• Басты
  • Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және МӘМС жүйесі

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және МӘМС жүйесі

29 Шілде, 2021 15:51

Тегін медициналық көмек бюджет есебінен көрсетіледі және оған тиімділігі дәлелденген профилактикалық, диагностикалық және емдік медициналық қызметтер жатады. Сондай-ақ, Қазақстандағы денсаулық сақтау республикалық және жергілікті бюджет есебінен қаржыландырады. Осы тұста, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасы, сақтандыру үшін төлем және науқас құқығын қорғау туралы толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалынан оқи аласыз.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру

Қазақстанның әр азаматы кепілді көлемдегі тегін медициналық көмек алуға құқылы. Тегін медициналық көмек ҚР азаматтары мен қандастарға беріледі.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды іске асыру басталған болатын. Осы МӘМС жүйесі жарна мөлшеріне қарамастан, барлық сақтандырылған адамдардың қызметтер пакетіне тең қолжетімділігіне негізделген. Осы орайда, МӘМС бойынша көмек алу үшін жүгінген кезде пациент медициналық қызметтердің көлемі мен құнын шектемейді. МӘМС жүйесінің қазақстандық моделі әлеуметтік бағдарланған болып табылады. Яғни, халықтың 15 жеңілдік санатындағы 11 млн-ға жуық азаматқа мемлекет жарна төлейді.

Медициналық қызметтің екі түрі көрсетіледі

1.    Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің жаңа моделі. Бұл – әрбір адам үшін жедел және шұғыл жағдайларда көрсетілетін көмек.

2.    Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) – қоғамда маңызды ауруларды бақылауда ұстайтын, әрбір адамға арналған медициналық көмектің минималды қажетті көлемі.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Болат Төкежановтың дерегінше, өткен жылдың қорытындысы бойынша халықтың 85%-ы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына тіркелген. Нақтырақ айтар болсақ, 15,9 млн адам.

Оның сөзінше, карантин шаралары кезеңіндегі бизнестің төлем қабілетінің төмендігіне қарамастан міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар санын 1 миллион адамға көбейген.

«2020 жылғы қаңтардағы дерек бойынша, 14,9 миллион адам болса, биылғы қаңтардағы мәліметке сүйенсек, 15,9 миллион адамға жеткен», - деді Болат Төкежанов.

Сондай-ақ, ол міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен 3 млн-нан астам қазақстандық тыс қалғанын жеткізді. Алайда, олар кез келген уақытта тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық қызметтерді алуға құқылы екенін айтып өтті.

МӘМС аясында халыққа қандай көмек көрсетілді

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Болат Төкежановтың мәліметінше, есепті кезеңде халыққа амбулаториялық деңгейде 215 млн қызмет көрсетілген. 110 млн-ға жуық қабылдау жүргізіліп, оның 33 млн-ы бейінді мамандар, зертханалық зерттеулер саны - 65 млн, диагностикалық процедуралар -11 млн, оның ішінде 454 мың КТ / МРТ, 2,8 млн УДЗ, 13,5 мың ПЭТ диагностика жүргізілген.

Оның айтуынша, өткен жылы күндiзгi стационарға 1 млн астам емдеуге жатқызылған. Атап айтқанда, МӘМС жүйесiнде - 578 мың, ал 2,7 млн жуық пациент тәулiк бойы жұмыс iстейтiн стационарларда ем алған. Бұл әлеуметтiк мәнi бар ауруларды есепке алмағанда. Ал, шұғыл госпитализация жағдайлары айтарлықтай төмендеген.   Сондай-ақ, медициналық сақтандыру қаражаты есебiнен 10 мыңға жуық жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсетiлген. Әрбiр емделген жағдайдың орташа құны - 3,2 млн теңге. Соның ішінше, мүмкiндiгi шектеулi балалардың санын көбейтуге мүмкiндiк туған.

«Шала туылған нәрестелердiң ретинопатиясын емдеу операциялары бiр жарым есеге, электромагниттiк есту аппаратын имплантациялау саны 1,5 есеге өскен. Осындай бiр араласудың орташа құны орта есеппен 5,5 млн теңгенi құрайды» », - дедi Болат Төкежанов.

Оның дерегінше, медициналық сақтандырудың тағы бiр бастамасы - халық үшiн оңалтудың қолжетiмдiлiгiн арттыру. Егер 2019 жылы медициналық қалпына келтiру iс-шараларын 64 ұйым жүргiзсе, 2020 жылы 559 ұйым ұйымдастырған.

Медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру арқылы қандай нәтижеге қол жеткіземіз

-        жалпы практика дәрігерлерінің учаскелерін біріктіру (2,2 мыңнан 1,7 мың адамға дейін);

-        әлеуметтік маңызды және 25 негізгі созылмалы ауруды (онкология, туберкулез, АИТВ/ЖИТС, диабет, жүрек-қан тамырлары және т. б.)

-        амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету;

-        халықты медициналық көмектің минималды көлемімен толық қамту; халықтың 70 %-ын зардап шегетін негізгі созылмалы жұқпалы емес ауруларға тегін медициналық көмектің толық спектрін көрсету;

-        азаматтардың мемлекет кепілдік берген тегін медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмектерге өз қалталарынан шығатын шығынын азайту;

-        пациенттерді өз денсаулығын өзі бақылауға және денсаулықты басқарудың арнайы бағдарламаларына үйрету;

-        азаматтарды ТМККК және МӘМС бойынша өз құқықтары мен міндеттері жайлы ақпараттандыру.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үшін төлем

Егер МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған жағдайда, жарна төлеуші санатына қарай МӘМС үшін ай сайын төленетін жарна мөлшерін анықтап алған жөн.

- Азаматтардың 15 жеңілдігі бар санаты – жарнаны мемлекет төлейді

- Жалдамалы жұмыскер – жұмыс беруші бухгалтериясы жалақының 2%-ы мөлшерінде және жалақы қорынан 2% мөлшерінде төлем жасайды.

- Жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалығы иелері, жеке практикамен айналысатын тұлғалар – 1,4 ең төменгі жалақының 5%-ы мөлшерінде (ЕТЖ 2021 жылы да 42 500 теңгені құрайды, сондықтан төлем мөлшері бұрынғыдай – 2975 теңге).

- Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар (жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, жалдамалы жұмыскерлері жоқ, қызмет көрсететін тұлғалар) / бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер – 1 АЕК (01.01.2021 ж. 2917 теңге) республикалық және облыстық маңызы бар қалалар үшін; басқа елді мекендер үшін – 0,5 АЕК (01.01.2021 ж. 1458,5 теңге).

- Дербес төлеушілер –1 ЕТЖ-ның 5%-ы мөлшерінде (ең төменгі жалақы өзгермегендіктен, 2021 жылы да 2125 теңге).

- Азаматтық-құқықтық негізде шарт бойынша жұмыс істейтін тұлғалар – табысының 2%-ы мөлшерінде, ең жоғарғы төлем 8500 теңге (яғни 10 ЕТЖ-ның 2%-ы, 425 000 х 2% = 8 500).

Төлемді қайдан жасауға болады

- екінші деңгейлі банктер және олардың интернет-сервистері арқылы;

- Kaspi.kz мобильді қосымшасы арқылы;

- «Казпочта» АҚ бөлімшелері арқылы;

- төлем қабылдау терминалдары (Qiwi, Kassa24 және т.б.) арқылы;

- медицина ұйымдарындағы төлем қабылдау терминалдары арқылы жарна төлеп, МӘМС жүйесінде сақтандырыла аласыз.

Науқас өз құқығын қалай қорғай алады

Айта кетейік, қордың басты міндеттерінің бірі - науқас құқығын қорғау. Сондықтан қор мамандары медициналық көмектің сапасын бақылап, оны көрсетуден бас тартудың себептерін тексереді.

Сонымен қатар, азаматтар медициналық ұйымдарда қызмет алу кезінде қиындықтарға тап болғанда, көбінесе өз құқықтарын қорғау үшін қайда бару керектігін білмейді. Сондықтан өз құқығын қорғау үшін бірнеше әдіс түрлерін ұсынамыз.

Науқастарды қолдау қызметі

Уақыт жоғалтпай медициналық қызмет көрсетуді бақылау және жағдайды сол жерде шешу үшін арнайы құрылған науқастарды қолдау қызметіне хабарласу қажет. Бұл қызмет барлық медициналық ұйымдарда жұмыс істейді

Әр емханада бұл қызмет:

- медициналық көмектің ішкі бақылауын жүргізеді;

- медициналық қызмет көрсету кезіндегі бұзушылықтарды анықтайды;

- өтініштер мен шағымдарды қарау мәселелерімен айналысады;

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының байланыс орталығына хабарласу

Барлық медициналық ұйымдар денсаулық сақтау басқармасына бағынады, сондықтан тікелей басқарма байланыс орталығына хабарласу арқылы мәселені шешуге болады.

«Qoldau 24/7» мобильді қосымшасы

«Qoldau 24/7» қосымшасына байланысқаннан кейін әлеуметтік сақтандыру Қорының мамандары:

- медициналық ұйымға хабарласады;

- ақпаратты анықтайды;

- медициналық көмек көрсетуден бас тарту себептерін тексереді;

Telegram-дағы «SaqtandyryBot»

Telegram-нан «SaqtandyryBot» арқылы бас мәзірден «1406 нөміріне өтініш жіберу» пәрменін таңдау қажет.

1406 бірыңғай байланыс орталығы

- тәулік бойы қоңырауларды қабылдайды;

- сұрақтарды өңдеу үшін арнайы құрылған үш деңгейлі модель бойынша өтініштерді қарастырады;

Бірінші деңгей - кеңес беру сипатындағы сұрақтар

Екінші және үшінші деңгей - егжей-тегжейлі зерттеуді қажет ететін өтініштер

Қор мамандары медициналық ұйымға хабарласады, түскен ақпаратты анықтап, медициналық көмек көрсетуден бас тарту себептерін тексереді.

2021 жылға қойылған мiндеттер

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Болат Төкежанов 2020 жылғы желтоқсанның басында қор ТМККК және МӘМС пакеттерi бойынша Медициналық қызметтердiң негiзгi көлемiне шамамен 1,5 трлн теңге сомаға сатып алуды жариялағанын жеткізген болатын.Сонымен қатар, болжам бойынша бұл сома 20%-ға өседi деп күтiлуде. Соның ішінде, дәрiгерлердiң жалақысын 30% дейiн және орта медициналық қызметкерлердiң жалақысын 20% дейiн арттыру жоспарланған екен.

«Ауылды жерлерде медициналық қызметтердiң қолжетiмдiлiгiн арттыру жоспарланған, осы бағыт бойынша қаржыландыру көлемi 20%-ға өседi», - дедi ол.

Медициналық қызметтердi қаржыландыру

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Болат Төкежанов мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ЭКҰ қызметтерiнiң саны жетi есеге артқанын жеткізген болатын.

Оның айтуынша, қор медициналық қызметтердi қаржыландыру бойынша өз мiндеттемелерiн тұрақты орындағанына қарамастан, пациенттiң жолында түрлi кедергiлер туындайды екен. Олардың қатарында бiрлесiп орындау шарттарының болмауы, жеткiлiктi техникалық жарақтандырылуы, бейiндi мамандардың тапшылығы, бұл ұзақ күтуге, қандай да бiр қызметтердi, әсiресе КДУ ұсынудан бас тартуға алып келетінін еткізді.

«Бұл денсаулық сақтаудың жүйелi проблемалары, оларды медициналық ұйымдардағы менеджмент деңгейiн арттыру, инфрақұрылымды қосымша қаржыландыру, медицина қызметкерлерi үшiн тартымды еңбек жағдайларын жасау арқылы бiрлесiп шешу қажет», - дедi Болат Төкежанов.
Болат Төкежановтың дерегінше, егер 2020 жылы 1000 астам отбасы ана мен әке атануға мүмкiндiк алса, 2021 жылы олардың саны 7 мыңға дейiн артады екен. Сондай-ақ, денсаулық сақтау жүйесiнiң негiзгi қатысушысы ретiнде Қор 2021 жылы осы мәселелердi бiрлесiп шешу жұмыстарын жалғастыратынын жеткізді. Оның сөзінше, бұл ретте басты мақсат пациенттердiң құқықтарын қорғау болады.

Барлық жаңалықтар