• Басты
  • Тоқаев Жолдауындағы тапсырмалар: іске асқан реформалар мен бағдарламалар – 1 бөлім

Тоқаев Жолдауындағы тапсырмалар: іске асқан реформалар мен бағдарламалар – 1 бөлім

18 Наурыз, 2021 16:57

ҚР Президенті 2020 жылдың 1-қыркүйегінде Қазақстан халқына Жолдау арнаған болатын. Арада жарты жылға жуық уақыт өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев берген тапсырмалардың орындалу барысы, нәтижелері қалай болды? Бұл сұрақтың жауабы Strategy 2050.kz тілшісінің шолу материалында.


Жолдауда көрініс тапқан Президенттің басымдықтары мен тапсырмалары Сенат пен Үкіметтің кеңейтілген отырыстарында, Ұлттық Сенім кеңесінің отырысында да айтылып, нақтыланды. Нәтижесінде Үкіметке, әкімдерге қосымша міндеттер жүктелді.

Шенеуніктер санын қысқарту

«Жаңа жағдайдағы қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдаудың басында Президент елдегі мемлекеттік бағдарламалар мен шенеуніктер санына тоқталды. Ол елдің көлемді емес, халық түсінетін ықшам мемлекеттік бағдарламаларға көшу керегін ескертті. Сөйтіп, шенеуніктер санын 25 пайызға қысқартуды тапсырды.

«Мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік секторын қысқарту мерзімін жылдамдатуды тапсырамын. Биыл олардың санын 10 пайызға қысқарту қажет. Келесі жылы тағы 15 пайызға қысқарту керек. Осылайша, шенеуніктерді 25 пайызға қысқарту тапсырмасын 2021 жылы шешіп боламыз. Нәтиже мен цифрландыруға байланысты тағы да қысқарту мәселесін қараймыз», - деді ол.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар Жайылғанова біріншіден тұрақты вакантты лауазымдар қарастырылатынын айтқан болатын. Бүгінде олардың саны 8 мың. Одан бөлек 6 мың мемлекеттік қызметкер жеке секторға немесе басқа да ұйымдарға ауыспақ. Мемлекеттік қызметкерлердің санын қысқартуға Президент 2 жыл уақыт берді. Бұл тапсырма бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанымен, әзірге нақты нәтиже жоқ. 2021 жылдың соңына дейін қызметкерлердің саны 10 пайызға қысқарса, Мемлекет басшысының тапсырмасы іске асқан болмақ. 

Тұрғындарға зейнетақысының бір бөлігін алуға рұқсат ету

Тұрғындар үшін жолдаудағы маңызды тапсырма – зейнетақының бір бөлігін пайдалануға беру. Жыл басталғалы бұл тапсырма іске асып, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы өз жинағының бөлігін үй алу үшін пайдаланды. Халықтың тұрмысын жақсартуды қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуден басталады. 2021 жылдың 25 ақпанында өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында осы тапсырмамның аясында тұрғындар зейнетақы жинақтарының бөлігін пайдаланып, тұрғын үй жағдайларын жақсартқанын айтты.

Сонымен қатар Тоқаев осы реформа тұрғындарға зейнетақы жинағына ақша салуға стимул болғанын айтты.

Ұлттық сенім кеңесінің отырысында ол:

«Былтыр тұрғын үйдің қолжетімділігі 11,2 пайызға өсті. Пайдалануға берілген үйлердің 40 пайызы Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында. Қазір құрылыс компаниялары нарық талаптарына сай баға қоюға мәжбүр. Бағаның тұрақтылығын бақылауды Үкіметке тапсырамын», - деген болатын.

Енді Үкіметтің алдында өзге аймақтардан, әсіресе ауылдық жерлерде тұрғын үй салу мәселесі тұр. Бұл іске бизнес өкілдері араласатын болды.

Ал Президент Жолдауындағы реформа нәтижесінде 28 мыңдай адам тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін зейнетақы жарналарын пайдаланған. 11 мыңнан астамы екінші деңгейлі банктердегі ипотекасының бір бөлігін жапқан. Ал 4 мыңдайы үйді толықтай сатып алған. 

Жауапсыз несие беруді заң жүзінде тоқтату

Себебі Президент жауапсыз несие беруді заң жүзінде тоқтату керек екенін айтты. Оның айтуынша, қаржы секторындағы жағымсыз фактордың бірі тұтынушылық сегмент пен бизнесті несиелеу арасындағы теңгерімсіздік болып отыр.

«Тұтынушыларға тоқтаусыз, кейде жауапсыз несие беруді нормативті түрде тоқтату керек. Бұл әлеуметтік салдарға әкелуі мүмкін», - деді Президент.

Кірісі күн көріс деңгейінен төмен азаматтарға қарыз беруге тиым салынды. Әрбір банк және микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым кредит беру алдында қарыз алушының борыш жүктемесінің коэфицентінің есептеуге міндетті. Яғни, қарыз алушының ай сайынғы төлемі кірісінің жартысынан аспауы керек. 

Берешегі 90 күннен асып кетсе де кепілсіз қарыз алғандарға еш айыппұл салынбайды. Және несие тарихы бүлінбейді.

Қазіргі таңда тұтынушылық кредит бойынша 5,5 млн-ға жуық қазақстандықтың банк алдында қарызы бар.  Бұл тапсырма Ұлттық Банктің орындауында.

Мұғалімдердің жалақысын көбейту

Тоқаев Жолдауда қашықтан білім беру үшін әлі нақты онлайн-платформа жасалмағанын сынады. Мұғалімдер мәселесіне де тоқталып, олардың жалақысы өсетінін айтты.

«Білім саласындағы басты мәселелердің бірі - ұстаздар жалақысының аздығы. 2021 жылдың қаңтарынан бастап мұғалімдердің еңбекақысын 25 пайызға көбейту жөнінде шешім қабылдадым. Жалақы мөлшері алдағы уақытта да арта береді. Бұл мақсатқа алдағы үш жылда қосымша 1,2 триллион теңге бөлінеді», - деді Президент.

Мұғалімдер жалақысы расында 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап 25 пайызға артты. Ұлттық сенім кеңесінің отырысында Президент осы мәселеге тағы тоқталды. Ол педагогика мамандығы бойынша білім алатын студенттердің шәкіртақысы өсетінін де айтты.

ЖОО педагогтерінің жалақысын өсіру

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында жоғары оқу орындарындағы педагогикалық-оқытушылық құрамның жалақысын арттыруға қатысты тапсырма берген болатын.

Нәтижесінде 2020 жылғы қыркүйек айында ЖОО оқытушыларының жалақысы 20%-ға ұлғайтылды.

«Дегенмен, қабылданған шараларға қарамастан жалақы көлемін әлі де арттыру қажет. Бұл ретте, болған жалақының базасының төмен болуына байланысты, тіпті жалақыны 20-40%-ға ұлғайту шаралары да жеткіліксіз болып отыр», - деді БҒМ министрі Аймағамбетов фейсбук парақшасында.

Мәселен, ҚазҰУ-да оқытушының орташа жалақысы 108 мың теңге болса, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде 105 мың теңге, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде – 101 мың теңге, ал Қарағанды индустриалды университетінде 99 мың теңге. Мұндай жалақы мөлшері оқытушыларды аса ынталандыра қоймайтыны анық.

 

Дәрігерлерге төлемақы ретінде 150 миллиард теңге бөлу

Тоқаев пандемия денсаулық сақтау саласының қандай маңызды екенін көрсеткенін айтты.

«Пандемия әкелген дағдарыс көп нәрсені үйретті. Мысалы, дәрігерлер еңбегін бағалау. Себебі бұрын медицина қызметкерлері мемлекеттің назарынан тыс қалған еді. мамандықтың маңызы материалдық көмекпен де анықталу керек", - деді Мемлекет басшысы.

Сондықтан Тоқаев медицина қызметкерлеріне екінші жарты жылдыққа төлемақы ретінде 150 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлуді тапсырды.

Жолдаудан кейін 2021 жылы дәрігерлердің орташа жалақысы шамамен 320 мың теңгені құрады. 2023 жылы 561 мың теңгеге жетеді. Орта медицина мамандарының да айлығы өседі. Денсаулық сақтау министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында осы салаға қатысты бірқатар жоспарлар пысықталды. Денсаулық сақтау министрі Мемлекет басшысының биылдан бастап дәрігерлердің жалақысын кезең-кезеңімен көтеру міндетін қойғанын еске салды. 2023 жылға қарай дәрігерлердің жалақысы экономикадағы орташа жалақыдан екі жарым есе жоғары деңгейге жетеді. Қазіргі уақытта 247 мың медицина қызметкерінің жалақысын көтеруге республикалық бюджеттен қаржы да қарастырылып қойыпты. Цойдың айтуынша, коронавирус инфекциясы кезінде эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған 3 тәуекел тобына 116 млрд теңге көлемінде үстемақы төленді.

Бала таба алмай жүрген отбасыларға көмектесу

Тоқаев бала таба алмай жүрген отбасыларға қалай көмек көрсетілетінін айтты. Ол үкіметке 2021 жылдан бастап "Аңсаған сәби" арнайы бағдарламасын бастауды тапсырды. Бүгінде елімізде 11030 әйел бедеулікпен есепте тұр.

2021 жылдың ақпан айында бағдарлама басталды. Президент тапсырғандай, Қазақстанда ЭКО арқылы ұрықтандыруға 2021 жылы бөлінген квота саны 7000-ға дейін көбейді. Бұл квота беру көрсеткіштерін кеңейтуге, оларды алу кезегінің азаюына мүмкіндік береді. Нұр-Сұлтан қаласында бедеулік бойынша есепте тұрғандар саны – 1331. Биылғы жылы елордаға 486 квота бөлінді. Әзірге 200 квота беріліп, пациенттер дайындалуда. «Аңсаған сәби» жобасы бойынша ЭКО-ға отбасылық жұптар да, жеке адам да қатыса алады. Міндетті түрде үміткердің ерікті жазбаша келісімі болуы керек. Қазақстан азаматы болуы және Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген медициналық параметрлерге (репродуктивті жас – 18-ден 42 жасқа дейін, қалыпты соматикалық және эндокриндік мәртебе, жоғары фолликулярлық резерв) сәйкес келуі қажет. Мамандар мына жағдайларда ғана науқасты экстракорпоральды ұрықтандырудан бас тартуы мүмкін: жатырдың туа біткен немесе жүре біткен ауытқулары, соматикалық және психикалық бұзылулар, аналық без ісіктері, жедел қабыну және кез-келген локализация онкологиясы. 

Президент тапсырмасымен жүзеге асқан бұл бағдарлама қанша анаға қуаныш сыйлағаны туралы есепті жыл соңына қарай білеміз.

(жалғасы бар)


Барлық жаңалықтар