• Басты
  • ТКШ: 2607 жаңа басқару нысаны құрылды

ТКШ: 2607 жаңа басқару нысаны құрылды

21 Сәуір, 2021 17:43

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде көп пәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың жаңа нысандарына көшу бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында жүргізіліп жатқан реформа туралы «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Нұрбек Серіков айтып берді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Төраға орынбасары Нұрбек Серіковтің айтуынша, республика бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында 2607 жаңа басқару нысаны құрылған.

Еске салайық, 2020 жылғы қаңтарда Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ҚР заңы күшіне енді. Заңды іске асыру мақсатында 2 қаулы және 16 нормативтік құқықтық акті қабылданған еді.

«Заң негізгі мәселелерді шешуге бағытталған, олардың бірі «бір үй - бір бірлестік - бір есепшот» принципі бойынша «мүлік иелерінің бірлестігі» коммерциялық емес ұйымның жаңа нысанын құру жолымен басқару органдарының қызметін реттеу», - деді басқарма төрағасының орынбасары Нұрбек Серіков.

Сондай-ақ, мүлік иелері бірлестіктерінің басым бөлігі Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында орналасқан. Ал ең төменгі көрсеткіштер – Батыс Қазақстан, Жамбыл және Кызылорда облыстарында байқалып отыр.

zhkh.kz сайты қалай жұмыс істейді

Қазіргі кезде тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық орталығының zhkh.kz сайты іске қосылды. Онда басқарудың жаңа формаларына көшу бойынша барлық ақпараттық материалдар - буклеттер, кітапшалар, парақшалар, инфографикалар, видеолар бар.

«Басқарудың жаңа нысандарын құру бойынша азаматтардан өтініштердің көптігін ескере отырып, Телеграм бот платформасы іске қосылды, сондай-ақ сұрақтарды Suraqtar.kz платформасына жолдауға болады, сондықтан ТКШ қазақстандық орталығы азаматтарға басқарудың жаңа нысандарына көшу бойынша жан-жақты қолдау көрсетеді», - деді АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұрбек Серіков.

Сонымен қатар, тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы мамандарды қайта даярлау және біліктілігін арттыру шеңберінде оқыту бағдарламасы әзірленген. 394 тыңдаушы оқытылған, оның ішінде ЕҰУ базасында - 89 маман, басқа оқу орталықтарында - 305. КПТҮ-нің 178 басқарушысы сертификаттау орталығында біліктіліктерін растады.

«Басқарудың жаңа нысандарын енгізу әрбір көп пәтерлі тұрғын үйдегі пәтер иелерінің, тұрғын емес үй - жайлардың мүдделерін қорғауға, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстау сапасының деңгейін арттыруға мүмкіндік береді, бұл жалпы тұрғын үй қорының сақталуын қамтамасыз етеді», - деп түйіндеді Нұрбек Серіков.

Венера Жоламанқызы

Барлық жаңалықтар