• Басты
  • Биыл теңгенің құны 450-ден көтерілмеуі тиіс - сарапшы
8 Қазан, 2020 16:52

Биыл теңгенің құны 450-ден көтерілмеуі тиіс - сарапшы

2020 жыл аяқталуға жақын. Осы жылы коронавирустық індет салдарынан әлемдік экономика жаңа кезеңді бастан кешіріп жатыр: пандемия әсерінен мұнайға деген сұраныс төмендеп, «қара алтын» бағасындағы тербелістер үдей түсті. Жалпы еліміздегі ақша нарығы қалай дамып жатыр, Мемлекет басшысы айтқан Ұлттық Банк бекіткен ұлттық валютаға спекулятивті шабуылдарды азайып жатыр ма? Бұл сұрақтарға экономика ғылымдарының кандидаты, "Тұран-Астана" университетінің доценті Ысқақов Бауыржан Strategy2050.kz тілшісіне берген сұхбатында жауап берді және оқырмандарға қаржылық кеңес берді.


Биыл теңгенің құны 450-ден көтерілмеуі тиіс - сарапшы

Бауыржан Мұратбекұлы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық валютаға спекулятивті шабуылдарды азайту туралы айтқан болатын. Бұл тапсырма қалай жүзеге асырылып жатыр?

Спекулятивтi шабуыл дегенді алдымен түсіндіріп кетсем. Cпекулятивті шабуыл деп валюта нарығындағы жүрген «ойыншылардың» немесе делдалдардың Ұлттық банкпен бекітілген валюта дәлізіндегі курсқа қарсы шығуын айтамыз. Сондай әрекеттерімен олар шетелдік валютаның бірден секіруінен табыс табуды көздейді. Мәселен, біз доллардың теңгеге шаққандағы құнының өсуін немесе төмендеуін шамамен болжай аламыз. Ұлттық банк теңгенің тұрақтылығын қамтамасыз етемін десе де, оған табыс үшін теңгені құлдыратудың шарттарын беретін делдалдардың ісі спекулятивті шабуыл болып саналады. Бұл – экономикалық кең тараған феномен. Ресейдің рубліне қатысты мысал келтірер болсам, көпшіліктің есінде, сонау 1994 жылы 11 қазанда Ресейдің рублі доллар бағамына шаққанда қатты құлдырап кетті. Жұрт бұл күнді «қара сейсенбі» деп атап кеткен. Бір күннің ішінде Мәскеулік банкаралық валюта биржасында 1 доллардың құны 2833 рубльдан 3296 рубльге дейін өсіп кеткен. Біздің мақсат ұлттық валютаға спекулятивті шабуылды жасамау жолдарын қарастыру. Сол үшін мемлекет ұлттық қордан экономиканы тұрақтандыруға, қаржылық дағдарыстың алдын алуға қаражат бөліп, нақты шараларды орындалып жатыр. Теңгенің долларға шаққандағы бағамы түсіп кетпеу үшін мемлекет алдын алу шараларын жасауға міндетті. Мысалы, «Астана» халықаралық қаржы орталығы қазіргі таңда инвестициялық кірістердің тиімділігін арттыру үшін және ұлттық валютаның көлеңкелі экономикаға кетіп қалмауын қадағалау үшін түрлі шаралар жасап жатыр. Мұны қазір айтып отырған спекулятивті шабуылдардан аман сақтап қалудың жолы деп қарастырамыз. Инвестициялық түсімдер болған кезде валюталардың арасындағы айырмашылық әсерінен түсімдердің төмендеп кетпеуінің алдын алу керек. Бізде Ұлттық банктің базалық ставкасы деген бар. Қазіргі таңда ол 9 пайызды құрайды. Ал, АҚШ-та 0,25 пайызды құрайды. Валюталар арасындағы осы айырмашылықты қазіргі уақытта спекулятивті шабуыл жасайтын делдалдар тиімді пайдаланып жатыр. Яғни, олар ең төменгі ставкамен сырттан несие алады да, біздің елге келіп қымбатқа сатады. Бізде базалық ставка жоғары болғандықтан, теңгемен ақша салған тиімді. Ал делдалдар валюталық айырмашылықты пайдаланып, теңгенің құнын төмендетеді. Өздері айырмашылықты табыс етіп қалталарына басады.

«Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы айтып қалдыңыз. Мемлекет басшысы елге инвестиция тартып, қаржы қорын дамыту үшін «Астана» ХҚО-ның әлеуетін пайдалану керектігін айтты. Бұл қаржылық орталық қазір қалай жұмыс істеп жатыр?

Халықаралық Қаржы Орталығы Дубайдағы қаржы тәжірибесі негізінде құрылған еді. Дубайда осындай орталықты офшорлық аймаққа айналдырды. Мұнда бизнес жасауға мүмкіндік беретін жағдайлар қарастырылған, түрлі салықтық жеңілдіктер, бюрократизмге жол бермеу сияқты шаралар орындалады. «Астана» халықаралық қаржы орталығы құрылғанда Азияның ең мықты 10 ірі қаржы орталығының құрамына, ал 2020 жылға дейін әлемнің ең мықты 30 қаржы орталығына кіру керек деген мақсат қойылған еді. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, Сингапурдағы осындай биржаның капитализациясы 720 млрд долларды құраған. Қазірдің өзінде «Астана» ХҚО 500-ден аса компания тіркелген, банктік сектордағы активтердің құны 365 млн доллар ғана. Ал тартылған акционер капиталдың құны 291 млн долларды құрайды. «Астана» халықаралық қаржы орталығы әлі өз-өзін дәлелдеген жоқ.

Теңгенің құлдырауы күтілуде деген болжам қаншалықты рас? Теңгені долларға айырбастап сақтаған дұрыс деген қағида дұрыс па?

Теңгенің қазіргі құны – 429 теңге. Теңге құнының өзгеруіне екі фактор әсер етеді. Біріншісі - сыртқы фактор. Егер «қара алтын» – мұнай қымбаттайтын болса, мемлекет бюджетіне түсетін қаражаттың молаюынан теңгені бірқалыпты ұстауға мүмкіндік аламыз. Қазір мұнай бағасының өспей тұрғаны, теңгенің өтімділігін арттырмауына байланысты әлсіреп жатыр. Екінші фактор – халықтың төлем қабілеттілігі. Ол да ұлттық валютаның курсына әсер етеді. Біздің елде ең төменгі жалақы – 42500 тг. Бізде экономикалық диверсификация деген түсінік бар. Егер экономикамызды әртараптандырмасақ, тек мұнайға сеніп отырсақ, мұнай бағамы түсе берсе, онда теңге де құлдырай береді. Мұнай дағдарысы болмай тұрып та, теңге белгілі бір мөлшерде сыртқы экономикалық факторларға тәуелді болған. Тек ол ұлттық валюта бағамында байқалмаған еді. Өйткені бұрын Ұлттық банк теңге бағамының өзгеруіне шектеуді тұрақты етіп қойды. Ал қазір теңге еркін айналымда. Демек, кез келген сыртқы фактордың әсері теңгенің өзге валюталарға қатысты бағамында көрінеді. Ауыл шаруашылығында, жеңіл өнеркәсіп сияқты басқа салаларды мұнай сияқты кіріс көзіне айналдырмасақ, ұлттық валютамыздың құны түсе беруі мүмкін. Биылға болжам жасайтын болсам, долларға шаққанда теңгенің құны 440-450 теңгеге дейін барып қалады. 500-600 теңгеге көтеріліп кетуі мүмкін емес. Мемлекет те бұған жол бермеуі тиіс. Жалпы ақшаны үш түрлі валютада ұстау керек. Бағаларын ешқашан төмендетпейтін доллар мен еуро валюталарында және теңгеде 33%-дан пропорционал ұстаса, халық алданбайды. Бірыңғай долларда ұстау керек емес деп ойлаймын.

Жалпы теңге ұлттық валютамыз болғалы бері неше рет құнсызданды?

1993 жылы теңге алғаш рет айналымға енгенде, оның долларға шаққандағы бағасы небәрі 4,69 теңге болса, бүгін бұл көрсеткіш 429 теңге. Бір жыл өткен соң 1994 жылы теңгенің долларға қатынасы 10 теңге, қарашада 50 теңгеге жетті. Ал 1999 жылы сәуірге дейін теңгенің долларға қатынасы 85 теңге болса, бір айда 150-160 теңге болып кетті. Сол кезде теңге құнсызданды. Одан кейінгі құнсызданғаны, қателеспесем 2015 жылы доллар бағамы 185 теңгеден 322 теңгеге секірді. Теңге қолдануға шығарылған күннен бері 90 есе құнсызданған екен.

Бауыржан Мұратбекұлы, жалпы еліміздің қаржы нарығының дамуы көңіліңізден шығады ма?

Қаржы нарығының өзі көп салалы нарықтан тұрады: несиелік нарық, валюталық нарық, бағалы қағаздар нарығы, депозиттік нарық, зейнетақы нарығы мен сақтандыру нарығы. Әр саланы бөліп алып қарайтын болсақ, толық дамыған фактілерін көрмейміз. Мәселен, несиелік нарықты алып қарасақ, Қазақстанда еңбекке жарамды, экономикалық қабілетті 9,5 млн астам адам болса, оның 7,5 млн-ы несие алған. Олардың 4,5 млн-ның несиесі «тәуекелдер» тобында тұр. Демек, олар үлкен көлемде несие алған, бірақ қайтаруға қауқарсыз болып қалған. Өйткені, халықтың біршама бөлігі жұмыссыз қалы, төлем қабілеті төмендеген. Бұл көрсеткіш екінші деңгейлі банктердің бизнесті несиелендіруден гөрі, тұтынушылық несиеге көп көңіл бөлетінін білдіреді. Бұл жақсы көрсеткіш емес! Бизнес сияқты табыс әкелетін салаға назар аудармай, соңы «қайтарымсыз» несиеге ұласқан тұтынушылық несие нарықты артқа тартып отыр. Банктер несиені бизнеске берсе, несие 2-3 есе қайтарылып, нарыққа пайда келеді. Бағалы қағаздар нарығы бізде әлі де қазықсыз. Мысалы, бір кезде халықтық IPO деген бар еді. IPO (ағылшын тілінен Initial Public Offering) – қандай да бір компанияның акцияларын бастапқы қоғамдық сатуға ұсынысы. «ҚазТрансГаз» сияқты ірі компаниялар акцияларының 10%-ын халықтық IPO-ға жіберген. Халық сол пайызды сатып алу арқылы өздеріндегі қаржылық активтердің санын көбейтуге мүмкіндік алды. Осыдан 4-5 жыл бұрын мен де акция сатып алған болатынмын. Бір акцияның құны 725 теңге болған, келесі жылы ол 1050 теңге болды. Халық қаражатын пассивті операция мен депозитке емес, осындай акцияларды сатып алуға жұмсаса, онда қаражаты 2 еселеніп, әл-ауқатын арттырады. Бір жағынан қаржылық сауаты да артады. Бірақ, «ҚазТрансГаздан» соң ұлттық компаниялардың ешбірі халыққа акция сатуды сәтті ұйымдастара алмады. Мұның өзі елдегі қаржы нарығының төмендігін көрсетеді. Зейнетақы нарығында да инвестициялық кіріс жоқ. Зейнетақы қорындағы ақша әртүрлі активтерде жатыр: 15 %-ы шетелдік қаржы институттарында, 60%-ы отандық банктердің депозитінде, қалған проценті басқа да компаниялардың акцияларына салынған. Ал инфестициялық кіріс – небәрі 4%. Ойлаңызшы, бұл тіпті инфляцияның орнын да жаба алмайды. Егер инвестиция нарығы 15-20 %-ға өссе, бізде зейнетақы нарығы дамитын еді. Халық ақшаларын қорға аударып жатыр. Жасырын инфляция деген бар, мемлекет 6-7 пайыз деп көрсетеді, бірақ ол 12-13 %-ға дейін кеткен. Ақша құнсызданып жатыр. Қордағы ақша өсіп жатқан жоқ. Зейнетке шыққан кезде біздің алатын зейнетақымыз сұраныстарымызды жаба алмайды. Үй, көлік сияқты мүлік сатып алуға мүмкіндік бермейді. Сол үшін мемлекет жасап жатқан акциялардың мақсаты болашақта ақшаның құнсыздануынан сақтау. Сақтандыру нарығы бізде мүлдем дамымаған. Міндетті сақтандыру түрі ғана бар. Ол үй мен көлікке қатысты. Бізде өмірді сақтандыру, басқа да сақтандыру түрлері әлі жоқ. Еліміздің қаржы нарығының дамуына 5 баллдан 3 деген баға берер едім.

Қазақстанның бизнес саласының ұлттық валюта мен ақшалай-несиелік саясатына сенімі қандай деңгейде?

Бізде 30-дан аса екінші деңгейлі банк бар. Ең ірі деп саналатын Халық банк, Форте сияқты банктерге халықаралық рейтинг агенттіктері ең төмен көрсеткіштерді беріп жатыр. Өйткені, олардың несиелік портфеліндегі несиелердің 50%-дан астамы тұтынушылық несиеге берілген. Яғни ірі кәсіпорындарға, бизнес-жобаларға емес, жеке азаматтарға берген. Бұл туралы жоғарыда айтып өттім. Мен халықаралық рейтинг агенттігімен толық келісемін. Біздің елдегі банктердің ақшаны еселейтін несиеге қызығушылығы жоқ. Қаржылық дағдарыс кезінде Ұлттық қордан қаражат беріп, мемлекет банктерге көмектеседі. Ал банктер пандемия кезінде 3 айға дейін несие төлеміншегерді. Бірақ олар пайыздарды төмендетпеді. Пайыздарын келесі айларға тең тастады. Екінші деңгейлі банктер әлеуметтік жауапкершілік жағынан дұрыс жұмыс істеген жоқ. Олар мемлекет тарапынан көмекті алды. Бірақ сол көмекті қайтарудың жолы деп халыққа берген несиелерінің пайыздық мөлшерлемелерін алып тастағанда, халықтың әл-ауқатын жақсартатын еді, экономиканы біршама көтерген болар еді.

Қаржы нарығын реттеу агенттігіне жүктелген міндеттер қандай, олар орындалып жатыр ма?

Негізгі қаржы-несиелік саясатты Қаржы министрлігі әзірлейді, ал Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу агенттігі соны іске асырады. Олар халықтың мүддесі үшін жұмыс істесе дұрыс болады. Бізде несие бергіш микро ұйымдар қаптап кетті. Көп адамдар банктің қара тізіміне кіріп кетеді де, несие ала алмайды. Мұны пайдаланған осындай микро ұйымдар пайыздық көрсеткішін бірнеше есеге дейін көтеріп, қолжетімді несие беріп жатыр. Халықтың біршама бөлігін мұндай ұйымдар несиелік батпаққа әкеп түсіріп жіберді. Қаржы нарығын реттеу агенттігі сондай ұсақ компанияларға талапты күшейтіп жатыр. Қаржы нарығын реттеу агенттігі тек микроұйымдардың емес, екінші деңгейлі банктер мен қаржы инстиуттардың да жұмысын халық үшін тиімді етіп реттеу керек. Олардың пайыздық ставкасын төмендетіп, карантинде табысынан айырылған азаматтарға жеңілдіктерді талап ету сияқты жұмыс жүргізіп жатыр. Сол кезде агенттік өздеріне артылған міндеттерді орындаған болар еді.

Экономика мен қаржы саласының сарапшысы ретінде қазақстандықтарға қандай кеңес бере аласыз?

Қазақстандықтарды қаржылық сауатты арттыруға шақырамын. Көпшілігі банк беретін несиені ойланбай барып ала салады. Несиені тек үй алатын кезде пайдалануға болады. Өйткені баспана өз бағасын жоймайды. Оны сатса да, жалға берсе де, өз бағасын жоғалтпайды, пайда әкеледі. Несиеге көлік алуға болады. Бірақ ол көлікпен бизнес жасалса немесе такси қызметін атқарып, табыс тапса, онда несиеге көлік алуға болады. Ал ешқандай кіріс әкелмейтін той-томалақ, қыдыру, киімге несие алу қате. Несие алғанда келісім-шарттарды дұрыстап оқу керек. Несие алғанда халықтың көбісі аннуиттік төлем дегенді таңдайды. Яғни бір жылға алынған болса, несие көлемі 12 ай бойы бірдей сомада төленеді. Ал мен пропорционалды төлемді ұсынар едім. Яғни несие алғаннан кейінгі бастапқы үш айда төлем құны жоғары болады да, келесі айларда азая береді. Ең басты артықшылығы, мысалы 4-5 айдан кейін мерзімнен бұрын (досрочное погашение) жауып тастайтын болса, банкке беретін артық төлем (переплата) өте төмен болады. Ал аннуитетті төлемде банк алғашқы 7 айға өздерінің пайыздық үстемесін төлейтіндей етіп қояды, ал қалған 3 айына негізгі несие сомасын қояды. Егер мерзімінен бұрын төлейтін болып қалса, онда артық төлемі азаймайды. Сондықтан несие алуға мәжбүр болсаңыз, осы ерекшелікті ескерген дұрыс.

Бауыржан Мұратбекұлы, әңгімелескеніңізге рақмет! Ісіңізге табыс тілеймін!

Барлық жаңалықтар