• Басты
  • «Таза сайлау» ұйымы: Сайлауда Қазақстан бойынша 500 заңбұзушылық тіркелді

«Таза сайлау» ұйымы: Сайлауда Қазақстан бойынша 500 заңбұзушылық тіркелді

11 Қаңтар, 2021 13:43

Кеше өткен Мәжіліс депутаттарының кезекті сайлауының әділ өтуіне үлес қосу үшін қоғам белсенділері мен журналистер «Таза сайлау» азаматтық бақылау ұйымын құрған болатын. Олар кеше бақылаушы ретінде жұмыс істеп, бүгін журналистер алдында сайлау қорытындылары бойынша есеп берді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.



Бақылаушылар қатарында жазушы, қоғам белсендісі – Бигелді Ғабдуллин, журналист Махат Садық, тележурналист Ерқанат Көпжасарұлы, қоғам белсендісі Жанна Ахметова, саясаттанушы Эдуард Полетаев бар.

«Қозғалыстың мақсаты – әлемге таза, әрі, әділ сайлау жасай алатынымызды көрсету», - дейді ұйым мүшелері. Қозғалыс белсенділері сайлау күні таңғы 6-дан бастап Қазақстанның 25 ірі қаласында 3331 сайлау учаскесінде жұмыс істеген.

Жазушы, қоғам белсендісі Бигелді Ғабдуллиннің айтуынша, «Таза сайлау» қозғалысы Қазақстандағы барлық сайлау учаскесінің 1/3 – ін қамтыған.

«Қазақстанда бірінші рет Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауы бірге өтті. «Таза сайлау» тәуелсіз бақылаушылар ұйымы кеше өз жұмысын аяқтады. Республиканың ең ірі 25 қаласында, 3331 сайлау учаскесінде жұмыс істеді. Барлығы елде 10000-ға жуық учаске болды. Бақылаушылар елдегі эпидахуалға қарамастан сайлаудың әділ өтуін кеше таңғы 6-дан бастап қадағалады. Біз ешқандай өрескел қателіктер немесе тәртіп бұзушылықтар көрмедік. Дегенмен, майда заң бұзушылықтар орын алды» , - деді ол.

 Жанна Ахметованың айтуынша, кейбір аймақта бақылаушыларға жағдай жасалмаған.

«Мен барлық тәуелсіз бақылаушыға алғыс білдіремін. Олар кеше алдыңғы шепте жұмыс істеді. Әр аймақта бақылаушыларға әртүрлі жағдайлар жасалған. Кейбір сайлау учаскелеріндегі бақылаушыларымыз учаскелерден қуылған жағдай да болды. Құқық бұзушылыққа келер болсам, ел бойынша 500-ге жуық тәртіп бұзушылық тіркелді. Бәріңізге белгілі, ол: басқа адам үшін дауыс беру, кабинаға екі адамның кіруі т.б. Бақылаушылардың міндеті осындай тәртіпсіздіктерді анықтау және прокуратураға тапсыру болатын. Біз арнайы акт толтырып, прокуратураға жолдадық», - деді ол.

 Эдуард Полетаев қозғалыстың кешегі өткізген брифингтеріне тоқталды.

«Кеше біз 3 брифинг өткіздік. Журналистерге бәрін ашық айтып отырдық. Бұдан бөлек әлеуметтік желілерде де ақпарат тараттық. Біз қоғамда әділдікке деген сұраныстың барын көзімізбен көрдік. Заманауи медиа технологиялар сайлау учаскелеріндегі ереже бұзылған жағдайларды тез арада тиісте жерлерге хабарлама етіп жеткізіп отыруға мүмкіндік жасады. Қазақстан бойынша 500 құқық бұзушылық анықталды. Оның 16 пайызы - фальсификация. Акт жасалып, құзырлы оргнадарға жіберілді. Пандемия кезінде сайлау болғандықтан, өңірлерде санитарлық талаптарға қатысты ескертулер болды. Сайлаушылардың арасында бетпердесіз келген, әлеуметтік ара-қашықтықты сақтамаған азаматтар болды. Бақылаушылар тарапынан оларға бірнеше ескерту жасалды. Тәуелсіз бақылаушылар фейсбук әлеуметтік желісінде 1500-ден аса жариялымдар жасады. Олар #TazaSailau хештегімен жазды. Өңірлердегі бақылаушылар мессенджерлер арқылы бізге жедел ақпарат жіберіп отырды», - деді Полетаев.

 Белгілі журналист Ерқанат Көпжасар Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында заң бұзушылықтар көп болғанын айтты.

«Нәтиже туралы айтар болсақ, үш exit pool болды. Эдуард Полинаев бір экзитполдың жүргізушісі. Біздің жұмысымыз нәтижеге қатысты сын айту емес емес, сайлаудың өту процессін бақылау және ондағы олқылықтарды ашық айту», - деді Е.Көпжасар.

Журналистер кейбір бақылаушылардың сайлау учаскелеріне кіре алмағандары туралы айтты.

Ерқанат Көпжасар оны былай түсіндірді:

«Кейбір аудандарда бақылаушыларға 9-12 орын берілді. Басқа орын жоқ. Кім таңертең бірінші келді, солар отырып алды. Кей жерлерде бір партияның ғана бақылаушылары кіріп алған. Жалпы «Таза сайлау» қозғалысының 38 бақылаушысы өз учаскесіне кіре алмай қалды. Ең үлкен себеп – ПТР сынама. Бақылаушылар ол сынамадан тегін өткен болатын. Кейбір сынамаларға мөр қойылғанмен, қол қойылмаған. Соның нәтижесінде бақылаушылар кіре алмады. Санаудың бәріне біздің бақылаушылар қатысты. 173 сайлау учаскесіне не себепті журналист кіргізілмегенін анықтадық. Журналист басында дауыс берушімін деген, содан кейін бақылаушы болайын деп сұранған. Соңынан барып журналист екенін айтқан. Қазақстан бойынша дауыс бұрмалаушылыққа қатысты 76 акт толтырылды. 500 ұсақ-түйек тәртіп бұзушылық болды. Кейбір сайлау учаскелерінде кешкі 19.00-ден кейін бірді бір бақылаушы болмаған. Мұндай жағдай Алматы қаласында көбірек тіркелді. Біз бұл жағдайды да тиісті жерге ашық айттық», - деді.

Ерқанат Көпжасар Нұр-Сұлтан қаласында №91 сайлау учаскесіндегі келеңсіз жағдай туралы айтты:

«Шетелден келген қандасымыз сайлау учаскесіне барып мемлекеттік тілде сөйлеген және комиссия алқасынан сол тілде сөйлеуін талап еткен. Бірақ сол жердегі ұйымдастырушылар қырсығып орыс тілінде сөйлеген. Бұл жағдайға қатысты да акт толтырдық. Бұл да заң бұзушлыққа жатады», - деді ол.

Барлық жаңалықтар