• Басты
  • Өткен жылыту маусымында 34 энергия кәсіпорны әкімшілік жауапкершілікке тартылды
23 Маусым, 2020 12:22

Өткен жылыту маусымында 34 энергия кәсіпорны әкімшілік жауапкершілікке тартылды

2019-2020 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңде Әзірлік паспортын алмаған 34 энергия кәсіпорны әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы бүгін үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев жылыту маусымына дайындық барысы жөніндегі баяндамасында айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі. 

Өткен жылыту маусымында 34 энергия кәсіпорны әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Министрдің айтуынша, жалпы алғанда республикасында жылу беру кезеңі тұрақты режимде өтті. Қысқы жүктеме максимумы 2020 жылдың 9 қаңтарында белгіленген және 15 182 МегоВатты құрады, бұл өткен жылдың деңгейінен 4 пайызға артық.

"226 энергия кәсіпорны немесе кәсіпорындардың 87 пайызы 2019-2020 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңде жұмысқа әзірлік паспортын алды. Әзірлік паспортын алмаған 34 энергия кәсіпорны "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" ҚР Кодексіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мұндай кәсіпорындар үшін жылу беру маусымына дайын болмау салдарынан электр қуатын өшіру қаупі жоғары. Алайда, олар тыйымдардың болмауына байланысты өз қызметін әрі қарай жалғастыруда. Айыппұлдардың мөлшері аз болғандықтан, энергетикалық мекемелері жылу беру маусымына дайын болу үшін паспорт алудан бас тартып отыр. Бұл мәселе тұрақты түрде Министрлікпен көтерілуде, бірақ  қолдау таппады", - деді министр.


Сонымен қатар Нұрлан Ноғаев өткен жылыту кезеңінде электр желілерінде ірі технологиялық бұзушылықтар орын алғанын атап өтті.

"2019 жылы Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесінде 3 996 технологиялық бұзушылық орын алды. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда технологиялық бұзушылықтар саны 34-ке немесе 1,3 пайызға азайды, жылыту кезеңінде 135 немесе 6 пайызға өсті. 2019 жылғы 10 қарашада Нұр-Сұлтан қаласындағы «Астана-РЭК» АҚ электр желілерінде 10 киловольт кабель желісі оқшауламасының зақымдануынан туындаған термиялық доға салдарынан «Левобережная» ҚС қосалқы станциясынан кабель арнасында өрт шықты. Бұл технологиялық бұзушылық 11 көп қабатты тұрғын үй мен Нұр-Сұлтан қаласының сол жағалауындағы 25 әкімшілік ғимараттарының электр энергиясын беруді шектеуге алып келді", - деді ол.


Сонымен қоса министр аймақтарда орын алған техникалық құқық бұзышулықтарға тоқталды.

"2019 жылғы 9 ақпанда Жамбыл облысындағы «KEGOC» АҚ электр желілерінде қолайсыз метеожағдайлар кезінде (желдің жылдамдығы 30 м/сек астам қатты шаңды боран) 500 киловольт «ЮКГРЭС» қосалқы станциясы аймағында 500 киловольт ӘЖ (әуе желілерінде) релелік пен автоматиканы қорғаудан авариялық ажыратуы орын алды. 2020 жылдың 7 сәуірінде Қостанай облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты (қатты боран, желдің екпіні 37 м/с дейін) 500 киловольттық бес желі және 200 киловольтттық үш желі өшірілді. Электр беру желілерінің 28 тірегінің құлауы анықталды", - деді министр.


Сондай-ақ министрдің сөзінше, өткен жылыту кезеңінде жылумен жабдықтау кәсіпорындарының жергілікті атқарушы органдармен бекітілген жылу желілері жұмысының температуралық кестесін сақтамауының 48 жағдайы тіркелген, бұл өткен жылдың деңгейінен 20 пайызға аз.

"Кестені сақтамаудың негізгі себебі жабдықтардың қанағатсыз жағдайы және оның жұмысындағы кемшіліктер (тозу, жабдықтарға техникалық қызмет көрсетудің және жөндеудің нашар ұйымдастырылуы, уақтылы жаңартуы және проблемаларды жою бойынша шараларды қабылдамауы). Өткен жылыту маусымында энергия көздерінде пайдаланылатын отын қорының қажетті көлемі 3 млн. көмір және 120 мың тоннамазут қамтамасыз етілді. Биылғы сәуір-наурыз айларында ауа райының қолайсыздығына байланысты «Богатырь Көмір» ЖШС («Самұрық-Энерго» АҚ) көмір разрезінен электр станцияларына көмір тиеу кідірісі байқалды. Көмірді тиеудегі бұл кідірістер қажетті отын қорының болуына байланысты электр станцияларының тұрақты жұмысына әсер еткен жоқ", - деді ол. 


Бұдан бөлек министр биылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша энергия өндіруші ұйымдардың «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ алдындағы берешегі 6,4 млрд теңгені құрайтынын атап өтті. Сонымен қатар оның сөзіне сүйенсек, энергия өндіруші ұйымдардың «Богатырь-Көмір» ЖШС алдындағы жалпы сомасы 3 млрд. 251 млн. теңгені құрайтын қарызы бар. 

"Бүгінгі күні энергетикалық кәсіпорындармен алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық басталды. Жүйелік оператор бекіткен Бірыңғай электр энергетикалық жүйенің электр станцияларының негізгі жабдықтарын жөндеу кестесіне сәйкес ағымдағы жылы 8 энергоблокты, 59 қазанды, 44 турбинаны жөндеу жоспарланған. Маусым айының басында 3 энергоблокта (барлық энергоблоктың 38%), 5 қазанда (барлық қазанның 9%) және 8 турбинада (барлық турбинаның 18%) жұмыстар аяқталды. Жөндеу жұмыстарының әртүрлі сатыларында 3 энергоблокта, 21 қазан мен 9 турбинада жұмыстар жүргізілуде. Жалпы жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде", - деді Нұрлан Ноғаев.


Сондай-ақ ол Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесінің электр желілерін 2020-2021 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңге дайындау үшін жалпы ұзындығы 25 828 км электр беру желілерін, сондай-ақ 429 бірлік жоғары вольтты қосалқы станцияларды жөндеу жоспарланғанын атап өтті.


"Бүгінгі күні электр желілерінде 1140 км электр беру желілері мен 65 шағын станцияға жөндеу жұмыстары жүргізілді, бұл жылдық жоспардан тиісінше 8% - ды (желілер бойынша) және 15% - ды (шағын станциялар бойынша) құрайды. ЗапКазРЭК аймақтық электржелілік компаниясының алдағы жылыту маусымына дайындығы аса үрей тудырады. Мекеменің қаржыландыру проблемасы Батыс Қазақстан облысының электр желілерінде жөндеу жұмыстарының толық көлемін жүргізуге, жаңғырту және қайта құруға мүмкіндік бермейді. Желілердің тозуы 80%-дан астам. Электр желілерін сенімді басқаруға қабылдаған компания өзіне алған міндеттемелерді іс жүзінде орындамауда", - деді министр. 


Бүгінгі күні оның сөзінше, электр станцияларында отын жинақтау жүріп жатыр. Энергия көздерінің қоймаларында көмір қоры 4,3 млн.тонна көмірді және 109,1 мың тонна мазутты құрайды, бұл жалпы нормативтерге сәйкес келеді.

"Биылғы жылдың 20 тамызына электр станцияларының 6 энергоблокта (барлық энергоблоктардың 75%), 28 қазанда (барлық қазандардың 47%) және 25 турбинасында (барлық турбиналардың 57%) жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ 6200 км электр беру желілерін және 75 қосалқы станцияларын жөндеуді аяқтау жоспарлануда, бұл жыл жоспарына 24 % (желілер бойынша) және 17% (шағын станциялар бойынша) құрайды. Жалпы электр станциялары мен желілерін жоспарланған барлық жөндеуді кестеге сәйкес бекітілген мерзімде аяқтау қажет", - деді ол.    


Бұдан бөлек министр өз баяндамасында елорда мен аймақтардағы негізгі проблемалық мәселелерге тоқталып өтті. 

"Нұр-Сұлтан қ. бойынша 2020 жылғы 5 маусымда Министрлік барлық тараптардың өкілдерінің қатысуымен кезекті кеңес өткізді және нақты ұсыныстар берілді. Қарағанды облысы бойынша «АрселорМиттал Теміртау» АҚ ЖЭО-2-де 6 энергетикалық қазан орнатылған. Жылыту маусымында 5 қазанның жұмысы жасап тұруы қажет, 1 қазан резервте болуы тиіс. Алайда, қанағаттанарлықсыз техникалық жағдайға байланысты жұмыс істейтін қазандардың авариялық істен шығуы орын алады. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ негізгі жабдығының апатты тоқтауы кезінде Теміртау қаласының тұрғындары үшін жылу қуатының тапшылығы және қоршаған ортаның температурасы төмендегенде жылу жүйесін қатыру қаупі туындайды", - деді министр.


"Шығыс Қазақстандағы «Риддер ЖЭО» АҚ №5 турбинасының пайдалану парк ресурсының аяқталуына байланысты бу түріндегі жылу энергиясының тапшылығы қалыптасты. Осыған байланысты, өткен жылыту маусымында станция резервтік қосалқы жабдықты пайдалана отырып жұмыс істеді. Алайда резервтік жабдықты одан әрі пайдалану кезінде авариялық жағдайдың пайда болу тәуекелі бар. Ал Орал ЖЭО-дағы ст. №1 турбинасы 1960 жылдан бастап пайдалануда және 2020 жылғы 1 қаңтарындағы жағдай бойынша нормативтік пайдалану мерзімі 200 000 сағат болғанда 344 234 сағат жұмыс істеді. Қазіргі уақытта турбина қанағаттанғысыз жұмыс істейді. Турбинаның номиналды қуаты 10 МВт болғанда нақты қуаты 3 МВт құрайды", - деді министр. 

Оның сөзінше, коммуналдық - тұрмыстық тұтынушылардың  қарызы бойынша Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау, Атырау, Қызылорда, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Ақмола облыстарында және Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалаларында коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылар, энергия беруші және энергиямен жабдықтаушы ұйымдар қарыздары бар.

Сондай-ақ оның сөзіне сүйенсек, электр энергиясын өндіру және беру жөніндегі қызметтерді жеткізушілер алдындағы көрсетілген қарыз энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдардың жөндеу жұмыстарын уақтылы орындауына кері әсер етеді.

"Ұлт жоспарының 51-қадамында белгіленген міндеттерді іске асыру аясында - 100 нақты қадам иесіз желілерді жоюды көздейді. Жергілікті атқарушы органдардың жол картасы шеңберінде жүргізген жұмыстарының қорытындысы бойынша иесіз электр желілерінің ұзындығы 2020 жылдың қаңтар айына 225 км және 98 трансформаторлық қосалқы станция (ТП) құрады. Жалпы, анықталған иесіз электр желілері электр беруші ұйымдардың балансына 2020 жылдың соңына дейін беріліп болуы тиіс. Жергілікті атқарушы органдар құқық белгілейтін құжаттарды рәсімдей отырып, иесіз электр желілерді анықтау және балансқа қабылдау және осы объектілерді одан әрі энергия беруші ұйымдардың балансына беру жөніндегі жұмысты тездетуі, сонымен қатар коммуналдық электр желілерін энергия беруші ұйымдарға сенімді басқаруға беруді қамтамасыз етуі қажет", - деді ол.


Бұдан басқа ол 2020-2021 жылдардағы күзгі – қысқы кезеңді сенімді өтуі үшін орындалу керек шараларға тоқталды. 

"Электр станцияларында, электр желілерінде барлық жөндеу жұмыстарын орындау, энергия көздері қоймаларында отынның нормативтік жинақталуын қамтамасыз ету, отын жеткізушілердің алдындағы берешектің төмендеуін қамтамасыз ету, коммуналдық қызметтерді тұтынушылардың жеткізушілер алды ндағы дебиторлық берешегін және энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың кредиторлық берешегін төмендету жөнінде шараларын қабылдау, білім беру, денсаулық сақтау, тіршілікті қамтамасыз ету объектілерін, елді мекендердің әлеуметтік және мәдени объектілерін дайындау жөніндегі барлық іс-шараларды орындау, коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылардың қарыздарын азайту жөнінде шараларын қабылдау", - деді. 


Сонымен бірге ол Әдiлет, энергетика, ұлттық экономика министрлiктеріне және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы (келісім бойынша) мүдделi тараптармен бiрлесе отырып, энергетикалық кәсiпорындар жылыту кезеңiне әзірлік паспортын алмаған жағдайында, айыппұлдың көлемін арттыру мәселесiн пысықтау қажет екенін атап өтті. 

Барлық жаңалықтар