Тарихи роман - жастарды елдік рухта тәрбиелеу құралы

27 Маусым, 2021 12:25

Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарыққа шыққан Отан тарихына қатысты елеулі еңбектің бірі – көрнекті қаламгер, қытайтанушы, тарих және гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі Тұрсынхан Зәкенұлының «Мәңгітас» атты тарихи романы. Аталмыш туындыда киелі Өтүкен қойнауында орда тіккен, бөрілі байрақты көк түріктер бастан кешкен қилы заман егжей-тегжейлі баяндалып, «көкберен сауыт құрсанып, күн түбіне жортқан» бағзы бабалар бейнесі шебер сомдалған. 2001 жылы Күлтегін ұстынының көшірмесі киелі Өтүкеннен Арқа төріне әкелінгенде зиялы қауымның ортасында болған Т.Зәкенұлы тарихи оқиғадан айрықша әсер алып, осы еңбекті жазуға кіріскен.

«Мәңгітас» тарихи романы – жазушы-ғалымның көп жылғы түркі дәуірі тарихын зерттеу жұмыстарының нәтижесі. Т.Зәкенұлы –Моңғолия мен Қытайдағы Күлтегін, Білге қаған және т.б қабір кешендеріндегі тас мүсіндерден құрам тапқан көне түркі ескерткіштеріндегі қытай жазбаларын, олардың пайда болу негіздерін, Орталық Азиядағы көне мемлекеттер мен Қытайдың Таң әулеті арасындағы геосаяси жағдайды терең зерттеп, Түркі қағанатының Қазақ мемлекеттігі тарихындағы алатын орнын көрсетіп келе жатқан жетекші ғалымның бірі. Осы уақытқа дейін ғалымның түпнұсқалық қытай деректері негізінде жазылған «Көне түркі ескерткіштеріндегі қытай жазбалары», «Тастағы тарих: көне түркі ұстындарының қытайша мәтіндері» атты монографиялары, «X-XIX ғғ. қазақ-ойрат қатынастары», «Қытай әдебиеті» атты оқулықтары, 100-ден аса ғылыми және көсемсөз мақалалары жарық көрген. Ал «Гүлбаршын», «Балқан тауға барғандар» атты хикаят-әңгімелері, «Көк бөрілердің көз жасы», «Ұмытылған Республика» атты шығармалары оқырман қауымға әлдеқашан танылған туындылар. Кейінгі жылдары шыққан «Ойратнама: Жоңғар мемлекетінің қалыптасуы мен дамуы және жойылуы», «Күлтегін ескерткіші: тарихи-деректанулық талдау» атты монографиялар да тарих ғылымындағы құнды еңбектер. Ал, 2020 жылы «Қытай тіліндегі Қазақстан тарихына қатысты қолжазбаларды жинақтау, жүйелеу және зерттеу» жобасы аясында қазақ тіліне аударылған Су Бэйхайдың «Қазақ­тың жалпы тарихы» атты 4 том­дық еңбегі отандық деректану мен қытайтану саласына қосқан қомақты үлес болды.


Төрт томдық «Қазақтың жалпы тарихы» еңбегінің аудармасы

Алайда жазушының көк бөрінің көз жасын сүртіп, «ұмыт қалған республиканы» оятқаннан кейінгі көк түріктің мәнді тасы - «Мәңгітастың» сырына үңілуі ел тарихын зерделеудегі ерекше құбылыс. Жалпы жазушы-ғалымның қаламы тек елдік мақсат-мұраттармен, тамыры терең тарихпен, ұлт тағдырымен үндесіп жатқанын аңғару қиын емес. Тарихи роман – өткен күнді әділет тұрғысынан бағалап, кейінгі ұрпаққа ұлағатты тәрбие беру жүгін арқалайтын, дәстүрлі көркем тілмен көмкеріліп, ұлттық бояуы қанық болып келетін, жүгі ауыр жанр. Мұндай шығарманы жазу – ауылдың шаң-топырағы мен балалық бал махаббатты жырлаудың қасында жоғарғы жауапкершілікті, зерделі зерттеу жұмыстарын қажет етеді.  «Мәңгітастың» тұла бойы осы талап-тілекке тұнып тұр десек асыра айтқандық емес.

  Кітаптың «Мәңгітас» аталуының да өзіндік мәні бар. Ол көне мен жаңа заман түйіскен тарихи оқиғадан туындайды. 2001 жылы Күлтегін ұстынының көшірмесі киелі Өтүкеннен Арқа төріне әкелінгенде зиялы қауымның ортасында болған Т.Зәкенұлының бұл тарихи оқиғадан алған әсері шексіз болғанын байқаймыз. Тамыры терең тас ескерткіштің ашылу салтанаты, қарт Тоныкөк пен Ер Күлтегін бейнесінің ұрпағы ұлықтаған астанасына қайта оралған сәті, жиналған қауымның көңіл-қуанышы...бәрі-бәрі қайта көз алдыңызға келеді. Ескерткіштің ашылуында Елбасы Н. Назарбаев былай деген еді: «Тарихты әділет тұрғысынан объективті таразылау, әрдайым осы қағидаттан айнымау – ғылыми үдерістің биік мұраты болуы тиіс...Бұл ретте түркі өркениетінің текті де терең тамырлы тарихы мен төлтума мәдениетін биік парасат үдесінен терең таразылаудың, оны кейінгі ұрпақтың сана-сезіміне сіңірудің, олардың бойына ешкімнен кем түспейтін тарихының барлығына, яғни кемел келешегінің барына деген сенімді дарытудың, сол арқылы отаншылдық сезімін тәрбиелеудің біз үшін маңызы да, мәні де ерекше». Автор дәл осы салтанатты сәтті бір емес, бірнеше еңбегінде тебірене баяндап, Елбасы қойған мақсаттың үдесінен толық шығуға тырысады. «Мәңгітаста» тарихтың бағасын бүгінгі тәуелсіз сананың кіртасымен еркін өлшеп, өткен мен бүгінді шебер ұштастырады.

Балбас тастың басына байғыз қонбаған дала ай тақырға айналып, тегін ұмытуға шақ қалғандағы түркі рухының мәңгітасы – бабалардың қаны мен көз жасы тырсылдап тамған тас-шежіре Қазақстанның жүрегіне келіп орнағанда толқымаған жан жоқ шығар. «Мәңгілік ел» боламыз деген мемлекет мәңгітасын орнатты. Ол туралы автор: «Біз бүгін сенің өксікті күндеріңе салауат айтып, мәңгілік ғұмырыңның – мәнді ғұмырыңның жаршысы боламыз. Сенің ендігі ғұмырың өр төсінде орда тіккен, оң мен солыңды өріс еткен, мола сайын басына балбал орнатып, он оқтарға қоныс еткен бабалар рухымен бірге жасайды. Сен енді қайта түле, Сарыарқа! Өйткені, сенің өткенің де, бүгінің де мәңгі ертегі» деп толғайды.      

Роман профессор Түмен мен жас та алғыр ізденуші Ербұланның екеуара әңгімесінен басталады. Сұхбат ауаны ат жалын тартып мінген бабалардың білектің күші, найзаның ұшымен жерін қорып қалған ерлігі, Кеңкерістің төрінде орын тепкен тәуелсіз елдің абат-байтағы Астана жайында өрбиді. Т.Зәкенұлының «Кеңкеріс» деп отырғаны - бүгінгі Сарыарқа даласы. Олай дейтін себебі, Күлтегін ескерткішінде «Күлтегін қара түркештерді Кеңкерісте қайырды» деп, дәл осы Арқа жерін нұсқайды екен. Автор профессор мен жас оқытушыны әңгімелестіру арқылы ұлттық тарихты зерделеудің кемшін тұстарын, соның ішінде әйгілі Күлтегін ескерткішінің халықтың тарихи сана-сезімін оятудағы рөлін сөз қылады. «Бұрын шыққан құлақтан кейін шыққан мүйіз озады» демекші, Ербұланның өткен тарихты таразылау ынтасы «қазақтың әр қара домалағы осындай болса шіркін» деген ойға итермелейді.

Автор оқырман қауымның тарихи санасын оятуға деген құлшынысын Ақберен Сейілбек, Қарсақбай Сартқожаұлы, Қойшыбай Салмырза, Хангерей Абзалов сынды көпшілікке таныс тарихшы-ғалымдардың есімдерімен үндес образдар арқылы жеткізеді. Оларды пікірталастыру арқылы ел тарихының өзекті мәселелерін алға қояды. Кейіпкердің әрбір іс-қимылын, сөз саптауын айнытпай алдыңа ақтарып салып, салиқалы мәселені қозғайды. Керек десеңіз, кешегі өткен «қазақтың Ақселеуі» алақанын жайып тастап көз алдыңда көсіліп сөйлейді... Құтлық қағанның басы туралы әңгіме барысында Қарекеңнің (Қарсақбай Сартқожаұлы) қоршай отырған зиялы қауымға қаратып: «Шығысымызда қалған ханымыздың басын мен әкелдім, енді батысымызда қалған ханның басын сендер әкеліңдер!» - деген бір ауыз сөзі әрбір көзі қарақты оқырманның намысын қамшылай түседі. Сол сияқты жазушы Алтынай мен Жасұланның бейнесінен кейінгі жас ұрпақтың бойынан жігер-қайрат, Отанға деген сүйіспеншілік, тарихқа деген құрмет сезімдерін іздейді. Оны, сөзсіз, табады да. 

«Мәңгітас» тарихи романының 2012 жылғы шыққан нұсқасы

Ары қарай түркі төрін, елдігін қайта құру үшін күндіз отырмаған, түнде көз ілмеген Ер Күлтегін ескерткішінің алдына келген Ербұлан сонау сегізінші ғасырдан тіл қатқан кәрі абызбен сырласады. Осылайша автор бізді «табғаш халқына бек ұлдары құл болған, пәк қыздары күң болған» түркілердің Таң империясына бодандық кезеңіне жетелей жөнеледі. Автор ғылыми-зерттеу еңбектерінде «елу жыл ісін, күшін» бергеннен кейін өз тәуелсіздігін алған қағандықты «Екінші Түрік қағанаты» деп белгілейді. Осы кезеңнің (683-745 жж.) басты ерекшелігі - түркі халқының өз тәуелсіздігі мен бостандығы үшін күресіп, атақты Бумын және Істеми қағандар негізін қалаған ұлы Түркі билігін қайта құруға талпынуында жатыр. Бұл уақытта Елтеріс Құтлық қаған Таң патшалығының боданына айналған көк түріктің санасын оятып, оның туын қайта биікке көтереді. Оған жалғас Қапаған қаған (693–716 жж.) қанды ұрыстарда қытай жасақтарын да, империя айтағына ерген басқа жұрттарды да қиратып, Ұлы Түрік қағанатын қайта қалыптастырады. Деректерге сәйкес қаһарлы Қапаған 694 жылдан бастап Қытайдың қол астындағы 23 қаланы ойрандап, Таң қолбасшысы Ша Шачжунидің 10 мыңнан астам әскерін жер жастандырған екен. 21 жасар Күлтегін өрен ақсұңқар құстай түлеп, осы шайқастың бел ортасында жүрген. Бұл кезеңді түркі жұртының Ұлт-азаттық көтеріліс жылдары деп атап, қазақ тарихындағы көтерілістердің ең алғашқысы ретінде қарастыруымыз қажет. Мінеки, осы қым-қуыт тарихи уақиғалар романда бала Тоныкөктің аға әрі дана Тоныкөкке дейінгі өсу жолы арқылы тартымды тілмен баяндалады. Тоныкөктің сабырлы, парасатты мінезінен бөлек, Қара қағанның көз жасы, Ашиде Үнбе, Ашына Низек, Ашына Инандардың ержүректілігі, Елтеріс Құтлық, Қапағанның білікті басшылығы, Күлтегін оғланның айбыны мен айбарынан түркілік рухтың дырау  қамшысын өріп, жон арқаңнан сабалайды-ай кеп!

 Тоныкөк (Ашына Юаньчжэн – қыт.) Фань рахиптің қолында тәрбиеленіп, Қытай астанасы Чаңанда(қазіргі Сиән) табғашша білім алған. Ол уақытта алыс-жақын елдерден екі мыңнан астам адам алып шаһарда егіншілік, ел басқару ісін, соғыс өнерін, қолөнер сияқты қажетті ілімдерді меңгереді. Яғни, түркі баласының жат жұртта білім алу тарихының қайнар бұлағы сонау VII ғасырдан басталады. Тоныкөк Чаңанға ханзудың (қытайдың) «Дукаң» шарабын ішіп, ай мен күндей, әмбеге бірдей бикелерімен қыдыру үшін емес, табғаштың ілімін құлдықтың құрсауында, бодандықтың бұғауында жатқан ел игілігіне жарату үшін меңгерді. Таң дәуірінің атақты әскери стратегі Чжан Шуо Тоныкөк  туралы сөзінде: «Ол терең айлакер, қайсар жан. Ли Цзин, Чуй Цзилердің ағымынан нәр алған» деген екен. Бұл аталған екеуі өз кезінде қытайдың ең атақты айлакер абызы, әскери қайраткері болған. Баба Тоныкөктің осынау даналығы мен даралығы бүгінгі шет елде білім алып жатқан қаншама мың қазақ баласына өнеге-үлгі болса керек. Бүгінде жат жұрттық мәдениеттің ықпалына еніп бара жатқан кей ұрпаққа нұрлы ақыл, ыстық қайраттың, ұлттық намыстың жетіспей жататыны бар. 

Шыңжаңның Алтай өлкесінде туып-өскен Тұрсынхан Зәкенұлы номад әлемімен қатар, қытай, корей, тибет елдерінің тарихы, мәдениеті, өнері, салт-дәстүрімен етене таныс. Жазушының осы қасиеті аталған романда ерекше көрініс тауып отырады. Өйткені, Таң (Табғаш) империясын құрған Қытай VII ғасырда Корей түбегінің Силла патшалығына қолдау көрсету арқылы Когуре мен Пэкчені қиратты, түріктерді бөлу, жіктеу саясатын мықтап ұстанып, Тибетпен «Батыс өлке» үшін ғасырға жуық уақыт соғысты. Сондықтан, «Мәңгітас» - VII-VIII ғасырдағы Түркі, Табғаш, Корей мен Тибет жайындағы төртжақты баян десе болады. Отандық тарихшы-ғалымдар тарапынан түркі тарихы, оны кезеңдерге бөлу мәселесі, түркі жұртының өзге мемлекеттермен қарым-қатынасы, орта ғасырдағы Орта Азияда қалыптасқан геосаяси жағдай әлі кешенді түрде зерттеле қойған жоқ. Орта ғасырда – «бастыны еңкейтіп, тізеліні бүктірген» Біріккен Түркі қағанаты құрылды, тарыдай шашылған қытай патшалықтары бір тудың астына бірігіп Таң империясын көтерді. Бүгінде ҚХР көп автономиясының біріне айналған Тибет Табғаштың астанасын жаулап алуға дейін барды, қазіргі оңтүстік пен солтүстік болып  жаға жыртысып отырған Корей түбегі табғаштың табанын бастырмады. Бұл кезең -  751 ж. ата-қонысымыздың кіндігінде батыстан араб, шығыстан қытай қолын түйістірген алмағайып кезең. Қазіргі түркітану ғылымының жай-жапсары туралы кезінде белгілі фольклортанушы-ғалым А.Сейдімбектің: «Түркология негізінен түркі халықтарының тілін зерттейтін ғылым ретінде бой көтерді де, бұл үрдіс күні бүгінге дейін бел алып келді. Яғни, түркология түркі халықтарының мәдениеті мен тарихын кешенді қалпында бір тұтастықта зерделеуге әлі де болса қол жеткізе алмай келеді» - деп айтқан пікірі көп нәрсенің басын ашып бергендей.   

Шығарма ағысында автор кейқуат, ағаман, төбенай, дуанбасы, күлік, еркіндер, рахип, санғұн, мәктүп, жер лопы (кепе), қорынай, құжыра, зұрған, кәнизек, жүрежат сынды көненің көзіндей болған архаизмдерді қолдану арқылы оның түркілік бояуын қоюлата түседі. Романға көз жүгірткен оқырман көне түркінің кейпіне қалай енгенін аңғармай қалатыны сөзсіз. Осылайша Сарыөзеннің сыртындағы Аталай, Алатау, Құлан тау, Шұғай құзы, Бөрілі тау, Бөклі шөлі мен күнгейдегі Ордос, Ли Шань, Хуа Шань тауларын түгел аралап шығасың. Қара нарынның қабағына мал төлдетіп, одан кейін Гобиден өтіп, Ханғай мен Қарақұрымға дейін барасың. Алтай түріктерінің керуеніне ілесіп, Күбі мен Түрфан ойпатын, Боғда-ола күнгейін қыстап, Алтай тауын жайлайсың. Түркілік қанат бітіп, Ұлы Даланы шарлап жүргеніңде ойда-жоқта Чаңандағы қабақханадан табылып, алдыңа ханзудың бықтырылған тауық еті мен бірнеше тәрелке цаймен қатар құм күбімен ашытылған «пэйпэй» божымасы әкелінгенде есіңді жиғандай боласың. Патша сарайындағы цайрен, чжау-и, бике-қатұндардың бет жыртысуынан, табғаштарды айдап өргізіп, иіріп жусатқан У Цзытянь қатұнның қитұрқылығынан жаның түршігіп, аттың басын Тұран даласына бұрған бойы тарта жөнелесің. Өліп-өшіп келгеніңде Ханғай мен Тәңіртау бөрілерінің айқасып жатқанын көріп тауың шағылады. Бірінің қанын бірі төккен, ата-баба жолынан айныған, мұраттан кешкен, бірін-бірі сойып жеген түркілерді де көресің. Автор әсіре мақтау мен көзсіз табынудың ауылынан өзін алшақ ұстап, тарихи ақиқаттың көзіне тікесінен қарайды. Түркінің трагедиялы тағдыры, өкініш-өксігі мәңгі тастарда мөрленіп, дархан даланың мәңгілік сақшысы болып тұр емес пе?!  

Автордың қалың оқырманға да айтпағы осы болатын. Ол Түркі қағанатының бодандықтан бостандыққа қол жеткізген кезеңін бүгінгі қазақ халқының тәуелсіздік алған уақытымен ұқсатады. Ағайынның алауыздығынан, көк бөрінің биіктен етекке түсіп, ала жылан, аш бақаның өріп кетуінен қағанаттың қабырғасы сөгілгенін айтады. Осылайша бүгінгі бейбіт күннің қадір-қасиетін айшықтап, тарихтың қайталанбауын қалайды. Кешегі мен бүгінгінің арасын сабақтай отырып автордың мына бір айтқан сөзі өзектілігін жоғалтпағаны рас: «Ілгері – Күн шығыстағы, артқы – Күн батысындағы, сыртқы – Түн ортасындағы бөгде жұрттардың бәрі бізге көз сұғын қадап, жеріміздің үсті мен астындағы байлығына сілекейін шұбыртып отыр. Сол баяғы жемтік торыған тазқара құзғындар қасымыздан бір кетпейді. Ту даланың байырғы бөрілері біріксе, кеуделері тай жегендей кекірейіп отырған тазқараларға жемтік, нәпақа қайдан болсын?!». Қазақ тарихының алтын парағы Түркі дәуірін толғайтын еңбекті парықтай білу маңызды. 

Барлық жаңалықтар