• Басты
  • Техникалық және кәсіптік білім алу мүмкіндіктері
25 Маусым, 2020 13:00

Техникалық және кәсіптік білім алу мүмкіндіктері

Елімізде техникалық және кәсіптік білім беретін 821 колледж жұмыс істейді. Онда 500 мыңдай студент білім алады. Қазақстанда слесарь, электрик, техник-механик, жобалаушы, авиация, IT, 3D модельдеу сияқты кәсіптік, техникалық мамандар тапшылығы байқалғандықтан – ҚР БҒМ тиісті мекеме басшыларымен кәсіптік, техникалық мамандықтарға құжат тапсыру және оқу туралы онлайн талқылады, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Техникалық және кәсіптік білім алу мүмкіндіктері

Техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің директоры Мәсімжан Оспанова  кәсіптік білім алуға құжат тапсырудың екі жолы барын айтты. Біріншісі – дәстүрлі жүйеде оқу орнына келіп құжаттарын тапсырса, екіншісі – Egov арқылы оқуға түсуге өтініш беру мүмкіндігі.

«Біз кәсіптік және техникалық білім» мамандықтарына түсудің нақты алгоритімін бекітіп, инфографика жасап, оны өңір-өңірдегі мектептерге, білім басқармаларына тараттық», - деді департамент директоры Мәсімжан Оспанова.

ҚР БҒМ Білімді цифрлық трансформациялау департаментінің директоры Қанат Кенбай колледждерге Egov арқылы қалай өтінім беруге болатыны туралы айтты.

«2020 жылдан бастап министрлік Egov.kz порталы арқылы электронды форматта порталдағы «Білім» айдарында «Колледждер» бөлімін таңдап, «Техникалық және кәсіптік білім үшін құжаттарды қабылдау» атты бөлімге өтіп оқуға құжат тапсыру мүмкіндігін қолға алды. Қазірдің өзінде 140 өтінім қабылданып үлгерді», - деді Қанат Кенбай

Egov өтінімді Білім және ғылым министрлігіне жолдап, өтінімдердің орталықтандырылған қабылдау жүйесіне жолдайды. Өтінімдерді министрлік бақылап отырады.

Техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің директоры Мәсімжан ханым қазіргі таңда кәсіптік және техникалық мамандықтарға қағаз жүзінде тоғыз мың талапкер құжат тапсырғанын жеткізді. Ал электронды үкімет порталы арқылы бар жоғы 140 өтініш түскен.

«Құрметті ата-аналар, талапкерлер мен сізден құжаттарыңызды дәстүрлі түрде қағаз жүзінде емес, электронды портал арқылы тапсыруларыңызды сұраймын. Өйткені қазіргі пандемия жағдайында өз денсаулықтарыңыз бен жақындарыңыздың денсаулықтары үшін үлкен тәуекел. Алғашқы күні портал арқылы құжат тапсыруда техникалық ақаулар болды,. Алайда екінші күні біз барлық кемшіліктерді түзеттік. Өтініш берушілердің шағымдарын жылдам ескеріп жатырмыз. Енді осы мүмкіндікті пайдаланып интернет арқылы колледжге келмей-ақ құжаттарыңызды оқуға тапсыра аласыз», - деді Техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің директоры Мәсімжан Оспанова

Мамандар оқуға тапсырарда міндетті түрде электронды цифрлы қолтаңбаның бар болуы маңызды емес екенін айтады. Бір реттік құпиясөз арқылы да порталға кіріп, өтініш беру мүмкіндігі бар.



Барлық жаңалықтар