• Басты
  • Тоқаев Жолдауындағы тапсырмалар: іске асқан реформалар мен бағдарламалар – 2 бөлім

Тоқаев Жолдауындағы тапсырмалар: іске асқан реформалар мен бағдарламалар – 2 бөлім

19 Наурыз, 2021 10:03

ҚР Президенті 2020 жылдың 1-қыркүйегінде Қазақстан халқына Жолдау арнаған болатын. Арада жарты жылға жуық уақыт өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев берген тапсырмалардың орындалу барысы, нәтижелері қалай болды? Strategy 2050.kz тілшісінің шолу материалынан Президент тапсырмаларының іске асуы туралы біліңіз.


Жемқорлықпен күрестің жаңа тәсілін енгізу

Жолдау барысында Президент елдегі жемқорлықпен күрес мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстанда сыбайлас жемқорлықпен күрестің жаңа тәсілдері енгізілуі керек. Мемлекет басшысы пара берушілер мен делдалдардың жауапкершілігін күшейтуді тапсырды. Антикор қызметкерлері бұл тәсіл халықаралық озық тәжірибеге толық сәйкес келетінін айтты.

Лауазымды адамдарды параға сатып алумен әдейі айналысатын, не заңсыз сыйақы беру кезінде делдал болған адамдар, елеулі қылмыстық жауаптылықта болуға тиіс.

Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасы орындалды. Қылмыстық кодекске тиісті түзетулер енгізілді. Мысалы, егер бұрын Қылмыстық кодекстің 367-бабының 2-бөлігінде көзделген «айтарлықтай мөлшерде пара беру» қылмысы үшін ең жоғары санкция 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруды құраса тиісінше, бұл әрекет орташа ауыр қылмыс деп танылды.

Ал қазіргі жаңа редакцияға сәйкес, жазаның жоғарғы шегі 7 жылға дейін ұлғайтылды, бұл автоматты түрде ауыр құқықтық салдары бар санатқа – яғни шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салу және қауіпсіздігі төмен қоныс-колониясында жазаны бірден өтеудің мүмкін еместігі көзделген.

Президент «Қоғамдық бақылау туралы» заңды әзірлеп, қабылдауды тапсырған еді. Қазір бұл Заң әзірленіп жатыр. Арнайы жұмыс тобы құрылып, Заңның жол картасы дайындалды. «Қоғамдық бақылау» туралы заң жобасында алдымен адам мен азаматтың құқығы, заңдылық, қайырымдылық және азаматтардың қоғамдық бақылау жұмысына белсенді, яғни қайтарымсыз қатысу прициптері басты назарда болмақ. Сондай-ақ, ашықтық, сенімділік, объективтілік және тәуелсіз қоғамдық пікір маңызды. Сонымен қатар қоғамдық бақылаудың қолжетімділігі мен ақпараттың ашықтығы назарда болмақ. Заң жобасы 2021 жылдың маусым айына дейін Мемлекет басшысына таныстырылады. Кейін Мәжіліте мақұлданып, Сенаттың қарауына және қабылдауына жіберіледі.

Жаңа ведомстволар құрылды

Тоқаевтың тапсырмасымен, елде жаңа ведомстволар құрылады. Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысына тікелей бағынатын Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігін құруды тапсырды. Сонымен қатар, Тоқаевтың тапсырмасымен Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттік құрылатынын айтқан еді. Көп ұзамай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстанда Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі, сондай-ақ Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі құрылды,

«Президентке тікелей бағынатын Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі бұған дейін жұмыс істеп, жүктелген міндеттерді сәтті орындады, енді ол бүкіл мемлекеттік жоспарлау жүйесінің орталық буынына айналады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Серік Жұманғаринді бәсекелестікті қорғау және дамыту жөніндегі жаңадан құрылған агенттіктің төрағасы етіп тағайындалды. Ал, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы болып Қайрат Келімбетов тағайындалды. 29 қаңтарда Келімбетов басқарған жаңа агенттік 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарын Президентке таныстырды. Ал 26 ақпанда Мемлекет басшысының Жарлығымен еліміздің 2025 жылға дейінгі дамуының Ұлттық жоспары бекітілген болатын. Ұлттық жоспар Қазақстанның 2050 жылға дейінгі ұзақмерзімдік даму стратегиясын және Жалпыұлттық басымдықтарды іске асыру үшін әзірленген Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің бірінші деңгейдегі құжаты болып табылады.

Өңдеуші өндіріс орындарын шикізатпен қамтамасыз ету

Үкіметке 2020 жылдың соңына дейін еліміздің өңдеуші өндіріс орындарын шикізатпен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін реттеу тәсілдерін әзірлеуді тапсырған болатын. Өнеркәсіптің дамуына реттелетін сатып алу жүйесі тікелей әсер етеді. Оның көлемі 15 триллион теңгеге жуық немесе жалпы ішкі өнімнің бестен бір бөлігін құрайды.

«Үкімет пен әкімдердің міндеті – осы әлеуетті барынша пайдалану», - деді.

Ол өңдеу өнеркәсібі өсімін 2025 жылға қарай 1,5 есеге жеткізуді тапсырды. Яғни, жыл сайын салада орта есеппен 10,8% өсім болуы тиіс. 2021 жылы өңдеу өнеркәсібінің нақты көлем индексінің 5,8% өсімі жоспарланған.

Қара металлургияда биыл нақты көлем индексі – 105% деп белгіленген. Оның ішінде ферроқорытпа өндірісі 10,4%, болат өндірісі 17% және прокат өндірісі 19% артады деп жоспарланыпты. Түсті металлургияда 2021 жылға жоспарлы көрсеткіш – 104,5%. Мырыш өндіру көлемі 18,6%, қорғасын 18,8%, мыс концентраты 9%, алюминий 6% ұлғайтылады. Демек, Президенттің бұл тапсырмасы да іске асып жатыр. Осы ретте Алматы облысында Көксай мыс кен орнын игеру жобасы іске асырылады. Қуаты жылына 25 млн тонна болады және қуаты 250 мың тонна бастапқы алюминий болатын Павлодар қаласындағы «Қазақстандық электролиз зауытының» екінші кезегі салынады. Өскемен титан-магний комбинатының жұмысы да жанданбақ. Бұл есепті кешегі Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б. Атамқұлов берген болатын. 

Ауыл шаруашылығы және агроөнеркәсіптік кешеннің дамуы

Президент осы Жолдауда ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құра алмайтынымыз туралы айтқан еді. Осы ретте нақты тапсырмалар да берілді. Жұрттың жерге қол жеткізе алмауы, ұзақ мерзімге берілетін «арзан несиенің» болмауы, кәсіби мамандардың тапшылығын проблема деп атап көрсеткен болатын.

«Өнімділікті арттырып, шикізат өндірумен ғана шектелмеу үшін, сондай-ақ қойма және көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында шұғыл шаралар қабылдау керек. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі жаңа ұлттық жобаны әзірлеуге кірісуді тапсырамын», - деп нақтылады Тоқаев.

Осы Жолдаудан кейін ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі нақты міндеттемелерін Үкімет отырысында айтты. Олар:

-ішкі нарықты 80%-дан астам деңгейде азық-түлік тауарларымен молықтыру;

-1 млн ауыл тұрғындарының табысын тұрақты арттыру;

-еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру;

-өңделген өнім экспортын 2 есеге ұлғайту.

Алдағы үш жылда қуаттылығы 191 мың тонна болатын 11 құс фабрикасы салынады. Сүт өнімдері импортының жалпы көлемі сүт шикізатына қайта есептегенде шамамен 500 мың тоннаны құрайды. Жыл сайын 35 өнеркәсіптік тауарлық сүт фермасын іске қосу жоспарланып отыр. Алма өндіру де жолға қойылып жатыр. Қант тапшылығы 240 мың тоннаны құрайды. Сол үшін Алматы облысындағы қант зауытын жаңғырту, сондай-ақ Жамбыл облысында қуаты 150 мың тонна қант болатын жаңа қант зауытын салу есебінен болжанып отыр.

Президенттің несие беру туралы тапсырмасына орай, алдағы бес жылда 250 млрд теңге сомасына 50 мың шағын несие беру жоспарланып отыр.

Жер сатылмайды

Ауыл шаруашылығын дамыту туралы тапсырамалар беру кезінде Президент жұрттың жерге қол жеткізе алмауын проблема етіп көрсетті. Ақпан айында Тоқаев ресми түрде жердің шетелдіктерге сатылмайтынын және жалға берілмейтінін айтты.

«Мен мынадай нақты шешімдер қабылдадым. Біріншіден, шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырамын. Бұл шетелдіктердің үлесі бар заңды тұлғаларға да қатысты», - деді Қазақстан Президенті.

Ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтары үшін жайылым жерлерін алу Президент тапсырмасымен оңтайландырылмақ.

P.S. Президент берген ең негізгі тапсырмалардың орындалуына шолу жасап көрдік. Үкімет пен салалық министрліктер әр сейсенбіде болатын Үкімет отырысында осы тапсырмалар аясында қандай жоспарлар жасалып, қандай нәтижеге болжам жасалғаны туралы баяндап жүр. Тапсырмалардың біршама бөлігі орындалуда, толығымен іске асқаны да бар, әлі толық нәтижеге жетпеген міндеттемелер де бар.       


Барлық жаңалықтар