• Басты
  • Тауарларды мемлекеттік стандарттау жүйесі: өнімдерге сертификат алу тәртібі, «халал» белгісін алу

Тауарларды мемлекеттік стандарттау жүйесі: өнімдерге сертификат алу тәртібі, «халал» белгісін алу

6 Сәуір, 2021 14:28

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің Ұлттық аккредиттеу орталығының бас директордың бірінші орынбасары Қайнар Тайжанов стандарттар арқылы қазақстандық өнімнің сапасын арттыру жолдары туралы баяндама жасады, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.



Мемлекетаралық стандарттау туралы құжаттардағы өзгерістер

Қайнар Тайжановтың айтуынша, бүгінгі таңда мемлекетаралық стандарттау жүйесін жетілдіруге бағытталған шаралар қабылданған. Жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өткен аптада өткен Сенаттың пленарлық отырысында мемлекетаралық стандарттау жөніндегі құжаттарды тарату туралы келісімді мемлекеттік ратификациялауға арналған заң жобасы ұсынылды және қабылданды. Айта кету керек, ҚР «Стандарттау туралы» Заңына сәйкес ГОСТ-тар стандарттау жөніндегі құжаттарға жатады және өңірлік стандарттар болып табылады.

Сенатта қаралған Заң Жобасының мақсаты ТМД-ға мүше елдер арасында мемлекетаралық стандарттау жөніндегі құжаттарды таратудың бірыңғай қағидаттарын қалыптастыру болып табылады. Тайжанов бұл Заң жобасы қалай іске асырылатынын айтып берді.

«Біріншіден, стандарттарды таратуға тек бір ғана ұйым құқылы. Бұл стандарттау жөніндегі ұлттық орган немесе ол уәкілеттік берген ұйым болуы мүмкін. «Стандарттау туралы» ҚР заңына сәйкес, бұл функция Қазақстан Метрология және стандарттау институтына бекітілген», - деді ол.

Екіншіден, ТМД-ға мүше елдердің мемлекетаралық стандарттарды рұқсатсыз тарату заңмен қорғалады. Мұндай фактілерді анықтау Қазақстанның заңнамасында қаралмаған.

«Осыған сәйкес, стандарттарды рұқсатсыз таратқаны үшін әкімшілік айыппұл салу бойынша ұсыныстар әзірленіп, Әділет министрлігіне жіберілді. Сонымен қатар, өзара іс-қимылды үйлестіру Стандарттар жөніндегі бюро арқылы орталықтандыру жүзеге асырылатын болады. Мұндай тәсіл іске асырылатын мемлекетаралық стандарттарды орталықтандырылған есепке алуды, оларды пайдаланудың заңдылығы мен қажеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған», - деді ҚР Сауда және интеграция министрлігінің өкілі.

Тайжанов берген дерекке сүйенсек, қазіргі уақытта стандарттау келісіміне ТМД елдерінің көбісі қол ойған. Ал Ресей Федерациясы, Беларусь Республикасы, Қырғызстан жне Молдова Республикалары мемлекетаралық стандарттау рәсімдерін толық жүзеге асырып аяқтаған. Соның арқасында мемлекет үшін мемлекетаралық стандарттарды заңды сату, оларды заңнамаға бейімдеу үшін құқықтық негіз жасалады. Ал бизнес үшін шығындар азаяды. Жалпы алғанда, келісімнің қабылдануы тауарлардың еркін қозғалысына және халықаралық сауда желісінің ықпалдасуына жағдай жасайды. «Сұр» және «қара» сертификаттауға қарсы күреске баса назар аударылады. Осы міндет шеңберінде 2021 жылы Еуропалық жүйе сияқты қауіпті өнімдер тізілімін енгізу жоспарланған. Сондай-ақ, электрондық мемлекеттік бақылау жүйесін енгізу, стандарттардың жаңа интернет-дүкенін іске қосу. Айта кетейік, барлық мемлекеттік стандарттар Қазақстан аумағында тегін жүзеге асырылады. Бұл биылғы жаңашылдық болып табылады. Стандарттарды сараптауды жоспарлауды әзірлеу процесін цифрландыру стандарттарды әзірлеу кезінде өндірушілер мен бизнес-қоғамдастыққа көбірек интеграциялануға және стандарттарды әзірлеу мен енгізу кезеңінде өз мүдделерін қорғауға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік стандарт құжатын алу ақылы ма?

Қазақстан аумағындағы барлық мемлекеттік стандарттар ақысыз жасалады. 1 шілдеде жаңа «Техникалық реттеу туралы» заң жобасы жаңа редакцияда күшіне енеді.

«Сауда және интеграция министрлігі 52-ден астам нормативтік құқықтық актілерді, оның ішінде 11 мемлекеттік бақылау актілерін, 21 техникалық реттеу туралы актілерді, сертификаттау және аккредиттеу саласындағы 9 нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ метрология және мемлекеттік қызметтер туралы тағы 11 нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуде», - деді ол.

Қайнар Тайжанов атап өткендей, бұл құқықтық актілер аккредиттеу процедураларын жетілдіру мәселелеріне де қатысты. Мәселен, қауіпті өнімдердің сынамаларын іріктеу, өнімдерді шығару және кері шақырып алу тетіктерін реттеу, нарықтық қадағалау институтын енгізу, сондай-ақ бақылау мен қадағалау процестерін цифрландыру тәжірибесін жүргізу қажет болады. 2021 жылы қауіпті өнімдердің тізілімін Еуропаның RAPEX жүйесімен ұқсастығы бойынша енгізу, электронды қауіпсіз басқару жүйесін енгізу және стандарттардың жаңа интернет-дүкенін іске қосу жоспарланған.

Биыл Қазақстанда қанша тауар сертификатталды?

Қайнар Тайжанов журналистердің сұрағына жауап беру кезінде, Қазақстанда жылына 200 мыңға жуық партия сертификатталатынын айтты.

«Биыл пандемияға байланысты сертфикатталған тауарлар саны біршама қысқарды. Бүгінгі күні 180 мың құжат берілді», - дейді Қайнар Тайжанов.

«Халал» сертификатын ақшаға сатып алу мүмкін бе?

Журналистер тауарларға «халал» белгісін алу тәртібі туралы сұрақ қойды. Олардың мәліметінше, қазіргі таңда бұл сертификатты ақшаға сатып алуға болады.

Спикердің айтуынша, биыл сауда және интеграция министрлігі «Халал» белгісінің 15 стандартын жасап шығарған.

«Халал» сертификаты туралы сұрақ сапаны бақылауға қатысты. Осы жылдан бастап «халал» сертификатын алу үшін өнім 15 стандарттан өту керек. Біз бұл мәселеде Біріккен Араб әмірліктері мен Түркияның тәжірибесін есепке алдық. Бұл белгі мен сертификат арнайы тексерулерден ғана беріледі», - деп түсіндірді спикер.


Барлық жаңалықтар