- Басты
- Жаңалықтар
- Тоқаев ДДСҰ-ның Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесуспен кездесті
Тоқаев ДДСҰ-ның Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесуспен кездесті
Мемлекет басшысы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесуспен видео конференция режимінде кездесу өткізді, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Кездесу барысында Қазақстан мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы арасындағы, атап айтқанда, коронавирус пандемиясына қарсы іс-қимыл бойынша ынтымақтастықты нығайтудың перспективалары қарастырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен арадағы ықпалдастықтың деңгейін жоғары бағалады. Сондай-ақ Тедрос Адханом Гебрейесустің Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының ашылуында COVID-19 індетіне қарсы вакциналау жөніндегі жаһандық күш-жігерді күшейтуге шақырған сөзін қолдады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Бас директорының айтуынша, қыркүйек айына қарай жер шарындағы халықтың 10 пайызына екпе егіліп, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 30 пайызға жетуі керек.
Президент елімізге нақты көрсеткен қолдауы, яғни пандемияның алғашқы айларында қорғаныш құралдары мен медициналық жабдықтарды жеткізіп бергені үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына ризашылық білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Тедрос Адханом Гебрейесуске Қазақстанда коронавируспен күресу үшін қабылданып жатқан шаралар жөнінде мәлімет берді.
Әңгімелесу барысында COVID-19 індетіне қарсы екпе егу үдерісіне баса мән берілді. Президент Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысына қазақстандық QazVac вакцинасының клиникалық сынамаларының алдын ала нәтижелері туралы айтты. Отандық вакцинаның тиімділік деңгейі 96 пайыз. Қазіргі уақытта салалық органдар отандық вакцинаға келісім алу үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен жұмыс жүргізіп жатыр. Тедрос Адханом Гебрейесус Қасым-Жомарт Тоқаевтың пандемияға қарсы күрестегі еңбегіне жоғары баға берді.
Сонымен қатар ол QazVac екпесінің әзірлемесін қолдайтынын және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы төтенше жағдай кезінде пайдалануға болатын дәрі-дәрмектердің тізіміне қосу мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін айтты.– Бүгінге дейін 2 миллион адамға вакцина салынған екен. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Көптеген ел мұндай деңгейге жеткен жоқ. Халықтың 55 пайызына екпе саламыз деген мақсаттарыңыз қолдауға тұрарлық, – деді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы.

Тараптар алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметінің даму перспективаларын, атап айтқанда, 2018 жылы қабылданған Астана декларациясын ілгерілету мәселесін қозғады. Осы орайда Мемлекет басшысы Қазақстанның бастамасы бойынша әзірленетін Алғашқы медициналық-санитарлық көмек туралы саяси резолюцияны қолдауға шақырды. Аталған құжат 2022 жылы өтетін БҰҰ Бас Ассамблеясының кезекті сессиясында қабылдануы мүмкін. Резолюция жобасында Астана декларациясының міндеттері мен Алғашқы медициналық-санитарлық көмек механизмдері қамтылған.
Қасым-Жомарт Тоқаев Тедрос Адханом Гебрейесусқа «One Health» бағдарламасы аясында дайындалған Орталық Азияның әлеуетін арттыру жөніндегі Қазақстанның пилоттық жобасын ұсынды. Бұл жоба ауру мен биоқауіпсіздікті бақылаудың өңірлік орталығын құруды мақсат етеді.
Тараптар пандемияның сын-қатерлерін еңсеру мақсатында тығыз ынтымақтаса жұмыс істеуді жалғастыруға уағдаласты. Мемлекет басшысы Қазақстанның Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының құндылықтары мен мақсаттарын одан әрі ілгерілетуге әзір екенін нақтылады.
-
Тұңғыш президент күні: Елбасының 10 басты шешімі
-
«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының жүзеге асуы
-
Президент тапсырмасы: Жаңа жылдан бастап кімдердің жалақысы өседі
-
Қазақстанда ревакцинациялау науқаны басталды
-
Билік пен қоғам диалогы: X Азаматтық форум басталды
-
30 жыл: Жаһандық бастамалардың халықаралық қауіпсіздікке қосқан үлесі
-
Италияда пандемияның төртінші толқыны басталды, ЕО Украинаны «жасыл тізімнен» шығарды
-
Ақтөбе облысының дамуы: Мемлекет басшысының тапсырмасы қалай жүзеге асып жатыр
-
Биыл магистратураға түсу үшін құжаттарды қабылдау қашан басталады
-
«Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы: бағыты, мақсаты мен міндеттері
-
Тоқаев: Өңірлердегі ішкі саясат басқармасының жұмысын жандандыру қажет
-
«Ауыл - Ел бесігі» жобасы:Ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту қалай жүзеге асырылады
-
А.Цой: «Салауатты ұлт» жобасы денсаулық сақтау жүйесін реформалауға мүмкіндік береді
-
Тоқаев: ТМД-да COVID-19 вакциналау паспорттарын өзара мойындауды жеделдетуді ұсынамын
-
Қазақстанда цифрлық трансформация көшбасшыларын даярлау жоспарлануда

