• Басты
  • Тоқаев: Өңірлердегі денсаулық сақтау нысандарының жай-күйі көңіл көншітпейді

Тоқаев: Өңірлердегі денсаулық сақтау нысандарының жай-күйі көңіл көншітпейді

19 Шілде, 2021 16:26

Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен еліміздегі коронавирус індетіне байланысты эпидемиологиялық ахуал жөнінде кеңес өтті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі. 

Президент соңғы кезде коронавирус жұқтырғандардың саны күрт арқанын атап өтті. Мәселен, күн сайын 5 мыңнан астам науқас тіркелуде.

«Бір апта бұрын осы мәселені Үкіметтің кеңейтілген отырысында қарастырдық. Сол кезде Үкімет ахуалды бақылауда ұстап отырмыз деп мәлімдеген болатын. Бірақ, өкінішке қарай, жағдай жақсаратын емес. Керісінше, эпидемиологиялық ахуал нашарлап барады. Әсіресе, елордадағы жағдай өте күрделі», - деді президент.

Өңірлердің басым бөлігі қызыл аймақта. Ауыр және аса ауыр жағдайдағы науқастардың саны күн сайын көбейгенін де еске салып өтті.

«Ең өкініштісі, азаматтарымыздан айырылып жатырмыз. Сондықтан шұғыл түрде іс-шараларды қолдануымыз керек. Тиісті жұмыс жоспарын дайындап, оны міндетті түрде іске асыруымыз қажет», - деді Тоқаев.

Оның сөзінше, мақсат вирустың таралуын тоқтату емес. Әлемдік тәжірибе мұның мүмкін емес екенін көрсетіп отыр. Ең бастысы – аса ауыр науқастардың көбеюін болдырмау, адам өмірін сақтау. Сондықтан, оның бір ғана жолы бар. Бұл – жаппай вакцинация, екпе салу.

«Бірнеше айдың ішінде жаңа инфекциялық ауруханалар салынды, қажетті құрал-жабдық сатып алынды, дәрі-дәрмек қоры жасақталды. Медицина қызметкерлерін де оқыттық. Енді, осының бәрін дұрыс әрі тиімді пайдалану керек. Былтырғы жазда болған жағдайдың қайталануына жол беруге болмайды. Денсаулық сақтау жүйесінің бір қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет. Өкінішке қарай, осы мәселеде олқылықтар бар», - деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің тапсырмасы бойынша өңірдегі денсаулық сақтау нысандары тексерілгенін атап өтті. Оның нәтижесі көңіл көншітпейдтінін, жаңадан салынған модульді жұқпалы аурулар орталықтары ғана стандарттарға сай келетінін еске салды.

Сонымен бірге, мемлекет басшысы ертең бүкіл мұсылман қауымы үшін қасиетті Құрбан айт мерекесі басталатынын атап өтіп, елде күрделі ахуал қалыптасқанын баса айтты.

«Сондықтан біз жұрттың құрбандық шалатын жерлерде жаппай жиналуын болдырмауымыз керек. Жағдайды одан бетер ушықтырып алуымыз мүмкін. Үкімет пен әкімдер осы мәселені ерекше бақылауда ұстауға тиіс. Құрбан айтта инфекциялық қауіпсіздікті барынша қамтамасыз ету қажет», - деді Тоқаев.

Барлық жаңалықтар