Экономика

Отандық автокөлік өндірісінің жай-күйі қандай?

Елімізде өткен жылдың қорытындысы бойынша машина жасау саласындағы 19,2% үлес автомобиль жасау өндірісіне тиесілі екен. 2018 жылдың қорытындысына сүйенсек, өндіріс көлемі 205,9 миллиард теңгені және жалпы саны 32 298 көлік құралын құраған. Ал, нақты көлем индексі (НКИ) 2018 жылы 114,0% болыпты. Осы орайда, Индустрия және инфрақұрлымдық даму министрінің орынбасары Аманияз Ержанов Қазақстан үкіметінің баспасөз орталығында индустриаландыру және автомобиль өндірісін дамыту туралы мәліметтер берді.
Нұр-Сұлтан10 Шілде , 14:35

Индустрия және инфрақұрлымдық даму министрлігінің мәліметінше көлік өндірісі саласы бойынша 2019 жылдың қаңтар, ақпан, наурыз, сәуір, мамыр айларының, осы жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша 114,7 млрд. теңге сомасына 16 921 дана көлік құралдары өндіріліп, нақты көлем индексі – 141,5 пайызды құраған. Оның ішінде жеңіл автокөлік өндірісі 41,5% - ға өсіп, көліктің санына шаққанда 11 118-ден 15 733 дана жеңіл автокөлікке дейін көбейген. Ал, автобустарды өндіру 3,2 есеге жоғарылаған, яғни 126-ден 404 дана автобусқа  дейін өндірілген. Сонымен бірге жүк  көліктерін өндіру 35 пайызға өскен. Сонымен осы жылдың алғашқы бес айында 367 жүк көлігінен  495 дана жүк көлігіне дейін өскен. Сондай-ақ, тіркемелер мен жартылай тіркемелерді өндіру 35% - ға өскен, оның ішінде санға шаққанда 200 данадан 270 данаға дейін өсіпті.

«Автокөлік жасау өндірісі – Қазақстанның машина жасау саласының жаңа саласы болып табылады. Ұлттық автокөлік құрастыруды дамыту экономиканың басқа да көптеген салаларына мультипликативті әсер етеді. Ол дегеніміз, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Осы жылғы мәліметтерге сәйкес, аталмыш сектордағы жұмыс орындарының саны шамамен 2 мың адамға жетті. Ал, 2010 жылы саладағы жұмыс орындарының саны екі есеге төмен болған, яғни – 1 мың адам). Сондай-ақ өнеркәсіптің аралас салаларындағы жұмыс орындарының саны қазіргі күні 7 мың адамға жетеді», - деді вице-министр Аманияз Ержанов, Үкіметтегі брифингте сөйлеген сөзінде.

Бүгінгі күні республика аумағында "СарыарқаАвтоПром" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (ЖШС), "Азия Авто" акционерлік қоғамы (АҚ), "КАМАЗ-Инжиниринг" акционерлік қоғамы (АҚ), "Hyundai Trans Auto" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (ЖШС) және тағы басқа осы сияқты жеңіл және жүк автокөліктерінің ірі өндірушілері жұмыс істейді. JAC, Ravon, IVECO, GM, Skoda, Peugeot, Kia, Hyundai, Daewoo, Renault – Nissan – АВТОВАЗ секілді әлемдік ірі автомобиль көшбасшылармен ынтымақтастық саласында жұмыстар жүргізілуде. Соның нәтижесінде, Қазақстанда республикасында автокөлік құралдарының барлық түрлерін жинақтау бойынша өндіріс ошағы құрылды.

«Автокөлік жасау өндірісінің өсуінің себебі деп нарықтағы сұранысты қалпына келтіру, экспорттық нарықтардың ашылуы, сонымен қатар мемлекет тарапынан жеңілдікпен автонесие беру бағдарламасы және автобус паркін жаңарту бағдарламасы шеңберінде автобустарды лизингке беру болып табылады, аталмыш шаралар автомобиль жасау секторының дамуына оң әсер етті. Естеріңізге сала кетейін, 2018 жылы шетелге 329 көлік экспортталған болатын. Ал, 2019 жылдың 5 айында 524 автокөлік экспортталды», - деп мәлімдеді Аманияз Ержанов.

Министрлік мәліметінше жалпы, біздің мемлекет 2015 жылдан бастап жеңілдетілген автонесиелеу және лизингтік қаржыландыру бағдарламасын іске қосу басталысымен 50 млрд.теңге бөлген. Оның ішінде 42 миллиард теңге автонесиелеуге бөлінсе, 8 миллиард теңге – лизингке берілді. Соның ішінде 10 миллиард теңге көлеміндегі соңғы транш 2018 жылдың мамыр айында бөлінген. Бөлінген қаражат толық көлемде игеріліп, бүгінгі күні қаражатты екінші рет игеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Яғни, бағдарлама жалғасын табуда. 

Револьверлік (жаңартпалы) игеруді ескере отырып, бүгінгі күні 76,1 миллиард теңге сомасына, оның ішінде 65,5 миллард теңге  – несиеге, 10,6 миллиард теңге. – лизингке бөлінген. Көлік санына шаққанда жалпы 15 646 бірлік көлік құралдары, оның 14 822 данасы – несиеге, 824 данасы – лизингке берілген. Әр жыл сайын еліміздегі айналымдағы 8-9 млрд.теңгеге жуық қаржы шамамен 1 500 бірлік (дана) техникаға есептелген.

Өткен жылы, яғни 2018 жылы отандық өндірушілерді қолдау аясында автобустарды лизингке өткізу бағдарламасы іске қосылған ды. Осы мақсатта республикалық бюджеттен 13 миллиард теңге, оның ішінде 10 миллиард теңге автобустарға бөлінген. Ақша 7%-дан аспайтын қолжетімді ставка бойынша 50/50 қатынасында нарықтық қорландырумен микширлеуді есепке ала отырып сатылады.

Осы орайда 2019 жылдың 1 маусымына 13,3 млрд.теңге игеріліп, Атырау, Семей, Шымкент, Павлодар қалаларында автобус паркін жаңарту бойынша 4 жоба қаржыландырылып, және 571 автобус жүзеге асырылған. Осы бағдарлама аясында 2019 жылы республикалық бюджеттен 23,5 миллиард теңге бөліген болатын.

«Автомобиль өнеркәсібін одан әрі дамыту үшін қосымша жобаларды іске қосу арқылы ірі сериялы өндіріске ден қою керек. Автомобильдердің ірі сериялы өндірісіне шығу Қазақстан аумағында жеке автокомпоненттік база құруға ықпал етеді. Осы жылдың сәуір айында ҚР ИИДМ мен РФ Өнеркәсіп және сауда министрлігі арасында өндірістік кооперацияны дамыту саласында бірлескен іс-қимыл бағдарламасы қабылданып, оның шеңберінде КАМАЗ маркалы АТС-тың техникасы мен компоненттерін өндіру, Hyundai маркалы машиналар мен олардың компоненттерін өндіру, "Азия Авто ҚАЗАҚСТАН" АҚ арқылы толық циклді автозауыт салу бойынша жобалар көзделді. Егер автомобиль өнеркәсібіндегі жаһандық жағдай туралы айтатын болсақ, әлемде біз бірқатар өзгерістерді байқап келемс», - деп атап өтті вице-министр А.Ержанов.

Сондай-ақ ол элемдік трендтердің бірі ретінде қоршаған ортаны қорғау мақсатында экологиялық таза машиналар өндірісін қолға алу керектігін атап өтті. Ол үшін бірінші кезекте электромобильдерді дамытуды алға тартты. Қазақстан мемлекеті әлемдік трендтерге сәйкес келуге тырысатындығы себепті Қазақстан республикасында электромобильдер өндірісі жоспарланып отырғанын атап өтті. Осылайша, бүгінгі күні автоөлік жасау секторының отандық кәсіпорындары электромобильдерді құру процесін егжей-тегжейлі зерттеумен айналысып жатыр екен. Осы тренд аясында Қазақстанда жаңа автокөлік түрлерінің алғашқы үлгілері сынақтан өтуде.

 

Айдана Абдрахманова

Барлық материалдарды t.me/strategykz telegram аккаунтынан оқи аласыздар.




Яндекс.Метрика