• Басты
  • Көпбалалы полиция майоры: Мен үшін "өзгенің баласы" деген ұғым жоқ
4 Тамыз, 2020 10:25

Көпбалалы полиция майоры: Мен үшін "өзгенің баласы" деген ұғым жоқ

Соңғы кезде қазақстандық әлеуметтік желі парақшалары Дилафруз есімді тараздық полиция қызметкері туралы жиі айтып жүр. Дилафруз – 9 баланы бауырына басқан жалғызбасты, көпбалалы ана. Оның бесеуі өзінің туған балалары болса, төртеуін асырап алған. Strategy2050.kz тілшісі Тараз қаласының кәмелеттік жасқа толмаған балалар жөніндегі басқарманың аға инспекторы Дилафруз Кенжехановамен сұхбаттасты.

Көпбалалы полиция майоры: Мен үшін "өзгенің баласы" деген ұғым жоқ

Дилафруз, өзіңіздің 5 балаңыз бола тұра, өзгенің 4 баласына да ана болуға не итермеледі?

Мұндай қадамға осыдан бір жыл бұрын жұмыста болған жағдай итермеледі. Басынан бастап айтайын. Тараз қалалық №55 мектепте «Мектепке қадам» акциясында мен комиссия мүшесі болдым. Осы іс-шара барысында әке-шешесіз қалған 4 бала анықталды. Олардың тек атасы болды. Құжаттары да жоқ. Іс-шара бірнеше күнге созылды. Мен балаларды үйге алып кетіп, құжаттармен көмектесем деп уәде бердім. Бұл акция біткенше, балалар менімен үйде болды. Осы уақытта бір-бірімізге қатты бауыр басып қалдық. Олар өздерін қалдырмауымды өтінді. Жүрегім шыдамады. Балаларды өз қамқорлығыма заңды түрде аламын деп шештім. Содан бері балалар толық менімен тұрады.

 Балалар неше жаста?

Менің балаларымның алтауы – ұл, үшеуі – қыз. Өзімнің бір қызым бар еді, енді оның екі әпкесі бар. Үлкен ұлым – Марат 2002 жылғы, Рахим 2004 жылғы, Диярбек 2005 жылғы. Дастанбек 2007, Рамиля 2010, Паризода 2008, Сарварбек 2011, Дияна 2014 және кенжем Чинарбек 2 жаста.

 Бұл балалардың қайсысын асырап алдыңыз?

Марат, Рахим, Рамиля және Диана. Олар бір үйдің балалары, яғни туған бауырлар. Асырап алды деген сөз ұнамайды. Олар қазір менің балаларым. Мен үшін "өзгенің баласы" деген ұғым жоқ...

baff835e-6da2-4c38-96d4-721f5816c5da.jpg

 9 баламен бір өзіңізге қиын емес пе? Қалай үлгересіз?

Мен полиция қызметкері болған соң, барлық жерде темірдей тәртіп орнатуға тырысамын. Үйде де сол. Балалар соған үйренді. Алдымен күнді жоспарлаймыз, сосын сол жоспар бойынша шаруа тындырамыз. Балаларым үлкен. Бәрін түсінеді. Бір біріне қарайласады, үлкендері кішілеріне қорған. Мен не айтсам, бәрін орындауға тырысады. Түскі үзілісте келіп тамақтарын беріп кетем, өздері орнын жинайды, ыдыс жуады. Менің жұмысымның қиындығын түсінеді. Әдетте кешкі астан соң бәріміз отырып әңгімелесеміз, ойын ойнап, уақытты бәріміз бірге өткіземіз. Үлкендерім іштегі құпияларымен бөлісіп жүр, маған сенеді.

101a9c9d-81b9-49ff-95e4-6ac545039c32.jpg

 4 баланың туыстары жоқ па?

Балалардың әкесі болмаған. Анасы қайтыс болған. Оларды аталары, яғни марқұм анасының әкесі баққан. Атасымен ара-қатынастары үзілген жоқ. Басқа туыстары жоқ. Атасына 4 баланы асырау қиын болды. Өйткені, бір жыл бұрын олар қиын тұрмыс жағдайында өмір сүрді. Атасы маған: «балалардың шешелерінің періштесі сені көмектессін деп жіберген шығар» - деп ризашылығын білдіреді. Қазір аталарына барып тұрамыз.

ce2308b9-0296-4db2-b039-f16ad7626806.jpg

 Қазір жазғы демалыста балалар немен айналысып жатыр?

Балалар қазір жазғы демалыста, оның үстіне карантин. Бәрі бірге үйде. Қол қусырып отырған жоқ. Бірге кино көреді, кітап оқиды, әртүрлі ойындар ойнайды. Үй шаруасына көмектеседі. Үлкен ұлдарым кейде менімен түнгі рейдке шығып келеді. Айтпақшы, олар өскенде аналары сияқты полиция қызметкері болуды армандайды. Қазір жаз мезгілінде бала жоғалу жағдайлары жиі кездеседі. Іздеу жұмыстары біздің мойнымызда. Жақында жоғалған 3 жасар қыздың табылуына ұлдарым көмектесті. Қыз бала үйінен алыс жердегі алаңда ойнап жүр екен.

 Қазір балалардың құжаттары бар ма?

Иә, құжаттар бар. Енді шетелге шығу паспортын алуға әрекет жасап жатырмын. 9 балама да шетелге шығу паспортын алсам ба деймін. Сосын карантин біткен соң Бішкек қаласына аналарының зиратына барып қайтуды жоспарлап отырмыз.

bd62a931-d66c-4cd7-a37d-40032ac5d662.jpg

 Бала асырап алам деушілерге айтарыңыз бар ма?

Меніңше, Қазақстанда «өзгенің баласы» деген ұғым жоқ. Балалардың бәрі бірдей мейірім мен махаббат көріп өсу керек. Қазақта «жетім көрсең, жебей жүр» деген мақал бар. Мен сияқты бірнеше баланы өз қамқорлығына алған аналар көп. Сондай аналардың арқасында елімізде «Жетімдер үйі» азайып, жетім балалар үйде туған болмаса да әке мен шешенің қамқорлығын көріп өседі. Бала асырап алудан қорықпау керек. 

 Дилафруз, әңгімелескеніңізге рахмет!

Барлық жаңалықтар