен, несиелік рақымшылық. Оған іліккендер қатаырнда көп балалы аналар, мүгедек балалары бар отбасылар, жетім балалар, асыраушысынан айырылған отбасылар, барлығы – 500 мыңнан астам адам болды. Екіншіден, Тоқаев "Көкжайлау" жобасымен айналысуға тыйым салды. Осылайша Мемлекет басшысы қоғамдық және қалалық билік арасындағы сегіз жылдық пікірталасқа нүкте қойды. Үшіншіден, келесі жылдан бастап студенттік шәкіртақы, бюджеттегілер – педагогтар, азаматтық қорғау органдары мен құқық қорғау саласы қызметкерлерінің еңбекақысы артуына септігін тигізді", - деп атап өтті саясаттанушы Ерлан Саиров.

Сонымен қатар Ерлан Саировтың айтуы бойынша, Тоқаев қызметке келгелі мемлекетке сенімді арттырды.

"Президент Тоқаевтың қызметіндегі маңызды бағыт мемлекетке деген сенім мен мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру болды. Біріншіден, президенттік сайт негізінде Мемлекет басшысының виртуалды қабылдауы ашылды, Президент Әкімшілігінің құрылымында Мемлекет басшысының көмекшісі басқаратын халықтың өтініштерімен жұмыс жөніндегі бөлім құрылды. Екіншіден, президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеу жұмыстары жүргізілуде. Үшіншіден, квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға мораторий енгізілді, сондай-ақ ұлттық компаниялар санын және имидждік іс-шараларға арналған шығындарды қысқартуға нұсқау берілді. Төртіншіден, әкімдер мен министрлер әлеуметтік желілерге келді, сол арқылы мемлекеттік аппараттың ашықтығы мен қолжетімділік индексі айтарлықтай өсті", - деді ол.

Бұдан басқа саясаттанушының айтуынша, Тоқаев ашық диалог орнатты. 

"Мемлекет басшысы ашық диалог қалыптастырды. Оған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін атауға болады. Аталмыш диалог алаңын құру оның сайлауалды бағдарламасының негізгі тармақтарының бірі болатын. Ұлттық Кеңестің жұмысы саяси, әлеуметтік және экономикалық бағыттар бойынша жүргізіледі. Сонымен қатар ол ұлттық идеологияның жаңа тәсілдерін қалыптастырды. Атап айтқанда, келесі жылы әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Абайдың 175 жылдығы және Алтын Орданың 750 жылдығы мемлекеттік деңгейде өтетін болады. Семей қаласының әуежайына Абайдың аты берілді. Сонымен қатар, Отанға оралған отандастарға қатысты Мемлекет басшысы "оралман" сөзінен бас тартуды тапсырды", - деді Саиров.

Сонымен қатар ол Ұлттық кеңестің жұмысы болашақта да жалғасын тауып, саяси жүйені реформалауға септігін тигізетінін атап өтті.

Назерке Сүйіндік

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды