• Басты
  • Тоқаев министрлерді қабылдады: сауда саласы, «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалары туралы есеп берілді
14 Тамыз, 2020 16:33

Тоқаев министрлерді қабылдады: сауда саласы, «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалары туралы есеп берілді

Мемлекет басшысы Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловты қабылдады. Кездесу барысында министрліктегі атқарылған жұмыстар бойынша есеп берілді, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі. 

Тоқаев министрлерді қабылдады: сауда саласы, «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалары туралы есеп берілді

Бақыт Сұлтанов Қасым-Жомарт Тоқаевқа министрлік жұмысының нәтижелері жайында, сондай-ақ, сауда саласының 2025 жылға дейінгі даму мүмкіндіктері мен перспективасы туралы баяндады.

"Мемлекет басшысы министрге сауда саласының сыртқы нарықтарға шығуын қалпына келтіру және оны одан әрі дамыту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді. Президенттің пікірінше, отандық тауар өндірушілердің экспорттық мүмкіндіктерін қолдау, сондай-ақ, техникалық реттеу және тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесі арқылы ішкі нарықты сапалы әрі қауіпсіз өніммен қамтамасыз ету маңызды міндеттердің бірі", делінген хабарламада.

Мемлекет басшысына Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің биылғы 7 айда атқарған жұмысының қорытындысы, сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы туралы есеп берілді.

Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, пандемия салдарынан туындаған дағдарыс жағдайына қарамастан министрлікке қарасты салаларда оң нәтижелерге қол жеткен. Министр бүгінде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 7 миллион шаршы метр тұрғын үй салынып, 61,3 мың отбасының тұрмыстық жағдайы жақсарғанын жеткізді. Сонымен қатар «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша республикалық және жергілікті маңызы бар 9,8 мың шақырым жолдың құрылысы және қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

1568237b130f1bc16af09f71b6ce8327.jpg

Бұдан бөлек жыл соңына дейін Индустрияландыру картасын жүзеге асыру бойынша еліміздің барлық өңірлерінде 160 жобаны іске қосу жоспарланып отыр.

"Кездесу соңында Президент өңдеу өнеркәсібін одан әрі ынталандыруға және ішкі нарықты толық қамту мақсатында өңделген өнімдердің үлесін арттыруға қатысты бірқатар тапсырма берді. Қасым-Жомарт Тоқаев биыл пайдалануға беріледі деп жоспарланған тұрғын үйлерді уақытында табыстаудың маңызды әлеуметтік міндет екенін айтты. Сондай-ақ көлік-транзит инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстарын жалғастыру қажеттігін атап өтті", делінген хабарламада. 

Барлық жаңалықтар